Өткен сенбіде Тараз қаласында тұрғындарды қажетті тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында бір мезгілде екі түрлі бағыттағы ауқымды сауда шаралары ұйымдастырылды. Бұл науқан қала тұрғындарының көңілінен шығып, үлкен сұранысқа ие болды.
Қала әкімдігінің сайтында алдын ала жарияланған хабарландыруға сәйкес, таңертеңнен бастап мұнда жүздеген тараздық ағылған. Жәрмеңкеге жергілікті өндірушілердің және «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тауарлары қойылды. Сауда қатарларында сатып алушыларға ет және сүт өнімдері, бал, сондай-ақ көкөністер мен жеміс-жидектер, үй жағдайында дайындалған көкөніс консервілері мен маринадтар ұсынылды. Тұрғындар қысқы қорларын толықтыру мақсатында өнімдерді зор ықыласпен және көп мөлшерде сатып алды.
Дегенмен бұл күні жаппай сауда тек коммуналдық базарда ғана жүргізілген жоқ. «Grand Bazaar» сауда орталығында тұрғындар үшін қосымша маңызы бар «Тазалық және дәм» атты жәрмеңке ұйымдастырылды. «Rano comfort service» ЖШС ұйымдастырған бұл шарада қала тұрғындарына тұрмыстық химия өнімдері – кір жуғыш ұнтақтар, шайғыштар, сұйық сабын және басқа да қажетті тауарлар ұсынылды. Шара барысында қатысушыларға 50-ге жуық отандық өндірушінің тауарлары таныстырылды.
Жәрмеңкенің бірінші күні келушілерге арналған концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, ойындар өткізіліп, бағалы сыйлықтар таратылды, ал тауарларды арнайы жеңілдікпен сату акциясы үш күн бойы жалғасты. Облыс орталығының тұрғындары мұндай әлеуметтік маңызы бар акциялардың тұрақты түрде өткізілуіне тілек білдіріп, өздерінің ризашылықтарын жеткізді.
А.ЖАҚСЫЛЫҚ,
Жамбыл облысы













