РУХ БЕРГЕН Розаның әні мен Смағұлдың хаты

РУХ БЕРГЕН  Розаның әні мен Смағұлдың хаты

Біздің қазақ еліне елеңдеуіміз 1980 жылдардың соңынан басталды. Қытай мен Кеңес Одағы арасындағы тоңның жібуіне орай екі елге бөлініп қалған туыстар ептеп бір-бірімен хат-хабар алысып, барыс-келіс те орнады. Мен үшін 1989 жыл ерекше маңызды оқиғаларға толы болды. Әсіресе, қазақстандық қонақтар – Түсіпхан Мағзиұлы, Базархан Сүлейменов, Роза Рымбаева хикаялары осы жылдың еншісіне бұйырды.

Жазушы, журналист, қоғам қайраткері Уақап Қыдырханұлының ағасы Түсіпхан Мағзиұлы сол жылы Алтайда болды. Бізбен құдандалы жақындығы бар. Аталған жылдың тамызында Шірікшидегі Түсіпбек Мұхаметқалиұлының үйіне барып, онда қонақтармен дастарқандас болып, Сымеке Құшабайұлы, Ақатай Мәзетұлы, Кәкім Ақмәдиұлы, барқы Солтан Жақыпұлы секілді қарттар небір тарихи әңгімелердің тамырын қопарып, оларды өз ет құлағыммен естідім. Түсіпхан 1986 жылғы 16 желтоқсанда қырылған қазақ жастары жайында аянышты әңгімелер айтты.

Осы жылы қыркүйекте Шынжаң оқу-ағарту институтына оқуға түстім. Үрімжіде болдым. 11 қыркүйек күні Амантай деген курстасым екеуіміз институтқа жақын «Быймын» базарына тамақтанғалы кіргенде, кездейсоқ әнші Хамит Сқақұлының қазақстандық інісі Базархан Сүлейменов деген азаматпен ұшырасып қалып, дастарқанға жайғасып ұзақ-ұзақ кеңестер құрдық.

1989 жылдың елеулі оқиғасының бірі Роза Рымбаеваның «Арай» ансамблімен Қытайда гастрольдік сапарда болуы еді. 3 қазан күні Үрімжі қаласындағы «Халық құрылтайы» сарайында 3 күн концерт берді. Роза Рымбаева, Қайрат Байбосын, Мұрат Ахмадилер ән шырқады. Әбдіхамит күй тартты. Роза «Атамекен», «Түнгі Алматым», «Аралдан ұшқан қос аққу», «Қызыл құмда ауылым» секілді әндерді шырқады. Қайрат «Інжу маржан», «Ағаш аяқ», «Қызыл асық», «Жиырма бесті» орындады. Әсем ән, тәтті күйлер «құлақтан кіріп, бойды алды».

Үрімжіде жоғары оқу орнында оқып жатқан қазақтардан елеңдемегені жоқ шығар. Ой мен қырдан құралып, тамашаға жүгірген қазақтар қырыларманға жетіп, қызықты аузымыздың сілекейін шұбырта отырып тамашаладық. Әсіресе, Розаның орындауындағы «Атамекен» әні ішімізге шоқ салып, «ұшарға қанатым жоқ, не қылайын» деген күйге түсірді. Көрмеген тауды көксеген белгісіз сағыныштың ыстығы суығанды қойып, үдей бастады.

Шіркін, шіркін, Атамекен-ай! Жоғарыдағы оқиғалар менің қазақ еліне деген махаббатымды одан ары оята түсті. «Атамекен-ай» деген үн құлағымның түбінде жиі жаңғырып тұратын болды. Сөйтіп жүргенде тағы бір оқиға орын алды.

1991 жылдың маусым айы. Үрімжі қаласы. Шыңжаң оқу-ағарту институтының студентімін. Сенбіге орай Шыңжаң педагогикалық университетіндегі жерлес бауырларыма қыдырып бардым. Жекен атты ауылдасым сандығының түбінен жазушы Смағұл Елубайдың «Алыстағы ағайынға ашық хат» атты мақаласын алып шықты. Хат өзіміз пайдаланып жүрген төте жазуда шығатын «Шалқар» гезетінде басылған екен. Қандастарды атамекенге шақырып, ел болу үндеуін көтеріпті. Тамсанып оқыдық. Ұзақ-ұзақ әңгімелер айттық.

