Батыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірдің ауылдық елді мекендеріндегі денсаулық сақтау нысандарын жаңғыртуға және медициналық қызмет сапасын жақсартуға басымдық берілуде.
Бұл туралы БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Парасат Жұмағалиев баяндады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Ауыл халқының медициналық қызметке қолжетімділігін жақсартуды көздейтін жоба үш негізгі міндетті қамтиды. Осы бағыттардың барлығы бойынша Батыс Қазақстан облысында жүйелі жұмыстар қолға алынып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Нәтижесінде өңірдің ауылдық елді мекендерінде медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді, – деді облыстық құрылыс басқармасының өкілі.
Алғашқы міндет аясында облыстың барлық аудандарында медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысандарын салу көзделген. Осы мақсатта 2023-2025 жылдар аралығында жалпы құны 10,8 млрд теңгені құрайтын дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және медициналық пункт сынды 50 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп, барлығы толық пайдалануға берілген. Нәтижесінде бұған дейін медициналық ұйымы болмаған ауылдық елді мекендер қажетті медициналық бөлімшелермен қамтылыпты. Осылайша, ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасы тиісті деңгейде жүзеге асырылған.
Ұлттық жобаның екінші міндеті – жұмыс істеп тұрған аудандық ауруханаларды жаңғырту. Осы бағытта 2025 жылдың IV тоқсанында жалпы құны 11,4 млрд теңгені құрайтын екі көпбейінді орталық аудандық ауруханаға жапсаржай салу жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстары Мемлекеттік арнайы қор және жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Басқарма басшысының міндетін атқарушы П.Жұмағалиевтің айтуынша, жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін ауруханалар заманауи, жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, мамандандырылған қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар жаңғыртылған медициналық нысандарға іргелес орналасқан аудандардың тұрғындары да қажетті медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерден алу мүмкіндігіне ие болады. Яғни, шұғыл немесе мамандандырылған медициналық көмек қажет болған жағдайда қалаға бару қажеттілігі азайып, ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігі арта түспек.
– Ұлттық жоба аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты – ауыл тұрғындарының заманауи медициналық қызметтерді өз елді мекендеріне жақын жерден алу мүмкіндігін кеңейтіп, медициналық көмектің аумақтық қолжетімділігін арттыру. Бұл бастама ауыл мен қала арасындағы медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігіне қатысты алшақтықты азайтып, ауыл халқының денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды қадам болмақ, – дейді Парасат Бауыржанұлы.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Батыс Қазақстан облысы














