Ұлттық құндылықтардың халық танымында, сондай-ақ жас ұрпақтың ой-санасында бекітілуі ұлттық бірегейліктің сақталуына ықпалын тигізеді. Ұлттық құндылықтар - халықтың көзімен қарайтын болсақ, олар ұлттың дүниетанымы, ұрпақтың ой-өрісі негізінде өмір сүретін дүниелер. Тарихты ұмытпау дегеніміз— ұлттық бірегейлікті сақтап, болашақты бағдарлау дегенді білдіреді. Біздің мақсатымыз басымыздан өткен түрлі соғыстарды, қуғын-сүргін құрбандары мен батырлардың ерлігін еске алып, тарихи естеліктерді жаңғырту, асыл мұраларды дәріптеу, сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жолдау болып табылады.
Тарихымызды ұмытпаудың маңызды аспектілері:
Тарихи жадыны сақтау: 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде АЛЖИР, Қарлаг, Степлаг тұтқындарының ерлігі мен өмір жолдарын қастерлеп, естен шығармау керек. Халқымыздың оқымыстылары зобалаң жылдардың құрбаны болды. Зиялы қауым өкілдерімен бірге қарапайым жандар да сол жылдары құрбан болып қатты қасірет шекті. Елдің жадынан сол зұлмат жылдардағы жасалған қиыншылықтар мен қасірет ешқашан өшпек емес.
Ұлттық құндылықтар: ұлттық спорт түрлері (көкпар, тоғызқұмалақ, аударыспақ, т.б.) мен салт-дәстүрді ұлықтап, тарихты жаңғырту қажет.
Тұлғаларды ұлықтау: әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, Мұхтар секілді ғалымдардың, белгілі адамдардың өмірбаянын, шығармаларын зерттеп, насихаттау.
Тағылым алу: «Тарихын жоғалтқан елдің өз жоғалуы оңай» деп Әлихан Бөкейхан айтқандай, өткен ел тарихынан сабақ алып, еске сақтау біздің парызымыз. Тарихты ұмытпау арқылы біз тәуелсіздігімізді қастерлеп, ұлттық рухты сақтай аламыз. Жаңаөзен, Желтоқсан көтерілістері күрескерлерінің қиын тағдырларын құрметпен еске алып, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп түсіндіріп отыру. Осыған орай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар арнайы мемлекеттік комиссия құру жөнінде тапсырма берді. Біз тарихымыздың ақтаңдақтары аршылып, оған оң баға беріледі деп сенеміз. Ал қазақ халқының қасіретін жоқтап, тарихын түгендеуде тарихшы-ғалымдарымыз, зерттеушілеріміз көп еңбек етуі тиіс.
Еліміздің тарихында жерін, елін және ұлтының келешегін терең ойлап, оған жан-жақты қызмет еткен зиялылар қоғам алдына шығып, онымен тығыз байланыста болған. Тарихта аты қалған оқымыстыларымыз қазіргі замандағыдай терең білім алып, оқыған жоқ. Қарапайым қоғамда өмір сүрген оларды ата-ана, әлеуметтік ортаның ықпалымен үйретілген ұлттық тәрбие, өткенді баяндайтын тарихи әңгімелер, дін мен ұлт дәстүр, міне осылар небір талантты жандарды қоғамға әкелген. Ұлттық құндылықтарынан қол үзбей, ұлт руханиятын сақтау арқылы қазақ елі тарихта небір қиындықтарды басынан кешсе де ұлттық бірегейлікті жоймаған. Қазақ руханиятының бойында ұлттық құндылықтарға қатысты тарихи ұғымдар сақталып қалған. Оның бір себебі отбасы, қоғам, әлеуметтік орта, ел болып ұлттық құндылықтар жөнінде дұрыс бағыт-бағдар беріліп отырылады.
Ұлттық құндылықтарды бағалау дегеніміз - атамекенді, мемлекеттің мүддесін қалыптастырушы ұлттың тағылымын және ұлт тұлғаларының ерлігін түсіну деп білу керек. Тарихты біліп, бағалау - оның рухын бойға сіңіріп, тағылымын ұғыну болып табылады. Тіпті асыл дініміздің өзі жас ұрпаққа осындай жақсы қасиеттерді үйретеді. Дініміздің бізден талап ететін дүниелері - ата-ананың еңбегін, адамзаттың, халықтың игіліктерін ұмытпау, оған адал қызмет ету, білімді, өнерлі, қайырымды болу, еңбекті құрметтеу, әділетті болу. Қазақ халқының өмір сүру тәжірибесі, дәстүрі, мәдениеті, дүниетанымы, тарихы және сол тарих өрісіндегі тұлғалар тағылымының ешбірі дінге қайшы келмейді екен. Оны бүгінгі тарихымыз дәлелдеп көрсетуде. Діннің де рухының ел болмысының бойында қазақтың ұлттық бірегейлігі сақталған жерде ғана тұрақтап қалатындығы анықталған. Олай болса ел тарихын ұмытпау, ұмытылмас салт-дәстүрлерімізді, ұлттық бірегейлік секілді асыл құндылықтарды сақтап, жастарымыздың бойына , ой- санасына сіңіру – біздің үлкен міндетіміз болып саналады.
Шаргүл Қасымханқызы













