Қараша айының басында әлеуметтік желідегі тікелей эфирде қоғам қайраткері, айтыскер ақын, дінтанушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабектің “… Ерлер бар” кітабының 10 мың данасы 3 сағатта сатылып кетті! Бұл соңғы жылдардағы кітап сату тарихындағы рекорд! Бұл бүгінгі ақын-жазушыларға, қолына қалам ұстаған жандарға шыңға біткен шынардай жеткізбес арман! Шынтуайтына келсек, жылына екі-үш мың кітап сатқан жазушы бақытты саналады! Оқырман талғамы да, автордың танымалдығы да кітаптың сатылуына әсер ететіні шындық! Одан кейін кітаптың мазмұны мен тартымдылығы, көтеріп отырған тақырыбы да маңызды!
Мұхамеджан Тазабек бұл жағынан да алда тұр! Қоғамның тынысын сезінуге, елді елеңдеткен тың тақырыпқа түрен салу жағынан да алдыңғы лек те!!
“…Ерлер бар” кітабында автор бүгінгі заманның қан тамырын, жүрек қағысын дөп басып отыр! Жаңашылдығымен де елді баурап, кітапсүйер қауымның да ілтипатына бөленуде!
Қоғам мен заман сан құбылса да, дәуір алмасып иінге ауыр салмақ салса да, қазақ деген мәрт халық барда ерлер туа беретіні, қазақ барда еркектік ер мінездің де жалғаса беретіні “…Ерлер бар” кітабында айқын көрініс тапқан!
Мұхамеджан Тазабек бауырымның “…Ерлер бар” кітабын оқып шығып, екі-үш күн ойланып жүрдім! Толғанып жүрдім!
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дейді ғой атамыз қазақ. Шын сүйсіндім! Тебіреніп оқыдым! Еңбекқорлығына тәнті болдым! Талантына тамсандым.
Кітапты оқып отырып кейінгіге өзім емес, сөзім қалсын деген жанкештілігін сезіндім! Рухының беріктігіне, туған жұртының болмыс-бітіміне, шежіресі мен тарихына, діні мен дәстүріне, өткені мен жеткеніне жетік екеніне, ұлт руханиятының кәусарынан қанып ішкеніне куә болдым.
Мұхамеджан бауырым ғажап кітап жазыпты! Азат кітап жазыпты! Қазақ барда оқылатын кітап жазыпты!...
Бүгінгі қоғамда ерлердің құны төмендеп, ұлтты жойғысы келетін дұшпандардың саясаты өңмеңдеп тұрған уақытта,
қазақтың ер тұлғалы азаматтарының әлі де тұғырдан түспегенін, салт пен дәстүрдің, отбасылық құндылықтардың ел жадынан өшпегенін, тарихи құжаттармен нәрлеп, даналардың дана сөзімен әрлеп, ондыққа тигізіпті дәлдеп!
“…Ерлер бар” кітабы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Кітап оқитын ұлт» — бастамасына тың ойларымен қолдау білдіріп қана қоймай, елдегі оқу мәдениетін көтеруге, азаматтардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды ұлттық жоба мен мемлекеттік саясатқа да басымдық беріп тұр!
Мұхамеджан бауырым “…Ерлер бар…” кітабында президент саясатын қолдай отырып, қиын сәтте еліне қорған болған, жұртына тірек болған үш тұлғаны ерекше тіліне тиек етіпті!
Бірінші Дінмұхаммед Қонаев! Кітапта ақсақалдың еркекке тән ер мінезіне, көп айтыла бермейтін бір қасиетіне тоқталады! Ол қасиет — жарға адалдық!
Шынында да әр азамат жарының қадір-қасиетін білуі тиіс. Бұл да ұлылық өлшемі!
“...Өмірден көріп отырмыз: Құдай ұл да, қыз да берген қаншама отбасы ортасынан қақ жарылып жатыр. Кейде шаңырақты сақтап қалуға арадағы перзенттердің өзі себеп бола алмай жатады. Демек, отбасының беріктігі тек баламен емес, екі адамның бір-біріне деген құрметі, адалдығы мен жауапкершілігі арқылы да қалыптасады” дей келіп автор, “Еркек болу -- міндетті түрде тағдырды өз қалауыңа көндіру емес. Кейде еркектік -- тағдырдың көнбеген жерінде мінезіңді бұзбай қалу” деп түйіндейді.
Қонаев атамыздың Зухра Шәріпқызына деген жарты ғасырлық адалдығы -- көпке үлгі! Атамыз жарымен “Елу жыл. Алты ай. Екі күн” бірге өмірін өткізгенін жазып кеткен. Шынымызды айтайықшы, біздің қайсымыз жарымыз туралы тап осылай айта аламыз? Жұбайлық ғұмырымыздың әр сәтін, әр күнін, әр сағатын есте сақтап жүрміз бе?
