“Апат айтып келмейтіні” рас. Елімізде су апаты да, орман өрті де, көп қабатты үйлерде газ қолданудан кеткен қайғылы оқиғалар да жетіп артылады. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатындағы істері бір төбе!
Қазіргі таңда Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде және оның бөлімшелерінде 2 мыңға жуық құтқарушы жұмыс істейді. Сонымен қатар департамент 60-қа жуық өрт сөндіру автокөлігіне жүргізуші қабылдап жатқанын мәлім етті. Айтуынша, төтенше жағдайлар қызметіне қызығатын әр маман үшін барынша жағдай жасалған. Мысалы, жұмысқа қабылданған жас мамандар, ең алдымен, алғашқы арнайы дайындық оқуынан өтеді. Сондай-ақ оларға тәлімгерлер тағайындалып, олардың қызметке бейімделуіне көмек көрсетеді. Қызметкерге міндетті әлеуметтік сақтандыру төленеді және ведомстволық емханадан тегін медициналық көмек алу мүмкіндігі қарастырылған. Ал қызметкер денсаулығына байланысты еңбекке уақытша жарамсыз болған жағдайда, еңбекақысын толық көлемде алу қарастырылған әрі оларға кезекке тұру арқылы қызмет пәтері де беріледі, арнайы киіммен толықтай қамтамасыз етіледі. Ал қазір Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жарағында 200-ден аса техника мен 14 жауынгерлік өрт сөндіру бөлімі жұмыс істеп тұр. Өрт сөндіру бөлімшелерінің барлық техникалық құрал-сайманы толық.
Иә, төтенше оқиғалардың ең көп кездесетін түрі - табиғи апаттар. Географиялық орналасуы мен климаттық жағдайы кей мекен үшін қауіпті. Жер сілкінісі, цунами, дауыл немесе су тасқыны сияқты табиғи апаттарға бейім елдер бар. Климаттың өзгеруі қатты дауыл немесе құрғақшылық сияқты төтенше ауа райы оқиғаларына әкелуі мүмкін.
Келесі, техногендік апаттар. Техникадағы ақаулар, өндірістік алаңдардағы, электр станцияларындағы, ядролық реакторлардағы немесе көліктердегі апаттар күрделі төтенше жағдайларды тудырады.
Адам қателіктері де төтенше оқиғаларға алып келеді. Мәселен, инфрақұрылымды жобалау, салу немесе пайдаланудағы кемшіліктер, қоғамдық төтенше жағдайлар, әсіресе, террорлық шабуылдар мен зорлық-зомбылықтың басқа түрлері қоғамдық қауіпсіздік үшін ауыр зардаптары бар төтенше жағдайларды тудыруы мүмкін. Одан бөлек, азаматтық толқулар, демонстрациялар және әлеуметтік наразылықтың басқа түрлері бақылаудан шығып, үлкен қауіп төндіреді.
Экологиялық факторлар да төтенше жағдайлардың болуының бір себебі. Өндірістік апаттар немесе рұқсатсыз орман кесу экологиялық дағдарыстарға әкелсе, табиғи ресурстардың тозуы, биоәртүрліліктің өзгеруі және басқа факторлар табиғи апаттар немесе өрттер сияқты төтенше жағдайларға ықпал етпей қоймайды. Бұдан өзге де төтенше жағдайлар жетіп артылады.
Төтенше жағдайлар министрлігі елімізде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар кешенін тиянақты жүргізуде. Бұл туралы министр Шыңғыс Әрінов Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында баяндады. Біріншіден, төтенше жағдайларға жедел ден қою мен Министрлік бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігі күшейтілуде. Ақмола облысында пилоттық жобада өрт сөндірушілерден, дәрігерлер мен құтқарушылардан тұратын әмбебап бөлімше құрылды. Бұл зардап шеккендерді жедел түрде кешенді құтқару мен оларға алғашқы көмек көрсету мүмкіндігін береді.
Өрт сөндіру бөлімшелерін салу тәсілі қайта қаралды. Нақтырақ айтқанда, тамыз айынан бастап Астанада 3,5 айдың ішінде жылдам тұрғызылатын конструкциялардан салынған өрт сөндіру депосы жұмыс істейді. Барлық өңірде құрылыстың осындай тәсілі енгізілетін болады. Жалпы, біздің елімізге 121 өрт сөндіру депосы қажет.
Материалдық-техникалық қамтамасыз етуді нығайту шеңберінде алғаш рет биік ғимараттарды сөндіруге арналған 2 өртке қарсы дрон сатып алынады.
«Биыл республикалық, жергілікті бюджет есебінен және лизинг арқылы 728 бірлік арнайы автотехника мен 18 мыңнан астам құрал-жабдықтар сатып алудамыз. Ең алдымен, техниканы аудандық бөлімшелердің мұқтаждығына бөлеміз. Екіншіден, оқыту мен жаттығулар арқылы, біз халықты ТЖ кезінде дұрыс әрекет етуге үйретеміз. Мысалы, тұрғындарды іс жүзінде эвакуациялай отырып, көп қабатты үйлерде шартты түрде өрт болған жаттығулар өткіземіз. Республика бойынша барлығы 250-ден астам осындай оқу-жаттығулар өткізілді», — деді министр.
