Жақында Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі болып 45 жыл табан аудармастан еңбек еткен Энвер Ризаұлын арнайы қабылдады.
Кездесу барысында шаһар басшысы медицина саласының қоғам өміріндегі айрықша орнына тоқталып, ардагердің ұзақ жылғы еңбегіне жоғары баға берді:
– Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Ел саулығы – мемлекетіміздің ең қастерлі құндылықтарының бірі. Ал сол аманатқа адал қызмет етіп жүрген жандар – нағыз құрметке лайық. Сіз 45 жыл бойы жедел жәрдем қызметінде табан аудармай жүргізуші болып еңбек етіп, талай жанның өміріне араша түсуге мүмкіндік жасадыңыз. Адам өмірі қыл үстінде тұрған сәттерде ақ халатты абзал жандарды межелі жеріне асқан жауапкершілікпен жеткіздіңіз. Сіздің кәсібилігіңіз, сабырлылығыңыз бен адамгершілік қасиеттеріңіз әріптестеріңізге шексіз үлгі. Көп жылғы адал еңбегіңіз үшін зор алғысымды білдіре отырып, сізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін! – деп, зейнеткерге Алғыс хат ұсынып, иығына шапан жапты.
Шара барысында қала әкімі Шәкір Кейкинұлы Энвер Ризаұлын өмірге әкелген анасының 100 жасқа толуына орай құрмет көрсетіп, гүл шоқтары мен сый-сияпат табыстады.
Жиында Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Наргиза Абдрахманова бұл көрсетілген құрметтің тек бір адамға емес, өңірдегі медицина қызметіне берілген жоғары баға екенін атап өтті.
Өз кезегінде Энвер Ризаұлы көрсетілген құрмет үшін шынайы ризашылығын білдіріп, мұнайлы шаһардың өсіп-өркендей беруіне тілектестігін жеткізді.













