Қазақстан Республикасы Үкіметінің назарына
«Әр үйде бір қария, қария бір дария, суалған соң дария – қаңырайды әр ұя» дейтін халықпыз ғой. Үлкенді сыйлап өскен ел едік, оның қоғамдағы, жанұядағы орыны төр болатын, көрпе-жастығы, не кебісі салулы, құман-шылапшыны дайын тұратын! Оның айтқаны, шешімі кішілерге міндетті болатын. Сондықтан да олар жасы кішіге ешқашан «Сіз» демейтін. Оның «Сен» дегені сөздің әләуетін, күшін, міндеттілігін пайымдайтын-ды. Ал бұл заманда кейбір басқалар көбіне, іштей атайын деп тұрса да, теп-тегін өзара «Сіз» сөзін қолданады. Тіпті ондайлар ішіп отырып біріне «Сен» дей қалса, шатасуға дейін баруы мүмкін. Осындайды жұқтырған Ағайындар да кейде «Сіздің» қасиетін төмендетіп алып жүр деп ойлаймын.
«Әкем менің қолымда емес, мен әкемнің қолындамын»
Негізінде біз бірнеше атаға дейін өзара туыс, бауыр саналатын, Ағайынбыз деп жеті атаға дейін құда да болмайтын еліміз ғой. Ал басқа халықтар «Дед», «Прадед»-терден көп әрі бармайтын сияқты. Одан әрі туыстық тамырлары да үзілетіндей. Ал бізде, белгілі ғалым, жерлесіміз Жардем Кейкин марқұмның жазуынша («Қазақи атаулар мен байламдар», 2000 ж. «Өлке» баспасы) тікілей туыстықтың (кіндік шеше, жезде, бөле, т.б.) 70 түрлі атауы, ал жалпы туыстықтың (бойжеткен, қарт, ене, ақсақал, ұлан т.б.) 40 түрлі атауы бар екен. Әкеден төмен қарай 10 ұрпақтың атауын атайды. Сондықтан, егер нақты қалыптасқан жаңа мемлекеттік идеологиямыз болса, «балық басынан шіритін» заманға душар болмай, сана тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлген болсақ, бабаларымыздың салып кеткен осы бірнеше ғасырға жететін терең де биік құрылымдық ұстанымына кір келтірмей, үлкенді сыйлау, одан тәлім ала білу бағытындағы жұмыстар жолға қойылар еді деп ойлаймын. Әркім өзінің тегін, туысын білуі – бірлікке апарар нағыз тура жол емес пе!
Бірер мысал десек. Бір жылдары жолаушы қону үшін бір ақбоз үйге түседі. Жақсылап демалып, таңертең жолға қамданып сыртқа шықса, оның ер-тұрманы жоқ, ұрланған болады. Не істерін білмеген жолаушы ауыл шетіндегі бір қараша үйде үлкен кісі бар деп есітіп, барып жағдайын айтады. Сонда қария бір баласын жүгіртіп, «бәленшеге айт, қалайда таптыртып берсін, әйтпесе мен оның сәлемін алмаймын» – дейді. Содан хабар күте, шай-суын ішіп шықса, оның аты ерттеулі тұрады. Міне үлкеннің сөзінің қуаты деген де осы болса керек! Және «Сәлемін алмаймынның» қандай салмақты жаза екендігін паш етіп те тұр. Егерде жолаушы полицияға жүгінсе тіпті де бұлай шешіле қоюы нағайбыл. Керісінше, олар «Неге үйге қоймадың, шынында ер-тұрманың болып па еді, куәң бар ма, осында қонғаның рас па?» дегендердің астына алып, түбінде өзін кінәлі жасауы да әбден мүмкiн ғой.
Бір 55-60 қа келген азаматқа «95-тегі әкеңізді өзіңнен кіші балаларына жібермей, өз қолыңызға алып бағып отырғаныңыз өз ұрпағыңызға да, өзгеге де таптырмас үлгі екен» – дегенімізде, ол: «Аға, шыны олай емес, әкем менің қолымда емес қой, қайта мен әкемнің қолындамын» деген асыл сөзі есімде қалған.
Осылайша үлкендерімізді құрметтей отырып, олардың өнегесін жас ұрпақ санасына сіңіру бағытында жасалмақ жұмыстың нақты да ең тиімді бір бөлігі – халықтың тұрғын – жайларында Соғыс және Еңбек Ардагерлерінің, өмірлік тәлімдерін нақты насихаттау үшін олардың аттарын көшелерге, кей нысандарға беру, сол бойдағы кісі жиналатын дүкен, аялдама, демалыс жайлар сияқты нысандарға сол аталған адамның өмір-еңбек жолдарын жазып, мезгіл-мезгіл олар туралы түрлі форматтағы көпшілік шараларын өткізіп тұру (мысалы, оның ұрпақтарымен, не оны білетіндермен түрлі кездесулер, туған күнін атау, т.б.) деп білемін. Сонда тұрғындар, жастар өз көшесінің атын берген тұлғаның қандай адам болғанын нақты білетін болады, сабақ алады. Және бұл сана тәрбиесінің қолға ұстатып, көзге көрінетін шынайы, тиімді түрлерінің бірі ғой. «Мың сіз-бізден бір шыж-быж артық» дегенге сая ма, қалай!
Ал осы мәселемен айналысатын ономастика саласындағы қалыптасқан жағдай Соғыс Ардагерлерінің, белгілі-белгілі азаматтарымыздың атын бергізуге кедергі келтіріп отыр деуге болады. Ең бастысы – Жергілікті комиссияларға Орталықтан «Тарихи Тұлғалар» деп аталатын тізім түсіріп, бұл тізімде жоқ ешкімнің атын көшелерге беруге тыйым салып, оны біздегілердің айтуынша, өздері қатаң бақылауға алулы.
Осы тізімді кім, қайда бекіткенін біз білмейміз, әйтеуір онда бүкіл Атырау аймағынан тек екі-ақ атау енгізілген екен, соның бірі «Нарын» атауы еді. Оны да әуелі «Етке салатын нан» деп, содан кейін «Құмды Өлке» деп қана түсіндіреді. Яғни тізімде аймақтар толық қамтылмай, жергілікті жермен санаспай, сапасыз жасақталған болып тұр. Соңғы кезде ғана, біраз жыл өткесін тізім толықтырылды делінеді, бірақ оның ойдағыдай толыққанды құжатқа айналғанына әбден сене алмаймын. Мен тіпті керісінше айтар едім, жалпы, сол тізімнің өмірге келуі демократияға қайшы саясат, «Жаңа Қазақстан» да емес, орталықтағылардың авторитаризм көрінісі емес пе екен. Себебі қазір елдің бәрі сауатты, көздері ашық, заманға не қажет екенін өздері бағдарлай алады.
Кісі аттарын көшеге беруге неге шектеу қойылды?
Облыс, не аудан орталықтары емес, ауыл-село көшелеріне (негізінен сол жердің ардагерлерінің де) атағын беру мәселесін де тек республикалық деңгейде шешілетін тәртіп бар екен! Мұны қалай атаймыз?
