Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын қазақтілді баспасөзге сұхбат беруді дәстүрге айналдырып отыр. Бұл ел ішіндегі көпшіліктің көкейінде жүрген ой-пікірлерін естудің ең тиімді жолы. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары мен бастамаларынан, мақалалары мен сұхбаттарынан ел ертеңіне алаңдаушылық байқалады.
Осы ретте Президентіміздің Астана қаласында шығатын «Turkistan» газетіне берген сұхбатында «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» деп айтуы заңдылық. Себебі журналист Бауыржан Бабажанұлының:
– Былтыр жаңа Салық кодексі қызу талқыға түсті. Жұрттың көкейіне күдік-күмән ұялап, көптеген сауал туындады. Бір жағынан, қажетті экономикалық реформаларды жүргізуге мүмкіндік беретін, екінші жағынан, азаматтардың тұрмыс жағдайын төмендетіп жібермей, таразы басын тең ұстайтын тиімді жол бар ма? – деген сауалына Мемлекет басшысы:
«Әрине, салық реформасы – өзекті мәселе және бұған қатысты пікірталастардың болуы әбден түсінікті. Дегенмен, ел ішінде дүрбелең туғызып, жұртты дүрліктірудің ешқандай жөні жоқ. Мұндай реформа көптеген елде жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ресейде қосымша құн салығы жуырда 22 пайызға дейін көтерілді.
Біздің реформамыз – қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру деген сөз. Алдымызда тұрған басты міндет – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Үкіметке ашық әрі ұғынықты Салық кодексін әзірлеу тапсырылды. Министрлер кабинетінің бұл тапсырманы қаншалықты табысты орындап шыққанын биыл көретін боламыз.
Бұрынғы Үкімет қосымша құн салығын, тіпті, 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Олар фискалдық саясатта қателік жіберілгенін ескере отырып, мұндай қадамның өте қажет екенін мойындады. Талқылау барысында қазіргі Үкімет те қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Алайда, мен Үкіметке оның жоғарғы шегін 4 сатыға төмендету туралы тапсырма бердім.
Жаңа Салық кодексінде бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға баса мән беріледі, яғни осы үдеріске қатысушылардың бәрі – мемлекет те, бизнес те, азаматтар да өз міндетін адал орындауға тиіс. Бірін-бірі өзара толықтырып тұратын мұндай жүйеде салық төлеу ауыртпалық ретінде қабылданбайтын болады. Түптеп келгенде, салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт деген сөз. Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүктемені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерді қолдау және экономикалық тұрғыдан «белсенді ортаны» одан әрі дамыту тәсілі.
Бүкіл әлемде фискалдық саясаттың тиімділігі оны жүргізудің сапасымен, жұрттың салық жөніндегі сауатымен және қоғамның сана-сезімімен өлшенеді. Салық төлеу мәдениеті дәл осылай қалыптасады. Салық төлеу бұрын міндет болса, енді отаншылдықтың озық үлгісіне айналады. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам құрудың төте жолы деуге болады. Себебі, салығын адал төлейтін азаматтар өз қаржысының алаяқтардың қалтасында кеткенін мүлдем ұнатпасы анық».
Салық – мемлекеттiң өмiр сүруi мен дамуының негiзi. Мемлекеттік құрылымның өзгеруi мен өркендеуi, оның салық жүйесiнiң қайта құрылуымен және жаңаруымен бiрге қалыптасады.
Салық саясаты – мемлекет үшін өте маңызды мәселе. Салық төлемдерінің уақытылы түсіп тұруы ел экономикасына тың серпін берер күшке ие.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов Астана қаласындағы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында:
«2026 жылдан бастап тәуекелдерді басқару жүйесі салық төлеушілерді деңгейлер бойынша ранжирлеуден нақты салықтық тәуекелдер мен бұзушылықтарды анықтауға қайта бағдарланды, бұл салық әкімшілендірудің проблемалық аймақтарына нүктелі түрде әрекет етуге мүмкіндік береді», – деді спикер.
Жаңа ТБЖ тұжырымдамасын енгізу аясында жекелеген салық төлеушілер бағаланбайды, ал тәуекелдерді талдау және бағалау салықтар, төлемдер, салалар, өңірлер, салық төлеушілер топтары және салық міндеттемелерінің түрлері бойынша жүргізіледі.
«2026 жылдан бастап салық есептілігін ұсынбау ұғымы алынып тасталды. Декларацияны ұсынбау нөлдік декларацияға теңестірілді, ал камералдық бақылау есептілікті ұсыну мерзімі өткеннен кейін автоматты түрде жүргізіледі және барлық салық төлеушілерге қолданылады», – деді Сейілжан Ахметов.
14 наурыз 2025 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысып, салық жүйесі туралы әңгіме қозғады. Салық саясатына жасалып жатқан реформаларға арнайы тоқталды. Президент Көкше төріндегі құрылтайда осыдан үш жыл бұрын наурыз айында жариялаған Жолдауына сай жүргізілген қоғамдық-саяси реформаларға тоқталып, ел ішіндегі оң өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосқанын атап өтті. Мемлекет басшысы, ең алдымен, қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікір білдірді.
– Салық жүйесі – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек. Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген. Түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде. Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз, – деді Президент.
Астана қаласындағы Жоғарғы Соттың Төрағасы Асламбек Мерғалиев «салық саясаты» ұғымына былайша тоқталыпты:
«Салық саясаты ұғымына жаңа салық пен бюджетке төленетін төлемдерді белгілеу, қолданыстағылардың күшін жою жатады. Сондай-ақ салық және бюджетке төленетін төлем мөлшерлемелерін, салық салынатын нысандарды, салық базасын өзгерту жөніндегі шаралар жиынтығын қамтиды. Салық саясатын осы саладағы уәкілетті орган жүзеге асырады».












