Рухани орда іздесең, Фарабқа кел!

Рухани орда іздесең,  Фарабқа кел!

Осы тұста жоғарыдағы сауалға өзімше жауап іздеп көргім келеді. Меніңше, алмағайып заманда адамзатқа бағыт көрсететін ең сенімді темірқазықтың бірі – кітап.

Кітап – уақытқа бағынбайтын құндылық. Ол адамзатпен бірге жасап келе жатқан ең көне әрі ең заманауи рухани құрал. Ғасырлар алмасып, мемлекеттер өзгеріп, қоғамдық жүйелер жаңарып, ғылым мен технология дамып жатса да, кітаптың адам өміріндегі маңызы кеміген емес. Керісінше, ақпарат тасқыны күшейген сайын оның қадірі арта түсуі тиіс. 

 

Кітап – ең сабырлы ұстаз. Ол адамды асықтырмайды, өзіне күштеп назар аудартпайды. Оқырман қашан дайын болса, кітап та сол кезде сырын ашады. Бір кітапты бала кезінде оқыған адам одан бір мағына тапса, араға жылдар салып қайта парақтаған кезде мүлде басқа ой түюі мүмкін. Өйткені кітап өзгермейді, өзгеретін – адамның өзі. Демек, кітаптың ғұмыры бір ғана оқылыммен шектелмейді. Ол адамның рухани өсуімен бірге жаңаша сөйлесіп, жаңа қырынан таныла береді. Ал кітаптар тоғысқан мекен – кітапхана. Кітапхана – жай ғана кітап сақтайтын орын емес, халықтың рухани жадын жинақтап, білім мен мәдениетті ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін қасиетті кеңістік. Мұнда адам кітап іздеп қана келмейді. Ол кейде жауап іздеп, кейде ой іздеп, кейде өзін іздеп келеді. Кітапхана сөрелерінде адамзаттың талай ғасырлық ойы мен тәжірибесі тұр. Оның әрбір кітабы – өткеннен жеткен үн, әрбір парағы – уақытпен тілдесудің мүмкіндігі.

 

Заман өзгерген сайын оқырманның талғамы, ақпарат іздеу тәсілі, білім алу формасы да жаңаруда. Цифрлық технологиялар дәуірінде кітапханалар дәстүрлі қызметімен ғана шектеліп қалмай, жаңа мүмкіндіктерді игеруі қажет. Қазіргі кітапхана – кітап беретін мекеме ғана емес, білім мен ақпаратты, мәдениет пен технологияны, дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстыратын қоғамдық кеңістікке айналуы тиіс.

Олай болса, бүгінгі күні «Кітапханалар қандай бағытта дамуы керек?», «Оқырманды кітапханаға не қызықтырады?», «Дәстүрлі кітап құндылығын заманауи технологиялармен қалай сабақтастыруға болады?» деген сауалдар да аса маңызды. Бұл сұрақтардың жауабын іздеу – кітапхана саласының ғана емес, тұтас қоғамның міндеті. Себебі кітапхана тағдыры – кітап тағдыры ғана емес, ұлттың ойлау мәдениеті мен рухани болашағының тағдыры. Осы тұрғыдан алғанда, небәрі бес жылдық тарихы бар Фараб облыстық кітапханасының қалыптасу жолы мен бүгінгі тыныс-тіршілігіне назар аударудың мәні зор. Өйткені бес жыл – тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, руханият саласында нақты бастамалар көтеріп, жаңа ізденістерге жол ашуға жеткілікті мерзім. Бұл уақыт ішінде кітапхана өзінің қоғамдық орнын айқындап, оқырман мен кітап арасындағы байланысты жаңа сипатта қалыптастыруға ұмтылып келеді. Фараб атауының өзі терең мағынаға ие. Әлемдік өркениет тарихында есімі өшпес із қалдырған Әбу Насыр әл-Фараби дүниеге келген Отырар топырағымен сабақтас бұл атаудың кітапханаға берілуі де үлкен жауапкершілікті жүктейді. Өйткені Фараби мұрасы – білімнің, парасаттың, ғылымның, ізгіліктің биік өлшемі. Ал кітапхана – сол құндылықтарды бүгінгі ұрпақтың санасына жеткізетін маңызды рухани көпір. Сондықтан Фараб облыстық кітапханасының бес жылдығы – белгілі бір мекеменің мерейтойы ғана емес. Бұл – өңірдегі кітапхана ісінің жаңа кезеңге қадам басқанын бағамдайтын, өткенге есеп беріп, болашаққа бағдар жасайтын айтулы белес. 

Біз куә болған бес жыл – Фараб облыстық кітапханасының қалыптасып қана қоймай, Түркістан халқының бас қосар рухани орталығына айналған кезеңі болды. Аз уақыттың ішінде кітапхана көне шаһардың сәулеттік келбетіне өзіндік сән қосып қана қоймай, оның рухани мазмұнын байытқан мәдени ошақтардың біріне айналды. Бүгінде Түркістанның қақ ортасында бой көтерген Фараб кітапханасы – сыртқы және ішкі дизайнының заманауи шешімімен ғана емес, оқырманға ұсынатын сан алуан қызметімен де ерекшеленетін әмбебап кітапхана ретінде танылып келеді.

