Жылдар өткен сайын су дипломатиясының маңызы артуда. Ал бұл салада, қазақ елінің өзіндік сара жолы қалыптасып келе жатыр десек, артық айтқандық болмас. Себебі Қазақстан көтерген жаһандық бастамалардың қатарында су дипломатиясының алар орны ерекше болайын деп тұр. Бұл жерде елдің тіршілігіне нәр беретін маңызды су қайнарларының көбінің сырттан ағып келетіндігін ескерсек, мұндай дипломатиялық қарым-қатынастың қазақ елі үшін қаншалық маңызды екендігін оңай түсінуге болары сөзсіз. Қазірге дейін сырттан ағып келетін өзендердің су мөлшері туралы Қытаймен жасалған түрлі келісімдер оң нәтиже бере бастады. Егер қазақ елі тарапынан қандай да бір іс-қимыл жасалмаған болса, Іле, Ертіс сынды үлкен өзендердің су деңгейі қазіргіден де азайып кетері анық еді.
Өзендер жайлы өзекті мәселелерге нүкте қойылды деуге әлі ерте. Ендігі шаруа Орта Азияның өзге елдерінен бізге ағып келетін үлкенді-кішілі өзендер төңірегінде өрбитіні анық. Алаштың анасындай болған Сырдарияның суы да жылдан-жылға азайып барады. Былтыр тіпті Қызылорда қаласының тұсында арнаның кеуіп қалғанын көріп, қабырғамыз қайысып еді. Көңілге медеу болары дипломатия саласының қас шебері Қасым-Жомарт Тоқаевтың айнала жұртпен араласа жүріп, осы проблемаларды шешуге бел шеше кіріскендігі болып отыр.
Ендігі аса күрделі сұрақтар Каспий теңізінің тартыла бастауы жайлы болайын деп тұр. Аралдан айырылған Алаш жұрты енді Каспийден көз жазып қалса не болмақ? Өкінішке қарай, қауіпті жағдай жылдан-жылға ұлғайып бара жатыр. Бұл туралы осыдан бірнеше жыл бұрын дабыл қағылған кезде, кейбір мамандар Каспий теңізінің бір уақыттарда арнасынан асып барып, кері қайтатын «мінезі» бар деп түсіндірген еді. Бұған дәлел ретінде, 1977 жылдары едәуір төмендеген теңіз суы, 1995 жылы 3 метрге дейін қайта көтеріліп, бұрын құрғақ жатқан алқапқа дейін жайылып барып әуелгі арнасына қайтқанын еске алған болатын. Алайда мына жағдай мүлде басқаша сипат алып бара жатқандай. Қазір бұл тақырыпқа Каспийді айнала отырған Түркіменстан, Әзербайжан елдері де үн қоса бастады. Себебі Хазар теңізі Баку қаласына алыстап барады. Сондықтан әзербайжандар порттар мен жағалау инфрақұрылымын өзгерту жұмыстарын жүргізе бастаған. Теңіздің тартылуы Түркіменстанның туризм және порт инфрақұрылымына әсер еткенімен, бұл ел қазірше нақты іске кіріскен жоқ. Ал Ресейде гидрологиялық зерттеулер жүріп жатқандығы айтылғанымен, Каспийдің арнасын толтырып отырған Еділ өзенінің суын көптеп жіберуге асығар емес. Оның үстіне соңғы 4 жыл бойы Украинамен болып жатқан қақтығыстың салдарынан бұл тақырыпқа көңіл бөлуге «мұршасы тимей жатқан» сыңайлы. Ал Каспийдің Иранға қараған оңтүстік бөлігі терең болғандықтан, ол жақта тартылу құбылысы қазірше байқалмаған. Дегенмен судың тапшылығынан қатты зардап шегудің қандай екендігін жақсы түсінетін парсылар, Каспий аумағының экологиялық мәселелері бойынша халықаралық келіссөздерге қатысуға дайын екендіктерін үнемі айтып келе жатыр.
Ғалымдар бұл өзгерістің басты себебі ретінде ғаламдық жылыну, Еділден келетін су мөлшерінің азаюы (Каспийге құятын судың 80%-ы осы өзеннен келеді), суды шамадан тыс пайдалану, буланудың көбеюі сынды бірнеше себепті алға тартып отыр. Өкінішке қарай, Каспий жағалауында отырған 5 мемлекеттің барлығы бұл проблеманы мойындағанымен, нақты іске кірісуге асығар емес. Тек Қазақстан тарапы ғана белсенділік танытып, әлемдік деңгейде қарастырылатын экологиялық апат ретінде дабыл қағып келе жатыр. Ғалымдар бұл үрдіс осылай жалғаса берсе, ғасырдың соңына қарай теңіз деңгейі 2-3 метр, тіпті 7-8 метрге дейін төмендеуі мүмкін деген болжам айтып отыр.
Бұл тұрғыдан алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлын Каспий мәселесін жаһандық деңгейде бастама ретінде көтеріп келе жатқан тұлға ретінде атауға болады. Біз төменде Президенттің Каспий мәселесі жайлы бастамаларына қысқаша тоқтала кетуді жөн көрдік.
2025 жылы 1 қыркүйекте «ШЫҰ плюс» саммитінде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев алқалы жиында Каспий туралы үн қатты.
«Бүгінгідей беделді форум аясында өте шетін, дегенмен күрделі мәселеге тоқталғым келеді. Бұл – Каспий теңізінің мүшкіл хәлі. Жағдай экологиялық апатқа ұласуы мүмкін. Аталған проблема ШЫҰ аясындағы ұзақмерзімді консультацияның басым бағытына айналғаны жөн. Осы себепті бүгін Астанада ШЫҰ жанынан Су проблемасын талдау орталығын құру туралы ұсыныс айттым. Таяуда Алматыда БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік орнықты даму орталығы ашылды. Бұл біздің көпжақты дипломатияға бейіл екенімізді көрсетеді. Орайлы сәтті пайдаланып, барлық серіктестерге Өңірлік экологиялық саммитті келесі жылы сәуір айында Астанада өткізу туралы шешім қабылданғанын хабарлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы саммиттен кейін, 2025 жылы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында Каспий мәселесіне арнайы тоқталып өтті.
«Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны жұртты алаңдатып отыр. Тиісті шара қолданбасақ, бұл аса үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкін. Үкімет Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді қолға алуы керек. Оны серіктес мемлекеттермен келісу қажет», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев осыған жалғас 2025 жылғы 24 қыркүйекте, БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясындағы Жалпы дебатта сөйлеген сөзінде Каспий туралы бастама көтерді.
«Қазақстан Арал қасіретінен сабақ алды. Жоспарлы іс-әрекетіміздің арқасында, соның ішінде халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық нәтижесінде теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалдық. Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде еліміз бұл маңызды бағыттағы белсенді жұмысты жалғастырады. Дегенмен Каспий теңізі күннен-күнге тартылып барады. Бұл бір өңірдің ғана проблемасы емес, жаһандық деңгейде дабыл қағатын мәселеге айналды. Сондықтан аймақтағы серіктестерімізді және барша халықаралық қоғамдастықты Каспийдің су қорын сақтау үшін жедел шараларды бірлесе қабылдауға шақырамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақ елі Каспий тақырыбына айырықша мән беріп келе жатыр. Біздің елдің күш салуымен Каспий теңізінің әр мемлекетке тиесілі шекаралары анықталып, ұзақ жылғы келіссөздерден кейін Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылған еді. Ендігі жерде теңізді экологиялық апаттан сақтап, аман алып қалу мәселесі де қазақ елінің еншісіне жазылғандай. Сондықтан Каспий мәселесі Қазақстанның жаһандық бастамаларының бірі ретінде тарихта қалатыны сөзсіз.















