Салауатты өмір салтын насихаттау – ізгілік бастауы

Салауатты өмір салтын насихаттау –  ізгілік бастауы

Салауатты өмір салты – ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, соңғы зерттеу нәтижелері көрсеткендей, дене белсенділігінің жетіспеушілігі 1,8 млрд адамда, ғаламшардағы ересек адамдардың шамамен үштен бірінде (31%) байқалады. Күніне кем дегенде 60 минут дене белсенділігі денсаулықты жақсы сергек қалыпта ұстауға көмектеседі.

Таңертең кем дегенде 10 минут дене жаттығуымен шұғылданған адам күні бойы өзін сергек әрі көңілді сезінеді. Адамның өмір салты өздігінен жүйеге келмейді, әр адамның өз белсенділігіне байланысты қалыптасады. Қазіргі мәліметтер бойынша денсаулық 53-55 пайыз жағдайда салауатты өмір салтына тәуелді. Бұдан салауатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады.

Осы орайда нутрициолог, жоғарғы санатты дәрігер Аида Мұхтарқызына бірнеше сауал қойдық:

– Жақында «Сенің саулығын – сенің миллиондарың» атты кітабыңыздың тұсаукесері өтті. Бұл кітаптың маңыздылығы неде?

– Бұл кітап ең алдымен оқырмандарға денсаулығын бірінші орынға қоюды үйретеді. Қазіргі уақытта, өкінішке қарай, ақша табуды бірінші орынға қойып, өз денсаулығын соңғы орынға қоятындар көп. Осы мәселені қоғамда көтеріп, кітабым арқылы денсаулықтың маңызды екенін адамдардың есіне салғым келді. Жеке қабылдауыма мықты бизнесмен немесе небір мықты мамандар келеді, ал анализін қарасаң, денсаулығы өте төмен. Кейбіріне қарап қауіпті аурулардың алдын алуға тезірек кірісу керек екенін түсінесің. Тіпті кейбірі онкологиялық ауруымен келеді. Соларды көріп ішің ашиды. Олардың денсаулығын қалыпқа келтіру өте қиын екені көрініп тұрады. Сондықтан ең алдымен адамдар денсаулығына көңіл бөлсе деймін. Содан кейін ғана артылған энергиясын ақша табу, білім алу, кәсіп ашуға жұмсаса дұрыс болар еді. Бәрібір ол тапқан ақшасын кейін денсаулығына құйғанымен, ол денсаулықты қалыпқа келтіру өте қиын. Ағзасының әрбір құртылған жасушасының саулығын қалпына келтіру оңай емес. Осы кітап адамдарға денінің саулығын өз қалпында ұстауына мотивация болса екен деймін. Әрбір адам әрбір жасушасының саулығына мән беруі маңызды екенін ұқса, қорғауға тырысса керемет болар еді. 

Егер сіздің он екі мүшеңіз сау болса, тамақ ішіп, оның дәмін сезе алсаңыз, ауаны емін-еркін жұта алсаңыз, дәретіңізді өз күшіңізбен емін-еркін шығара алсаңыз, сіз миллионерсіз дегенді кітабым арқылы ұқтырғым келді. 

Алланың берген осы бір миллиондарға тең денсаулығын күтсе деген тілегімнен туындаған кітап. Адамдардың күнделікті жасайтын қарапайым әдеттері денсаулығына оң әсерін тигізсе деймін. Негізі «бірінші байлық – денсаулық» деген керемет сөз бар халқымызда. Әйтсе де осы сөзге көп мән бермей кеттік.

– Нутрициолог ретінде халқымыздың тамақтану мәдениеті туралы не айтар едіңіз?

– Шыны керек, кейде халқымыз балабақшада үйретілуі тиіс қарапайым ережелерді ескермей жатады. Қарапайым қол жуу, тамақты алаңдамай, яғни кітап оқып немесе гаджет көрмей ішіп-жеу секілді ережелерді ескере бермейді. Тамақты тіпті дұрыс шайнамайды. Екі-үш рет шайнап жұта салады. Оның барлығы асқазанға ауырлық түсіреді. Оның жұмысын бұзып, ауру туындауына ықпал етеді. Мен осындай қарапайым әдістерді қайтадан жаңғырту арқылы әр адамның физиологиялық саулығын қалпына келтіруге тырысып жүрмін. Дамыған заманда көп жақсы әдеттерімізден айрылып қалып отырмыз. Сондықтан қазір адамдардың денсаулығында кінәрат көп. Қарапайым тамақ ішер алдындағы қолын жумай жеу, іште паразиттердің көбеюіне алып келеді. Тамақ ішіп отырған кезде телефон қарап отырғандықтан, біз тамақты дұрыс қорыта алмаймыз. Телефонды дастарқан үстіне қойып тамақ ішкенде оның сыртындағы қаншама инфекциялардың ішке кету қаупі зор. Мәскеуде осыны әріптестерімізбен бірге зерттегенде телефонның сыртындағы қаншама инфекцияны микроскоппен әріптестерімізбен бірге көрген едік. Телефонды ұстап әжетханаға да кіреді, көпшілік орын автобуста да ұстап тұрады, көшеде де қолынан түспейді, сосын тамақ ішіп отырғанда дастарқан үстіне қойып бірге тамақ ішеді. Мұның барлығы тамақ ішкенде гигиеналық талаптардың бұзылуына алып келеді. Сондықтан гаджетсіз тамақ ішуді халыққа насихаттағым келеді. Бізде тамақтануға арнайы бір дәстүр, тамақтану мәдениеті ретінде қарамайды. Қарны ашқан кезде кез келген жерде тік тұрған күйі жей салады. Көшеде кетіп бара жатып іше салады. Әсіресе қазіргі жастар. Ертеңгі күні олардың денсаулығы қалай болмақ?! Бұрын біздің ата-бабамыздың тамақ ішер алдында қолын жууы, тамақтан соң бата жасауы, отбасы мүшелерінің бірге отырып тамақтануы, бәрі ас ішіп болғанша ешкімнің дастарқан басынан тұрмауы секілді әдет-ғұрыптарының барлығында береке бар. Осындай қазақи құндылықтарымызды қайта жаңғыртуымыз керек. Негізі ата-бабамыз өте мықты нутрициолог болған. Олар тамақтану мәдениетін өте керемет сақтаған, өте сауатты тамақтанған. Қазір осыны ұмытып бара жатқанымыз өкінішті.

Нағашыбай Қабылбек
26.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Балалар суицидінің алдын алу жолдары
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ - 28.03.2026 68
Ақ пен Қараның тайталасы
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 27.03.2026 120
Жер қатынастары  жүйесі нені реттейді?
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ - 27.03.2026 71
Кешеннің негізгі мәселелері
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ - 27.03.2026 72

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24056
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23724
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41205
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37128
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41388