Екінші тұлға Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев! Оның ерге тән ерлігі деп, билік тізгінін дер уақытында сенімді қолға тапсырғаны айтылады! “Билікке жету -- сын. Билікті ұстап тұру – одан да үлкен сын. Ал ұзақ жыл қолыңда болған тізгінді дер кезінде басқа қолға тапсыра білу -- мінездің кездесе бермейтін кесек бір өлшемі” дейді автор. Дұрыс пайым! Жөн сөз!
Ал президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ер мінезі деп сын сағаттағы, елді дүрліктірген Қаңтар оқиғасы кезіндегі “Ақырына дейін халқыммен бірге боламын” деген ерлігін биікке көтереді! Осындайда ойланасың, апыр-ай кейде елі үшін туған ер тұлғалар ерлік жасаймын деп ойламаса да, бойындағы бұла күштері, ұлтына деген адалдықтары ерлікке бастап тұрады екен-ау! Кітапты оқып отырып соны сезінесің!
“Шебер қайда да шебер» деген рас-ау. Шынашақтай кезінде шырпыдай шырт етіп от алып, маздап жанып, қау шөпке тиген өрттей лаулаған, айтыс өнерінде феномен болып танылған Мұхамеджанды халқы әлі күнге ақын деп таниды!
Сол ақыны әлі күнге тұғырынан түспей, ұлтының жоғын жоқтап, пышақ-намысын, халқының қайрақ-беделіне қайрап жаниды! Мұхамеджанды оқыған адам қазақ халқын таниды! Мол қазынаға кезігіп жариды!
Уызына жарыған ұлдың тектілік жолдан таймай, сары майдай сақтаған дүниелерін арымай-талмай жазып, ұлт руханиятына қосуға жанталасуы -- өзі жазғандай ЕРКЕКТІК! Өжеттік!
Әйтпесе бүгінгі қоғамда болдым-толдым деп арқасын кеңге салып, барына мастанып, жазғандарын құс жастықтай жастанып, жайбырақат тіршілік кешіп, жан қалауын орындап жүргендер аз ба?
Жоғарыда айтқанымдай Мұхамеджан өте еңбекқор, қандай биікке жетсе де асып-таспайтын азамат! Бұл да имандылығының, жақсы-жайсаңмен араласып асыл қасиеттерді бойына жиғандығының өтеуі болар!
Мұхамеджан бүгінде уақыттың көшіне ілесіп, трендте жүрген тәлімгер! Елуден асқан жасында, айналмай жалқау, масылға, заман көшінен қалмай, қатепті қара нардай, қажымай, талмай, жаңа игіліктердің ортасында жүрген Мұхамеджандай ел ағасын көргенде қуанасың!
Бір басына жететін атақ-даңқы бар. Әлеуметтік желілердегі парақшаларына тіркелген миллионға тарта халқы бар!
Кейде жастардың ортасында жайраңдап отырады, ақыл-кеңесін айтып ағынан жарылғасын оларда қасынан табылады.
Елі мен ерінің, алашы мен анасының, ұлы мен қызының болашағын ойлаған адам ғана ертеңіне алаңдайды! Ертеңіне алаңдаған адам еш нәрсеге де қарамайды. Отқа да, суға да түсуге дайын тұрады.
Бетімен кеткен бәзбір коучтар, жетесіз өскен кейбір шіріген жұмыртқалар, отбасының құндылығын ойрандап, ерлердің еңсесін түсіріп, еркектік намысқа ши жүгіртіп, ойларына келгендерін насихаттап, елді алатайдай бүлдіріп жатқанда, оларға сөз шығындап айтысып-тартыспай-ақ, “Артымда бір жұтта қырылып қалатын мал қалғанша, көпке сая болатын тал қалсын” деп бабалар аманаттағандай, Мұхаң да артымда дабырайған атағым қалғанша, болашақ ұрпақ іздеп оқитын кітабым қалсын” деп “…Ерлер бар” деп ат қойып, тасқа басылған дүниесін көптің дәргейіне ұсыныпты.
“Мысы басатын мықты еркек болудың 8 құпиясы” осы кітапта жасырулы.
Шынтуайтына келсек, бұл кітап еркектер туралы емес, еркектік туралы.
Өмірден түйгені мен көргені көп автор еркек болып туу тағдырдан екенін, еркектік мінез жүре-келе қалыптасатынын тарқата жазады.
