Сламхат Сейітхамзаұлы – Қытай Республикасында дүниеге келіп, ұзақ жылдар бойы білім саласында ұстаздық қызмет атқарған қаламгер. Әр жылдары білім беру саласында түрлі қызметтер атқарып, кейін «Іле ағарту» журналының бас редакторы болды. Қазақстан Журналистер одағы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2003 жылы Алматыда өткен халықаралық мүшәйрада екінші орын иеленген. Білім беру, журналистика және шығармашылық салаларында жемісті еңбек етіп келе жатқан Сламхат Сейітхамзаұлының қаламынан ел тарихы, руханият және ұлттық құндылықтар тақырыбындағы еңбектер туындаған.
2017 жылы «Түркі халықтарының әдебиеті мен өнеріне қосқан үлесі үшін» «Алтын медалімен», 2022 жылдың ақпан айының 2-ші жұлдызында Республикалық жанұялық «Игілік» журналының «Құрмет иесі» медалімен, 2022 жылы қазан айының 15-ші жұлдызында Түркі әлемі жазушылар одағының «Тұран тұлпары» медалімен, 2022 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт Министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2022 жылы желтоқсан айының 29 күні Астанада Қазақстан Республикасының құрметті азаматы атағы берілді.
Сламхат Сейітхамзаұлының өлең толғаулары «Дала дабылы», «Алтай аясында», «Бәйшешек» атты ұжымдық жинаққа енген. «Ақ жайқын» атты жыр жинағының авторы. «Алынбаған құн», «Қайтпаған кек», «Байтайлақ» поэмаларының авторы және «Ақ бүрлен» атты өлеңдер мен мақалалар жинағының, «Ақнайза»атты поэмалар толғаулар жинағының, «Әдебиет сыр шертеді», «Топқарағай» кітаптарының авторы. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін, 2024 жылы сәуір айында Қазақстан Республикасының Құрметті жазушысы атағы берілді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. Сламхат Сейтіхамзаұлын 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, шығармашылық шабыт пен толағай табыстар тілейміз!
Алқабек – Атамекенім!
Алқабек – Атамекенім,
Әкемнің басы қалған жер.
Шаранадан шайқап ап,
Бесігіне салған жер.
Құйрығына сонаның,
Қурай шаншып қуған жер.
Жымын іздеп қоянның,
Шылға тұзақ құрған жер.
Тай-құлындай тебісіп,
Асыр салып өскен жер.
Тартып мініп ат жалын,
Құрық сабын кескен жер.
Домбыраны қолға алып,
Қоңырлата шерткен жер,
Қыз қуарда жонданып,
Құрбыма есе кеткен жер.
Алып қашып мүшені,
Көк лағын тартқан жер.
Сауық құрып, сайран сап,
Жарапазан айтқан жер.
Табанымның таңбасы,
Қайранында қалған жер.
Тұнығына телміріп,
Суға қармақ салған жер.
Қалам алып қолыма,
Алғаш өлең жазған жер.
Әріптеспен айтысып,
Орамалын алған жер.
Ауылда қой күзетіп,
Алтыбақан тепкен жер.
Гагар қағып, шыт тастап,
Мойыл жиде терген жер.
Суатқа кеп сарылып,
Қаракөзді тосқан жер.
Саятшыға серік боп,
Қасқыр, түлкі соққан жер.
Жеңешемді зарлатып,
Сүтіне су құйған жер.
Айдынына ойнатып,
Кәусарына жуған жер.
Өміш пенен Серіктей,
Батырларды туған жер.
Сәуітай мен Бәтіштей
Ақындарды туған жер.
Жетімдерге ана боп,
Бауырына басқан жер.
Жесірлерге пана боп,
Құшағын кең ашқан жер.
Қуанғанда құттықтап,
Көңілдене күлген жер.
Мұңайғанда құшақтап,
Маңдайымнан сүйген жер.
Зұлымдарға кектеніп,
Көз жасымды сүрткен жер.
