Президент кеңесшісі Казталов ауданында болды

Президент   кеңесшісі Казталов ауданында болды

Жуырда ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Батыс Қазақстан облысына қарасты Казталов ауданында болды. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысқан Президент кеңесшісіне ауылшаруашылығы саласы, тұрғын үй инфрақұрылымы, «Қаладан – ауылға» өңірлік бағдарламасының жүзеге асырылуы, «Мен оқыған 30 кітап» жобасы және ауылнайлар институтын жетілдіру жөнінде ақпарат берілді. Негізінен мал шаруашылығы қарқынды дамыған Казталовта бүгінде 168 836 бас ірі қара, 332 932  бас қой-ешкі, 42 755 бас жылқы, 262 бас түйе бар. Аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиевтің мәліметінше,  141 шаруашылық – ірі қара, 47 шаруашылық – қой, 5 шаруашылық – жылқы малын асылдандыру бағытында жұмыстар жүргізіп, асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысуда. 

– Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында соңғы үш жылда 4,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Ал биыл 15 шаруа қожалығы 1775 гектар жерге екпелі шөп егуді жоспарлап отыр, – дейді Рашит Нәсіпқалиұлы. 

Аудан әкімінің орынбасары Айдар Менеев тұрғын үй құрылысы мен «Қаладан – ауылға» бағдарламасының жүзеге асырылу барысына тоқталды. 

– 2023-2025 жылдары ауданымызда 3,3 млрд теңге қаражатқа 33 елді мекенде аумағы 19174 шаршы метрді құрайтын 223 үй салынды. Облыс басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Қаладан – ауылға» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда ауданның 16 елді мекеніне 47 отбасы көшіп келді. 46 отбасы жаңа баспанаға ие болса, бір отбасыға Көпкүтір елді мекенінің тұрғындары ауылдағы бір үйді жөндеп берді. Қазіргі таңда 37 адам – тұрақты, сегізі ақылы қоғамдық және маусымдық жұмысқа орналасты. Үш отбасы мемлекеттік грант алды, – деді А.Менеев. 

«Мен оқыған 30 кітап» жобасы мен ауылнайлар институтын жетілдіру жұмыстары жөнінде аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев баяндады. 

– Аудан әкімінің бастамасымен 2023 жылдан бастап «Мен оқыған 30 кітап» аудандық байқауы өткізіліп келеді. Байқаудың аудандық кезеңіне 132 оқушы қатысса, өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған облыстық кезеңде 15 оқушы бағын сынады. Ағымдағы жылы республикалық деңгейде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Жүлде қоры – 4 250 000 теңге,  – деген аудан әкімі бұдан әрі ауылнайлар институты жайлы мағлұматпен сөзін сабақтады. Айтуынша, 2025 жылы ауданның 31 елді мекенінде ауылнайлар сайланып, ауқымды жұмыстар атқаруда. 

Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп: – Елімізде шекара маңында 65 аудан болса, Казталов – солардың ішінде көш бастап тұрған аудандардың бірі деп білемін. Өйткені, Казталов ауданы – өзінің тарихи орны бар, тарихи тұлғаларды, елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерін түлетіп шығарған мекен. Қазақ елі үшін көзіміздің қарашығындай сақтайтын, Президенттіміздің назарындағы аудандардың бірі деп білерсіздер. Бүгінде аудан орталығын аралап, бірқатар ғимараттарды көрдік. Халықтың жағдайы жақсы екенін аңғаруға болады. Сонымен қатар шаруа қожалықтарының ауданның дамуына қосып отырған үлесі зор. Ауылнайлар институты сынды жобалары да сәтті жүзеге асырылып отыр. Бұның барлығы да осы аудандағы қазыналы қарияларымыздан басталып, бүгінгі жастарға дейінгі буынның бірлігі мен ынтымағының арқасында деп білеміз. Халық мықты болса, еліміз сапалы болса, ала алмас асуымыз бен белесіміз болмайды,  – деді.

Сондай-ақ Президент кеңесшісі аудан тұрғындарымен де кездесіп, еліміздегі саяси реформалар талқыланған жиынға қатысты. Жиын барысында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған конституциялық реформалардың мән-маңызы кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, 15 наурызда өтетін республикалық референдум арқылы ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылданатыны айтылып, жаңа Ата Заң жобасының қоғам талқысына ұсынылып, жарты жыл бойы жан-жақты талқыланғаны атап өтілді. 

Кездесуде ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген азаматтар сөз алып, жүргізіліп жатқан реформалардың ел дамуына ықпалы жөнінде пікір білдірді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтауда аға буынның жауапкершілігі әрдайым жоғары екенін атап өтті. Ол мемлекет жүргізіп отырған жаңғыру бастамалары халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын айтып, барша тұрғындарды елдік мүдде жолында бірлік танытуға шақырды. «Құрмет» орденінің иегері, №2 Казталов аудандық ауруханасының директоры Надежда Васильева ауданның денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары ауданның медициналық инфрақұрылымы айтарлықтай нығайып, жаңа медициналық нысандар салынып, жедел жәрдем көліктері табысталып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. 

Жиын соңында М.Отарбаев елімізде қолға алынған конституциялық реформалардың басты мақсаты әділетті, тиімді әрі халық мүддесіне қызмет ететін мемлекет қалыптастыру екенін атап өтті. Ол өз сөзінде Қазақстанның тұрақты дамуы мен қоғамдық келісімді нығайту жолында әрбір азаматтың белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігі маңызды екенін айтты. 

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

 

12.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24162
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23831
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41303
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37217
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41510