Банк дегенде қазекеңнің жүрегі зырқ ете қалады, қаны басына шабады. Неге десеңіз, зұлым банктер несиесін пәлен пайызбен береді де, содан соң басыңа әңгір таяқ ойнатады. Күні-түні сонадай ызыңдап, маза бермейді. Телефоныңды жауып тастасаң, ағайын-туғаныңа қоңырау шалады. Өзіңді қорқытады, үркітеді. Сотқа берем дейді, үй-мүлкіңді тәркілейміз дейді. Ал несиеңнің пайызы мен өсімі сартылдап өсе береді. Өскен сайын зәре-құтың қалмай, құса боласың. Төлейін десең, артық ақшаң жоқ. Жүйкең тозады. Ұйқыдан қаласың. Небір аурулар жабысады. Несие зардабынан өлсең де құтыла алмайсың. Бала-шағаңа қалады. Өлімнен қорықпайсың, ұлардай шулап қалатын ұрпағыңды уайымдайсың.
Тығырыққа тірелген қазекеңді уайым бұлты басып, рухынан айырылады. Билікті кінәлайды. «Жемқорлар, жеміттер! Біздің мұндай жағдайға ұшырағанымызға сендер кінәлісіңдер!» деп ғайбаттап, тырна ашуын тазыдан алады. Олардың бұл сөзінде ащы шындық бар. Басқа елді қайдам, біздің елде жемқорлықтың алшысы түсіп тұр. Жемқорлардың көш басында алаяқ банк тұр қасқайып. Себебі олардың иесі де НӘН жемқорлар. Оларды халық жақсы біледі. Ашуланғанда, шамырқанғанда ол дәулерді аяқтарымен таптап, мыжып тастағысы келеді. Алайда қолдан келер қайран жоқ. Басыңды көтерсең, қағып тастайды.
Жақында банктерді тізгіндейтін, тәубесіне келтіретін, оларға арналған заң шығыпты. Оны шығаруға белсенді халық қалаулылары Мұрат Әбенов пен Бақытжан Базарбек мұрындық болыпты. Екеуі де халқы үшін шырылдап жүрген азаматтар. Мұрат Әбенов бауырымыз әлеуметтік желіге арнайы шығып, шыққан заң туралы қолмен қойғандай етіп, түсіндірме жасады. Оны көрген боларсыздар.
Алдымен бұл депутаттар банктің ішкі жұмыстарымен жете танысқан. Олардың құйтырқы әрекеттерін зерттеген. Оларға қалай тосқауыл қоюды әбден ойластырған. Банктердің шынында да алаяқтық жасап жатқанын анықтаған. Мәселен, соңғы кездері кейбір адамдардың сыртынан несие рәсімдейтін алаяқтар қаптап кетті. Ол алаяқтар құрбандарының құжаттарын қайдан тапқан? Әрине, банктен. Банк ішінде отырған олардың кәнігі сыбайластары бар. Бар болғаны санаулы минуттардың ішінде несиелерді рәсімдей салады. Зар жылап қалған бейкүнә адамдарды содан соң тізеге салады. Сондай-ақ ешбір құжатсыз несие беретін микроқаржы ұйымдары қаптады. Оп-оңай бере салады. Қиналып тұрған қазекең оны қуана-қуана ала салады. Бірақ кейін олар қаныңды ішеді. Депутаттың айтуы бойынша, енді мұның бәріне мына шыққан заң тосқауыл қояды. Олар 28 ұсыныс берген. Бәрі де осы заңға кіріпті. Енді ешқандай банк өздігінен несие бере алмайды. Бәрі де Ұлттық банк арқылы жасалады. Сол жерде тексеріледі. Әбден тексеруден кейін ғана барып, несие алушының тікелей рұқсатымен құжаттар рәсімделеді. Енді бірнеше несиені алуды ұмытыңыз. Бұрынғы заңсыз алған несиелер қайтарылады. Ол үшін сіз арыз беруіңіз керек. ЖИ-мен тексеріледі. Тағы да басқа да мәселелер бойынша келсеңіз, тиісті адамдар оларды нақты шешіп береді. Бұл да бір Әділетті Қазақстанның бір әділетті шешімі болар. Енді жемқорлықты түп-тамырымен жойсақ, онда адамдар, әсіресе әрбір қазекең байиды деп сенейік. Әумин!














