Тәуелсіздік күнгі дәрменсіздік. (Шыршаның тасасынан сығалаған азаттық мерекесін ұмытпайықшы, ағайын!)

Тәуелсіздік күнгі  дәрменсіздік. (Шыршаның тасасынан сығалаған азаттық  мерекесін ұмытпайықшы, ағайын!)

Бұлай демеске шарамыз болмай тұр.

Жалған дүниеде тәуелсіздіктен артық, азаттықтан қымбат не болуы мүмкін! Ештеңе де! Осыны білген қазақ атамыз «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деп бекер айтпаған. Бұл сөздің төркінінде үлкен ғибрат жатыр.

Саны біздің ұлттан көп қаншама халықтар бар. Жері жоқ, Отаны жоқ. Бірақ тілі бар. Сол ардақты тілінің арқасында ұйысып отыр. Ұлан-байтақ даласы өзге халықтың шекарасында «байлаулы». Жерінің асты мен үстінің қазынасы басқаның бақылауында. Өзгенің қажетіне жарауда... Іштен тынып, күйзеліп, күңіреніп жүргендері қаншама?

Олар бізге қызыға да, қызғана да қарайды. Бәлкім, пенде болғасын күндеулері де мүмкін. Көре алмай іштері тарылуы да кәдік. «Шіркін-ай, өз туың, өз отауың болғанға не жетсін!» деп арман-арғымаққа мініп, шапқылап жүргендері де бар шығар.

Шүкір, тоба! Шекарамыз шегенделген, туымыз асқақтап тұр. Қай мемлекетке барса да Президентімізді тұла бойды шымырлатар кең тынысты «Менің Қазақстаным» Әнұранымен қарсы алады. Наны мен тұзын ұсынып, бәйек болады. Мұны көргенде төбең көкке бір елі жетпей қалады. Мұның барлығы байтақ даламыз бен тәуелсіз халқымызға көрсетілген құрмет! Ел ертеңіне деген сенім!

Алайда бір ғасырға жуық патшалық Ресейдің бодауында болған, жетпіс жылдай большевиктердің тепкісінде болған Қазақияда өз қағынан жерігендер мен тілі мен дінінен безінгендер арагідік болса да төбе көрсетіп қояды. Өкінішті жайт. КСРО деп аталатын алып империядан ең соңында әрең деп азаттық алған Қазақия, отыз төрт жыл болды, тәуелсіз мемлекет. БҰҰ мойындаған, алып Америка мен адуынды Түркия тәуелсіздігін салтанатты түрде қабылдаған ел. Сондықтан ешкімге жалтақтауға, жалтақтап арды аттауға негіз жоқ.

Биыл республиканың Тәуелсіздік алғанына 34 жыл толып отыр. Бұған дейін ұлттық мереке ретінде тойланып келген 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекеге ауыстырылды. Президенттің айтуынша, бұл күн күнтізбеде мереке болғанымен, ол күн еске алу күні сипатында ерекшеленетін болмақ.

Заңға сәйкес ұлттық мереке ретінде елдің дамуына айтарлықтай әсер еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалар болған күн бекітіледі. Бұл, әрине, тәуелсіздігіміздің бастауы болған Желтоқсан – 86 көтерілісін еске алуға ешқандай бөгет болмайтынын байқатады.

Біздің айтқымыз келгені, Тәуелсіздік күні қарсаңында еліміздің бар аймағынан ешқандай жылылық сезінбейсің! Кәдімгі қыспен бірге халықтың тұла бойына суық кіріп кеткендей енжарлық басым. Бұған әкімшіліктің, керек десеңіз, шенеуніктердің де кінәсі жоқ. Себебі олар мемлекеттік қызметкерлер. Ешкімге бұйыра алмайды. Тапсырма ғана бере алады.

 

Тәуелсіздік күні – халқымыздың мызғымас бірлігін айшықтайтын мереке. Дәл осы күні күллі әлем Қазақстан Республикасын дербес мемлекет ретінде таныды.