Кітаптың мұқабасындағы бала Мұхамеджаннан, дана Мұхамеджанға дейінгі аралық — кітаптың 252 бетінде еркектік болмыстың сегіз құпия есігін ашатын сегіз кілтке негізделген. Осылайша тұтас бір дәуірге жүк болардай соқтықпалы, соқпасыз ер-азаматтың өмір жолы суреттеледі.
“Ұлтқа қызмет ету”, “Жар таңдау”, “Нәпсі” деген не?”, “Ата анаға ұл болу”, “Дос таңдау”, “Жас ұлғаю бар да, ақсақал болу бар”, “Сау ақыл ер азаматтың бағдары”, т.б тарауларда ер азаматтың кескін-келбеті айшықталады. Еркектің ер тұлғасы суреттеледі. От басы, ошақ қасындағы еркектік ұстанымды көрсету арқылы, бабалар тағылымының құпиясы ашылады!
Көркем тілмен, нақты дәлелдермен жазылған кітапта, дана Абайдан бастап, алаш көсемдері Бөкейханов, Байтұрсыновпен қоштап, Әуезов пен Сәтбаевтан шақтап еркектік жайлы мәліметтер берілген. Сондай-ақ әлемдік философтар мен психологтардың еңбектеріне де сілтеме жасалады. Батыс пен шығыс мәдениетінің бетке ұстарларының еркектік феномен жайлы цитаталары бір төбе!
Жалпы Кітапты оқып шығу ең оңай жол. Ал оның жазылуы мен соған кеткен ұйқысыз қайран түндердің, тесіліп отырған есіл күндердің көз майының өтеуі — оқырманын тапса ғана көңілге жұбаныш сыйлар.
Тынымсыз ізденіс, жазу үстіндегі тебіреніс пен ой-толғамдарды компьютерге түсіру, оларды сараптау, қажет кітаптарды қотару, сол үшін тапжылмай отыру, интернеттен қажет дүниелерді саралау білген адамға жер астына түсіп кен қазғанмен пара-пар ерлік!
Білмегенге, бағаламағанға арзан көрінер! Бірақ өзі мұндай істі жасауға ерінер! Жатып алып тебінер! Өз сөзіне семірер!
“...Ерлер бар” кітабын оқып отырып, есіме бала кезімдегі ауылдағы әке-ағаларым оралды! Олардың көбі ер мінезді еді… Кешірімді еді…Мәрт еді…
Мысы басып тұратын!
Көрші үйде бір ата бар-тын! Қазір ойлап отырсам сол уақытта алпыс жастың арғы не бергі жағындағы кісі екен ғой. Бірақ бізге салмақты, сұсты болғасын ба, ата болып көрінетін. (Әлде сол кездің адамдары солай көріне ме?)
Шиеттей бала-шағасы бар. Ол атам сыртта сұсты көрініп , мысы басып тұрса да, үйінде сондай балажан-тын.
Бір баласы ат қылып мініп алып, екіншісі мойнына асылып, қалғандары аяғынан тартып жатса да, атам сақ-сақ күліп, көңілі тасып, тағдырына риза кейіпте шаршағанын ұмытып, әжемізді айқайлап көмекке шақырып домалап жататын. Асыға “көмекке жеткен” әжемізді де қапсыра құшақтап, ойынға ортақтастырып, балаларға сездірмей оған деген де ілтипатын байқатып қоятын!
Ал көрші көлемнің ауласына көмір түсіріп, қорасына шөп тасыса балалары сол маңайда қолдарына күрек-айыр ұстап күтіп тұратын. Бұл атаның қатаң тапсырмасы! Бұлжымас заңы болатын!
Жайшылықта босаң, болбыр жігітті ұнатпайтын, сертіне берік, көп сөзді серік етпейтін, өтірікті қаны сүймейтін, отбасына келгенде тіпті қатаң атаның бұл мінезі маған кейде ерсілеу көрінетін! Өзіңіз ойлап көріңізші, кімді болсын мысы басып тұратын кісінің үйіндегі жайма-шуақ болмысы ерсілеу көрінеді емес пе.
Өзі жұмыстан шаршап келген болса, тамағын ішіп алып дем алмай ма? Атаның мұнысы несі? Оның мәні терең де екен ғой!
Ер-азамат белгісі: түзде - мырза, үйде - құл дейді қазақ даналығы!
Сөйтсек ер азаматтың белгісі екі жерде көрінеді екен ғой. Бірі түзде, яғни ел ішінде, жолда, жиында! Бұл кезде ол мырза — жомарт, кеңпейіл, сыйлы, мысы басым.
Ал үйде құл дейтіні — отбасына қызмет етуден арланбайтын, жұмыстан қашпайтын, ауыр шаруа мен қоса шаңырақтың жауапкершілігін өзі көтеретін кісі екен ғой!
Кейбір кісілер бұл мақалды бұрмалап «сыртта мырза, үйде әйеліне бағынышты» деп әзілдеп жатады. Бірақ мақалдың негізгі мәні — еңбекқорлық пен қамқорлық. От басына адалдық деп түсінген дұрыс-ау!
Мұхамеджан бауырым “...Ерлер бар” кітабында ер азаматтың еркектік болмысын -- жарына адалдығы, бала-шағасына сүйіспеншілігі, ағайын-туыстарына қамқорлығы, отанына шексіз махаббаты арқылы танытады. Мұхаң еркектік жайлы толғамдарын аспаннан алып отырған жоқ!
Қанымызда бар, ұлтымызға тән салт-дәстүрден, бабалар жүріп өткен жолдан, ғасырлар қойнауына бет алған “ескілік” санала бастаған көнерген түсініктен аршып алып, қайта ұсынып отыр!
“Барыңды бағала” жұртым деп, көз майын тауысып жазып отыр!
Барымызды бағалай білейік ағайын!
Асылымызды ардақтай білейік жұртым!
“Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын!”— деген Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөзін жадымыздан шығармасақ екен!
Сөз соңында айтарым, «…Ерлер бар» – кітабы мінезі берік, жауапкершілігі жоғары, адамгершілік ұстанымы айқын ер азамат болып қалыптасудың мәнін зерделейтін шығарма. Автор қазақтың мәдени мұрасына, рухани дәстүрлеріне, тарихи мысалдарға және тұлғалық даму туралы қазіргі көзқарастарға сүйене отырып, өзін-өзі басқару, батылдық, өмірлік мақсат, от басылық қарым-қатынастар, әкелік міндет және адамгершілік кемелдік мәселелерін қарастырады.
Кітап тек ер азаматтарға ғана емес, ұл тәрбиелеп отырған аналарға, балаларына дұрыс бағыт-бағдар бергісі келетін әкелерге, күйеулерінің болмысын тереңірек түсінуге ұмтылатын әйелдерге және ер адамның отбасы мен қоғамдағы орны туралы ойланатын барша оқырманға арналған.
Мінез, ар-намыс, сабыр, батылдық, жауапкершілік, достық, махаббат және рухани өсу туралы толғаныстары арқылы Мұхамеджан Тазабек ер азамат болуды тек биологиялық ерекшелік ретінде емес, адамгершілік қағидаларын ұстанып, өзге адамдар алдындағы жауапкершілікті өмір бойы арқалау міндеті ретінде сипаттайды.
Жиырма жылдан астам шығармашылық, менеджмент және маркетинг саласында жинаған тәжірибесін ұлт руханиятының игілігіне жұмсауға тырысып келе жатқан Мұхамеджанға алғыстан басқа айтарым жоқ!
2007 жылы “Асыл арна” секілді тың жобаны қорықпай қолына алып, рухани-танымдық, отбасылық арнаға айналдырып, 2021 жылға дейін тыным таппай, үлкен ізденістер арқылы биік белеске көтерді. “Асыл арна” қаржылық кедергіге ұшырып қалмау үшін, қаншама тер төкті десеңізші! Оның бірін біз білеміз, бірін білмейміз! Мемлекеттен тікелей қаржы алатын қаншама телеарналар жабылып жатқанда, қиындыққа мойымай, кәсіпкерлермен тіл табысып, ұжымды ыдыратпай ұстай білуі, сөйтіп “Асыл арнаны” ел көретін телеарнаға айналдыра білгені -- Еркектік ерлігі!
Дүниеде Алла Тағала біреуге кіріптар етпесін. Алайда кейде ұлт руханияты үшін... от пен суға түссе де күймейді екен ғой пендесі! Алла Тағала өзінің сүйген құлын кез-келген тығырықтан алып шығатыны ақиқат!
Мұның бәрі қорыта келгенде Мұхамеджанның заманға бейімділігі, ортаға сыйымдылығы, алғырлығы, зеректігі мен біліктілігінің жемісі деп білемін!
Еңбегің елене берсін, бауырым! Алла жолыңды оңғарсын! Ұлтқа қызмет ету жолында түрлі кедергілермен қатар, жолыңда тікенек пен шоғайна да жатуы мүмкін. Сол жолда ЕРКЕКТІК танытып бірін аттап, бірін таптап өтіп, өзіңе дейінгі ерлердің ерлігін қайталай бер!
