Алматы облысы Қонаев қаласының аумағында ағымдағы жылы шілде айының 17-19-ы күндері облыстық Полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, жолын кесу, сондай-ақ құқық бұзуға бейім азаматтарды профилактикалық есепке алып, олармен жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Профилактикалық іс-шара аясында полиция қызметкерлері қолайсыз және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларды аралап, құқықтық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Сонымен қатар бұрын отбасылық жанжалдар бойынша полицияға шағым түскен, спирттік ішімдікке әуестеніп, отбасы тыныштығын бұзған азаматтармен жеке профилактикалық әңгімелер өткізілді. Тұрғындарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құқықтық салдары түсіндіріліп, қажетті құқықтық кеңестер берілді.
Бүгінде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманың күшеюі құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етіп отыр. Соның нәтижесінде құқық бұзушылықтарды жасырмай тіркеу көрсеткіші өсіп, ауыр зардаптарға әкелетін қылмыстардың саны айтарлықтай азайды.
2025-2026 жылдардағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, елімізде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жыл сайын 82 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Полиция органдары 40 мыңнан астам құқық бұзушыны жауапкершілікке тартып, олардың 11 мыңнан астамына әкімшілік қамау жазасы қолданылған.
Сонымен қатар ішкі істер органдары 35 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарып, соттар 9 мыңнан астам азаматтың мінез-құлқына ерекше талаптар белгіледі. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру әрекеттерінің қылмыстық санатқа ауысуына байланысты тұрмыстық сипаттағы қылмыстық істер саны 238 пайызға өсіп, 3 700-ден асты. Бұл көрсеткіш құқық бұзушылықтардың көбейгенін емес, олардың жасырын қалмай, толық тіркеліп, заң аясында қаралып жатқанын көрсетеді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыр қылмыстардың саны едәуір төмендеді. Атап айтқанда, тұрмыстық негіздегі кісі өлтіру деректері 36%, ал денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері 29% азайған.
Сондай-ақ 2025 жылдың қыркүйегінен бастап қылмыстық заңнамаға енгізілген қудалау (сталкинг) бабының аясында 2026 жылдың өзінде 3 мыңнан астам адам профилактикалық есепке алынып, жүздеген қылмыстық іс сот қарауына жолданған.
Қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруда. Республика бойынша жұмыс істейтін 60-тан астам дағдарыс орталығы жәбірленушілерге уақытша баспана ұсынып, психологиялық және құқықтық көмек көрсетуде. Бұл бағыттағы жұмыстардың тиімді жүзеге асуына «Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» Заңының қабылдануы маңызды серпін берді. Аталған заң тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы құқықтық тетіктерді күшейтіп, құқық бұзушылардың жауапкершілігін қатаңдатуға, жәбірленушілердің құқықтары мен қауіпсіздігін жан-жақты қорғауға мүмкіндік жасады. Сонымен қатар заң аясында полиция органдарының алдын алу шараларының ауқымы кеңейіп, қорғау нұсқамаларын қолдану, қауіп-қатердің алдын алу және жәбірленушілерге уақытылы көмек көрсету жұмыстарының тиімділігі артты. Соның нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жасырын қалмай тіркеліп, әрбір құқық бұзушылыққа заң аясында тиісті құқықтық баға берілуде.
Қорытындылай келе, «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, отбасындағы құқықтық мәдениетті арттыруға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады. Бұл жұмыстар «Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» Заңының талаптарымен ұштасып, қоғамда заң үстемдігін нығайтуға, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға және отбасы институтын сақтауға ықпал етеді. Мұндай профилактикалық іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға, қауіпсіз орта қалыптастыруға және азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға елеулі үлес қосады.
Әсем ФАЗЫЛОВА,
Алматы облысы
