Егемен еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні құтты болсын! Баршаңызға ашық аспан, шат-шадыман көңіл тілейміз. Әрбір азаматтың қажырлы еңбегінің арқасында сүйікті Отанымыз гүлденіп, көркейе берсін!

Желтоқсанның екпінімен келген Тәуелсіздіктің маңызы қашан да зор болмақ. «Толарсақтан саз кешкен» батыр бабаларымыздың қанымен, ұлы мұраттар жолында құрбан болған асыл азаматтарымыздың асқақ армандарымен, аналарымыздың көз жасымен жеткен Тәуелсіздікті әрқашан қастерлей білуге тиіспіз. Бұл – біздің азаматтық парызымыз бен борышымыз.

Көк байрағымыз лайым бейбіт аспан астында желбіреп тұрсын! Қазақ елінің тәуелсіздігі мәңгі болсын!

Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап кеткен тәуелсіздікті көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Осы бір бақытымыз баянды болғай! Азат елдің тәуелсіздігі тұғырлы болсын!

 

Ал гүрілдетіп, дүрілдетіп тойлауға тиіс қазақ халқы тіршілік қамымен әлек. Несиемді қалай төлеймін, одан қалай құтыламын деп әуре!

Олар өзгеге бастамашы болып, алаулатып, жалаулатып, қуаныштары қойындарына сыймай, «ақ түйенің қарнын жарып» тастаса, ешкім қой демесі анық. Бірақ шарасыз! Құлықсыз! Басылып қалған! Тілді айтамын деп қамалып, елдің тұтастығын қорғаймын деп айыппұл арқалау еңсені қалай езбесін!

Толып жатқан келеңсіздіктерден кейін біздің қоғамда немқұрайлылық, тәуелсіздікке деген құрмет аз. Азаттықтың құсы кәдімгідей қолымызға оп-оңай қона салғандай көретіндер де бой көрсетіп қалады кейде.

Тәуелсіздік жолында жандарын құрбан еткен жастардың аруақтарының алдында қарыздар екенімізді ойламаймыз көбіміз мүлде. Бұл жақсылық нышаны емес. Бұл – болар елдің азаматтарына сын болатын қауіп-қатер!

Тәуелсіздік күні қарсаңында өтетін іс-шаралар, концерттер, түрлі шоулар, әзіл-қалжыңдар – бәрі қойылым ғана екені көзге ұрады, өкінішке қарай. Жай ғана атап өту үшін секілді бұл мереке!

 Шынайы жанашырлық, тәуелсіздікке деген ұлы махаббат, асқақ патриотизм осыны күні қасқайып көрінбесе, қашан көрініс бермек? Осы жағы бізді толғантады. Қалың ойға батырады!

Еліміздегі телеарналарда тәуелсіздік күні қарсаңында Желтоқсан туралы әбден тізесі шыққан бір-екі кино мен деректі бірнеше фильм көрерменге жол тартады. Мерекелік концерттер мен әзілкештердің сайқымазақ қойылымдары да сол күннің еншісінде.

Негізі бұл күн саңқылдап, қарқылдап күлетін күн емес, өткенге оймен көз жүгіртіп, тәуелсіздік жолында шәйіт болғандарды емірене еске алып, келер ұрпаққа тағылымды ойлар айтатын, оларды азаттықтың қадірін білуге тәрбиелейтін киелі күн болуы керек еді!..

Өзіміздің азат телеарналар тәуелсіздік күнін бір-екі күнге «байлап» қойғасын басқаға бірдеңе деп айтуға ұяласың! Еліміздің бюджетінен, сіз бен біздің салығымыздан түскен ақшамен күндіз-түні ақпарат таратып жатқан тәуелді, тәуелсіз телеарналар бұл күндері тіпті еркін! Қалаған уақытында тәуелсіздікті «тойлап» атап өтеді. Кейбірі тіпті атүсті қарайды. Тәуелсіздіктің емес, жаңа жылдың жарнамасы көзді арбайды!

