Қазақ даласы – көне түркі халықтарының кіндік қаны тамған киелі мекені. Оның құпиясы мен қасиеті жайлы тарихи жазбалар мен әдебиеттерде талай айтылып өткен болатын. Қазақ халқының Орта Азия халықтарымен байланысы бар екені барлығына мәлім. Дегенмен Қиыр Шығыс пен Солтүстік Американың кейбір байырғы халықтарымен (үндістермен) де генетикалық байланысы бар деген тұжырым да айтылуда. Бұған дәлелдердің бірі – жаңа туылған сәбилердің жамбасындағы дақ-таңбасы.
Алғаш моңғол таңбасы туралы жазбалар манускрипттік қолжазбаларда кездеседі. Атап айтсақ, грек ойшылы, медицина негіздерін қалаушылардың бірі Гиппократтың еңбектерінде жазылған (б.з.б. 460 – б.з.б. 370). Гиппократтың көзқарасы бойынша мұндай таңба жүкті әйелдің құрсағы ұрылған жағдайда пайда болады.
Сондай-ақ, моңғол таңбасы жайлы XVIII ғасырда испаниялық (андалустық) дін қызметкері Гумилла Джозеф (Jozeph Gumilla) зерттеген болатын. Ол Америка елдерінде қызмет атқарған кезде жергілікті халықтарды (үндістерді) зерттеу барысында сәбилердің жамбасында дақ-таңба болатынын байқаған. Кейінірек зерттеу жұмыстарын жалғастырған неміс ғалымдары Эрвин Бальц (Erwin Baelts) және атақты этнолог Отто Финш (Otto Finisch) болды.
Жапон императорының отбасылық емшісі Бунтаро Адахи де (Buntaro Adachi) осы салада зерттеу жұмыстарын жүргізген. Моңғол таңбасы жапон тілінде «Моко» деп аталады. Осы ғалымдардың еңбектерінің нәтижесінде бұл таңбаның еуропа нәсілді халықтарда болмайтындығы анықталды. Генетикалық зерттеу барысында моңғол таңбасымен туылатын халықтардың шыққан түп негізі – Сібір-Алтай және Орта Азия деген болжам бар.
Медицина ғылымының зерттеуі бойынша бұл жаңа туылған сәбидің денесінде байқалған көк немесе қоңыр түсті, ұзынша, сопақша келген дақ-таңба дефект, яғни кемшілік болып қабылданбайды. Бұл қарапайым табиғи болмыс деп саналады. Таңбаның пайда болу орындары тек жамбаста емес, аяқ-қол, мойын, арқа сияқты жерлерде де кездесуі әбден мүмкін. Әсіресе құйымшақта көбірек кездеседі.
Құйымшақ Os sacrum (лат.) – қасиетті, асыл сүйек деген мағынаны білдіреді. Адамның бүкіл генетикалық және тұқымдық сыр-құпиясы осы асыл сүйекте орын алған. Заманауи тілмен айтқанда, адамның бүкіл кодтары түйінделген орын. Сәбидің денесінде байқалған көкшіл, жасылшаң, қоңыр дақтарды емдеу немесе ота жасатып, алдырып тастауға еш қажеті жоқ. Баланың мойыны қатайып, екі-үш ай немесе бес айға келген кезде кетеді. Ежелгі заманнан-ақ адамзат бел-омыртқасына ерекше мән беріп, сақтықпен қараған.
Невус (Naevus, лат.) – мең, таңба, белгі деген мағынаны білдіреді. Невус пигменттерінің (моңғол таңбасының) арнайы классификациясы болмайды. Медицина ғылымында адамның терісін екі қабатқа бөледі. Оның терминдік атаулары:
Эпидермис – терінің сыртқы қабаты
Дерма – терінің астыңғы қабаты
Эпидермисте терінің рең-түсіне септігін тигізетін клеткаларды «меланиндер» деп атайды. Ол түрлі түске себепші болуы мүмкін. Мысалы, дақтың қоңыр, жасылшаң, көкшіл, қара болуының себебі осыдан-ақ білуге болады. Бұның бәрі генетикалық үрдіс болып саналады. Моңғол таңбасы гендерлік сипатқа ие емес. Таңба ұл балалармен қатар қыз балаларда да болады.
МОҢҒОЛ ТАҢБАСЫНЫҢ АТАЛУ ТАРИХЫ
Бабаларымыз сәбидің дүниеге келуіне, денсаулығына және өсуіне, жалпы жаңа туылған сәбидің бойындағы көзге түсетін ерекшеліктеріне қатты мән берген. Мысалы, қал, мең сияқты көзге түсетін ерекшеліктері бар балаға «Қалды» немесе «Меңді» деген қоспа есімдер қойған.
Жалпы жаңа туылған сәбидің жамбасында байқалған көкшіл түсті белгіні моңғол таңбасы деп атаудың себебі – моңғол тектес халықтарда басым болуында. Бұл белгі моңғолдармен қатар Азия елдерінің көптеген халықтарына да тән.
Қазақ халқында моңғол таңбасы жайлы біраз аңыз-әңгімелер бар. Сол аңыздың бірінде, Алтын Орда заманында таңбамен туылған сәбилер Шыңғыс ханның мықты салт атты жауынгерлері болады деп саналған екен. Моңғолдарда бұл «Шыңғыс хан таңбасы» деп аталып кеткен. Осындай таңбасы бар балаларды моңғолдардың ұрпағы деп санаған екен.
Сонымен қатар, көшпелі халықтар өмірдің жартысын аттың үстінде өткізетіндіктен, сәбидің таңбасы ана құрсағында қалыптасады деген пайымдаулар болған.
Қиыр Шығыс елдерінде бұл таңбаны «Будда соққысы» деп атайды. Ал байырғы Сібір халықтары оны «Ұмай ана қаққан» деп келтіреді. Олар киелі белгіні «мәңга» деп атаған. Орта Азия халықтары таңбаны періште сипаған десе, қазақ халқы періште сүйіншілеген деп ырымдаған.
ПАЙҒАМБАРЛАР ТАРИХЫНАН
(Нұһ пайғамбар оқиғасы)
Атамыз Адам ғәлаһи-уәссаламнан кейінгі екінші Адам деп аталып кеткен пайғамбар – Нұһ ғәлейһи-уәссалам. Жер бетін топан-су басқанда ол үш баласы және әлемдегі жан-жануарларды жұбымен кемеге алып аман қалады. Сондағы үш ұлының есімдері: Сам, Хам, Яфас.
Самнан Еуропа, араб, парсы халықтары, яһудилер мен үнділер таралады.
Хамнан африкалық қара нәсілділер таралса,
Яфастан азиялықтар және түркілер тарайды.
Яфастан таралған ұрпақтарға жапон, корей, айны, қытай, тай, Камбоджа, Вьетнам, Солтүстік Американың байырғы халқы, Полинезия, моңғол, тибет, алеут, Индонезия, эскимос, якут, инуиттер, Тува, татар, шор, қалмақ, башқұрт, сібір-алтай халықтары, хаккас, қырғыз, қазақ, қарақалпақ, өзбек, түркімен, ұйғыр, түрік, әзербайжан, ноғай, хазар, карайм, духан, салар, сары ұйғырлар, ноғайбак, айны және т.б. жатады.
Яғни, Яфастан моңғол таңбасы бар халықтар таралған екен.
Азат ФАЗЕЛЬЖАНОВ















