Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері күрделі экономикалық, әлеуметтік және саяси өзгерістерді бастан кешіріп, экономикалық жүйе жоспарлы деңгейден нарықтық сипатқа көшті. Бұл жаңа даму бағыттарының басты мақсаты – тұрақты өсімді қамтамасыз ету, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін күшейту болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Үкімет және әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек. Кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс, яғни әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет», – деп атап өткен болатын.
Бүгінде ел Президентінің бастамалары мен облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын жүйелі түрде қамтамасыз ету негізгі міндеттердің біріне айналып отыр.
XXI ғасыр – экономикалық өсім мен жаһандық бәсекеге қабілеттілік дәуірі. Бұл кезеңде әл-ауқатты арттырудың ең тиімді тетігі – инвестиция тарту. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында инвестицияға деген таластың күшейіп бара жатқанына тоқталып: «Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет», – деп Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге нақты міндеттер жүктеді.
Инвестиция – тек қаржы құю емес, ол – болашаққа бағытталған сенім, дамуға салынған күш, технология мен тәжірибенің келуі. Инвестиция тартудың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, инфрақұрылым дамиды, бюджетке түсетін кіріс артады. Қазіргі кезде өңірлер арасындағы даму теңсіздігін теңгеру үшін әр өңір өзінің әлеуетін тиімді көрсетіп, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауы қажет. Инвестициялық климатты жақсарту – тек биліктің ғана емес, халықтың да ашықтығы, адалдығы мен еңбекке деген құрметіне байланысты.
Бұл бағытта Тараз қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өнеркәсіп өнімінің көлемі – 18,2%, инвестиция көлемі – 31,4%, құрылыс жұмыстарының көлемі – 34,3% өсті. 2023-2024 жылдары жалпы құны 21,4 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылып, 395 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал биыл 9,9 млрд теңгеге 6 жоба бастау алса, жыл соңына дейін тағы 9,7 млрд теңгеге 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл 324 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қай кезеңде де ауылшаруашылығы – ел экономикасының берік тірегі және азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Бұл саланың дамуы оған тартылған инвестициямен тығыз байланысты. Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция – болашаққа бағытталған саналы шешім. Жаңа техникасыз, заманауи инфрақұрылымсыз, ғылыми қолдаусыз бәсекеге қабілетті сала қалыптастыру мүмкін емес. Қаржы құйылған жерде жаңа техника алынып, суару жүйесі жаңарады, мал асылдандырылып, өнім сапасы артады. Бұл – тек бір отбасының ғана емес, тұтас өңірдің табысын арттыратын, әлеуметтік жағдайды жақсартатын қозғаушы күш.
Қала бойынша асыраушы салада 2023-2024 жылдары жалпы құны 7,1 млрд теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылып, 324 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал осы жылы 2,1 млрд теңгеге 8 жоба жүзеге асырылса, жыл соңына дейін тағы 5 млрд теңгеге 5 жоба іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде 342 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қала экономикасында бюджеттік түсімдердің маңызы зор. Бюджетке түскен әр теңге өңірдің тынысын кеңейтіп, халықтың тұрмысын түзеуге септігін тигізеді. Жергілікті бюджеттік түсімдер өңірдің өзін-өзі басқару қабілетін және дербес шешім қабылдау мүмкіндігін айқындайды. Тараз қаласында соңғы 3 жылда салықтық түсімдер – 211,8%, ал салықтық емес түсімдер 201,8%-ға артып отыр. 2022 жылдың қорытындысымен қала қазынасына 19 млрд теңге салық түссе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 35,8 млрд теңгеге жеткен. Ағымдағы жылдың жоспары 39 млрд теңгеден асып отыр.
Тұрғын үйлердің көптеп салынуы – ел дамуының айқын көрінісі және әлеуметтік саясаттың ең маңызды бөлігі. Қалада үйлер көптеп салынса, ол тұрғындар үшін тұрақтылық, сенім мен жайлылық сыйлайды. Тұрғын үй құрылысы – құрылыс саласын, оның айналасындағы ондаған сала мен мыңдаған жұмыс орнын дамытатын үлкен драйвер. Қазіргі таңда қалада пәтер алу кезегіне 23 мыңға жуық азамат тіркелген. Осыған орай биыл шаһар аумағында бюджет есебінен 60 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. «Шапағат», «Ұлы дала» және «Балауса» шағынаудандарында үйлер бой көтеруде. Сонымен қатар «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 млрд теңгеге 669 пәтер сатып алынды, ал биыл 260 пәтер сатып алуға 3,8 млрд теңге қаржы қарастырылды. Жер кезегінде тұрған 130 488 азаматты қамтамасыз ету үшін де жұмыстар жүргізіліп, «Хамукат» алқабынан 524 және А.Асқаров көшесінің соңынан 341 жер телімі беріледі.
Қаланың тұрғын үй қорындағы мерзімі 30 жылдан асқан 1103 үйдің 553-і күрделі жөндеуден өткен. Ағымдағы жылы қалған 550 үйдің 73-ін күрделі жөндеу үшін 7,8 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды. Сонымен қатар қаланың орталық көшелеріндегі (Төле би, Абай, Әйтеке би, Қазыбек би көшелері) тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Шаһар экономикасына оң әсер ететін ілкімді істердің бірі – жолдарды жөндеу. 2023 жылы ұзындығы 87,5 шақырымды құрайтын 145 көше орташа жөнделсе, 2024 жылы 86,7 шақырымды құрайтын 118 көше орташа жөндеуден өтті. Биыл 61,4 шақырымды құрайтын 108 көше орташа жөндеуден өтуде. Бұдан бөлек, «Бурыл А, Б, В» алқабындағы жол жөндеу жұмыстары 99%-ға аяқталып, 75 көше толық асфальтталды. «Барысхан» алқабындағы жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65%-дан 72,5%-ға дейін артады.
Көне шаһар Тараз тарихымен ғана емес, бүгінгі қарқынды дамуымен де мақтана алады. Жоғарыда аталған экономикалық көрсеткіштерден бөлек, аулаларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету, қоғамдық көліктерді көбейту бағыттарында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы ілкімді істер алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса береді.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Жамбыл облысы
Тараз қаласы













