2026 жылдың 28 ақпаны тарихтағы тағы бір соғыстың басталған күні ретінде таңбаланып қалды. Дәл осы күні Израиль мен АҚШ тарапы Иранның әскери нысандарына ауқымды шабуыл жасап, үлкен шығынға батырғандарын жариялап жатты. Еруліге қарулы дегендей, бұл күні Иран әскерилері де қарымта шабуылға көшті. Ираннан атылған зымырандар мен ҰҰА-лар яһуди мемлекетіне қарай бағытталумен қоса Таяу Шығыстағы бірқатар араб елдерінде орналасқан АҚШ-тың әскери базаларына бағытталып жатты.
Иранның қаһарына іліккен елдердің арасында Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Бахрейн, Қатар, Иордания, Сауд Арабиясы, Оман елдері бар еді. Аталған елдердің барлығына ұқсамаған дәрежеде зақым келіп, кісі өлімі тіркелгені анық болды. Осылайша тірлігі қыз-қыз қайнап жатқан БАӘ сынды елдер бірер күннің ішінде қауіптің астында қалды. Ираннан ұшқан жүздеген дрондар мен зымырандардың басым бөлігі көзделген жерге жетпей көзі жойылса да, оның зардабы оңай болған жоқ. Тегераннан таралып жатқан хабарларға талдау жасайтын болсақ, мұндай шабуылдардың әлі де жалғасатын түрі бар.
Ары-бері атысып, әрқайсысының қалаларына ажал сеуіп жатқан тараптардың, таратып жатқан хабарларының барлығына бірден сене кету қиын. Себебі мына дәуір от қарумен қоса ақпараттық соғыстың қатар жүретін заман болғандықтан, шынайылық пен жалған хабарлар да қарша борап жатыр. Оған жасанды интеллектпен жасалған бейнематериалдарды қосыңыз.
Таяу Шығыстың тынышы кетіп, айнала жұрт алаңдаумен күн кешіп жатқан тұста қазақ елінің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы біраз елдің басшыларына телефон соғып, тілектестігін білдіріп шықты. Негізінде осынау араб елдерімен қоса Иран Ислам Республикасымен де тату көрші едік. Өткенде ғана президенті Астанаға келіп, барыс-келісті онан ары тереңдету туралы біраз жұмысқа уағдаласып та қайтқан болатын. Бірақ Қазақстан Президенті Аятолла Хаменей бастаған біраз басшы қаза болған кезде де Пезешкиянға телефон соқпады. Осы күндері Иран елшісі Әли Акбар Джоукар Астанадағы брифингте журналистердің көңіл айту жайлы қойған сұрағына «Қазақстан – біз үшін дос әрі бауырлас ел. Мүмкін, демалыс күндері болғандықтан, Қазақстан билігі хабарлама жіберуге мүмкіндік таппаған шығар», – деп көңілсіздеу жауап бергені де көзі қарақты жұртты екіұдай күйге салып еді. Одан бірер күн өткенде Сыртқы істер министрлігі ресми түрде Иран халқына көңіл айту хатын жариялады. «Соңғы қайғылы оқиғалар салдарынан бейбіт тұрғындардың, оның ішінде балалардың, сондай-ақ Иран Ислам Республикасының жоғары басшылығы өкілдерінің қаза болуына байланысты Иран халқына көңіл айтамыз», – делінген екен ресми хатта.
