Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Сарбұлақ ауылына ауызсу қосу рәсімі өтіп, оған Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Облыстық мәслихат төрағасы сарыбұлақтықтарды құттықтап, ауылдарға, әсіресе шалғай елді мекендерге инфрақұрылым игіліктерін жеткізудегі жетістіктерді атап өтті.
«Сыр елінің бас шаһарында өткен, егемен еліміздің болашағы үшін маңызды шешімдер қабылданған Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы тарихымызға алтын әріппен жазылды. Қабылданған шешімдер халқымыздың болашаққа деген сенімін арттырып, ұлт бірлігін нығайтады.
Президент тапсырмасымен мемлекетке қайтарылған активтер есебінен аймақта денсаулық сақтау, білім беру, спорт және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында әлеуметтік жобалар жүзеге асуда.
Аталған жоба аясында Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін ауызсу желісіне қосуға республикалық, облыстық бюджеттен және қайтарылған активтер есебінен 1,5 млрд теңге қаржы бөлініп, бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталды.
Енді Сарбұлақ ауылына таза ауызсу келіп, шалғай елді мекеннің тұрғындары көптен күткен игілікке қол жеткізді. Нәтижесінде Қазалы ауданының халқы 100 пайыз таза ауызсумен қамтылды.















