Қызыл көздер мен жасыл көздер

Қызыл көздер мен  жасыл көздер

– Оу, ассалаумағалейкум! – деп, жасы келген қарға өзінен үлкенірек қарғаға сәлем береді.

– А-а-а, сенбісің, таң атпай неғып барқылдап жүрсің? – деді екіншісі. 

– Ой, тәйірі, қартая келе ұйқы да қашады екен.

– Е-е-е, бұл айтқаның дұрыс. Бірақ ағаштың басында мөлиіп отыра бересің. Баяғы жерге қонбай ұшатын кездер қайда кетті екен? –  деп күрсініп қойды. 

– Біздің бағымызға қарай осы ауыл ортасына қоқыс тастайтындары дұрыс. Андай-мындайымызды жеп, осы жерден күн көреміз, – деп, екі қарға шүкіршілік етті. Уақыт өте келе бұл жерге иттер де, құстар да қаптай бастады. Не керек, тура «Көк базардан» кем емес, у-шу. 

«Керемет рақат, ауылды асып ешқайда ұшпайсың, тек жерге түс те, жей бер. Не жоқ дейсің мұнда: малдың өлексесінен бастап, үйітілген сираққа дейін жатады ғой. Міне, коммунизм деген осы шығар», – деп қойды қарға ішінен. Сөйтіп, рақат өмір өте берді. Күндердің бір күнінде ауылды улата-шулата біреулер жаңағы қоқыстың маңайына қаптап кетті. Түкке түсініп болар емес. Бір кезде біреулер басқа жағынан кеп, қоқыс төккелі жатыр еді, жаңағылар оны жібермеді. Соған қарап отырған қарға қасындағыларға:

– Ой, оңбағандар, оны неге төккізбейді? – деп ренжіді. Ақыры адамдар айғайласып-айғайласып шаршады. Бір кезде бәрі зым-зия жоқ болды. Сөйтіп, қызыққа батып отырғандарында ағаштың төбесіне шықылық-шықылық етіп бір сауысқан келіп қонды. 

– Әй, сауысқан, осы елдің бәрін аралап жүресің ғой, не жаңалық бар? Мына біздің базарды жапқалы жүр ме анау қулар? – деп сұрады қарға.

– Е, олар – жасылдар, оған қарсы тұрғандар – қызыл көздер. Алысқа апаруға ерініп, осы қоқыстарын жақын жерге үйе береді екен. Ал жаңағы жасыл көздер –  табиғат пен бізді қорғаушылар, көрші ауылды тып-типыл ғып тазалап қойған екен, – деді сауысқан.

– Ой, сен не деп тұрсың? Тәңір соққыр, сені кім қорғаушы еді, адамдар ең алдымен өздерін өздері қорғап алсын. Бізді қорғағылары келсе, біз үшін таптырмайтын мынадай тамаша жерді неге жаппақ? – деп кейіді.

– Мұны таза экология дейді, – деді сауысқан.

– Әй, сен өзі оқыған сауысқан екенсің. Сонда жасылыңа, қызылыңа не жетпей жүр, соны түсіндірші, – деді қарға.

– Ой, қойшы сол адамдарды, бірін-бірі түсінбейді. Әрі тарт, бері тартпен өтіп жатқан өмір ғой, – деп мұңайысты олар. Сонымен не керек, өмір өзінше өте берді. Бір күні күтпеген жерден жаңағы қоқыстың маңайына мәшинелер қаптап кетті де, қоқысты арта бастады.

– Әй, қарға, көрдің бе, әне, қызыл көздерді жасыл көздер жеңіпті, – деді төбедегі сауысқан. Сол бұтақта отырған екі қарға:

– Е, қарағым, бұл адамдар ең алдымен бірдеңе жасайды да, сосын барып ойланады ғой.

– Бірақ осының арты біздерді соғып жүрмесе жақсы ғой, бұлай тазарта берсе көше қаңғырып қайыр сұрауға көшеміз бе деп қорқам, – дейді кәрі қарға.

Кәрі қарға да, сауысқан да мұңайып, жер шұқып қалды.

Төлеген ИЛЬЯШЕВ

29.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25175
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24694
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42115
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37977
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42449