Шоқанхан Құттыбаев Философия докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қирабаев атындағы қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі: «ҚҰПИЯ ЖҮРІСТЕР» РОМАНЫНДАҒЫ АДАМ ТАҒДЫРЫ ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК КОНЦЕПЦИЯ

Шоқанхан Құттыбаев  Философия докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті   Қирабаев атындағы қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі   кафедрасының меңгерушісі: «ҚҰПИЯ ЖҮРІСТЕР» РОМАНЫНДАҒЫ АДАМ ТАҒДЫРЫ ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК КОНЦЕПЦИЯ

Қазіргі түркі халықтары әдебиетіндегі маңызды бағыттардың бірі – жеке адамның тағдырын қоғамдағы әлеуметтік өзгерістермен, ұлттық құндылықтармен және адамгершілік ұстанымдармен байланыстыра суреттеу. Әсіресе, адамның әлеуметтік ортадағы қалыптасуы, білім арқылы өмірлік мүмкіндіктерін кеңейтуі, кәсіби қызмет пен моральдық жауапкершіліктің арақатынасы қазіргі прозада жаңа мазмұнмен көрініс табуда. Осы тұрғыдан алғанда Ләтипа Оруждың «Құпия жүрістер» романының көркемдік табиғатын арнайы қарастырудың маңызы зор.

 

Романның сюжеттік желісінде бір отбасының, нақтырақ айтқанда, жеті апалы-сіңлілі қыздың өмір жолы кеңінен қамтылады. Шығармадағы басты кейіпкер – Лейла. Оқиға желісі де басты кейіпкердің төңірегінде өрбиді. Ол қарапайым отбасында өсіп, түрлі әлеуметтік және материалдық қиындықтарға қарамастан жоғары білім алуға ұмтылады, заңгерлік мамандықты таңдап, кейін кәсіби адвокат ретінде қалыптасады. Лейланың тағдыры арқылы жазушы жеке тұлғаның мақсатына жетуінде білімнің, еңбектің, табандылықтың және адамгершілік принциптердің маңызын көрсетеді.

Шығарма аннотациясында да жеті қыздың кедей отбасында өсіп, өз еңбегі, қажыр-қайраты мен білімінің арқасында жоғары білім алып, әртүрлі салаларда қызмет еткені романның негізгі желілерінің бірі ретінде көрсетілген. Сонымен қатар олардың өмір қиындықтарына білім, ізгілік, заңға құрмет және адамгершілік арқылы қарсы тұруы шығарманың идеялық мазмұнына негіз болады.

Романды ерекшелендіретін маңызды белгі – шығарма атауына айналған «құпия жүрістер» метафорасы. Бұл ұғым шахмат ойынымен тікелей байланысты болғанымен, романның даму барысында адам өмірінің күтпеген өзгерістерін, шешімдерін, таңдауларын және олардың салдарын білдіретін кең мағыналы символға айналады. Сондықтан шығарманы тек әлеуметтік немесе отбасылық роман ретінде қарастыру оның көркемдік құрылымын толық ашпайды. Романда отбасы тарихы, әйел тағдыры, құқықтық сана, білім, кәсіби этика және шахмат философиясы бір-бірімен сабақтасып жатыр.

Осы мақаланың мақсаты – «Құпия жүрістер» романындағы адам тағдырының көркемдік бейнелену ерекшеліктерін анықтап, Лейла бейнесінің идеялық қызметін, білім мен еңбек концептілерін, әділет мәселесін және шахмат мотивінің символдық мағынасын әдебиеттанулық тұрғыдан саралау.

Романның негізгі сюжеттік желісі Лейланың өмірімен тығыз байланысты. Кейіпкердің тұлғалық қалыптасуы балалық кезеңнен басталып, студенттік өмір, кәсіби қызмет, отбасылық жауапкершілік және қоғамдық ортамен күрделі қарым-қатынас сатылары арқылы дамиды. Мұндай құрылым кейіпкерді бір ғана уақыт кеңістігінде көрсетпей, оның дүниетанымдық эволюциясын бақылауға мүмкіндік береді.

Лейланың образын айқындай түсетін алғашқы маңызды белгілердің бірі – оның өз болашағын өзі таңдауға ұмтылысы. Анасы Сәрия қыз баласына мұғалімдік немесе дәрігерлік мамандық лайық деп есептесе, Лейла заңгер болуды өзінің басты арманы ретінде қабылдайды. Осы эпизодтан дәстүрлі әлеуметтік түсінік пен жеке тұлғаның еркін таңдауы арасындағы қайшылық байқалады.