ПЫ\СЫ: Викепедияны қарап отырсам оның алғашқы кітабы «Айтыстар» 2006 жылы жарық көріпті. 388 бет.
Екінші басылымы: «Атамұра» баспасы, Алматы, 2018 жыл
Екінші басылымының көлемі: 320 бет
«Айтыстар» – автордың қазақтың дәстүрлі суырыпсалма сөз сайысы – айтыс өнеріндегі шығармашылық еңбегін жинақтаған туынды. Кітапта оның ақындық айтыстары мен шығармашылық ізденістері арқылы ұлттық өнердің әдеби, мәдени және қоғамдық қырлары көрініс табады. Жинақ Мұхамеджан Тазабектің қазақтың ауызша әдеби мұрасын дамытуға қосқан үлесін танытады.
Екінші кітабы «Қазақ радиосының рухани бұлағынан…» деп аталады екен. Жарық көрген жылы: 2008 жыл
Шыққан жері: Алматы, Қазақстан
Баспасы: «Тауғұл-PRINT»
Көлемі: 128 бет
Бұл жинаққа автордың радио саласындағы қызметімен байланысты ағартушылық әңгімелері мен ой-толғамдары енген. Кітапта рухани құндылықтар, адамдар арасындағы қарым-қатынас, жеке жауапкершілік, адамгершілік тұрғысынан даму және қоғамның өнегелік әрі мәдени тәрбиесіне қатысты мәселелер қарастырылады.
Үшінші кітабы «Еркем, өмірің болсын көркем» екен.
Тақырыпшасы: «Қызға деген қамқорлықтың қазақша үлгісі»
Жарық көрген жылы: 2023 жыл
Шыққан жері: Алматы, Қазақстан
Көлемі: 152 бет
«Еркем, өмірің болсын көркем» – бойжеткен қыздарға арналған шығарма. Ол қыздарды өзіне сенімді, дербес тұлға болып қалыптасуға шақырады. Кітапта қазақ халқының мәдени дәстүрлері тұрғысынан ар-намыс пен қадір-қасиет, білім, адамгершілік құндылықтар, есейіп, кемелдену және отбасылық өмірге дайындалу мәселелері қозғалады.
Шығарма Қазақстанда кең сұранысқа ие болып, ең көп оқылған кітаптардың біріне айналған. Оның сатылған және таратылған даналарының жалпы саны 50 мыңнан асыпты. Бұл көрсеткіш автордың тұлғалық даму, отбасылық тәрбие және адамгершілік жауапкершілік туралы ойларына қоғам тарапынан үлкен қызығушылық бар екенін көрсетеді.
Төртінші кітабы «Қыз ұзату»
Жарық көрген жылы: 2025 жыл
Шыққан жері: Алматы, Қазақстан
Көлемі: 50 бет
«Қыз ұзату» – коучинг үлгісінде жазылған шағын кітап. Оның негізінде қазақтың қыз ұзату дәстүрі жатыр.
Автор ұзатылатын қызға, оның ата-анасына және қыз баратын жаңа отбасына жаңа өмірді бірге бастауға қатысты нақты кеңестер береді: өзара сыйластық, сенім және ұрпақтар арасындағы жарасымды қарым-қатынас туралы.
Бесінші кітабы «Енді айтуға болады…». Оқырман көңілінен шыққан, ұлтымыздың зиялы тұлғаларының портретін танытқан кітап.
Жарық көрген жылы: 2025 жыл
Сатылған данасы: 10 000 данадан астам
«Енді айтуға болады…» – автордың өмір жолында кездескен адамдар туралы жеке естеліктерін, өмірбаяндық портреттер мен ой-толғамдарын біріктірген көлемді шығарма.
Мұхамеджан Тазабек саяси көшбасшылармен, мәдениет қайраткерлерімен, жазушылармен, кәсіпкерлермен, дін ғалымдарымен, тәлімгерлерімен және қарапайым адамдармен кездесулері мен әңгімелері арқылы адам мінезі, жеке жауапкершілік, мәдени жады және келер ұрпаққа жеткізуге болатын өмірлік тәжірибе туралы ой қозғайды.
Кітапта автордың кәсіби өміріндегі маңызды оқиғалар мен қиындықтар, соның ішінде «Асыл арна» телеарнасын құру және дамыту барысында жинақтаған тәжірибесі де баяндалады.
Неміс тілді нарық үшін кітаптың қысқартылған, бейімделген басылымы ұсынылатыны автор тарыпынан айтылып жүр.
Алтыншы кітабы «…Ерлер бар».
2026 жылғы 3 қараша жарық көрді.
Көлемі: 260 бет
Нағашыбай Қабылбек, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі














