Атырау облысында биыл 330 азаматқа қайтарымсыз грант беріледі. Өңірде жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттарға өтінім қабылдау басталады. Бірінші кезеңге құжаттар 24 маусым мен 8 шілде аралығында Business.enbek.kz порталы арқылы электронды түрде қабылданады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлап отыр.
Мемлекеттік гранттар әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған. Грант көлемі 1 млн 730 мың теңгені құрайды. Қаражат қайтарымсыз негізде бір рет беріледі.
Жобаға жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар және мемлекеттік тіркеуден өткеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады.
– Сонымен қатар, үміткерлердің қатарында мүгедектігі бар азаматтар, қандастар, өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар мүшелері, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар болуы тиіс, – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева.
Грантқа үміткерлердің соңғы үш жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту сертификаты болуы қажет.
Конкурстық комиссия бизнес-жобаларды олардың өміршеңдігі, даму әлеуеті, қаржылық негізділігі және жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі бойынша бағалайды.
Грант қаражаты құрал-жабдық, технологиялық жабдықтар, ауылшаруашылығы жануарлары мен құстарын, тұқым мен көшет сатып алуға, сондай-ақ кәсіпкерлікке қажетті ғимараттарды жалға алуға жұмсалады. Былтыр бұл қолдауды 290 адам алған.