Оның үстіне кісі аттарын беруге шектеу де қойылыпты! Бұл неге байланысты екен? Адам санасына тиер пайдасын одан мүмкін болар «зиянымен» салыстырды ма екен? Сонда нені аяп отырмыз екен! Осындай жағдайларды естігенде, шынында да заманымыз не боп барады деп ойға қалады екенсін. Мындайды негіздеу бағытында қазір идеологиямыздың басым бағыттары да өзгеріп жатыр деген тұжырым көлденең тартылады. Сонда адами қасиетіміз, санамыз қазіргідей аса төмен (дағдарыс десек артық болар) жағдайда тұрғанда (оған дәлел – өз әкесін өлімші етіп сабап, ол жүре алмайтын болғанда арқалаудың орнына, әйелі екеуі сүйреп баратырғаны (Әкесі сол күні дүниеден де озулы), қайырымдылық деп миллиардтап ақша жинап жеке басына ғана жарату, жоғары этаждан өз баласын көшеге лақтыру, сәбиді қоқысқа тастау, әйелін ұрып өлтіру, анасын пышақтап өлтіру, әжесіне пышақ сұғу т.б.) қолға ұстататындай нақты жұмыс түрі аға ұрпақтың өнегесін дәріптеуден тиімді, нақты әдіс кемде-кем емес пе? Әңгіме тек олардың атын үлестіру туралы ғана емес, бастысы сол атақ иелерінің тәлімін дәріптей білуде деп ойлаймын. Атақ беруді шектеу, асылы, тек үлестіруді ғана ойлайтын шенеуніктің пікірі болар. Жоғарыда келтірілген кей оқиғаларды ұжымдарда, жастар арасында, мектептерде талқылаулар ұйымдастырып, лағнет айтып, баспасөзде кеңінен орын берсе дейміз ғой. Себебі Ішкі істер министрлігі тек оның жеке басына ғана шара қолданады, ал біз олар туралы кері резонанс дейтін пікір туғызсақ қой! Сана түзелмей жемқорлық та, алаяқтар да, ұры-қары да, айтуға ауыз бармайтын қатыгездік те, тонау да жойылмайтыны баршаға аян. Әрине, Орталық біліңкірейді, жағдайды пайымдай алады, бірақ сонда да менің түсінбейтінім жергілікті органдарға қажетті билікті әлі күні (35 жыл өтсе де) шектеп, бюрократиялық әдістен әбден айықпай отырғанымыз.
Шүкір, жақында Президент елдегі Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіткен екен. Бүгінгі ең қажет құжат, тек оны жүзеге асыру жолдарын таба білу баршаның міндеті. Әсіресе ондағы «Адал Азамат» қағидаты мен «жалпыұлттық» құндылықтар өте өзекті мәселелерді қамтыған екен.
Ал, жоғарыда айтылған «Нарын» деген қасиетті өлке саналады ғой. Қысы-жазы шөбі шүйгін кең жайлау, тізеден, белден, әрі кеткенде кісі бойы тереңнен шығатын нұрдай тұщы құдықтары жеткілікті. Жазда қоныс аударарда құдықшылар көш жаңа жерге келіп жүк түсіріп жатырғанда кетіп үй тігілгенше қазып тастайтын еді. Боранда, аязда малға ық. Новобогат, Теңіз, Бақсай, Есбол (бұл бүкіл облысымыздың тең жартысы) аудандарының техника дамымаған, адам күші майданда болған заманда елдің күнелткен құтты өңірі еді. Мәселен, қазіргі Исатай аталатын ауданның Нарын өлкесінде 32 ұжымшары болған. Осы колхозшылардың қажырлы еңбегі арқасында облысымыз бойынша осы аудан ғана Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын соғыс жылдары 3 рет жеңіп алған-ды. Сондықтан ол Ту бізге мәңгіге қалдырылған, қазір мұражайда. Одан бөлек Нарын – Исатай мен Махамбеттің, Бөкей мен Жәңгір Хандардың, Құрманғазы мен Динаның, Насихат Жырау мен Мамен, Баламайсаң, не Жаңбырбай, Ерғали, 1956 жылы Республиканың Аға Домбырашысы атанған Ғибатолла күйшілердің, бүгінгі Әзидолла, Сағын, Қаршыға мен күй қағаны Рысбай Қабдиевтің мекені болған, құм арасындағы мектептердегі екі рет Ленин Орденімен (1939, 1949 ж.ж.) марапатталған қарапайым жалғыз ұстаз Наубетов Қамидолланың, КСРО Жоғарғы Кеңесінің соғыстан кейінгі алғашқы сайлауларында бүкіл Атырау аймағымыздан оған депутат болған Нарындағы колхоздардың төрағалары Иманғазиев Штатбай (1946 ж.), Ғұмаров Зулхарнай (1950 ж.) ат іздері, қалған өлке ғой. Мұны еттің нанынан бөлек қастерлеуге жатады емес пе?
