Биыл Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің көшбасшысы, ғылыми ой мен инновациялық дамудың алтын ордасы саналатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 92 жыл толып отыр. 1934 жылғы 15 қаңтар – еліміздегі тұңғыш көпсалалы университеттің ресми ашылған күні ретінде тарихта қалды. Сол күні профессор-оқытушылар құрамын бекіту туралы бұйрыққа қол қойылып, алғашқы студенттер қабылданған еді.
Содан бері университет Қазақстанның әлеуметтік-саяси өмірі мен ұлттық экономикасына өлшеусіз үлес қосып келеді. Ғылым мен білімді ұштастырған оқу орны саналы ұрпақ тәрбиелеу, ғылыми кадрлар даярлау және елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыру жолында жүйелі еңбек етіп келеді. Бүгінде ҚазҰУ халықаралық ғылыми және білім беру кеңістігінде лайықты орын алып, әлемдік деңгейдегі жетекші университеттердің қатарына енді.
Атаулы күнге орай университет мазмұнды әрі тағылымы мол іс-шаралармен мерекеленді. Барлық факультеттерде профессор-оқытушылар, ғалымдар, жас зерттеушілер мен студенттер қауымы бір арнаға тоғысты. Салтанатты жиындар, ғылыми-танымдық кездесулер, ашық дәрістер мен көрмелер университеттің бай тарихы мен заманауи дамуын үйлестіріп көрсетті.
Іс-шара барысында ҚазҰУ Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев құттықтау хатын оқып, университеттің соңғы жылдардағы жетістіктеріне тоқталды. Ол ҚазҰУ-дың еліміздің ғылыми-білім беру және инновациялық экожүйесінің флагманы ретінде орныққанын атап өтті. Бүгінде университет цифрландыру, жасанды интеллект, инженерия, деректер ғылымы және тұрақты даму салаларында ұлттық басымдықтарды іске асыруға белсенді үлес қосып келеді. Ректор Жансейіт Түймебаев өз сөзінде университеттің материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағытындағы ірі жобаларды ерекше атап өтті. Кампус аумағында әрқайсысы 1000 орынға арналған бес тоғыз қабатты жатақхана құрылысқа кірген. Алдағы уақытта жаңа оқу корпустары, спорт-сауықтыру орталығы, қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер, инновациялық және ғылыми-зерттеу орталықтары, заманауи технопарк салу жоспарлануда.
«Бұл бастамалар университеттің инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, студенттер мен ғалымдар үшін қолайлы білім мен ғылым ортасын қалыптастыруға бағытталған», – деді ректор. Мерекелік жиында оқу корпустары мен жатақханалардың жаңартылуы, ғимарат шатырларына орнатылған күн панельдері көрсетіліп, ҚазҰУ-дың «жасыл университет» қағидаттарын ұстанып, тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асырып келе жатқаны айқын көрсетілді.
Факультет декандары, профессорлар мен ғалымдар университеттің әр буын үшін ерекше рөлін атап, түлектердің кәсіби қалыптасуы мен тұлғалық дамуына қосқан үлесін атап өтті. Қонақтар мен қатысушылар университеттің заманауи зертханаларын қамтитын кампус-турға қатысып, цифрлық және робототехника зертханалары, инженерлік шеберханалар мен инновациялық алаңдарды тамашалады.
ҚазҰУ-дың негізі қаланған күнін атап өту – өткенге тағзым, бүгінгі жетістікті бағалау және болашаққа сеніммен қарау. Ғасырлар тоғысындағы білім мен ғылымды ұштастырған университет алдағы уақытта да ел дамуына қызмет етіп, жаңа идеялар мен инновациялардың бастауы бола бермек.
Қарлығаш АКИМБАЕВА,
Альмира АРЫСТАМБАЕВА,
Айман ИСАЕВА,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті,
«Қаржы және есеп» кафедрасы















