1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан дүмпуін әлем танып білді. Қазақ елінен бастау алған осынау ұлт-азаттық қозғалыс отаршылдық, әкімшілдік тәртіпке қарсы бүкіл Балтық бойы, Кавказ, Шығыс және Еуропа елдерін оятты. Бұл оқиға КСРО-ның бүкіл 70 жылғы өмірінде дүние жүзін дүр сілкінткен, халықтар түрмесінің тігісін сөккен, барлық ұлттардың бодандықтан бостандыққа ұмтылған ұлт-азаттық қозғалысының бастауы болды.
– 1986 жыл, желтоқсан айы. Уақыттың айдауымен сол күндері Алматы қаласында №3 қалалық перзентханада «Неонатология» тақырыбы бойынша дәрігерлердің 2 айлық білім жетілдіру курсын өтіп жатқан кезім еді. АХБК зауыты жағында Жұбанов көшесі бойындағы дәрігерлердің жатақханасында тұрамыз. 16 желтоқсан күні кешкісін Қазақ КСР Орталық Комитетінің мақұлдауымен Г..Колбиннің ел басшылығына тағайындалғанын радиодан естіп-біліп отырғанбыз. Әңгіме ұзын елдің қиырына жетті дегендей, араға көп уақыт салмай-ақ А. Жұбанов көшесі бойындағы біз орналасқан жатақханаға да белгісіз біреулер (жастар) «Волга» көлігімен қаланы аралап, көпшілікті Орталық Комитет шешіміне наразылық білдіруге шақырып, үгіт жүргізіп жүргендері туралы хабар жетті. Осының барлығын ұйымдастырушы «белгісіз біреулер» төрт азамат екенін ол кезде біз қайдан білейік? Ұрыспақ бар жерде тұрыспақ бар, бойды намыс кернеген қызу қанды, жалындаған 27-28-дегі жас жігіттерміз. «Жоқ, мұндай шешуші сәтте бұғып қалғанымыз болмас» деген оймен ертеңіне 17-18 желтоқсан күндері қасымдағы семейлік Сағидолла (ол да бала дәрігері) есімді жігіт екеуіміз Брежнев алаңына бардық. Келсек, алаңда біздің жатақхананың басқа да дәрігерлері жүр екен. Желтоқсан көтерілісін көзіммен көріп, мен де қанды оқиғаға осылай куә болдым. Екі күн бойы болған қанды қырғынды басымыздан өткердік. Қайнаған ортасында жүрдік. Сағидолла екеуіміз бұқпантайлап қашып, бағымызға қарай таяқ жемей қашып құтылдық. Әңгіме біз туралы емес, сол Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушы жігіттер туралы болмақ.
Себепсіз салдар болмайды, кез келген оқиғаның басында қашанда адамдар жүреді. Күні кешеге шейін «ұйымдастырушылары болмады, стихиялы басталды» деп келген 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің басында нақты адамдар болғаны бүгінде ақиқатқа айналды. Бұл дерек кейінгі ізденістердің нәтижесінде анықталып отыр. 16 желтоқсан күні түнімен халықты ертеңгі болатын шеруге жұмылдыру үшін нақты жұмыс жасаған Айтмұрзаев Құрманғазы бастаған Т. Жүргенов атындағы театр-көркемөнер институтының 4 студенті екен. Олар: Бақтыбек Иманқожаев, Аманбай Қаметов, Үсіпхан Сейтімбетов және байғаниндік бауырымыз Қ. Айтмұрзаев. Ашық қарсылық шараларын ұйымдастыру ісіне бас болып Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы театр-көркемөнер институтының студенттері кіріседі. «Шешінген судан тайынбайды» дегендей, ауыр міндетті қолға алғандықтан, бірінші кезекте студенттерден, жұмысшылардан қолдау табамыз деп, Алматыдағы барлық жоғарғы оқу орындары мен жұмысшылар жатақханаларын түгелдей тізіп, ҚазМЕТ университетінен бастау алған жұмыстарымызды түнімен аралап жалғастырдық. Қайда бармайық, пікірлескендеріміздің бәрі біздің ісімізді қоштап, құптап, мақұлдаумен болды. Межелеген жерлерімізді қалдырмай аралап, алға тартқан ұйымдық шараларымызды орындап, шерудің болатынын нық сеніммен сезініп, түн ортасынан ауғанда жатақханамызға келдік... – дейді Құрманғазы өзінің Б. Жақановпен болған әңгімесінде («Өскен өлке тынысы», 68-69 бет).