Жігеріме дем беріп,
Мейірімін төккен жер.
Азабымды арқалап,
Бейнетіме күйген жер.
Бар байлығын жайып сап,
Омырауын иген жер.
Төбесіне тентегін,
Тік көтеріп алған жер.
Ел үмітін кеудеге
Арман етіп жаққан жер.
Қаз тұрғызып тәй-тәйлап,
Тұсауымды қиған жер.
Қарай берем өзіңе,
Ыстық неткен туған жер!
Ей, бала,
білмейсің-ау!..
Ей, бала, білмейсің-ау, білмейсің-ау,
Өзіңдей «мәз болып жүр,
күл» дейсің-ау.
«Қашан көрсең қар жауған қабағынан,
Не деген оңбаған!» – деп күндерсің-ау.
Мен сенен басқашамын, жүгім ауыр,
Сырым ғой саған айтқан мұным, бауыр.
Қара суға семірген балалығым,
Қайтейін, өтіп кетті қайран дәуір.
Ей, қарғам, «күл» дейсің-ау,
«күл» дейсің-ау,
Қазірше мұң дегенді білмейсің-ау.
Мен деген семіп барам, кеміп барам,
Сен деген гүлдейсің-ау, гүлдейсің-ау.
Барамын ашық едім, тағы болып,
Барамын қағылез ем, жабы болып.
Білмеймін, бала, миым жете ала ма,
Қалғанын түсінуге ары жорып.
Ей, жаным, «күл» дейсің-ау,
«күл» дейсің-ау,
«Жарқылдап ашық-жарқын жүр»
дейсің-ау.
Күлкім келед, бірақ та күле алмаймын,
Не барын жүрегімде білмейсің-ау.
Көп болды күлкі қашты езуімнен,
Мұндай жан емес едім тегі бір мен.
Мұңы күшті жігітке қайғы – дәрі,
Мұнара тұрғызбақпын өмірімнен.
Жарқыным, «күл» дейсің-ау,
«күл» дейсің-ау,
Ағаңның хал-жағдайын білмейсің-ау.
Қолы жетті бақытқа деп жорисың,
Буланып мансабына жүр дейсің-ау.
Немене, шабармандық мансап па еді,
Көрмеп едім бұл күнді аңсап тегі.
Елдің жоғын жоқтайтын азаматпын,
Түсіне көрме, қарғам, жаңсақ мені.
Жаным-ау, «жайнап жүру керек»
дейсің,
Түнерген мына баста не жоқ дейсің.
Ісің де, күлгенің де – бәрі жалған,
Қорлық қой біреу үшін дедектейсің.
Жырыммен суара алмай сезім гүлін,
Дәптердің парағына төгілді мұң.
Қор болып қуыршақтық мансап үшін,
Селге ақты қайран алтын сегіз жылым.
Әлемнен бар азапты жидырып ап,
Жіберер ме еді біржола күйдіріп-ақ.
Немесе кетер ме едім дүниеден,
Бойыма бар пәлені сыйдырып ап.
Араға сыймай жүрген мінді болып,
Қорықпа, жаным бауыр, бізді көріп.
Кім біледі, қайғыны көтере алмай,
Кете ме ағаң байғұс жынды болып.
Жазбасам құны қанша жырды мына,
Халықтың жоқшысы боп күй-мұңына.
Өйткені халқым жоқшы боп келеді,
Ден қойып менің әрбір қимылыма.
Бауырым, бақытыңа қызығамын,
Мұңаямын ойласам бұзыларын.
Түсінетін миым бар, ризамын,
Рақмет, өмірдің сыйына мың.
Ей, бала, «күл» дейсің-ау,
күле алмаймын,
Күлем десем өзімді құр алдаймын.
Рас-ау, бала күнде күлуші едім,
Шын күлкі, соны есімнен
шығармаймын.
Ол күлкі бақыт еді, шаттық еді,
Жанымды нұрға бөлеп шат қып еді.