Бұл жерде автор кейіпкердің мамандық таңдауын қарапайым кәсіби бағдар мәселесі деңгейінде қалдырмайды. Заңгер болу Лейла үшін өмірлік мұратқа айналады. Өйткені жазушы туындысында «Білесің бе, ана, кейде бұл өмірдің құдіретті бір қол басқаратын құпия жүрістердің бар екендігі туралы ой мазалайды. Мысалы, ол әйел неге осы уақытта тандыр жағады? Немесе адамдар енді ол әйелдің өмірін аман алып қалуын дәрігерлермен байланыстырады. Негізінде, әкемнің нәпсісін жеңіп, тамақ ішпей тез кетуі мәселені шешіп тұр», деседе неге еңбек әділ бағаланбайды деген ой Лейланың заңгер болуын асықтырды. Оның түсінігінде мамандық – адамның өзіне ғана емес, отбасына және қоғамға пайда келтіруінің жолы. Сондықтан кейіпкердің кәсіби таңдауы оның моральдық дүниетанымымен сабақтасады.

Лейланың жоғары білімге жету жолының жеңіл болмауы да маңызды. Ол заң факультетіне түсу үшін бірнеше рет талпынып, сәтсіздіктерге қарамастан мақсатына жетеді. Кейін университетті жоғары нәтижемен аяқтап, адвокаттық қызметке кіріседі. Осы желі арқылы шығармада адамның әлеуметтік жағдайынан гөрі оның мақсаттылығы мен білімге ұмтылысына басымдық беріледі.

Кейіпкердің қалыптасуында отбасының ықпалы ерекше. Әкесі Оқтай мен анасы Сәрияның жоғары білімі болмаса да, балаларын оқытуға деген талпынысы күшті. Сәрия балаларының сабақ оқу тәртібін бақылап, білім алуды күнделікті дағдыға айналдыруға тырысады. Бұл көріністер арқылы автор білімді тек мектеп немесе университет кеңістігімен байланыстырмай, оның негізін отбасылық тәрбие қалайды деген ойды аңғартады.

Осылайша Лейла образы «дайын» тұлға ретінде берілмейді. Оның кәсіби және моральдық болмысы кедейлік, әлеуметтік кедергілер, отбасылық тәрбие, үздіксіз оқу және өмірлік тәжірибе арқылы біртіндеп қалыптасады.

Романның маңызды ерекшеліктерінің бірі – білім идеясының жеке бір кейіпкердің тағдырымен шектелмеуі. Лейланың сіңлілері де жоғары білім алып, түрлі кәсіби салаларда қызмет етеді. Осы арқылы бір отбасының әлеуметтік және рухани өсу тарихы жасалады.

Жеті қыз бейнесінің шығармада берілуі символдық сипатқа да ие. Әлеуметтік тұрғыдан мүмкіндігі шектеулі, ата-аналары жоғары білім алмаған отбасының қыздарының әрқайсысының білім арқылы қоғамнан өз орнын табуы романдағы негізгі оптимистік идеялардың бірін қалыптастырады.

Лейла бұл процесте тек әпке ретінде ғана емес, сіңлілерінің әлеуметтік қалыптасуына ықпал ететін тұлға ретінде көрінеді. Оның жеке жетістігі кейінгі қыздарға үлгі болады. Осылайша шығармада білімнің ұрпақтан ұрпаққа немесе бір отбасы мүшесінен екіншісіне таралатын әлеуметтік қуаты бейнеленеді.

Авторлық концепцияда білім материалдық табысқа жеткізетін құрал ғана емес. Ол – адамның дүниетанымын қалыптастыратын, кәсіби жауапкершілігін арттыратын және қоғамға пайдалы қызмет етуіне мүмкіндік беретін құндылық.

Романда еңбек пен білім бір-бірінен бөлінбейді. Кейіпкерлердің жетістігі кездейсоқ сәттіліктің нәтижесі ретінде көрсетілмейді. Олардың кәсіби биікке көтерілуінің негізінде ата-ананың адал еңбегі, тәрбие, табандылық және үздіксіз ізденіс жатыр. Сондықтан шығарманың аксиологиялық жүйесінде «білім – еңбек – табандылық – қоғамдық пайда» ұғымдары өзара сабақтас құндылықтар ретінде көрінеді.

Лейла бейнесінің маңызды қыры – оның адвокаттық қызметі. Кейіпкер үшін заң мамандығы әлеуметтік мәртебе немесе табыс көзі ғана емес, әділеттілікті қорғаудың құралы.

