Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» кең ауқымды экологиялық акциясы аясында қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының ұйымдастыруымен «Академия» балабақшасының тәрбиеленушілеріне арналған экошара өткен болатын. Интерактивті форматта өткен іс-шарада балаларға қоршаған ортаны қорғау, қоқыс тастамау және қалдықтарды дұрыс сұрыптап, утилизациялау маңыздылығы түсіндірілді. Шараға 15 бала қатысқан болатын. Экобапкер Хамида Тоқымова сабақты ойын түрінде өткізді: балалар қалдықтарды сұрыптауды үйреніп, табиғатқа қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін көрсетті. «Сабақ көңілді әрі достық атмосферада өтті. Балалар үлкен қызығушылықпен қатысып, көп сұрақ қойды. Мұндай сабақтар экологиялық жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеуге көмектеседі», – деді шараның ұйымдастырушысы әрі Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының баспасөз хатшысы Гүлден Симбаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – алғашқы бастама. Алдағы уақытта осындай сабақтарды тұрақты өткізу және басқа балабақшаларды да қамту жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде сөйлеген сөзінде жиынның маңызына тоқталып, «Тазалық» фестивалі өте тағылымды іс-шара екенін айтқан болатын.
– Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қатарында өздеріңіз сияқты жалынды әрі дарынды жастарымыз өте көп. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тазалықтың мәні мен мағынасы жайындағы пікірімен бөлісіп, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші деп баға берді. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет екенін үнемі айтып келе жатқанын еске салды.
– Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілердің еңбегін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, волонтер болу, ең алдымен, нағыз отаншыл азамат болу, яғни патриот болу деген сөз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы экологияны жақсартуға кәсіпорындар мен кәсіпкерлер зор үлес қосып жатқанына тоқталды. Президент «Таза Қазақстан» аясында өте ауқымды жұмыс атқарылғанын, миллиондаған тонна қоқыс жиналып, көшет егілгенін тілге тиек етті. Бұл ретте «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясы жақсы дәстүрге айналғанын жеткізді.
– Осы шара шеңберінде бүкіл еліміз бойынша соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егіліп, орман алқабымызды толтырды. Айналамызды жинау, ағаш отырғызу арқылы біз жайлы да таза қоршаған орта қалыптастырамыз. Барлық аула мен көшені, саябақ пен алаңқайды ұқыпты ұстау – өз қолымызда. Тазалық пен тәртіп – дұрыс өмір салтын ұстанудың басты көрінісі, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты аялау, тазалық мәдениетін әрбір азаматтың, әсіресе, жас ұрпақтың санасына сіңіру өзекті деп санайды.
– Мысалы, қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – аса маңызды. Бұл біздің қоғамның қалыпты қағидатына айналуы қажет. Экологиялық ағарту ісіне айрықша мән берген жөн. Мұны «Таза Қазақстан» кампаниясының негізгі бағыттарының бірі деуге болады. Уақыт өткен сайын көптеген адамдардың қоршаған ортаны аялауға, қорғауға ұмтылып жатқанын көріп отырмыз. Азаматтарымыз экологиялық талаптарды сақтап, оны саналы түрде өмір салтына айналдырып келеді. Мен жаңа ғана көрмені араладым. Онда экологияға мән берген кәсіпорындарымыздың жұмыстары қойылған. Оларға ризашылығымды білдіремін. Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Тұтас елдің сана-сезімі өзгере бастады. Жастарымыз мұны терең түсінеді, – деді Президент.
Мұнан соң Мемлекет басшысы жастар ұсынған жобалармен танысқанын жеткізіп, әр бастамадан туған елге, табиғатқа деген қамқорлық байқалатынына назар аударды. Мысалы, Дана Есенғали мен Камила Қышқашбаеваның жобаларына тоқталып, бұдан қазақ жастарының жасампаз болмысы көрінетінін, ел мен жерге шынайы жанашырлығы білінетінін мәлім етті. Сонымен қатар Қазақстанның болашағы осындай санасы сергек, ойы ұшқыр жастардың қолында екенін баса айтты.
– Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни, сіздер үшін жасалуда. Қазақ жастарының болашағы – жарқын, жолы – ашық. Мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Отаншыл, білімпаз, еңбекқор болыңыздар деп тілеймін. Сонда Қазақстанымыз да Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Өркендеген озық ел болмақ. Бәріңізге сәттілік тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фестиваль соңында «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысқан, қоғамда тазалық мәдениетін дәріптеуге ерекше атсалысқан бір топ жас марапатталды.
Елордада «Таза Қазақстан: Таза Астана» экологиялық айлығы аясында тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру мен тазартуға арналған «Тарих пен мәдениет тынысы» апталығы жыл сайын жалғасын табуда. Былтыр экология айлығы екі аптаға жалғасты. Оның мақсаты – тарихи және мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру және тазарту.
Алғашқы күні елордалық Мәдениет басқармасының қызметкерлері мен оған қарасты 14 ұйым өкілдері «Жазушылар аллеясында» орналасқан «Алаш қайраткерлері» және «Үш арыс» ескерткіштерінің аумағында тазалау және абаттандыру жұмысын жүргізді.
Мұндай шаралар алты тарихи ғимараттың аумағында да өткізілді. «Біз өз қаламызды жақсы көреміз, мұндай акциялар – оны іспен дәлелдеудің ең тиімді тәсілі. Астананың таза, әсем әрі жайлы болғанын қалаймыз», – деді елордалық Қуыршақ театрының актері Нұрасыл Ыбырайхан.
Қазіргі таңда Астанада шамамен 60 тарихи-мәдени ескерткіш пен 33 тарихи ғимарат бар. Экологиялық акция аясында 40-тан астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
«Тазалау және абаттандыру жұмысы Бауыржан Момышұлына, Сәкен Сейфуллинге, Жамбыл Жабаевқа, Керей мен Жәнібек хандарға арналған ескерткіштердің, сондай-ақ басқа да тарихи-мәдени нысандардың аумағында жалғасын табады. Бұл бір реттік шара емес, біз мұндай жұмысты жүйелі түрде жүргіземіз. Әр бейсенбіде қалада ескерткіштерді күтіп-баптау іс-шаралары өтеді. Біздің басты мақсатымыз – вандализм әрекеттерінің алдын алу және ұлттық мұраға құрметпен қарауды қалыптастыру», – деп атап өтті Астана қаласы Мәдениет басқармасының Ескерткіштерді қорғау бөлімінің бас маманы Ақерке Тұяқбаева.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК













