Қазақстан көпвекторлы саясатының бір саласы түркі тілдес мемлекеттермен болған қарым-қатынасынан байқалады. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін егемендіктерін жариялаған Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан елдеріне достық құшағын ашып, олардың егемендігін бірден мойындаған ел- Түркия болғаны белгілі. Сонан бергі уақытта бауырлас мемлекеттердің ортақ күш салуында ортақ тарих, ортақ мүдде біріктіретін бұл елдер бір ұйымның шеңберінде бас қосуды дағдыға айналды.
2009 жылғы 3 қазанда Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының ІХ Саммитінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін құру туралы келісімге қол қойылды.
Қазіргі таңда бұл ұйымның толыққанды мүшесі саналатын елдер Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанболса, Мажарстан бақылаушы ел болып саналады. Ұйымның хатшылығының штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында. Хатшылық Кеңестің саммиттері барысында қабылданған шешімдердің орындалу барысын зерделеу, жоғары деңгейдегі кездесулер мен сарапшылар отырыстарын дайындау және басқа міндеттер жүктелді.
Түркі кеңесінің аясында жыл сайын Мемлекет басшыларының кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Аға лауазымды тұлғалар комитеті, Ақсақалдар кеңесі, сондай-ақ экономика, инвестиция, кеден, көлік, білім, туризм, ақпарат және басқа салалардағы мемлекеттік органдары басшылары мен сарапшыларының кездесулері өткізіледі.
Бұл күнде беделді халықаралық ұйымға айналып келе жатқан Түркі кеңесінің І Саммиті 2011 жылғы 21 қазанда Алматы қаласында «Түркітілдес мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығы» тақырыбында өтті. Сонан бергі уақытта ұйым шеңберінде атқарылған шаралар мен өзара уағдаластық артып келе жатыр.
Қазір Түркі кеңесі аясында Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ), Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА), Халықаралық Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры қатарлы ұйымдар қызмет етіп жатыр.
Бауырлас елдер арасында орнаған осындай ынтымақтастықтың іргесі кеңейіп, экономика, білім беру, туризм, денсаулық сақтау, әскери өнеркәсіп, инвестиция салу қатарлы сан-салалы тарауларға жіктеліп дамып келеді. Бұл өз кезегінде көпвекторлы саясат ұстанатын Қазақстанның сыртқы саясатындағы бір бағыты болып қалыптасып үлгерді. Аталмыш ұйымдардың үйлестіруі нәтижесінде қазірге дейін бірнеше түрлі бірлескен әскери жаттығулар, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің бірлескен жаттығулары өтті. Солардың қатарында 2023 жылы, тамыз айында Қырғызстанның Ыстық Көл аймағында арнайы күштер бөлімдері арасында «Эрдик» атты бірлескен тактикалық-арнайы жаттығулар өтті. Жаттығуда террорлық қауіп-қатерлерге бірлесе отырып қарсы тұру, шекара маңындағы арнайы операцияларды үйлестіру мақсат етілді. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен Қырғызстан екі ел арасынадғы әскери-техникалық ынтымақтастықтың үлгісі болды.
2024 жылы, 9–17 шілде аралығында, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің қатысуымен Маңғыстау облысындағы Оймаша полигоны және Каспий жағалауында «Бірлестік-2024» атты көпжақты командалық-штабтық жаттығулар өтті. Жаттығудың мақсаты: бірлескен басқару жүйелерін сынақтан өткізу, бірге әрекет ету қабілетін арттыру, теңіз жағалауында операция, әуеден-ғарыштан бақылау, десанттық және флот бөлімдерімен жұмыс бағыттарын үйлестіре білу болды. Бұл жаттығулар өз кезігінде түркі елдері мен Орталық Азия елдері арасында әскери үйлесімділікті дамытуға арналған нақты қадамның көрінісі еді.
2024–2025 жылдары, Қазақстан мен Түркия арасында қорғаныс өнеркәсібі, әскери білім беру, бірлескен әскери жаттығулар жөнінде жоспарлар бекітілді. Қазақстан мен Әзербайжан 2004 жылы Астанада әскери ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Онда тәжірибе алмасу, бірлескен жаттығулар өткізу, кадрларды даярлау, ақпарат алмасу бағыттары қамтылды.
Қазақстанның түркі әлемімен экономика саласындағы байланыстары да қарқынды дамып келеді. Ұйымға мүше мемлекеттер өзара ішкі сауда-айналымын арттыруды мақсат етіп отыр. Мысалы, бүгінде ішкі сауда үлесі шамамен 5-7 % деңгейінде болса, болашақта оны ~10 %-ға дейін жеткізу көзделуде. Мұндай ынтымақтастықтар инвестиция салу жағында да жақсы жаңалықтарымен көзге түсуде. Ұйым шеңберінде «Түркі Инвестициялық қоры» құрылып, ортақ жобаларға инвестиция тарту жоспары бар.
Ғылым-білім және технология саласында ортақ бағдарламалар іске асып келеді: мысалы, 2024 жылы өткен саммитте «Түркі тілдес елдердің үлкен тілдік моделі» құруға қатысты Меморандум қабылданды. Білім беру, ғылыми зерттеулер мен инновацияларға бағытталған ынтымақтастық артып келе жатыр.
Қазақстан мен түркі тілдес елдер арасында транспорт-логистика, транзиттік дәліздер, цифрлық экономика арқылы аймақтық интеграцияны тереңдетудің зор мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Ұйымның ұзақ болашағына көз жүгіртер болсақ ортақ тіл, мәдениет аясында білім алмасу бағдарламалары жақсы дамуы мүмкін деп есептейміз. Аладғы уақытта түркі тілдес елдер арасында студенттер алмасу, жалпы ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, тілдік-мәдени ортақ платформалар қалыптастыру ілгерлейтін болады. Болашақта білім беру саласында ортақ стандарттар мен танылған құрылымдар саласынадғы кейбір алшақтықтарды ретке келтірер болса, өзара тану, ортақ сертификаттау, онлайн-платформалар арқылы интеграция күшейуі мүмкін.
Дегенмен түркі елдері арасынадғы ынтымақтастықты дамытуда істелуге тиісті көптеген шаруалар бар. Солардың қатарында экономикалық интеграция деңгейінің баяу дамуын атауға болады. Бұған басты себеп- әр елдің экономикасы, инфрақұрылымы, заңнамалық жүйесі әр түрлі болып кеден, тариф, инвестиция режимдері, логистикалық желілер бірдей болмағандықтан интеграцияға айтарлықтай тосқаулы болып отыр.
PS: Қазақстан қазіргі таңда Түркі кеңесінің белді мүшес іретінде елеулі бастамаларға мұрындық олып отыр. Бұл туралы кейбір саясаттанушылар аймақтағы үлкен державалардың ықпалы, бәсекелестігі- Түркі кеңесіне белгілі деңгейде тоқсауыл болуы мүмкін деген күдіігн жасырмайды. Алайда тәуелсіз қазақ елі- БҰҰ-ның толық мүшесі ретінде ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, ДДҰ, БҰҰ Даму бағдарламасы, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, ДСҰ, Халықаралық валюта қоры секілді көптеген ұйымдардың мүшесі. Онан қалса ЕАЭО, ТМД, ШЫҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымы қатарлы ұйымдардың белді мүшес іәрі құрушысы саналады.
Ерқазы Сейтқали