Романда құқықтық орта мінсіз жүйе ретінде көрсетілмейді. Керісінше, құқық қорғау саласындағы жекелеген қызметкерлердің заңды жеке мүддеге бағындыруы, кәсіби жауапкершіліктен ауытқуы және билікті теріс пайдалануы секілді мәселелер кейіпкердің өмірлік тәжірибесі арқылы беріледі. Осындай ортада Лейланың кәсіби принциптеріне беріктігі оның характерін айқындай түседі.

Оның әділет үшін күресі сыртқы қақтығыстар арқылы ғана емес, кәсіби ар-ұждан мәселесі арқылы ашылады. Заңның мәтіндік нормасы мен оны жүзеге асыратын адамның моральдық жауапкершілігі арасындағы қатынас шығармада бірнеше рет алдыңғы қатарға шығады.

Осы тұрғыдан Лейла – құқықтық норманы механикалық орындайтын маман емес, заңның адам тағдырына әсерін түсінетін тұлға. Жазушы кейіпкердің қызметі арқылы заң үстемдігі тек құқықтық институттарға емес, сол жүйеде қызмет ететін адамның кәсіби адалдығына да тәуелді деген идеяны дамытады.

Бұл мәселе романның гуманистік мазмұнын тереңдетеді. Әділет ұғымы шығармада абстрактілі категория емес, нақты адам өміріне тікелей ықпал ететін моральдық және әлеуметтік құндылық ретінде беріледі.

Романның көркемдік құрылымын түсінуде шығарма атауының маңызы ерекше. «Жүріс» сөзі ең алдымен шахмат ойынындағы әрекетті білдіреді. Алайда шығармада оның семантикалық аясы кеңейіп, адам өміріндегі шешім, таңдау, күтпеген жағдай және тағдырлық өзгеріс мағынасын иеленеді.

Шахматта әрбір жүрістің кейінгі позицияға ықпалы бар. Ойыншы бір ғана сәтті емес, бірнеше жүрістен кейін қалыптасатын жағдайды есептеуге тырысады. Романдағы адам өмірі де осы логикамен салыстырылады. Кейіпкер қабылдаған шешімнің нәтижесі бірден көрінбеуі мүмкін; кейде бұрынғы әрекеттің салдары арада ұзақ уақыт өткеннен кейін байқалады.

Бұл параллель роман композициясын біріктіретін көркемдік принципке айналады.

Шығармадағы шахмат желісінің негізгі тұлғасы – Рүфат. Оның шахмат жарыстарындағы жолы негізгі әлеуметтік сюжеттің сыртындағы қосымша оқиға ғана емес. Рүфаттың шахмат әлемі арқылы автор стратегиялық ойлау, сабыр, қарсыластың әрекетін болжау, жеңіліс пен жеңіске психологиялық дайындық тәрізді қасиеттерді адам өмірімен салыстырады.

Шахмат тақтасы осылайша өмірдің шағын моделі қызметін атқарады. Ондағы фигуралардың қозғалысы тәртіпке бағынғанымен, олардың комбинациясы сан алуан. Адам өмірінде де белгілі әлеуметтік және моральдық нормалар болғанымен, нақты жағдайлардың дамуы әрдайым алдын ала болжана бермейді.

«Құпия» сөзі осы белгісіздік семантикасын күшейтеді. Адам белгілі бір шешім қабылдағанымен, оның өмірінің кейінгі бағытына өзі басқара алмайтын көптеген факторлар әсер етеді. Сондықтан роман атауының астарында тағдыр мен таңдау, қажеттілік пен кездейсоқтық, жоспар мен күтпеген өзгеріс арасындағы күрделі қатынас жатыр.

Осы тұрғыдан «құпия жүрістер» – шығарманың атауы ғана емес, романның философиялық кілті.

Шахмат мотивінің көркемдік функциясын бірнеше деңгейде қарастыруға болады.

Біріншіден, ол сюжеттік деңгейде Рүфаттың өмір жолымен байланысты. Шахмат жарыстары кейіпкерлердің түрлі елдер мен әлеуметтік орталарға шығуына мүмкіндік беріп, роман кеңістігін ұлғайтады.

Екіншіден, шахмат психологиялық модель ретінде қызмет етеді. Ойын үстіндегі шешім қабылдау, тәуекелге бару, қарсыластың ойын болжау, қателікті мойындау немесе мүмкіндікті пайдалану тәрізді әрекеттер шығарманың негізгі кейіпкерлері өмірде кездесетін моральдық таңдаулармен үндеседі.