Таяу Шығыста қақтығыс басталғалы бері «саяси жауырыншылар» да алуан түрлі болжамдарын ортаға салып жатыр. Олардың сөзіне сенсек, «Қазақстанның мұндай салқынқандылығы Иранның ашуына тиеді екен... Бұл жағдай ушыға берсе, іс насырға шауып кетуі бек мүмкін...» – деген сарындағы болжамдар еді. Былайғы жұрттың басын қатыратын әңгімелердің біразын Иранның құзырлы мекемелері де айтып жатыр. Мәселен Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мәлімдеме жасап: «Америкалықтар біздің Shahed үлгісіндегі дронға ұқсас LUCAS атты ұшқышсыз аппарат жасап шығарды. Қазір оны араб елдеріне қарсы қолдануда. Араб мемлекеттері мен Иран арасындағы қатынасты нашарлату үшін араб елдеріндегі азаматтық нысандарға жасалып жатқан шабуылдардың артында Израиль тұр», – деп салды. Ал, Зеленский өздерінің Таяу Шығыс мемлекеттерімен ирандық дрондарға қарсы қорғаныс саласындағы ынтымақтастығын күшейтіп жатқандығын айтқан тұста, Иран парламенті ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы: «Егер Украина тарапы Израильге әскери көмек көрсетуді, соның ішінде дрон жеткізуді жалғастырса, Украина аумағы Иран үшін «заңды әскери нысанаға» айналуы мүмкін», – деп мәлімдеді. Осы тұста Иранның қазірге дейін ұшқышсыз ұшу аппараттарын Ресейге беріп келгендігін ескерсек, Зеленскийдің де мінезін түсінуге болатын сияқты.
Трамптың бірнеше күнде аяқталады деп күткен соғысы тағы да ұзаққа созылып бара жатыр. Алдағы уақытта кімнің кіммен одақтас екендігін анықтайтын сындарлы сәт туатын секілді. Мұндай таңдау жасалар болса, «Ибраһим келісіміне» қол қойған қазақ елінің, қайсы кеменің құйрығын ұстайтыны да түсінікті болса керек. Дегенмен Қазақстан тарапының ресми ұстанымы туралы Мемлекет басшысының төмендегі сөзі күрмеулі түйінді тарқатып бергендей болды.
Референдум қарсаңында журналистермен жолыққан Қасым-Жомарт Тоқаев Tengrinews.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Айсұлтан Құлшымановтің осы мәселе төңірегіндегі сұрағына төмендегіше жауап берді.
«Қазақстан әлемге бейбіт ел ретінде белгілі. Кез келген қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуді жақтаймыз. Бұл – айнымас ұстанымымыз. Таяу Шығыста орын алған жағдайдың түрлі себебі бар. Мен мұны жақында өткен алқалы жиында да айтқанмын. Расында, Шығанақтағы араб елдерінің басшыларымен телефон арқылы сөйлестім, тілектес екенімді жеткіздім. Ал Иран Президенті Масуд Пезешкианның жақында елімізге ресми сапармен келгенін білесіздер. Сол кезде жақсы әсер қалдырды. Ол – зайырлы көзқарастағы адам, өзі кардиохирург. Мен оның Иран Шығанақ елдеріне шабуыл жасамайды деген мәлімдемесін құптадым. Тіпті, ол Иранның атынан кешірім сұрады. Алайда кейін оның мәлімдемесі жоққа шығарылды. Иран араб елдеріне шабуыл жасауды әлі тоқтатқан жоқ. Бұдан Иран Президентінің билікке толық ие емес екені көрінеді. Ол анық. Мен ешкімді айыптамаймын, жай ғана факті ретінде айтып отырмын. Бұл Иран билігінің ерекшелігіне байланысты деп ойлаймын. Бір жағынан діни билік үстемдік етеді. Өйткені Иранда діни билік негізгі бағыт-бағдарды айқындап, шешім қабылдайды. Президент те бар, бірақ ол – формальды мемлекет басшысы, іс жүзінде ықпалды тұлға саналмайды. Жалпы, кез келген елде, соның ішінде Қазақстанда қос билік болмауға тиіс. Кезінде мұндай жүйені біз де бастан өткердік, бірақ баянсыз болды. Төрт жыл бұрын еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төнді. Бұл Қазақстанға да, басқа мемлекеттерге де үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Біз Иран халқына, оның мәдениеті мен тарихына құрметпен қараймыз. Сондықтан өз ұстанымымыздан айныған жоқпыз, әрдайым бейбітсүйгіш ел болып қала береміз», – деді ол.















