Қазақ қуыршақ өнері Татарстандағы халықаралық фестивальде таныстырылады

Қазақ қуыршақ өнері Татарстандағы халықаралық фестивальде таныстырылады

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры VI Халықаралық «Шомбай-fest – 2026» қуыршақ театрлары фестивалінің іріктеу кезеңінен өтіп, арнайы жолдамаға ие болды.

Ғасырға жуық тарихқа ие Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры –әлемдік театр кеңістігінде өзіндік орны мен беделін қалыптастырған бірегей өнер ордасы. Театр ұжымы жылдар бойы шығармашылық ізденіс пен кәсіби шеберліктің биік үлгісін танытып, қазақ қуыршақ өнерін халықаралық ареналарда насихаттап келеді. Бай репертуары мен жаңашыл спектакльдерімен көрермен ықыласына бөленген театр Франция, Жапония, Канада, Чехия, Румыния, Түркия, Ресей, Грузия, Болгария, Беларусь, Вьетнам, Молдова, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінде өткен беделді халықаралық фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, арнайы марапаттар мен халықаралық қазылар алқасының жоғары бағасына ие болуда.

 

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры әлемнің үздік өнер ұжымдарынан келіп түскен 60-тан астам өтінімдер арасынан сарапталып, VI Халықаралық «Шомбай-fest – 2026» қуыршақ театрлары фестиваліне жолдама алды. 17-21 маусым аралығында Ресей Федерациясы, Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында өтетін беделді өнер мерекесінде театр ұжымы қазақ халқының бірегей дәстүрлі қуыршақ өнеріне негізделген «Ортеке» спектаклін халықаралық көрермен назарына ұсынады. Спектакльдің авторы әрі режиссері – Григорий Лайко. Тұңғыш рет халықаралық фестивальге қатысатын «Ортеке» спектаклі – қазақ халқының көне музыкалық-қуыршақ өнерінің ерекше үлгісі. Домбыра үнімен билейтін ағаш теке бейнесіне негізделген бұл өнер түрі ғасырлар бойы ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі болып келеді. Спектакльде қазақтың сал-серілік дәстүрі, халық аңыздары мен ұлттық дүниетанымы көркем сахналық шешім арқылы көрініс табады.

«Экият» Татар мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының ұйымдастыруымен өткізіліп келе жатқан «Шомбай-fest» атауы татар халқының ауыз әдебиетінде ерекше орын алатын белгілі фольклорлық кейіпкер – Шомбайдың есімімен байланысты. Халық жадында еңбекқорлығымен және әділдігімен танылған бейне қарапайым халықтың мүддесін қорғай білетін кейіпкер ретінде дәріптеледі. Фестивальдің басты мақсаты – көрермендерді әлемдік қуыршақ өнерінің сан алуан бағыттарымен таныстыру, ұлттық театр мектептері арасындағы мәдени байланысты нығайту және заманауи қуыршақ театрының үздік тәжірибелерін насихаттау. 

2013 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан фестивальге биылғы жылы елімізбен бірге Африка, Серб Республикасынан және Ресейдің әртүрлі аймақтарынан 14 театр ұжымы бақ сынамақ. Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры 18 мамыр сағат 14:00 және 17:00-де  «Экият» Татар мемлекеттік академиялық қуыршақ театры сахнасында  халықаралық театр мамандары мен фестиваль қатысушылары назарына ұсынады.

Ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, қазақ мәдениетін әлемдік сахнада таныстырып жүрген театр ұжымына халықаралық өнер додасында сәттілік тілейміз!

 

17.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25884
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25335
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42740
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38572
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43135