Желтоқсанның 10 жылдығы қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетінде Мұқай Құлмахановтың «Дәйек пен дерек» атты мақаласы шығып, онда осы төрт студенттің 16 желтоқсан күні түнімен ұйықтамай пленум шешімдеріне наразылық білдірген ұрандар жазып, ертеңгі шеруге даярланғандары туралы жазды. Кезінде мұны Парламент Сенатының депутаты, заң ғылымының кандидаты Сабыр Қасымов та аталған студенттердің 16 желтоқсан түні жұмысшы жатақханаларын аралап, бұқараны орталық алаңға жиналуға шақырған әңгімелер жүргізгенін айтып, растаған болатын (қараңыз: «Кіріптарлыққа қарсы күрес», 17.12.1996, «Егемен Қазақстан»). Төртеудің үгіті өз нәтижесін берді, ертеңіне алаң халыққа лық толды...
– Жігіттердің бұл тірлігін Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ретінде мен де растаймын. Бұл төртеу туралы бір кезде тарихшы-ғалым М. Қозыбаев: «Желтоқсанның 16-сынан 17-сіне қараған түні қаланың 6 оқу орындарының және С. М. Киров атындағы зауыттың 8 жатақханасында театр-көркемөнер институтының студенттері іріткі салу жұмыстарын жүргізді, арандатуға бағытталған ұрандар мен плакаттар дайындап, көшеге алып шықты. Олар жастарды шеру жасауға көндірді» – деп, оларды айыптай сөйлесе де, болған ақиқатты сол күйінде жеткізді (05.12.1996, «Егемен Қазақстан»).
Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі ретінде Қазақ КСР Қылмыстық істер кодексінің 60 және 65 баптары бойынша Құрманғазы төрт жылға бас бостандығынан айырылып, Мордва АССР-не жіберілді. 1989 жылы ақталып шықты. Бұл азаматтар туралы баспасөз беттерінде: «Ұйытқы болған кімдер еді?» (№41, II/X-2001, «Алтын Орда»), «Әрқашан әділет жеңеді» (11.12.1993, «Ақтөбе» газеті), «Ұлым халқы алдында адал» (16.12.1996, «Ақтөбе» газеті), «Біз төртеу болғанбыз» («Алтын Орда», №46, 2001) жазылды. «Алтын ғасыр» газетінің 21.10.2011 жылғы санында Құрманғазының өзі берген «Желтоқсан көтерілісіне саяси баға беруге билік міндетті» деген сұхбаты жарияланды. Осы азаматтардың 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің ұйымдастырушысы болғанын М. Шаханов та әлденеше рет баспасөз беттерінде қайталады.
Міне, біздің тарих. Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырып, осындай қатал тағдырға төтеп берген желтоқсандық күрескер ұл-қыздарымызды бүгінгі ұрпақ, жас буынға қалай үлгі етсек те жараспай ма? Алайда осынша уақыт өткенімен олардың еңбегі еленбеді, жұртшылыққа жете таныстырылмады. Ал олар «мен осындай азаматпын» деп ешкімге тіс жармайды, кеуде соқпайды. Осы салмақты, сабырлы, ең бастысы – ұлтжанды азаматтарымыздың бағасын беруге тиіспіз. Өйткені мұндай ұлт-азаттық тарихымыздың тірі куәгерлері көп емес. Олар Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырды әрі жастарды алаңға бастап барды. Осылайша еліміздің тәуелсіздігін алуына өлшеусіз үлес қосып, сол жолда өрімдей кезінің өзіне қарамастан қан көріп, түрменің адам төзгісіз азабын арқалаған азаматтарды халқымыз білуге тиіс, құрмет көрсетуі қажет. Ендеше, желтоқсандық күрескер ұл-қыздарымыз туралы деректі фильмдер түсіріп, оны жастардың арасында насихаттау – мемлекеттік деңгейдегі «Қазақстанның ұлттық тарихын зерделеу» жобасы аясында жүзеге асатын мың-сан келелі жұмыстардың бірі болар еді. 19 қазан 1989 жылы Құрманғазы Қазақ ССР Жоғарғы Соты Төралқасының қаулысымен ақталды. 1990 жылы үзілген оқуын бітіріп, Павлодар қаласындағы қазақ драма театрына жұмысқа жіберілді. Қазіргі кезде елімізде желтоқсанның 17-сі күні «Демократиялық жаңару күні» болып белгіленді. Бұл – Құрманғазы секілді нақақтан күйген жастарымыздың көз жасының қайтуы, халқымыздың қайсар рухының жеңісі. Біз бүгінде билікті қолына алып, қазақ жерін бөлшектемек болған азулы кеңестік идеологияның құйтырқы саясатына алғаш алдаспан сілтеген 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің бастауында Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы театр-көркемөнер институтының 4 студентінің, оның бірі – жерлесіміз Айтмұрзаев Құрманғазы болғанын мойындауымыз керек. Бұл төрт азаматтың ерлік істері ұлттық намысымыздың табанға тапталмауы үшін, санамыздың үздіксіз жаңғырып отыруы үшін қажет.
Н. ҚОШАМАНҰЛЫ













