РИШТАН — ҚЫШ ӨНЕРІНІҢ ОРДАСЫ

РИШТАН — ҚЫШ ӨНЕРІНІҢ ОРДАСЫ

Өзбекстан Республикасы Ферғана аңғарындағы Риштан — ежелден құмырашылық өнерімен танылған мекен. Соңғы жылдары бұл өңірде қолөнерді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ұлттық дәстүр заманауи кәсіпкерлікпен ұштасып келеді. Соның жарқын мысалдарының бірі — “Мингбоши керамик” отбасылық кәсіпорны.

Бүгінде аталған кәсіпорында 102 қолөнерші тұрақты еңбек етуде. Алайда оның ықпалы бұдан әлдеқайда кең. Шын мәнінде, бұл кәсіпорын мыңға жуық жасты, үйде еңбек ететін құмырашыларды біріктіріп, үлкен шығармашылық және өндірістік қауымдастыққа айналған. Бұл — тек кәсіп емес, тұтас бір мектеп, дәстүр мен тәжірибе тоғысқан орта.

Кәсіпорын қызметінің негізінде ғасырлардан жалғасқан ұстаз–шәкірт дәстүрі жатыр. Осы қағиданы басшылыққа алған кәсіпорын жетекшісі Шокиржон Ахмаджонов жас шеберлерді тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуде. Ол тек өндірісті ұйымдастырып қана қоймай, жастарға бағыт-бағдар беріп, олардың кәсіби қалыптасуына жағдай жасауда. Әсіресе, үйде отырып еңбек ететін құмырашыларға барлық қажетті жағдай жасалған: шикізат олардың үйлеріне жеткізіледі, дайын өнімдер орталықтандырылған түрде жиналып, нарыққа шығарылады.

Қазіргі таңда кәсіпорынмен тығыз байланыста жұмыс істейтін 500-ден астам касанашы бар. Олардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде үш жүзден астам түрлі өнім түрі дайындалып, ішкі және сыртқы нарыққа ұсынылуда. Бұл өнімдер тек тұрмыстық қажеттілікті өтеп қана қоймай, ұлттық нақыш пен эстетикалық құндылықты да паш етеді. Соның арқасында Риштан құмыралары халықаралық деңгейде сұранысқа ие болуда. Бүгінде бұл өнімдер Америка, Әзербайжан, Германия, Италия және Ресей секілді елдерге экспортталып, өз тұтынушыларын тапқан.

2025 жыл Риштан ауданы үшін айрықша кезең болды. М.Топволдиев атындағы махаллаға “Туризм махалласы” мәртебесі берілсе, Риштан ауданы “Әлем қолөнершілер қаласы” деген атаққа ие болды. Бұл — өңірдегі қолөнердің жоғары деңгейде дамығанының және оның халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі.

Қазіргі таңда Риштанда 40 мыңға жуық жас құмырашылық өнерін үйреніп жүр. Бұл көрсеткіш өңірде қолөнерге деген қызығушылықтың жоғары екенін аңғартады. Жастардың дәстүрлі өнерге бет бұруы — ұлттық құндылықтардың сақталып, дамуына үлкен серпін береді.

Сонымен қатар 2021 жылы Президент бастамасымен Риштанда “Халықаралық құмырашылық орталығы” ашылған. Бұл орталық құмырашылар үшін тек жұмыс орны ғана емес, шығармашылық ізденіс пен тәжірибе алмасу алаңына айналған деуге болады. Мұнда шеберлерге өз әлеуеттерін арттыруға, еңбек етуге және жаңа идеяларды жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған.

Риштандағы құмырашылық өнері дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімді үлгісіне айналған десек артық болмас. “Мингбоши керамик” секілді кәсіпорындардың қызметі арқылы бұл сала жаңа деңгейге көтеріліп, халықаралық аренада өз орнын ойып тұрып алған.

Айгүл ТЕШЕБАЕВА, “Нұрлы жолдың” тілшісі.
22.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25296
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24794
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42228
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38081
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42567