ТОЙ ЖАСАУДЫ ҚЫСҚАРТУ КЕРЕК!

ТОЙ ЖАСАУДЫ ҚЫСҚАРТУ КЕРЕК!

Жақында бір танысымыз тойға шақырды. Шақыру қағазын жібергеннен кейін-ақ, тойдың қымбат мейрамханада өтетінін, әр орынның құны 35 мың теңге екенін арнайы ескертіп хабарлады. Бір адамға ғана емес, шақырылған қонақтардың бәріне осылай айтқан екен.

Сонда ойландым: мұны не үшін ескертеді? Қонақ шақыру деген қуанышыңды бөлісу емес пе? Баласының қуанышына ортақ болсын деп шақырады. Ал әркімнің қалтасы әртүрлі. Біреудің жағдайы бар, біреудің жағдайы жоқ. Біреу молынан апарады, біреу шама-шарқынша береді. Мұның бәрі түсінікті емес пе?

Той жасау дегеніміз кеткен шығынды қонақтан өндіріп алу ма, әлде балаңның қуанышын жақындарыңмен бөлісу ме? Егер әр келген қонақтың қалтасын алдын ала есептеп, тойдың шығынын соның есебінен жабуды көздесек, онда бұл қуаныштың мәні қайда қалды?

Қазақта «Қонақ – құдайдың аманаты» деген ұғым бар. Қонақты шақырған соң, оны міндетсінбей, құрметпен қарсы алу керек. Ал қонақтың да өз шамасын біліп, барымен бөлісуі әдептің белгісі. Тойдың қадірі әкелген сыйлықтың көлемімен немесе салған ақшаның мөлшерімен өлшенбеуі тиіс.

Шыны керек, қазіргі тойлардың кейбірінен шаршадық. Бір-бірімен жарысып, біріне жағалы киіт кигізіп, екіншісіне бриллиант тағып, кімнің тойы дүркіреп өтетінін дәлелдеуге тырысатын әдет көбейді. Әнші мен бишіге шашылған қыруар қаржы, қажетсіз ойындар, даңғаза музыка, асабаның орынсыз әзілдері мен мән-мағынасы жоқ бағдарламалар... Мұның бәрі тойдың сәні ме, әлде елге көрсету үшін жасалып жатқан көрініс пе?

Той отбасының қуанышы, ұрпақтың жалғастығы, ағайынның басын қосатын берекелі басқосу. Оның негізгі мазмұны мен тәрбиелік мәні сыртқы жылтырақтың тасасында қалып қоймаса екен деймін. Ал біздің той концерт, шоу, цирк! 

Енді бір мәселе – қонақ мәдениеті. Отбасынан екі адамға шақыру жіберілсе, балаларын, кейде басқа да туыстарын ертіп келетіндер бар. Шақырылған адамға арнап дайындалған орынға шақырылмаған адамдарды жайғастыру ұйымдастырушыға да, басқа қонақтарға да құрметсіздік. Әрине, баламен келудің өзіндік жағдайлары болуы мүмкін. Бірақ алдын ала ескертіп, келісудің де әдебі бар емес пе? Қонаққа шақыру қалаған адамыңды ертіп келуге берілген рұқсат емес.

Одан қалса, дастарқаннан пакет-пакет тамақ салып алып шығатын әдет қалмайды. «Ақшасын бердім, демек, дастарқаннан қалағанымды аламын» деген түсінік қайдан шықты? Қонаққа жайылған дастарқан сауда орны емес. Тойға барудың да, дастарқан басында отырудың да өз мәдениеті бар. Ысырапқа жол бермей, асқа құрметпен қарау тәрбиенің көрінісі.

Бүгінгі тойлардың кейбірі қуаныштан гөрі шоуға, қарапайым басқосудан гөрі үлкен қойылымға айналып барады. Тіпті шетелдік оқушыларыммен сабақ барысында қазақтың тойы туралы әңгіме қозғалғанда, олар біздің тойдағы шығын мен сән-салтанатқа таңғалатынын айтып жатады. «Осынша ақшаны бір күндік тойға қалай жұмсайсыздар?»- дейді. 

Расында да, бір күндік думан үшін қаншама қаражат жұмсалады. Сол ақшаны жас отбасының болашағына, баспанасына, біліміне, тұрмысының түзелуіне бағыттаса, әлдеқайда пайдалы болмас па еді?

Әрине, әркім өз қаражатын қалай жұмсайтынын өзі шешеді. Дәулеті жеткен адамның сән-салтанатпен той жасауына ешкім қарсы емес. Мәселе байлықты көрсету үшін жарысуда, қонаққа қаржылық міндет жүктеуде, даңғазалықты дәстүр деп қабылдауда.

Біз дәстүрді сақтаймыз деп жүріп, кейде оның шынайы мәнінен алыстап кеткен жоқпыз ба? Бұрын тойдың сәні ағайынның амандығы, үлкеннің батасы, ақ тілектің ақтарылуы, жастарға берілген өнеге еді. Ал қазір тойдың сәнін мейрамхананың бағасы, шақырылған әншінің атағы, киіттің құны мен дастарқанның молшылығы анықтайтын болғандай.

Меніңше, той жасауды қысқарту керек! Ең болмаса, оның шығынын, даңғазасын, орынсыз бәсекесін азайтайық. Қажет болса, шағын ғана дастарқан жайып, ең жақын адамдарымызбен шынайы қуанышымызды бөлісейік. Тойдың көлемі кішірейгенімен, қуаныштың қадірі кішіреймейді.

Той қалтаны қағатын міндет емес, көңілді көтеретін қуаныш болуы керек. Қонақ шығынды өтейтін адам емес, қуанышыңа ортақтасатын жан.

Бір күндік той үшін жылдар бойы қарыз арқалаудың, біреуге көрсету үшін барымызды шашудың қажеті қанша?

Дәстүрді даңғазамен емес, тәрбиемен жалғастырайық! Ысырапты емес, ізгілікті дәріптейік! Тойдың сәні байлықта емес, берекеде, адамдықта, ақ тілекте екенін ұмытпайық!

Бұл менің ойым. Сіз қалай ойлайсыз? Қазақтың той мәдениетіне өзгеріс керек пе?

Жанна Есеналы

11.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29477
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29033
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46286
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41886
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46613