Соғыс алды жылдары өұм арасындағы (негізінен Бастауыш) мектептерде еңбек еткен бес бірдей азамат – Хамидолла Наубетов, (қос Ленин Орденді), Үмбет Бисалиев (Ленин Орденді), Қабдел Жұмағазиев, Тілек Садығұлов, Ғилымғали Жанғиров – «Қазақ СССР Еңбек сіңген Мұғалім» атағына ие болған. Бұл да сирек оқиға деуге жатады. Кей өңірлерде аудан бойынша бірер адам ғана бұл атаққа ие болатын.
Қасиетті Нарын топырағынан жаралған ерекше жандар туралы күні кешегі, не тіпті бүгінгі мысалдармен жалғастыра беруге болады. Мәселен, соғыстан кейінгі қиын жылдарда Гурьевте ауыл балалары үшін жатағы бар жағыз қазақ орта мектебін 1953 жылы Ағайынды Мырзағалиевтер Ғибатолла (Алматы қаласын басқарған, министр де болған) мен Ғинаят (Ғалым) қана, келесі 1954 жылы атағы Одаққа әйгілі болған Закаш Камалиденов алтын медальмен бітірсе, 1955 жылы тек Дініш Дияров қана күміс медальмен бітіргені тарихта бар. Кезінде ең – ең үздік талантты деп танылған студентке, кейбір институтқа не университетке ғана МинВУЗ СССР өзі тағайындайтын Сталиндік стипендия дейтін болған және ол тек жалғыз ғана, яғни ол студент бітіргенше басқа екінші студентке берілмейді, Министрліктің өз бақылауындағы шара делінеді. Міне, Оралдың Пушкин атындағы пединститутында бұрын да, кейін де болмаған екі студент қатарынан осы стипендияны иеленген. Екеуі де Гурьевтен, екеуі де Исатай ауданынан, екеуінің де ата-аналары күні кешкеге дейін Нарында жайлаған, екеуі де Нарындағы бастауыш мектептерде әліппе таныған Б.Әбілқасымов (кейін Әбдуәлі Хайдаровтың орынбасарына дейін еңбек еткен белгілі түрколог) пен КСРО мұғалімдерінің бірінші съезіне делегат болған Е.Қаженбаевтар (Ғалымдар) еді. Осы Бабанияз Оралда студент кезінде тіпті Партия қатарына да алынған, 24 жасында Гурьев Обкомы аппаратына жауапты жұмысқа отырады. Мәселен, осылар сынды азаматтарымыздың (қай өңірлерде де, шүкір, баршылық қой) өнегесін жастарға жеткізіп, санасына салсақ, атақтарын дәріптесек оның несі артық! Бұлардың жоғарыдан түсірілген атаулар тізбесіне қандай қайшылығы бар, неліктен үлгі етуге болмайды екен. Дұрысы, меніңше, Орталық түсірген тізімдегі тұлғалардың атақтарын үнемі ардақтап, көше-нысандарға беріп тұру туралы ғана тапсырылса да жарайтын еді.
Сол тұлғалар тізімнің төменгі Ономкомиссияларға «қатаң бақылауда ұсталатын» жүктемесіне сай, Соғыс ардагерлерінің атын көшеге беру үшін бүгін Еңбек ардагерлер сияқты, оның да Соғыста алған Ленин, Даңқ, Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту ордендерінің бірі болуы керек делінеді екен. Аға ұрпақ туралы бізде қалыптасқан заңдылықтар бойынша Соғыс және Еңбек ардагерлерінің мәртебелері әуелден екі бөлек. Мәселен, Соғыс ардагерлеріне, тіпті қайтыс болғандардың жесіріне де бірінші кезекте пәтер беруден бастап, түрлі қомақты жеңілдік-көмектер қарастырылған. Ал Еңбек ардагерлеріне («Ер» атанғандарынан басқасына) тек мүгедек болса ғана, мысалы, сауықтыру орындарына жолдама, т.б. кейбір жеңілдіктер бар. Соған қарамастан және 80 жыл өткеннен кейін Соғыс ардагерлері статусын Еңбек ардагерлеріне теңестіріп және олардың өзін топқа бөліп, біреулері жақсы майдангер болған, яғни көшеге аттарын беруге болады, өзгелері, ордені жоқтар дұрыс соғыспаған деп бағалайтын жағдай қалыптасқан болып тұр. Бақалшағына дейін қаруланып ажал оғын сеуіп тұрған фашистке қарсы ұмтылып, қанын да, жанын да қия арпалыста қаза болған, не өмір бойы мүгедек боп оралғандарды бүгінгі біздердің алалауымыз адами қасиетке де, идеологияға да қайшы деп білемін. Соғыс аяқталғанда Кеңес Үкіметі топқа бөлмей-ақ бүкіл аман қалғандарды (14 млн 900 мың) «За Победу над Германией» медалімен марапаттап еді ғой. 16 млн 100 мың тыл ардагері «За доблестный труд в ВОВ 1941-1945гг.» медаль алған еді.
Алапат соғыс кезінде кімнің қалай соғысқанын әділ бағалай алу қалайша мүмкін болады екен! Бір ғана мысал – соғыс тақырыбын терең зерттеп жүрген жерлесіміз 82 томдық тақырыптық ресми материалдан құрылған кітаптар авторы Ж.Доспановтың мәліметі бойынша Командованиемен аралас-құралас көз алдарында жүрген офицерлерден «Батыр» атағына ұсыныла тұра, басқа жеңіл марапат алған тек атыраулық оншақты майдангерлердің тізімін облыстық газетке жазғанмын. Сонда қатардағы жүздеген-мыңдаған окопта жатқан солдаттар қимылына үнемі дәл қайта баға беру қалай жүзеге аспақ! Мүмкін емес-ау! Сондайдан менің әкем де 1942 ж. еңбекке жарамсыз мүгедек боп елге оралған-ды. Бірақ Харьков облысының Большие Бабки селосы маңындағы бауырластар зиратына оның аты-жөні жазылып, сонда жерленгендер қатарында да бар. Сонда жақсы не нашар соғысқаны емес, қатардағы әскердің қара басы қайда екені туралы да толық ресми дерек болмай тұр ғой. (Әрине, оған өкпе артуға да жатпайды). Жалпы 80 жылдан кейін оларды топқа бөлудің өзі менің түсінігімше сауатсыздықпен пара-пар сияқты.
Бізде жасы жеткендерді емдеп, курортқа жіберіп тұру Үкіметке онша қажет емес екен деп амалсыз ойланасың. Бір-екі мысал келтіре кетуге болады. Бұл жерде оқығанымды, естігенімді емес, өз басымнан өткен жағдайларды айтсам да жетер деймін. Біздейлерді емдеу-сауықтыру орындарына жолдама беру былай тұрсын, тіпті ақшаңа да қабылдамайды екен. Өткен жылдары өздерімен телефон арқылы орын, мезгілі жөнінде келісіп алғасын, оған қажеттінің жан-жағын үйлестіріп енді жолға шығар алдында Павлодардағы «Мойылды» шипажайы 70-тен асқандар бізге қажет емес деп телефонын өшіріп тастаған.
Ал 2025 ж. Алматыдағы «Көктемге» баратын болғанда әуелі сүйемелдеуші болмаса алмайтын болды. Содан соң оны да келістіріп, екі билет алып, екі орын брондау барысында «Сізді жасыңызға байланысты мүлде қабылдамаймыз» деп маңдайды тасқа ұрғандай жасады. Басқа да бұл тақырыпқа сөйлескен жерлер де болды ғой. Бұл кей керағар басшының ойына не келсе – соны істеп отырғаны ма? Сонда Минздрав, не Минсобес мұндайды тәртіпке шақыра алмай тұр ма, әлде өздері солай нұсқау беріп қойған ба? Әлде бұл оларды ойландыратын мәселеге жатпайды ма! Түсініксіз! Жасы ұлғайған Еңбек ардагері бізде саулықтарына қалай шипа жасатады екен?
Осындай көзқарастың тағы бір көрінісі – Денсаулық министрлігі пандемия вакцинасын әубаста жасы 65-ке келгендерге салу керек емес деген принцип орнатқаны баршаға белгілі. Ойлаңызшы, Израиль мен Германия, ОАР Медицинасы Қазақстан Медицинасынан осал деп ешкім айта алмайтын шығар – ал ол елдер пандемияға қарсы вакцинаны әуелі дәрігерлер мен ардагерлерінен бастаған екен. Бұған қоса қайталап вакцина алу бізде 45 күннен, ал аталған елдерде 21 күннен кейін қайталанып тұрған. Сонда бізде қай ілім болғаны! Кейін болса да ол тәртіп еліміз бойынша, әйтеуір, алынып тасталды. Ал сол вакцина мезгілінде салынбағандықтан қанша ардагеріміз сол кезде ковидтан зардап шекті, не өмірден озды екен! Ойлаудың өзі қиын.
Ардагерлеріміздің осы алдыңғы тобы, меніңше, Кеңес заманындағы идеологиямен қалыптасқан, негізінен біреудің ала жібін аттамай өскен адамдар деп білемін, жемқорлық дәуірінен бұрынырақ дәуірлегендер. Бұл қазыналы қарттар халық несібесін талапайлап көрмеген, жер астындағы қазбаларды да шетел асырып, қаражатын түгімен жұтып құныққандар емес. 162-нің сапында болып көрмегендер, турасын айтсақ елімізде сондайлар болатынынан, бар екендігінен тіпті хабарсыздар. Абай аңсаған «Адал Адам», «Толық Азамат» осылар деп білемін. Сонда да бұлардың саулығын жақсартып, өмірде бола тұруына Үкіметіміз, жоғарыда айтылғандай, бізде онша бас ауырытпайтын болғаны ма?
Өз мезгілдерінде бізде дін, тіл, Ассамблея, жастар туралы заңдар қабылданып, олардың ресми мемлекеттік басқармалары өмірге келген еді, ал көптен күткен «Ардагерлер туралы» Заңымыздан (06.05.2020ж.) да осындай жақсылық күткеніміз де рас еді. Болмады. Керісінше екі миллионға жуық Еңбек ардагері жалпы «Ардагер» категориясына бастапқыда ілінбей қалды, заң үдемелі түрде өзінен-өзі азайып жатқан Соғыс және Тыл ардагерлеріне арналған, уақыты шектеулі заң сияқты боп шықты. Әрине заңның жетпестігін жоба кезінде де, кейін де айттық, жаздық, кейбір таныс депутаттармен пікір алыстық, Сенат төрағасына әдейі хат жібердік. Солтүстіктен Ардагерлер кеңесі Төрағасы И.Елеусізовтың да баспасөзде сұхбаты шықты. Басқа да пікір білдіргендер болуы мүмкін. Кейін әйтеуір, Еңбек ардагерлерінің статусы туралы ұсынысымыз түзету ретінде қабылданыпты. Сонда қалаулыларымыз ілкіде аталған заңға жете мән берместен қолдай салғаны ма? Әлде Үкіметіміз заңның жобасын жасағанда Еңбек зейнеткерлерін ескермеген бе?
Осы жерде ойға оралады – ешқашан не адамға, не өндіріске, не қоғамға еш қажеттігі болмаған, қазір де жоқ және қажеттігі болмайтын бұралқы ит пен мысықты жинап бағып отырғандарға да, не оларды залалсыздандыруға деп миллиондап бюджет қаржысы бөлінді деген хабар теледидарда айтылады. Бұл нағыз орынсыз шығын дер едім. Екіншіден, халықтан жиналған қаржының ауызын жемқорларға ашып қоюмен тең деуге жатады. Сондай ақшаларды тетігін ойластырып Еңбек ардагерлерінің саулығына жұмсаса қайтер еді деген ой ғой.
Осындай жағдайдың қалыптасуы, күні бүгін ардагерлерге кездесіп тұратын кей түйткілдер Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан, Таза Қазақстан концепцияларына, тіптен мына талқылауға берілген Ата Заңға жата ма, жоқ, па? Яғни осында айтылған пікірлерді біреу қолдап, бірі-қолдамас, бірақ оқырманға ой салары анық, сөйтіп аға-ұрпаққа қамқорлық кемелдене түсуіне, елімізде ардагер аға ұрпаққа ежелден қалыптасқан сыйластық көзқарас жақсаруына ықпал етсе, мақаланың мақсаты да сол ғой.