Қуаныш отын жағып жүрегімде,
Келгенше он бес жасқа мас қып еді.
Бақытты еске алу да азап екен,
Балалық қайта толмас базар екен.
Өмірге несін келдің азабы көп,
Отырып ап өзімді мазақ етем.
Болса да, болмаса да заманақыр,
Бұл жалған бәрімізден қалады ақыр.
Қарап тұрып қалайша күрсінбейсің,
Тұлпарды ит жетелеп бара жатыр.
Тұлпарды ит жетелеп бара жатыр,
Осы ма болған деген заманақыр?
Болған соң елің бодан, бауырым-ау,
Сен-дағы күле алмайсың, қара да тұр.
Өлең үстеліндегі ойлар
Ештемеде ісім жоқ қазір менің,
Өлең де өзім, ән де өзім, бәрі де өзім.
Қаратпастан жайылған дастарқанға,
Баурап алды еркімді қиял-сезім.
Үнсіз қинап отырмын өзімді-өзім,
Ұшқыр көңіл, шек қояр өзіңе кім?
Шалқымайын қалайша сау тұрғанда,
Ай мен күні басымның екі көзім.
Тапжылмадым қойғандай
шырмап, таңып,
Тізілді ойлар өз орнын ұйқас тауып.
Қалам қиял құсының шыжымындай,
Қондырады үстелге тартып қалып.
Оңай деме, жігіттер, ақын сырын,
Ой саламын бірі боп ақылшының.
Таңдайымда өлеңнің кәусары бар,
Құштар емен соруға ащы шылым.
Қудым, өлең, өзіңді бала жастан,
Мініп асау сезімге ала қашқан.
Өлең ғана сенімді серік болар,
Тіршіліктің жолында жағалассам.
Сәби шақта әндетсе бесігімде,
Өлең – арман ержеткен осы күнде.
Өлең – қыз бен жігіттің жеңешесі,
Өлең-жоқтау айтады өлсек бізге.
Өлең бірге той-думан ауылменен,
Өлең ұран салады дауылменен.
Өлең тербеп қалғытар тау-өзенді,
Өлең жандас найзағай, жауынменен.
Отан-ана – өзегі өлеңімнің,
Жұрт береді бағасын еңбегімнің.
Қимаймын жат ел берсе таудай алтын,
Бір шымшым топырағын өз елімнің.
Өлең, жарық жұлдызсың жымыңдаған,
Сенен үлес ала алмас құрғыр надан.
Шомылайын шабытты шұғылаңа,
Аямастан нұрыңды құйшы маған.
Домбыра, шерт күйіңді, келші жақын,
Сен бозда, мен қояйын күйдің атын.
Күй мен өлең – көңілдің көк орманы,
Самал соқса, желпінер таңға жақын.
Тілегім сол – мазала асықтырып,
Шаттық құйып басыма, бақыт құйып.
Аймалаймын өзіңді, өлең-ару,
Шырт ұйқыда төсектен атып тұрып.
Жарқылдаған қырмызы қыз-келіншек,
Сендер десе, өлең-жыр тым көңілшек.
Бала мінез, кірі жоқ көңілінің,
Ойламаңдар ақынды деп жеңілтек.
Сырлас өлең зауытта жұмысшымен,
Сыйлас өлең малшымен, егіншімен.
Өлең – ақын еншісі бөлінбейтін,
Саудалауға келмейді жең ұшымен.
Қоғам әрбір адамның сын-өткелі,
Сарық қайратын бойыңның жүректегі.
Бейбіт күнді көзіндей қорғап тұрған,
Жауынгерді жаз, өлең, күзеттегі.
Күн сайын шыт жаңа бір бет ашамын,
Алыс жолда жарқылдар болашағым.
Етпе уайым, өлеңді таусылар деп,
Әр ақын жазады өз беташарын.
Ақын деме жақсы өлең жаза алмасам,
Үлесімді өмірден ала алмасам.
Азаматтық басымның намысы үшін,
Жалықпастан инемен құдық қазам.