Үшіншіден, шахмат композициялық метафора қызметін атқарады. Бір қарағанда өзара алшақ көрінетін оқиғалар – Лейланың балалық шағы, білім алу жолы, адвокаттық қызметі, отбасы тарихы және Рүфаттың шахмат жарыстары – «жүріс» концептісі арқылы ортақ мағыналық кеңістікке біріктіріледі.

Төртіншіден, шахмат философиялық символ деңгейіне көтеріледі. Шахматтағы жеңіс бір ғана фигураның күшіне емес, барлық фигуралардың өзара байланысына тәуелді. Романда да адам жетістігі жеке адамның қабілетімен ғана түсіндірілмейді. Лейланың қалыптасуына ата-анасының тәрбиесі, отбасының қолдауы, білім, кездескен адамдар, кәсіби орта және өзінің ерік-жігері қатар ықпал етеді.

Демек, романның көркемдік әлемінде адам тағдыры – көптеген «жүрістерден» құралған күрделі жүйе.

«Құпия жүрістер» романындағы әлеуметтік идеялардың негізінде отбасы концептісі жатыр. Лейланың тұлғалық болмысын отбасынан бөліп қарастыру мүмкін емес.

Оқтайдың бейнесі еңбекқорлық, адалдық және жауапкершілік қасиеттерімен дараланады. Оның жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі ретіндегі кәсіби жауапкершілігін бейнелейтін эпизодтардың бірі – ауыр жағдайдағы адамға дәрігерлерді мүмкіндігінше тез жеткізуге ұмтылысы. Мұнда мамандықтың әлеуметтік мәртебесінен бұрын адамның өз жұмысына деген жауапкершілігі маңызды екені байқалады.

Сәрияның образы арқылы ана тәрбиесінің басқа қыры ашылады. Оның өзі толыққанды білім ала алмағанымен, балаларының оқуына ерекше мән беруі – орындалмаған жеке арманның келесі ұрпақтың өмірлік мақсатына айналуын көрсетеді.

Осы екі образдың тәрбиелік ықпалы Лейланың кейінгі өмірінен анық байқалады. Әкесінің адалдығы мен жауапкершілігі, анасының білімге деген құрметі кейіпкердің кәсіби этикасының рухани негізін құрайды.

Сондықтан шығармадағы отбасы тұрмыстық орта қызметін ғана атқармайды. Ол – адамның моральдық принциптері қалыптасатын алғашқы әлеуметтік кеңістік.

Романның әдеби-әлеуметтік маңызын әйел бейнелерінің жүйесінен де көруге болады. Жеті қыздың барлығының білімге және кәсіби өмірге ұмтылуы дәстүрлі қоғамдағы әйелдің әлеуметтік рөлі туралы мәселені алдыңғы қатарға шығарады.

Лейла бұл жүйенің орталық тұлғасы болғанымен, шығармадағы әйелдің әлеуметтік белсенділігі жалғыз оның бейнесімен шектелмейді. Сіңлілерінің әрқайсысының білім алуы, мамандық иеленуі және өз саласында қалыптасуы әйелдің қоғамдық кеңістіктегі мүмкіндіктерінің әртүрлі үлгілерін көрсетеді.

Мұнда автор ер мен әйел арасындағы қарама-қарсылықты шығарманың басты конфликтіне айналдырмайды. Негізгі назар адамның қабілеті мен оның мүмкіндігін жүзеге асыруға бағытталған. Сондықтан әйел эмансипациясы идеясы романда декларативті ұраннан гөрі кейіпкерлердің өмір тәжірибесі арқылы көрінеді.

Әсіресе қыздардың жоғары білім алуына әке мен ананың қолдау көрсетуі маңызды. Бұл жағдай әйелдің білім алуын отбасы құндылықтарына қарсы құбылыс ретінде емес, керісінше, сол отбасының рухани жетістігі ретінде танытады.

Осы тұрғыдан жеті қыздың тағдыры жеке адамдардың өмірбаянынан кеңірек мағынаға ие болып, білім арқылы әлеуметтік мобильділікке жетудің көркем моделін қалыптастырады.

Шығарманың баяндау жүйесінде оқиғалық прозаға тән сипат басым. Автор кейіпкерлердің өміріндегі көптеген оқиғаларды хронологиялық сабақтастықпен беруге ұмтылады. Бұл тәсіл Лейланың балалық шағынан бастап ересек өміріне дейінгі ұзақ уақытты қамтуға мүмкіндік береді.

