Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жоспарлы жұмыс жалғасуда. Соның аясында Шымкент қаласының Асар-2 шағынауданында 46 отбасыға жалдамалы пәтер кілттері табысталды. Бұл пәтерлер қаланың коммуналды тұрғын үй қорынан әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беріліп отыр. Олардың қатарында мүгедектігі бар адамдар, толық емес отбасылар, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелейтін отбасылар, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Салтанатты рәсімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жаңа қоныс иелерін маңызды оқиғамен құттықтады, бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Жалпы, өткен жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін нарықтан 1 529 пәтер сатып алынды. Қазіргі уақытта олардың бір бөлігі балансқа қабылданып, қалғандарын тіркеу рәсімдері мен пәтерлерді «Отбасы банк» АҚ арқылы бөлу жұмыстары жүргізілуде.