Еркіндіктен айрылса қуғын жетіп,
Қанын сия, саусағын қалам етіп.
Жазды ақын жырларын бостандықтың,
Көр зынданға көз майын шырақ етіп.
Ерлікпенен осындай таңғаларлық,
Қалдырды өлең қанымен тамға жазып.
Сол өлеңдер шайқалтты жау ордасын,
Сол өлеңде қуат бар таңғажайып.
Мен болмаймын жағымпаз,
бейшара ақын,
Қорқақтықпен қор қылар көздің жасын.
Ел борышын арқалап жазам өлең,
Халық сүйсе домалар өрге тасым.
Күндесе де көре алмай көр кеуделер,
Қолдарынан олардың бар ма келер.
Аулақ, ары оралмай аяғыма,
Өсек сауған арамза, ез делбелер.
Жалдамаймын жанымды мансап үшін,
Жібермеймін ұлтымның ар-намысын.
Қолымдағы қаламды қазақ берді,
Қазаққа тән сондықтан әр табысым.
Мен жазбаймын өлеңді мақтан үшін,
Жазам елдің үмітін ақтау үшін.
Халқым менің – жанымның жазирасы,
Халқым ғана – бақытым, мақтанышым.
Жаз сондықтан өлеңді өткір етіп,
Өңменінен жауыңның кетсін өтіп.
Өзімдей боп сөз қалсын кейінгіге,
Өліп кетсем егер де ажал жетіп.
Жаршысы боп гүлістан заманымның,
Көсілдірем қадамын қаламымның.
Желбірейді биікте арман-жалау,
Міндім ерттеп бестісін талабымның.
Қайратымды, ойымды, жігерімді,
Заман нұры аймалап сүйе білді.
Қажетіне елімнің берем жұлып,
Жұмырықтай жалынды жүрегімді.
Болса-дағы бойымда жалынды үміт,
Білемін-ау керек тым қажырлылық.
Кіп-кішкентай құмырсқа өнегесі,
Алды мені өзіне табындырып.
Әлі отырмын үстелде ойға батып,
Қаламымды қағазға жорғалатып.
Түнеріп кеп ой бұлты жарқылдайды,
Жыр жаңбырын төгердей сорғалатып.
Жылытып жатыр тамақты суып қалған,
Мінезіме сырдесте жарым әбден.
Жаңа ғана терімді сүртіп едім,
Жыр үстелі ым қақты тағы маған.
Жақсылықты жанына етер үміт,
Арман туын, ей, адам, көтер биік.
Сексенінші жылдардың жиегінен,
Келе жатыр жақсы күн көтеріліп.
Қарақалпақ,
Қарақалпақ!
Қарақалпақ, Қарақалпақ,
Тағдыры бір халықпыз.
Сор – қалың,
Кегі – жалын, туысқан.
Тағдыры бір,
Жауды бірге қуысқан.
Сен бажанақ,
Мен қазақ.
Тамыры бір бауырмыз.
Басымыздан мұң кетпеген,
Қасіретті ауылымыз.
Құлдық қамыт көп қажаған,
Екеуіміз де жауырмыз!
Сен жыласаң құм ішінде,
Мен тоғайда өксідім.
Екеуіміз де жұттан қалған,
Көзі едік ескінің!
Асыл едің,
Қияға едің қыранның.
Ұйқасы едің,
Елім-айлап,
Күңіренген ұлы әннің!
Жоғалмадық,
Тоздық!
Бірақ өлмедік.
Жете алмадық,
Амал қанша,
Бабамыздай ер болып.
Жәбір көріп туысқаннан,
Қорлық көрдің бауырдан.
Қорға еліңді,
Намысыңмен айбаттан!
Теңдік сұра,
Бақыт тіле,
Батыр баба,
Аруақтан,
Ұлы дария Амудан!!!
Жайлау мынау...
Тау мынау...
Жайлау мынау,
Дала мынау,
Тау мынау!