Кітапхана ғимаратына алғаш кірген адамның назарын заманауи архитектуралық шешімдер, кең әрі жайлы оқу орындары, кітап қорын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін кеңістіктер аударуы мүмкін. Алайда оның шынайы қадірі қабырғасы мен жиһазынан емес, сол кеңістікте қалыптасатын рухани ортадан көрінеді. Кітапханаға келген әрбір оқырман өзін білім мен мәдениеттің кең әлеміне енгендей сезінсе, оның басты мақсатының орындалғаны. Осы тұрғыдан алғанда, Фараб облыстық кітапханасы бүгінгі кітапханаға қойылатын заманауи талаптарды игеріп, дәстүрлі кітапханалық қызмет пен жаңа технологияларды өзара ұштастыра алған мәдени мекеме ретінде бағалауға лайық.

Тарихи деректерде Фараб өңірінен әл-Фараби есімін иеленген отыздан астам ғалымның шыққаны айтылады. Бұл – Отырар алқабының бір ғана тарихи тұлғаның емес, тұтас бір ғылыми-мәдени ортаның қалыптасуына негіз болғанын аңғартатын маңызды белгі. Осы тұрғыдан қарағанда, бүгінгі Түркістан төрінде бой көтерген кітапхананың «Фараб» атауын иеленуі кездейсоқтық емес. Керісінше, ол – көне өркениет пен қазіргі руханиятты жалғап тұрған символдық атау. 

 

Фараб деген атаудың өзінде тарихтың табы бар. Бұл – бір кезде ғылым мен білімнің шамшырағы болған Отырардың, талай ғұламаны түлеткен қасиетті топырақтың, кітап пен білімді қадірлеген өркениеттің атауы. Сондықтан осы атауды иеленген кітапхананың әрбір сөресінде тұрған кітап, әрбір оқырман отырған оқу залында қалыптасқан ізденіс, әрбір ғылыми-мәдени басқосуда айтылған ой әл-Фараби дәстүрімен жалғасып жатқандай әсер қалдырады.

 

Отырардың көне кітапханасы туралы аңыз-әңгімелердің өзі халқымыздың кітап пен білімге деген құрметінің қаншалықты терең болғанын көрсетеді. Александрия кітапханасынан кейінгі ірі кітап қорларының бірі ретінде Отырар кітапханасы жөніндегі тарихи аңыздар мен деректер ғасырлар бойы ұрпақ жадында сақталып келеді. Кітаптың қадірін білген өркениеттің топырағынан шыққан әл-Фарабидің кейін әлемдік ғылымға жол салуы да осы рухани сабақтастықтың тереңдігін аңғартады. Осы сабақтастықтың өзі Фараб кітапханасының тарихи атауы мен бүгінгі қызметінің арасындағы табиғи байланысты көрсетеді.

Бес жыл ішінде кітапхананың Түркістандағы мәдени өмірдің белсенді орталығына айналуы да осы ұстанымның нәтижесі деп ойлаймын. Мұнда кітап оқумен қатар, түрлі мәдени-танымдық кездесулер, әдеби жүздесулер, ғылыми басқосулар, көрмелер мен қоғамдық іс-шаралардың ұйымдастырылуы кітапхананың қызмет аясын кеңейте түсті. 

 

Таяуда Түркістан төрінде Фараб облыстық кітапханасының бес жылдығына арналған мерейтойлық шаралардың дүркіреп өтуі – осы бес жылдық еңбектің лайықты бағасы болды. Мыңжылдықтардың үнін бойына сіңірген қасиетті Түркістанда кітапхана мерейтойының аталып өтуінің өзі символдық мәнге ие. Өйткені Түркістан – талай ғасыр бойы түркі дүниесінің рухани темірқазығы болған шаһар. Ал осы шаһардың бүгінгі мәдени кеңістігінде кітап пен білімнің, әдебиет пен ғылымның ордасына айналған Фараб кітапханасының өзіндік орны бар.

 

Фараб облыстық кітапханасының бес жылдығы – өткенге есеп беріп қана қоймай, келешекке көз тіктейтін айтулы белес. Мыңжылдық тарихы бар Түркістанның рухани кеңістігінде бой түзеген бұл парасат ордасы жүз жылдық мерейтойларға, одан да арғы ғасырларға аман-есен жетіп, ұрпақтан ұрпаққа білім мен мәдениеттің шырағын жағуын тілер едік.

Дәуір өзгереді. Технология жаңарады. Ақпарат алмасудың тәсілдері түрленеді. Адамның күнделікті тіршілігіне жасанды интеллект пен цифрлық жүйелер бұрынғыдан да терең ене береді. Бірақ адамзаттың рухани жадын сақтайтын, ойды тереңдететін, жүрекке жол табатын кітаптың орны ешқашан жоғалмауы керек. Өйткені технология бізге жылдамдық береді, ал кітап тереңдік береді. Технология ақпарат ұсынады, ал кітап сол ақпаратты пайымдауға үйретеді. Технология адамның мүмкіндігін арттырады, ал кітап оның адамдық болмысын байытады.

Ендеше, дәуірлердің дидары құбылған алмағайып заманда бізге бағыт сілтейтін рухани темірқазықтың бірі – кітап. Ал сол кітапты сақтап, ұрпақпен қауыштырып, білім мен парасаттың ордасына айналдыратын қасиетті мекен – кітапхана. Демек, заман қанша өзгерсе де, бізге темірқазық болар кітап та, сол кітаптың рухын ұрпаққа жеткізер кітапхана да адамзатпен бірге жасай бермек!

 

Қанат АЛТЫНБЕК,

жазушы, зерттеуші,

Қазақстан Жазушылар

 одағының мүшесі,

ҚР Ұлттық кітапханасының 

Ғалым хатшысы

 

16.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28136
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27612
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44987
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40640
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45297