Әр мемлекеттің өзінің ішкі қорғаныс саясаты бар. Оны көпке жария ете бермейді. Жаһандық қауіпсіздіктің өзектілігі артып отырған қазіргі әлемде Қарулы Күштердің рөлі әрбір мемлекеттің ұлттық қорғаныс қабілетінің ажырамас құрамдас бөлігіне айналып барады. Сондықтан да дәл бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудегі рөлі мен міндеттерін, сондай-ақ әскери доктринасы құрылған негізгі қағидаттарды бір зерделеп алудың маңызы зор.
Еліміз соңғы бір жылда дүниежүзілік армия жасақтарының қуаттылығы жөнінен алты сатыға көтерілді. Бұл әскерді күшейту заман талабы екенін көрсетті. Мұны Мемлекет басшысы Жолдауда да айтқан еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әскері жоғары технологиялық қару-жарақ пен әскери техника, заманауи ұшу аппараттарымен қамтамасыз етілуі керек - деді. Сарапшылар Президент пікірін қолдайды. Ел болашағы тікелей қорғанысқа байланысты екенін жасырмайды.
Сарапшылар әскери техника импортын әртараптандыру кезінде еуропалық, әсіресе НАТО үлгісіне басымдық берілгенін қалайды. Бұған дейін Франциямен тізе қосып радиолокациялық қондырғы әзірленсе, Түркиямен дрон өндірісінде келісім жасалды. Ендігі меже – сапа мен санды қатар дамыту.
– ҰҚШҰ-ға мүше болуымыз өзге елден қару-жарақ алуға бөгет жасамауы маңызды. Қазір Қытай, Израиль, Түркиямен байланыс бар. Бұл тұрғыда ескеретін жайт, қару-жарақтың қосалқы бөлшегі өзімізде жасалса, техникалық қызметті отандық мамандар жүргізсе екен. Сондай-ақ құрылғылардың басқару бөлігіндегі нұсқаулар толық мемлекеттік тілде жазылуы шарт. Бұл қадам импорт келісімі алдында ескерілуі орынды. Сонда ғана мамандарды үйрету жеңіл, – дейді әскери сарапшы Ермек Сейтбатталов.
Сондай-ақ сарапшылар Қазақстанды НАТО-ның әскери стандартына жетелейтін бір ел болса, ол – Түркия деген ойда. Мұны мемлекеттің қорғаныс саласындағы халықаралық келісімдер бағдарына қарап айтып отыр. Мәселен, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға жасаған сапарында әскери саладағы ынтымақтастыққа баса тоқталған болатын. Кейін Түркия Президенті Режеп Ердоғанның: «Қазақстанмен әскери, қорғаныс өндірісі бойынша әріптестікті арттыру маңызды» дегенін білеміз. Нәтижесінде «TUSAŞ» және «Kazakhstan Engineering» компаниялары «Anka» соққылаушы дрондарын Қазақстанда шығару туралы келісім жасады, Türk Havacılık ve Uzay Sanayii (TUSAŞ) компаниясы да баламалы зауыт салуды көздеп қойды. Қазір «ASELSAN» әскери электроника құралдарын шығаратын кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Әскери ғылым академиясының президенті Мұхтар Серікбаев: “Қуатты әскер - ел болашағы. Біз қазір геосаяси кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Барлық жағдайға дайын болуымыз керек. Ол үшін армияны дамыту маңызды. Президент Жолдауда қорғасын саласын отандық кәсіпорындардың қатысуымен өрістетуді тапсырды. Бұл - өте дұрыс. Қару-жарақтарды жетілдіріп, заманауи құрылғыларды көбейту керек. Техниканы жетілдіру маңызды” дейді.
Ауған соғысының ардагері Қайрат Елубаев: “Әр мемлекеттің ең бірінші мақсаты – Отанды қорғау. Сол себепті бүгінгі күні әскери потанциалды көтерген өте маңызды. Сол маңызды саланың бірі бұл қорғаныс -өнеркәсіп саласы. Және де мемлекет басшысының жолдауында оны арттыру,оны күшейту, оны дамыту ойлары айтылды.Әскери саланы ең үстем,ең үздік технологиямен қамтамасыз ету деген бұл біздің мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып саналады” деген пікірде.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкіләскери конференцияда сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мемлекетіміздің сенімді тірегі екенін аса сеніммен атап өтті. «Отанымыздың аумақтық тұтастығын сақтау – біздің қасиетті борышымыз. Ежелден ата-бабаларымыз жерімізге ешкімнің қол сұғуына жол бермей, оны қасық қанымыз қалғанша қорғауды бізге өсиет етіп қалдырған. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай қастерлеу – біздің және келесі буынның басты міндетіміз. Біз ұрпағымызға біртұтас, қуатты мемлекет қалдыруымыз керек. Елдегі тыныштық пен тұрақтылықты қорғау арқылы ғана біз озық әрі дамыған мемлекет құра аламыз. Қарулы күштер осы іргелі құндылықтарды сенімді қорғауға ықпал етеді», - деді Мемлекет басшысы.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда Қазақстанның қорғаныс саясаты мен әскери әлеуеті бірнеше негізгі бағыт бойынша дамып, қайта құрылымдалуда. Негізгі деңгейлері мен ерекшеліктері төмендегідей:
Рейтинг және әлеует: Қазақстан әлем елдерінің қорғаныс әлеуетін зерттейтін Global Firepower рейтингінде 58-орынға тұрақтады.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, қазіргі армия бұрынғыдан өзгеше, сондықтан қорғаныс саласына деген көзқарас пен институттар да заман талабына сай өзгеріп, жаңарып жатыр. Қазақстанның қорғаныс әлеуеті әскери техника импортымен тығыз байланысты, сонымен қатар ресейлік және қытайлық дереккөздер Қазақстан қарулы күштерінің қуатына қызығушылық танытып, мәліметтер жариялап тұрады.
Нағашыбай Қабылбек















