Су шаруашылығы нысандары қалыпты жұмыс атқаруда

Су шаруашылығы нысандары қалыпты жұмыс атқаруда

Су – тіршіліктің негізгі көзі және экономиканың стратегиялық ресурсы. Осы орайда өңіріміздегі су шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы «Қазсушар» РМК-ның Батыс Қазақстан облысындағы филиалы басшылығынан ақпарат алған едік.

«Қазсушар» облыс аумағында республикалық теңгерімдегі су шаруашылығы нысандарын пайдаланады. Бүгінде филиалдың теңгерімінде 14 су қоймасы, төрт гидроторап, бір бөгет және 1808,16 шақырым магистральды, таратушы, суландыру каналдары бар. 2025 жылы коммуналдық меншіктегі Жайық-Көшім және Жәнібек жүйелеріне жүктелген 51,3 мың га көлтабанды суару жүйелері мен 705 шақырым арналар республикалық меншікке берілген. Батыс Қазақстан облысының басты су артериясы болып табылатын Жайық, Шаған, Үлкен және Кіші Өзен трансшекаралық өзендері ағысының 80 пайызы Ресей Федерациясының аумағында қалыптасып, өзендердің жоғарғы ағысындағы гидрологиялық режимге тікелей тәуелді. «Қазсушар» мекемесі ресейлік су шаруашылығы қызметтерімен тікелей және тұрақты байланыс орнатып, көктемгі тасқын кезінде күнделікті және үздіксіз ағымдағы су шаруашылығы жағдайы туралы ақпарат алмасып отырады. Бүгінде филиал теңгеріміндегі су шаруашылығы нысандарында көктемгі тасқын су апатсыз  өткізіліп, нысандар қалыпты және штаттық режимде жұмыс жасауда. 

 Аталмыш филиалдың директоры Рауан Хусаиновтың айтуынша, БҚО-ның бес ауданының 87 елді мекенін сумен қамтамасыз ететін Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесі Жайық өзенінен суарылып, бүгінде Жайық өзенінен жүйеге су түсімі секундына 60 текше метрді құрап отыр. 

– Жыл басынан бері жүйеге 110 млн текше метр су алынды. Жүйенің каскадты су қоймаларында жалпы көлемі 260,3 млн текше метр стратегиялық су қоры жинақталады. Бүгінде су қоймаларының орташа толтырылуы жобалық көлемнің 60 пайызын құрап отыр. Су тапшы болған 2023 жылдары Қос өзеннің төменгі ағысына қосымша су беру, Жайық өзенінің деңгейі төмендегенде Жайық-Көшім жүйесін кепілді сумен қамту мақсатында Жайық өзенінің Көшім ауылы маңында қалқымалы сорғы станциясы салынып, пайдалануға берілген болатын. 2025 жылы Қос өзенде тасқын деңгейі төмен болып, оңтүстік аудандарды кепілді сумен қамту мақсатында қалқымалы су сорғы станциясы іске қосылып, Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне, одан әрі жүйемен Қос өзеннің төменгі ағысына жалпы көлемі 50,0 млн текше метр су берілді. Биыл да бұл мақсаттарға су беру жалғасын табады, – деді Рауан Ерланұлы.

Филиал басшылығы берген мәліметке сүйенсек, Шаған трансшекаралық өзеніндегі Шаған су қоймасының толтырылуы 19,1 млн.м³ немесе жобалық көлемнің 100%-ын құрап отыр. Үлкен және Кіші Өзендердегі су қоймаларының толтырылуы жобалық көлемнің 61 пайызын құрайды. Бүгінгі күні тасқын сумен су қоймаларын толтырумен қатар су тұтынушылардың сұранысы негізінде көлтабандар мен табиғи шабындықтарға да су берілуде.

Бүгінгі таңда су ресурстарын тиімді пайдалану және осы саладағы нысандарды қорғау мәселесі – өзекті. «Қазсушар» мекемесінің облысымыздағы филиалы да жыл сайын су шаруашылығы нысандарын қалыпты техникалық жағдайда ұстау, су тасқынын апатсыз өткізуге дайындау, су ресурстарын тиімді, ұтымды пайдалану мақсатында нысандарда ағымдағы жөндеу және механикалық тазарту жұмыстарын жүргізіп отырады. Өткен жылы жиырма нысан жөнделіп, 163,7 шақырым арна ішінара механикалық тазартылған. Осы жылға жоспарлы көрсеткіш сәйкесінше 21 нысанды және 150 шақырымды құрайды. Сондай-ақ су шаруашылығы жүйелері мен олардың негізгі жабдықтарының нақты техникалық жағдайын бағалау мақсатында гидротехникалық имараттарға көпфакторлы зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл зерттеулер өз кезегінде имараттарды дұрыс пайдалануға мүмкіндік береді. 2024-2025 жылдары жеті нысанда зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік декларациясы жасақталған. Биыл үш нысанда осындай жұмыстар жоспарлануда. 

Қазіргі уақытта үш су қоймасын, жалпы ұзындығы 436 шақырымды құрайтын жеті магистральды каналды қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталу үстінде екен. Соның ішінде үш нысан бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынса, төрт жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде, тағы үш жобанының құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өткізуге әзірленуде. Жәнібек суландыру-суару жүйесін қайта жаңғырту бойынша жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобаның аясында су сорғы станциясының жабдықтарын жаңарту, гидротехникалық құрылымдарды қайта жаңғырту, 174 шақырым арналарды механикалық тазарту көзделген. Сонымен қатар Ислам даму банкі есебінен Казталов ауданы аумағында жалпы көлемі 28,0 млн.текше метрді құрайтын су қоймасын салу қарастырылуда. Әзірге мердігерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Ал Тасқала ауданындағы Жайықбай суландыру каналын қайта жаңғырту жобасы бойынша мердігер болып «Казком сервис» ЖШС анықталып, нысан басына арнайы техниканы жұмылдыру шаралары жүргізілуде.

Елімізде су шаруашылығын дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу және экологиялық тепе-теңдікті сақтау – маңызды міндеттердің бірі. Осы жұмыстарға «Қазсушар» мекемесінің облысымыздағы филиалы да өз үлесін қосып, жоспарлы жұмыстарды уақтылы жүзеге асыруға атсалысуда. «Су – тіршіліктің қайнар көзі, оны қорғау мен тиімді пайдалану – табиғатқа деген жанашырлықтың және болашаққа деген жауапкершіліктің көрінісі» дейді филиал басшысы Р. Хусаинов.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы  

 

14.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25174
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24692
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42114
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37975
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42448