СҚО: ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМДІКТЕ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

СҚО: ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМДІКТЕ  ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Облыстық әкімдікте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты ел халқына Жолдауын талқылауға арналған актив отырысы өтті. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Президент жүктеген міндеттерді орындаудың маңыздылығына тоқталып:

– Президент өндірісті ұлғайту, азаматтардың табысын арттыру және адами капиталды дамыту жөніндегі нақты басымдықтарды белгіледі. Солтүстік Қазақстан облысы үшін бұл міндеттер аграрлық және өнеркәсіптік әлеуетті одан әрі нығайтуды, жаңа жұмыс орындарын ашуды және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруды көздейді, – деді.

Жиында ауылшаруашылығын өркендету, инвестиция тарту, өнім өңдеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов баяндады.

– Жыл басынан бері салаға 170 млрд теңге инвестиция тартылды. Өткен 9 айда ауылшаруашылығындағы өсім 10,6 пайызға жетті. Диқандар 4,8 млн тонна астық жинады. Биыл майлы дақыл егілген алқаптардың көлемі 30 пайызға артып, ел бойынша бірінші орынға көтерілдік. Өткен жазда 13,3 мың гектар жерде суармалы тәсіл қолданылса, келесі жылы бұл көрсеткішті 20,4 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Мемлекет басшысы Жолдауында өңірдегі тауарлы-сүт фермаларын салу бағдарламасын ел бойынша тарату ке-ректігін атап өтті. Қазір аймақта 118 сүт фермасы болса, 50-і заманауи технологиямен жабдықталған. Биыл 282 млн тонна сүт өндірілді. Өңірде шикізаттан дайын өнімге дейінгі тізбек құру мақсатында жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Биыл шаруаларды қаржылай қолдауға 220 млрд теңге бөлінген, – деді Марат Иманбайұлы.

Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов өңірге инвестиция тарту жайлы баяндады. Басқарма басшысының сөзінше, облыста 590 ауыл бар. Былтыр елді мекендерді сумен жабдықтау саласында ауқымды жұмыс жүргізіліп, оған 74 млрд теңге бөлінген. Алдағы міндет – Президент тапсырмасына сай облыс орталығының даму жоспарын жасау. Жыл басынан бері өңір экономикасына 331 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. Жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын 75 ірі жобаны іске қосу жоспарланған.

Отырыста сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов Президент тапсырған инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру барысына тоқталды.

– Биыл аймақта 340 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Инженерлік желілерді жаңғыртуға басымдық берілді. Жалпы 2029 жылға дейін жылу, электр, су желілерін жөндеу мен салуға 248 млрд теңге бөлінеді. Биыл 724 шақырым жол жөндеуге 79 млрд теңге қарастырылған. Президент шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетелдетуді тапсырды. Өңірдегі 4 шекаралық бекетті жаңғырту жұмыстары келер жылдың соңына дейін аяқталады. Петропавл-Көкшетау бағытындағы жолды кеңейту үшін алдын ала жоспарлау жұмыстары жүргізілді. Екі қаланы жалғап жатқан 165 шақырым жолға тағы екі жолақ қосылады. Жолды кеңейту кезінде екі қала арасындағы көлік қатынасы тоқтамайды. Алдағы уақытта Петропавлда жедел жәрдем станциясы салынады. Айыртау ауданында жаңа аурухана мен емхана бой көтереді. Қос жобаның жалпы құны – 16 млрд теңге. Сондай-ақ, 4 мектеп тұрғызуды жоспарлап отырмыз. 2027 жылы облыста жалпы ауданы 345 мың шаршы метр тұрғын үйлер қолданысқа беріледі. Оның басым көпшілігі әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналған – деді Нұрлан Кеңесов.

Сонымен қатар жиында облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов пен аппарат басшысы Руслан Әлішев те баяндама жасап, алдағы жылдары жүзеге асатын жобаларды таныстырды.

– Президент тапсырмаларын уақытылы әрі сапалы орындауымыз қажет. Атқарылған жұмыстың нақты нәтижесін тұрғындар сезінуі тиіс. Бұл – жаңа жұмыс орындары, қауіпсіз жолдар, сенімді инфрақұрылым және қолжетімді әлеуметтік қызметтер, – деді жиынды қорытындылаған  өңір басшысы.

 

Нұрсайын ШӘРІП, (Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі материалдары бойынша әзірленді)
05.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29456
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29008
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46263
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41870
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46589