Диалог роман поэтикасында елеулі қызмет атқарады. Кейіпкерлердің көзқарастары авторлық сипаттамамен ғана емес, олардың өзара сөйлесуі арқылы ашылады. Мысалы, Лейла мен анасының мамандық таңдау туралы әңгімесі екі буынның дүниетанымындағы айырмашылықты көрсетумен қатар, бас кейіпкердің табандылығын танытады.

Портреттік сипаттаулар да кейіпкер мінезін ашуға бағытталған. Адамның сыртқы келбеті көбіне оның ішкі психологиялық ерекшеліктерімен байланыстырылады.

Романда авторлық пайымдау мен философиялық шегіністер де жиі кездеседі. Адам тағдыры, еңбек, білім, жақсылық, әділет, сенім және өмір заңдылықтары туралы ойлар кейде оқиға ағымынан бөлініп, дербес пайымдау сипатына ие болады. Бұл ерекшелік шығарманың идеялық мазмұнын тікелей айқындауға көмектескенімен, жекелеген тұстарда баяндаудың динамикасын баяулатуы мүмкін.

Шығармаға жазылған алғы сөзде де романның өмірлік материалға сүйенетіні және тілдік-стильдік тұрғыдан редакциялық жетілдіруді қажет етуі мүмкін екені ашық айтылады. Сондықтан шығарманың әдеби табиғатын бағалағанда оның өмірлік дерек пен көркем қиялдың тоғысында тұрған сипатын ескерген жөн.

Романның басты көркемдік жетістігін жекелеген стилистикалық тәсілдерден гөрі, бірнеше мағыналық желіні – отбасы тарихын, әйел тағдырын, құқықтық ортаны, білім идеясын және шахмат символикасын – ортақ концептуалдық жүйеге біріктіруінен іздеген орынды.

Ләтипа Оруждың «Құпия жүрістер» романы – жеке адамның өмір жолын отбасы, білім, еңбек, кәсіби жауапкершілік және әлеуметтік ортамен сабақтастыра бейнелейтін шығарма.Романның орталық кейіпкері Лейланың балалық шағынан кәсіби заңгер ретінде қалыптасуына дейінгі жолы тұлғаның өзін-өзі жүзеге асыруының көркем моделін жасайды. Оның өміріндегі қиындықтар мен таңдаулар арқылы автор мақсатқа жетудің негізгі шарттары ретінде білімді, табандылықты, адал еңбекті және моральдық принципке беріктікті алға шығарады.

Жеті апалы-сіңлілі қыздың тағдыры шығарманың әлеуметтік мазмұнын кеңейтеді. Олардың жоғары білім алып, әртүрлі мамандықтар бойынша қоғамнан өз орнын табуы әйелдің әлеуметтік мүмкіндігі, отбасылық тәрбие және білім арқылы жүзеге асатын әлеуметтік өзгеріс мәселелерін көтереді.

Лейланың адвокаттық қызметімен байланысты эпизодтар романға құқықтық-этикалық мазмұн береді. Әділеттілік мұнда тек заң нормасын орындау емес, адамның кәсіби ар-ұжданы мен азаматтық жауапкершілігін қамтитын тұтас моральдық категория ретінде көрінеді.

Шығарманың идеялық-көркемдік тұтастығын қалыптастыратын негізгі тәсілдердің бірі – шахмат мотиві. Шахматтағы жүріс пен адам өміріндегі шешім арасындағы параллель романның әртүрлі сюжеттік желілерін байланыстырады. Осы тұрғыдан «құпия жүрістер» ұғымы тағдырдың күтпеген өзгерістерін, адамның таңдауын және әр әрекеттің кейінгі өмірге тигізетін ықпалын білдіретін концептуалдық метафора дәрежесіне көтеріледі.

Сондықтан роман атауы шығарманың мазмұнын жинақтап тұрған семантикалық орталық деп бағалауға негіз бар. Өмір шахмат тақтасына толықтай теңестірілмейді, алайда шахмат логикасы адамның әрекет пен салдар, таңдау мен жауапкершілік, жеңіс пен жеңіліс арасындағы байланысты түсінуінің көркем моделі ретінде пайдаланылады.

Қорыта айтқанда, «Құпия жүрістер» романының көркемдік концепциясының негізінде адам өз тағдырының барлық жағдайын алдын ала анықтай алмағанымен, білім, еңбек, адамгершілік ұстаным және саналы таңдау арқылы өмірлік бағытына ықпал ете алады деген идея жатыр. Осы идея отбасы тарихы, әйел тұлғасының қалыптасуы, заң мен әділет мәселесі және шахмат символикасы арқылы біртұтас көркемдік жүйеге айналған.

 

29.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28136
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27612
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44986
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40639
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45297