Қызылорда облысы Ұлттық рухты әуенге айналдырған тұлға

Қызылорда облысы Ұлттық рухты әуенге айналдырған тұлға

Қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, композитор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған еске алу кеші Қызылорда облысы орталығындағы «Өнер орталығында»  өтті. Тағылымды кешке облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің елшілері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, композитордың жары Баян Дүйсекеева, ұлы Нұркен Дүйсекеев және туған-туыстары арнайы қатысты. Кеш туған жерін ән қанатында тербеген сазгердің шығармашылығына арналған әсерлі бейнероликпен басталды. Экран арқылы композитордың өмір жолы, өнердегі ізденісі мен ел жүрегінен орын алған әндерінің тарихы көрерменге ұсынылды. Зал толы жұртшылық әрбір кадрдан қазақ музыкасының тұтас бір дәуірін көргендей әсер алды. Концерттік бағдарламада ел жадында жатталған таңдаулы туындылар шырқалды. «Асыл ана», «Ойлан, балам!», «Өмір, өмір», «Анаға хат», «Ойлайсың ба, жаным?», «Ақ қар», «Ғашық әнім», «Өкінбе сен!» сынды жүрекке жылы әндер сахна төрінде қайта жаңғырды. Бұл туындылар – бір ғана композитордың емес, тұтас халықтың рухани мұрасына айналған шығармалар. Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаева «Сәлем саған, туған ел» әнін әуелете орындап, кештің шарықтау шегін айқындады. Әнші орындауындағы бұл туынды туған жерге деген перзенттік махаббаттың гимні іспетті әсер қалдырды. Сондай-ақ Мәдина Сәдуақасова Исраил Сапарбайдың сөзіне жазылған «Теңеу бар ма саған?» әнін нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал Жұбаныш Жексенұлы «Туған жер» әнін шынайы сезіммен жеткізіп, залды ерекше толқынысқа бөледі. Кеңес Дүйсекеев – қазақ музыка өнерінің алтын қорына енген бірегей шығармалардың авторы. Ол ұлттық әуен мен заманауи ырғақты шебер ұштастырып, қазақ эстрадасына жаңа серпін әкелді. Композитордың қолтаңбасы – кең тынысты мелодия, терең мағына, жүрекке жететін қарапайымдылық. Сазгердің «Қаракөзайым», «Домбыра туралы баллада», «Сәлем саған, туған ел!» сынды алғашқы шығармаларының өзі-ақ тыңдарман ықыласына бөленген еді. Бұл әндер уақыт өткен сайын құнын жоғалтпай, қайта жаңғырып, жаңа буынның да сүйікті туындыларына айналды. Әлем сахналарында қазақ әнін асқақтатқан Димаш Құдайберген орындаған «Қарағым-ай» әні шетелдік тыңдармандардың зор қошеметіне ие болды. Осы арқылы Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылығы халықаралық деңгейде танылып, қазақ музыкасының абыройын асқақтатты. 2006 жылы композитордың 60 жылдық мерейтойына орай «Туған жер» атты облыстық байқау ұйымдастырылды. Бұл бастама жас таланттардың шығармашылығын шыңдауға бағытталған маңызды жобаға айналды. 2008 жылдан бастап республикалық деңгейге көтерілген өнер додасы талай дарынды жастың үлкен сахнаға қадам басуына жол ашты. 2013 жылдан бері халықаралық мәртебеге ие болған конкурс жыл сайын алыс-жақын шетелдерден келген таланттарды бір арнаға тоғыстырып келеді. Өзбекстан, Қырғызстан, Польша, Болгария елдерінен келген өнерпаздар қазақ әнін орындап, мәдени байланысты нығайтуға үлес қосуда. 

Бұл – Кеңес Дүйсекеев шығармашылығының өміршеңдігін айқындайтын жарқын дәлел. Кеңес Дүйсекеевтің шығармалары – туған жерге сүйіспеншілік, анаға құрмет, адамгершілік пен адалдық секілді мәңгілік құндылықтарды дәріптейді. Оның әндері әр қазақтың жүрегінен орын тапты десек, артық айтқандық емес.

Сазгердің 80 жылдығына арналған еске алу кеші – тек бір тұлғаны ұлықтау ғана емес, ұлттық өнерге тағзым ету, рухани мұраны жаңғырту болды. Кеш соңында қатысушылар композитор рухына тағзым етіп, оның есімі мен еңбегі халық жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.

Кеңес Дүйсекеевтің әуендері әлі талай ұрпақтың жүрегінде жаңғырып, қазақ музыкасының көгінде қалықтай беретіні сөзсіз.

Г. ТҰРЛЫБЕКОВА

26.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24161
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23830
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41302
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37216
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41509