Семей қаласында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, жетім балаларға және көпбалалы отбасыларға жаңа пәтерлердің кілттері табысталды. Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли мен «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қатысты.
Тұрғындарды баспанамен қамту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы облыс орталығында 327 жалға берілетін пәтер сатып алынған. Соның ішінде Құнанбай көшесінде орналасқан «Абай елі» заманауи тұрғын үй кешені «Отбасы банкі» АҚ арқылы кезекте тұрған азаматтарға берілді.
Аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде тұрғын үймен қамту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Жыл басынан бері тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасып келеді. Ақпан айында Семейдегі Ұшақтар кентінде 26 отбасыға пәтер кілті табысталған болатын. Бүгін тағы 50 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп отыр. Бұл пәтерлер көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік осал топтарға және жетім балаларға берілді. Әрбір отбасы үшін өз үйінің болуы – үлкен бақыт, үлкен үміттің бастауы. Биыл жыл соңына дейін 327 Семей тұрғыны баспаналы болады. Бүгін тұрғындардың қуанышына ортақтасу үшін «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова арнайы келіп отыр. Осы тұрғын үйлерді заманауи талаптарға сай сапалы салған құрылысшыларға алғыс айтамыз. Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! – деді Берік Уәли.
«Абай елі» тұрғын үй кешені 14 қабатты, барлығы 219 пәтерден тұрады. Кешеннің ерекшелігі – үйлерге қазақтың ұлы тұлғаларының есімдері берілген. Мәселен, тұрғын үйлер Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты қазақ руханиятының көрнекті өкілдерінің атымен аталған.
«Отбасы банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова да жаңа қоныс иелерін құттықтап, өңір тұрғындарының тұрғын үй жинақ жүйесіне белсенді қатысып отырғанын атап өтті.
– Қазіргі таңда «Отбасы банкінің» облыстық филиалында 80 мыңнан астам салымшы бар. Бұл – тұрғындардың баспана мәселесін тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы шешуге ұмтылып отырғанының айғағы. Жаңа пәтер иелерін шын жүректен құттықтаймын. Әр шаңырақта шаттық пен береке болсын! – деді ол.
Жаңа пәтер иелерінің бірі, Семей қаласының тұрғыны Олеся Агапитова да қуанышымен бөлісті.
– 11 жыл бойы үй кезегінде тұрып, баспанамызды күттік. Енді жаңа пәтердің кілтін алып отырмыз. Пәтер кең, жарық, заманауи үлгіде салынған. Осындай мүмкіндік жасап, халыққа қолдау көрсеткен азаматтарға алғысымызды білдіреміз, – деді ол.
Айта кетейік, былтыр Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында жалпы ауданы 16 мың шаршы метр болатын үш тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін жалпы ауданы 11 мың шаршы метрді құрайтын тағы екі тұрғын үйді тапсыру жоспарланған. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 360 жалдамалы пәтер сатып алынып, «Отбасы банкі» арқылы берілмек. Бұдан бөлек, «Абай жастары» бағдарламасы аясында 40 пәтер беру көзделген.
Сәруар ҚАБДОЛЛА,
Абай облысы