Алғаш рет Астана қаласындағы көпқабатты көпқабатты үйдің тұрғындары үшін тікұшақ техникасын тарта отырып оқу-жаттығу өткізу жоспарлануда. Жүргізіліп жатқан жұмыс азаматтарды өрт кезінде өзін-өзі құтқару дағдыларына кезең-кезеңімен үйретеді, осылайша қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттырады.
Үшіншісі, бұл еліміздің тұрғын үй секторындағы алдын алу шаралары.
«Осы тұрғыда жеке тұрғын үй секторының Министрліктің бақылауына жатпайтынын, тек аула аралау кезінде ұсыныстармен ғана шектелетінімізді атап өткім келеді. Оған қоса, көп жағдайда тұрғындар үйлеріне бас сұқтырмай, кеңес алудан бас тартады. Соған қарамастан, азаматтарды өрт қауіпсіздігі шаралары туралы SMS-хабарламалар, үйлер мен мүлік иелерінің бірлестіктерінің чаттары арқылы хабардар етіп отырамыз. Сонымен қатар көп қабатты тұрғын үйлер мен адамдар көп жиналатын объектілерді пайдалануға қабылдау өкілеттіктерін Министрлікке беру мәселесін шешудеміз», — деп мәлімдеді Шыңғыс Әрінов.
Статистикаға сәйкес, өрттердің шығуы мен азаматтардың өлімінің негізгі себебі жылу жүйелерінің дұрыс жұмыс істемеуі болып отыр. Атап айтқанда, пештерге қатысты, ол негізінен халықтың әлеуметтік осал санатындағы үйлерге тиесілі. Министрдің айтуынша, бұл санатта кішкентайларды ересектердің қарауынсыз қалдыру себебінен балалар өлімі жиі тіркеледі.
Аталған фактілерді ескере отырып, әлеуметтік осал санат – көп балалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, жалғызбасты қарттар – ТЖ министрлігінің ерекше бақылауында. Бүгінде есепте 100 мыңнан астам үй бар. Олардың барлығына әкімдіктермен және еріктілермен бірлесіп атаулы көмек көрсетіледі – өрт датчиктерін орнату және мүмкіндігінше жылыту жүйелерін жөндеу және түтін мұржаларын тазалау. 2021 жылдан бастап барлығы 107 мыңнан астам датчиктер орнатылды, олар адамды алғашқы сатыларда улы газдың қауіптілігі туралы ескертуге мүмкіндік береді. Өрт датчиктерінің іске қосылған 55 жағдайы тіркеліп, соның арқасында 248 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды.
Келесі себеп – жарылыстарға әкелуі мүмкін тұрмыстық газды дұрыс пайдаланбау. Халық заңды бұза отырып, автожанармай құю станцияларына газ баллондарын толтырады, бұл ретте олардың басым бөлігі пайдалануға жарамсыз.
«Біздің есебіміз бойынша 348 мың газбаллон ауыстыруды талап етеді. Осы орайда, әкімдіктердің жанындағы тұрғын үй комиссиялары тұрмыстық және коммуналдық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелерінің сақталуына бақылау жасауды күшейтуі қажет. Жылу беру маусымының ерекше бақылауда екенін және Министрлік бөлімшелерінің төтенше жағдайлар кезінде ден қоюға әзір екенін атап өткім келеді», — деп түйіндеді Шыңғыс Әрінов.
Қазақстандағы барлық ТЖ-ның 90% -ы өрт екенін ескере отырып, 2024 жылы олардың салдарын барынша азайту бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Абай облыстарының орман алқаптарындағы өрт ошақтарын ерте анықтау жүйесіне өзгерістер енгізілді, бұл орман өрттерінің ауданын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда орманды дала өрттерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есе азайды.
Халық арасында алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Қағаз үгіт-насихат материалдарын пайдаланудан QR кодтары мен LED экрандары сияқты сандық ақпарат тасымалдаушыларға көшті. Бұл азаматтардың өрт қауіпсіздігі туралы ескерту және хабардар ету жұмыстарының тиімділігін арттырды.
Биылғы жылдың басынан бастап Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғау саласындағы ұлттық ғылыми зерттеулер, даярлау және оқыту орталығының, сондай-ақ ТЖ департаменттерінің базасында әртүрлі санаттағы 16 мыңға жуық адамды оқытты. Ел өңірлерінде 5 972 930 азаматты қамтыған 90 мыңнан астам оқу-жаттығу мен жаттығу өткізілді. Тоқсан сайын өткізілетін сейсмикалық жаттығулардың арқасында барынша көп адамды қамтуға қол жеткізілді.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК













