Абай күніне орай Орал қалалық кітапханалар жүйесі тағылымы мол, мазмұнды мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізді.
Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күніне орайластырылған шараларға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолдау көрсетті.
– Ақынның 181 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл шаралар қаламыздың әр бұрышын рухани нұрға бөлеп, «Адал азамат» жалпыұлттық тұжырымдамасының құндылықтарын кеңінен дәріптеуге бағытталды.
Абай күніне арналған рухани мереке жерлестеріміз бен қонақтарға арналған әртүрлі сипаттағы кештермен есте қалды, – дейді Орал қалалық кітапханасының жұртшылықпен байланыс бөлімінің меңгерушісі Гүлнұр Алғазы.
Атап айтқанда, облыс орталығындағы Мөңкеұлы тынымбағында «Ғасырлармен үндескен Абай» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Мұнда жиналған көрермен хакім Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін тыңдап, әуезді әндері мен күйлеріне сусындады. Ал Тұңғыш Президент алаңында өткен «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты библиокафеде оқырмандар «Даналық дастарқаны», «Шабыт шуағы», «Дәм қазынасы» және «Тәтті таным» сияқты айдарлар арқылы Абайдың қара сөздерінен рухани ғибрат алып, ақынның бай мұрасына қанықты.

Кітапхананың бөлім басшысы Г.Алғазы мәдениетті бұқараға жақындату мақсатында ерекше форматикалық шаралар да жүзеге асырылғанын айтты. Мысалы, №6 кітапхана филиалы ұжымы «Мәдени-ағарту бірлестігі» мамандарымен бірлесіп, шаһардағы №2 қоғамдық көлік бағытында «Абай сөзі – ұлттың үні» атты библиоавтобус акциясын өткізді. Олар көлік ішінде ақынның «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін шырқап, жолаушыларға ақын өмірі мен шығармашылығын таныстырып, арнайы парақшалар таратты. Тағы бір танымдық шара №5 қоғамдық көлікте «Абай мұрасы – мәңгілік шамшырақ» деген атаумен ұйымдастырылды. «Ардагер» мәдени клубымен бірлескен бұл танымдық шара барасында жолаушылар арасында викториналық сұрақтар қойылып, белсене қатысқандарға ұлы ойшылдың даналық сөздері жазылған үнпарақтар тарту етті.
Абай күніне арналған басты әрі қорытынды салтанатты жиын облыс орталығындағы Абай алаңында, яғни ұлы ақынның еңселі ескерткішінің алдында «Абай мұрасы – мәңгілік шамшырақ» деген атаумен өтті. Ашық аспан астындағы кешті қалалық скрипкашылар ансамблі Абай әуендерімен ашып, кішкентай оқырмандар поэзиялық композиция ұсынды. Кеш аясында «Абай мұрасы – халық қазынасы» қалалық шығармашылық байқауы қорытындыланып, жеңімпаздарды Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мәулет Жұбатов салтанатты түрде марапаттады.
– Бұл өткізілген шаралардың барлығы жай ғана мерекелік жиын емес, қоғамда заңды сақтайтын, жоғары адамгершілік пен адалдық қағидаттарын ұстанатын, жауапкершілігі жоғары «Адал азамат» бейнесін қалыптастырудың айқын көрінісі болды. Абайдың әрбір сөзі – заман ауысса да маңызын жоймайтын, ұрпақ санасына сәуле шашатын мәңгілік шамшырақ, – дейді ұйымдастырушылар.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
БҚО, Орал қаласы













