Қауіпсіз қоғам – жүйелі жұмыстың нәтижесі

Қауіпсіз қоғам – жүйелі жұмыстың нәтижесі

Қазіргі кезеңде құқықтық тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағытта прокуратура органдарына ерекше жауапкершілік жүктелген. Осы бағытта Ұлытау облысының прокуратурасы қылмыс деңгейін төмендету, азаматтардың құқықтарын қорғау, экономикалық және әлеуметтік саладағы заңдылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ заманауи қауіп-қатерлердің алдын алу бағытында жүйелі және нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Қолымызға тиген ақпараттарға қарағанда, прокуратура қызметінің тек қадағалау органы ғана емес, өңірдегі құқықтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін негізгі институттардың бірі екенін көрсетіп отыр.

 

Алдын алу – басты басымдық

2025 жылдың қорытындысы бойынша Ұлытау облысында қылмыс деңгейі 3,3%-ға төмендеді. Әсіресе халық үшін аса сезімтал қылмыс түрлері – тонау, бопсалау, ұрлық, кісі өлтіру, бұзақылық және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактілері айтарлықтай азайды. Бұл көрсеткіштер прокуратураның құқық қорғау органдарының жұмысын тиімді үйлестіруі мен қадағалауының нәтижесі болды.

Есепті кезеңде киберқылмысқа қарсы күреске ерекше назар аударылды. Облыс прокуратурасының бастамасымен алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жоспары бекітіліп, байланыс операторларымен бірлесіп, күмәнді қоңырауларды бұғаттау тетіктері енгізілді. Прокуратура жанынан арнайы CALL-орталығы құрылып, трансұлттық алаяқтық схемалары анықталды. Нәтижесінде SIM-бокс құрылғыларының заңсыз қызметі тоқтатылып, алаяқтық жасаған тұлғалар ұсталды, мыңдаған жалған интернет-ресурстар бұғатталды және азаматтарға келтірілген залалды өндіруге нақты көмек көрсетілді.

Өңір үшін өзекті бағыттардың бірі – мал ұрлығының алдын алу болды. Арнайы жол картасы іске асырылып, ұйымдасқан қылмыстық топтар әшкереленді. Сонымен қатар жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында буллинг, нашақорлық және құмар ойындардың алдын алу бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар саны азайды.

Есірткі қылмысына қарсы күрес саласында да ірі нәтижелерге қол жеткізілді. Халықаралық деңгейде әрекет еткен синтетикалық есірткі таратумен айналысқан қылмыстық желі әшкереленіп, ірі көлемдегі криптовалюта бұғатталды, есірткі жеткізу арналары жойылды және ондаған есірткі өткізуші жауапкершілікке тартылды.

 

Прокурорлық қадағалаудың нақты нәтижелері

Әлеуметтік-экономикалық салада прокуратура қызметінің негізгі бағыты – бюджет қаражатының заңды және тиімді жұмсалуын бақылау, мемлекеттік мүлікті қайтару және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру болды.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша заң бұзушылықтар анықталып, миллиардтаған теңгеге мемлекеттік сатып алулардың күші жойылды, мемлекет кірісіне қаражат өндірілді. Сонымен қатар мемлекетке ірі көлемде мүлік, инфрақұрылым нысандары және жер учаскелері қайтарылды. Бұл – мемлекет мүддесін қорғау бағытындағы нақты нәтижелердің бірі.

Алимент өндіру, бюджет кірісін арттыру, инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері де тұрақты бақылауда болды. Прокуратураның сүйемелдеуімен инвестициялық жобалар бойынша әкімшілік кедергілер жойылып, ірі өндірістік және энергетикалық жобаларды іске асыруға мүмкіндік жасалды. Бұл өңір экономикасының дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына тікелей әсер етті.

Экология саласында да қадағалау күшейтіліп, экологиялық төлемдердің бюджетке түсуі қамтамасыз етілді, табиғи ресурстарды заңсыз пайдалану фактілері бойынша қылмыстық істер тіркелді, су қорғау аймақтары белгіленді, заңсыз ағаш кесу фактілері тоқтатылды. Қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар да прокурорлық қадағалаудың маңызды бағытына айналды.

 

Қоғаммен байланыс және цифрлық шешімдер

Қазіргі таңда прокуратура қызметінің тиімділігі тек анықталған заң бұзушылықтармен ғана емес, халықпен кері байланыс, құқықтық түсіндіру және профилактикалық жұмыстардың сапасымен де бағаланады. Осы бағытта «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында жаңа жобалар іске асырылды. Соның бірі – «Құқықтық патруль» жобасы. Бұл жоба халықпен тікелей кездесулер өткізу, құқықтық көмек көрсету және өзекті мәселелерді жедел шешуге бағытталған. Жоба бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихатталуда.

Сонымен қатар «Екінші мүмкіндік – түзелуге бастар жол» жобасы сотталған азаматтарды қоғамға бейімдеу және қайталама қылмыстың алдын алу мақсатында жүзеге асырылып, нәтижесінде қайталама қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеді.

Прокуратура ашықтық қағидатын ұстана отырып, студенттер мен оқытушылар үшін онлайн форматта ашық сот процестерін ұйымдастырды. Бұл жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заңның үстемдігін түсіндіруге бағытталған маңызды қадам болды.

Жалпы алғанда, Ұлытау облысының прокуратурасы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекет мүддесін сақтау және қоғам қауіпсіздігін нығайту бағытында ауқымды әрі нәтижелі жұмыс жүргізді. Ең бастысы – прокуратура қызметінде алдын алу, цифрландыру, ашықтық және қоғаммен серіктестік қағидаттары негізгі басымдыққа айналды. Алдағы кезеңде бұл жұмыстар құқықтық мәдениеті жоғары, қауіпсіз әрі заң үстемдігі орныққан қоғам қалыптастыруға бағытталатын болады.

 

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Ұлытау облысы
26.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24161
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23830
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41302
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37216
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41509