Жасаңға аунап бір жадырап қалдым-ау.
Тау дегенің жайнап тұрған жәннат қой,
Жасыл манап, күміс өзен, сал жырау.
Бал қарағай, балауса гүл, ну орман,
Ақын жігіт!
Шабыт шақыр, жыр ойлан.
Тауды есіме,
Келді таудың тағысы.
Тағы болған жақсы екен-ау бір ойдан.
Сұлу мүсін, суретің тым хикмет,
Қатпарында жатыр қандай сыр түнеп.
Қарағайды қалың қолға ұқсаттым,
Жауды қуып бара жатқан дүркіреп.
Тағдыр жомарт пішіп беріп молынан,
Жаратты екен қай шебердің қолынан.
Сенің осы толықсыған тұлғаңды,
Табар екем қай сұлудың бойынан.
Ей, ағайын!
Рахаттан, ән сал да.
Ырымдаймыз, таңғалма да, тамсанба,
Сезіледі туған жерім сияқты
Қазағымның қай тауына барсам да.
Өмір деген күнде жаңа, ойлашы,
Асқақтама болғаныңа онбасы.
Қонақ боп қайт,
Ақыл сатпа бірақ та,
Өтпейді оның бір тиынға тоннасы.
Күн жаңарып, ел жаңарып тұрады,
Өз данасын, өз заманы туады.
Біздің заман,
Тек біздерге лайық,
Келер ұрпақ өз арманын қуады.
Тауға тартқан, тау мінезді адаммын,
Неге құмар, тауға тұман маған мұң.
Адасайын қазақ үшін адассам,
Адаспасам жолды қайтіп табармын.
Жаным інім, сатпа еліңді ақшаға,
Еркіндікті ту қып көтер бақ сана.
Қарғыс оғын уға қосып атқан жөн,
Атақ үшін жолдан тайған патшаға.
Қара жерге шықпастай қып көмген соң,
Нағыз бағаң жазылады өлген соң.
Ажырғыдай азаптайды басыңды,
Біреу саған өз қолымен берген шен.
Қалыспашы қайран халқым, қатардан,
Сезесің бе?
Сел келеді қаһарлан.
Жаны сірі, көңілі ұлпа халықпыз,
Тағдырымыз қара тауға маталған.
Мақтанайын, ата-бабам екен ер,
Ел қарызы азаматпен өтелер.
Таудай үлкен, азапты да бақытты,
Тау секілді халық ғана көтерер!
Ұлылардан туа бермес ұлылық,
Тіршіліктің мәнін зерттеп, сырын ұқ.
Жұртқа таныс, арзан шындық емес пе,
Алтын құмда жататыны тығылып.
Бізді өзгелер байлығы мол ел дейді,
Жеріміз де, көңіліміз де кең мейлі.
Атом бомбы жасау оңай болғанмен,
Тырнақтай жер жасау қолдан келмейді.
Ата-бабам берген жерді еншіге,
Көрінгенге үлестіріп кеңсіме.
Қазақ үшін жаратылған жәннат бұл,
Енді осыны меңгеретін ер тіле.
Қарапайым менің момын халқымды,
Ел өсекке қосып жүр ғой сан қилы.
Жауларыңмен жағаласып келемін,
Асырсам деп қасиетіңді, даңқыңды.
Жылы ұшырап тұратын бұл бет қандай,
Байырғы бір көне таныс дос жандай.
Қайдан көрсең аңқылдаған ақ жарқын,
Қазақ біткен бір қалыпқа соққандай.
Қазақ біткен арманшыл да батагөй,
Кеудесінде теңіз болып жатады ой.
Садаға кет менің сабаз халқымнан,
Таласпаймын менен ассаң аса ғой.
О, Қазағым! Пейілің кең далаңдай,
Кедейлікті мойындама далаң бай.
Шақырып тұр, ерлікке үндеп бірлікке,
Кенесары, Райымбек, Қабанбай!!!














