Ұлытау облысында қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Жанат Хаджиев атындағы халықаралық театрлар фестивалі төртінші рет жалауын желбіретті.
Бұл – дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан өнер мерекесі Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының бастамасымен ұйымдастырылды. Фестивальді асыға күткен көрермен қауым мен өнерсүйер жұртшылық үшін бұл күн нағыз мәдени оқиғаға айналды.
Фестивальдің құрметті қонақтарының қатарында Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов және өнер иесінің аяулы жары Рашида ханым болды. Олардың қатысуы мерекенің мәртебесін арттыра түсті.
Өнер мерекесінің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков фестивальдің өңірдің рухани өміріндегі маңызын ерекше атап өтті.
– Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі. Осы қасиетті мекенде өтіп жатқан өнер мерекесі шығармашылық ынтымақтастықты нығайтып, ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейтеді деп сенемін. Фестивальге қатысушыларға табыс, ал көрермендерге жарқын әсер тілеймін, – деді аймақ басшысы.
Өнер додасының құрметті қонағы, қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның халық әртісі, белгілі театр және кино актері, Жанат Хаджиевтің үзеңгілес досы Тұңғышбай Жаманқұлов өз сөзінде фестивальдің қазақ театр өнерін жаңа биікке көтеруге ықпал ететінін айрықша атап өтті.
Биылғы додаға Қазақстаннан бөлек, көршілес Ресей мен Қырғызстаннан барлығы сегіз театр ұжымы қатысты. Олар Жезқазған көрермендеріне өздерінің ең таңдаулы қойылымдарын ұсынды. Алғашқы күні сахнада Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының «Тазының өлімі» спектаклі көрсетіліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Фестивальға Ресей мен Қырғызстаннан өнер ұжымдарының қатысуы өнер бәсекесіне халықаралық сипат беріп отыр. «Бұл – шетелдік театрлармен тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға зор мүмкіндік», – дейді ұйымдастырушылар.
Ұлытау төрінде бастау алған халықаралық өнер мерекесі – тек мәдени шара ғана емес, өңірдің абыройын асқақтататын, ұлттық құндылықтарды әлемге танытатын маңызды оқиға. Фестиваль күндері сахна төрінде шынайы өнер бәсекесі қыза түсіп, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады. Театр залы көрерменге толы болды.
– Театр мерекесінен рухани азық алып, ерекше әсерде болдық. Әрбір қойылым өзіндік бір әлемге жетеледі. Осындай өнер мерекесінің Жезқазғанда дәстүрге айналғаны – біз үшін үлкен мақтаныш, – дейді өз әсерімен бөліскен Жезқазған қаласының тұрғыны Қанатбек Мырзаханов.
Фестиваль аясында түрлі жанрдағы қойылымдар ұсынылып, жезқазғандық өнер сүйер қауымға зор рухани мереке сыйлады. Әрине, үздіктері жеңіс тұғырынан көрініп, өздерінің әділ бағаларын алды. қатысты. Қазылар шешімі бойынша бас жүлде Абай облысының «Дариға-ай» Жастар театрына бұйырды. Сонымен қатар «Үздік ансамбль», «Үздік визуалдық көркемдік бейне», «Үздік әйел рөлі», «Екінші пландағы әйел рөлі», «Екінші пландағы ер рөлі» сынды аталымдар бойынша да үздіктер марапатталды. Жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйақылар мен арнайы дипломдарды салтанатты жабылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова табыс етті.
– Бұл жеңіс – біздің ғана емес, күллі жас театрлардың жеңісі деп білемін. Жезқазған сахнасында ойнау – ерекше мәртебе. Фестиваль бізді жаңа ізденістерге қанаттандырады, – деп ойымен бөлісті Бас жүлдені еншілеген «Дариға-ай» Жастар театрының режиссері Мейрам Хабибуллин.
Жанат Хаджиевтің есімі – қазақ театр өнерінің биік шыңына айналған дара тұлғаның есімі. Оның шығармашылық жолы мен режиссерлік қолтаңбасы бүгінгі жас буын үшін үлкен мектеп болып қала береді. Фестивальдің басты мақсаты да – өнерді дәріптеу ғана емес, қазақ сахна өнерінің іргелі дәстүрін жаңғыртып, заманауи бағыттарын дамыту. Мақсат орындалып та келеді. Жанат Хаджиев атындағы халықаралық театр фестивалі жыл сайын өзінің ауқымын кеңейте түсті. Қатысушы театрлар санының артуы, қойылымдардың көркемдік деңгейінің жоғарылауы – қазақ өнерінің өсіп-өркендеуіне айқын дәлел.
Жезқазғандағы бұл өнер мерекесі – тек аймақ тұрғындары үшін ғана емес, жалпы ұлттық мәдени кеңістіктің дамуына қосылған сүбелі үлес.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Ұлытау облысы