Бұдан өткен сорақылық, бұдан өткен қорлық бар ма? Тәуелсіздік мерекесінің тап осылай жұтап өтуі – қазақ билігіне де үлкен айып! Бұлай тәуелсіздікті тойлау – отыз төрт жыл тарихы бар егеменді ел үшін зор өкініш! Зор қайғы!

Отыз жыл дегеніңіз – ширек ғасыр. Ширек ғасырда өр кеудесі басылмаған, әлі де тасырлаған, тілің мен заңыңа бас ұрмаған адамдардың жүруі көңілге кірбің түсіріп қана қоймайды, жүрекке қорқыныш та ұялатады.

Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ жұртына қанмен келген, жан берумен келген тәуелсіздік мерекесі жаңа жылдың шыршасының көлеңкесінде, Аяз атаның дорбасына салынған тәтті-пәтті мен ойыншық-қуыршақтардың арасында кетпеуі тиіс! Азаттық деген ұлы құндылықтың парқына бойламасақ, жүз жерден тойласақ та бәрі бекер! Ақшаны да құр босқа далаға шашқанмен пара-пар!

Дұшпанға таба, досқа күлкі болу деген сол!

Өз құндылығымызды өзіміз әспеттемесек, өзгелерге азаттықтың қадірін сезіндіре алмасақ, осы кеткеніміз кеткен! Қазақ даласының ауасын жұтып, барлық байлығын байырғы жұртымен тең бөлісіп отырған ағайындарға билікте жүргендер жөн сілтеп қойса, құба-құп. Әйтпесе үй ішінен үй тігетіндерге тоқтам болмай тұр. Оларға асымыз адал, тәуелсіздігіміз харам болып қала бермек пе?! Аюға намаз үйреткен таяқ қана емес, таяп келіп, жайлап үгіт айту да кіреді! Үгітке үгітілмесе, ақылға мақұл демесе, тоқтамға тоқтамаса, өз обалы өзіне! Заң арқылы жазаға тартатын уақыт жетті. Тәуелсіздікке тәу етпеген адамның басыңа іс түскенде «әу» деп қасыңа келмесі анық! Қарасын да көрсетпей кетсе, арланба!

Тіпті өзіңе жау боп шықса, таңғалма, қазақ!

Бабаларымыздан жеткен «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген тәмсіл бар. Текке айтылмаған... Осыны билік қолға алуы керек.

Бір заманда Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік билікті қолына алғаннан кейін: «Түркия – тәуелсіз мемлекет. Елді құрушы түрік халқы. Демек, тіліміз түрікше болады. Бұл жерде тұрып жатқан халықтың бәрі Түркияға қызмет етуге тиіс! Түркияның қуанышы мен қайғысы да баршаға ортақ. Осыған көнген жұрт бізбен бірге. Ал көнгісі келмейтіндерге есік ашық. Жолдарың болсын! Қазір оларға мүмкіндік беріп тұрмыз. Ертең бәрі кеш болады», – депті жарықтық.

Еліміздің барлық түкпірінде жаңа жылға дайындықтың тәуелсіздік мерекесін тойламай жатып-ақ басталып кететіні өтірік пе? Бұл мәселе жылда айтыла-айтыла әбден жауыр болды. Мысалы, «Қазақ елі» алаңында қасқиып шырша тұр. Әзірге «жалаңаш!». Тәуелсіздіктен кейін барып «киінеді». Ақшаға бөгіп, шыршаның әр бұтағы «сөгіледі». «Құшағынан аппақ нұр төгіледі!». Соған тәуелсіздік мерекесіне қуанбағандар шынайы «егіледі», «езіледі». Өздерін бақытты сезінеді...

Негізі ол жерде шырша емес, Желтоқсан көтерілісінде шырылдап кеткендердің құрметіне ескерткіш тұрса, асқақ рух оянар ма еді дейсің қамығып, жабығып!

Өзіңіз қазақияның бір азаматы ретінде айтыңызшы: Қазақ ұлтына қайсысы қымбат? Жаңа жылдық шырша ма, жаңа күн әкелген азаттық па?

 

Нағашыбай Қабылбек
18.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 21678
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21457
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 36828
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 35032
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 39063