Үрімжідегі студенттер арасында «Қазақстанға қашамыз» деген жасырын әңгімелер өрбіді. Мен де демалыс орайында Алтайдың асқар тауларын аралап, шекарадан асатын қолайлы жерлер қарастырдым. «Шіркін, қазақ елін, қазақ жерін көретін күн туар ма екен деші!» деп армандаумен болдық.

Сөйтіп жүргенде, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жариялаған сүйінші хабары жетті. Тәуелсіздіктің ақ таңын сарғая күткен шетелдегі бес млн қазақтың алғаш егемендік жариялағандағы қуанышын айтып сұрамаңыз. Өзге ұлттың отарында отырып-ақ бірінен-бірі сүйінші сұрап, көздерінен ыстық жасын төкті. Талай қарияның сақалынан су тамшылап: «қайран елім-ай, жерім-ай, сенің де жақсылығыңды еститін күн болады екен-ау» дегенін өз ет-құлағымызбен естідік. Бала күнімізден үлкендердің күбір-сыбыры арқылы құлағымызға құйылған Атамекен – Қазақстан ұғымы жүрегімізді толқытты. Басқа емес, «сол жерге қашан жетер екенбіз» деген алып-ұшпа көңілмен талай таңды ұйқысыз атырдық.

1992 жылы Шынжаңнан шет жатқан Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданындағы жазушы Қабылқақ Күлмесханұлы бастаған қазақтар Қазақстанға көшкелі жатыр екен деген хабар жетті. Елі ішінде күбір-сыбыр көбейді.

1993 жылдың ең елеулі оқиғаларының бірі – сәуір айының басында Үрімжі қаласынан Жақсылық Сәмитұлы, Армиябек Сағындықұлы, Ғалым Қалибекұлы, Тұрсынхан Заңқұлы қатарлы қаламгер азаматтар Қазақстанға өтті. Менің делебем тіпті қозды. Атажұртқа кету туралы ой көкейімнен бір кетпеді. Жақсылық Сәмитұлы «Азаттық» радиосында сөйледі. Осы жылдан бастап Қазақстанға елеңдеуім тіпті күшейе түсті.

1994 жылы сәуірдің 25-28 аралығында Қытайдың премьер-министрі Ли Пың үш күн Қазақстанда сапарда болып, Назарбаевпен сөйлесті. Сауда-саттық, шекара саудасы, қазақ жайы, атом сынағы сөз болды. Бірлескен мәлімдеме жариялады. 30 сәуірде Назарбаевтың сөзін «Азаттық» берді. Ол: қазақтардың көшіп, туысшылай келуіне құжаттық жұмыстардың Үрімжіден бітетіндігін (бұрын виза Бейжіңнен алынатын), аздап келуіне мемлекеттік рұқсат жасайтындығын айтты.

25-29 сәуір күндері «Азаттықта» Оспан Сіләмұлының қайтыс болғандығының 42 жылдығын еске алу шаралары өтті. Оспан жайлы роман жазған Сейітхан Әбілқасымұлы сөйледі. Кезінде Оспанмен үзеңгілес болған, қазір Түркиялық қаһарман молла Ғаппас Оспанға арнап аят оқыды. Жағда Бабалықұлы сөйледі.

1994 жылғы Қазақстанда шығатын «Парасат» журналының 4 санында (14-бет), С. Оспанов атты журналистің Республика ішкі істер министрлігі төлқұжат және рұқсат беру мен тіркеу басқармасының бастығы, милиция полковнигі Өмірбай Мұсаевпен әңгімесі «Отанымыз – Қазақстан» деген атпен басылды. Көшіріп алдым. Тағы да журналдың осы санында: «Ағайын көшіп келді, ал оған көрсетілер көмек қандай?» атты мақала басылды. Оны да көшірдім.

1996 жылы желтоқсанда қолымызға Қазақстанға шығатын төлқұжат тиді. 1997 жылы 16 қаңтар Қорғас кеден бекеті арқылы қазақ топырағына қадам бастық. Жоғарыдағы оқиғаларды еске алған сайын құлағыма Роза Рымбаева шырқаған «Атамекен-ай» әні әлі жаңғырығып тұрғандай болады. Сол кезді еске алған сайын көз алдыма Смағұл Елубайдың «Алыстағы ағайынға ашық хат» атты мақаласы келеді.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

27.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Балалар суицидінің алдын алу жолдары
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ - 28.03.2026 71
Ақ пен Қараның тайталасы
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 27.03.2026 124
Жер қатынастары  жүйесі нені реттейді?
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ - 27.03.2026 75
Кешеннің негізгі мәселелері
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ - 27.03.2026 74

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24056
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23724
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41205
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37128
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41388