Павлодарда «Бес әлеуметтік кесел және оның алдын алу жолдары» тақырыбында республикалық тәжірибе алмасу семинары өтті. Әлеуметтік және тәрбиелік маңызы бар шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Аналар кеңесі» салауатты сана жобасы аясында ұйымдастырды. Семинардың басты мақсаты – қоғамдағы бес зиянды істің болашаққа тигізер қасіретін жастардың санасына ақ жаулықты әжелердің ақылымен, аналардың сөзімен жеткізу.
Сонымен, бес кесел дегеніміз не деген сұрақ алдымен туындауы мүмкін. Олардың қатарына нашақорлық, лудомания, алаяқтық, суицид, ысырапшылдық сынды адам өміріне зиянды бес жаман әдет жатады. Алғашқы жиын Павлодар қаласындағы 5512 әскер бөлімшесінде ұйымдастырылып, олардың өз аналарына деген сағынышты сәлемін жеткізіп жатты. Шараның шымылдығын «Аналар кеңесі» мен «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бақытжамал Максилова бастап, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген азаматтарға арналған ақыл-кеңесін айтты.

– Абай атамыз: «Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» деген өсиет айтып кеткен. Сол секілді біз де сіздерге бүгінгі қоғамда адам баласына тез жабысатын бес кеселден аулақ болыңдар деген кеңес айтамыз. Аналар кеңесінің алдағы мақсаты сарбаздармен тұрақты қарым-қатынаста болу. Біздің ұйымда Шын Светлана осы салаға жетекшілік етеді және тұрақты байланыс орнатқан. Олардың аналарымен де үнемі байланысып отырады. Егер сарбаздарға қатысты қандай бір оқиға орын алса бірден хабарлайды және жауапты офицерлерге шығып, мәселенің мән-жайын біліп отырамыз, – дейді Бақытжамал Шаханқызы.
Павлодар облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Ирина Темірғалиева есірткі қылмысына қатысты статистикамен бөлісіп, оның соңында қандай жаза күтіп тұрғанын ескертті.
Сонымен қатар, осы жиынға кезінде есірткіге тәуелді болып, бүкіл өмірін құрдымға жіберген азамат та қатысып, өзінің басынан өткен оқиғаларын айтып берді.
– Менің ата-анам менен үлкен үміт күтті. Бірақ, мен олардың сол үміттерін ақтай алмадым. Білместікпен нашақорлыққа тәуелді болып, бүкіл өмірім өзгерді. Ол осыдан 35 жыл бұрын басталған еді. Бірақ, соның зардабын әлі күнге дейін тартып келемін. Мен есірткі пайдаланған кезде талай рет өлім аузынан қалдым. Осы ретте, жастарға есірткіден алыс болуға шақырамын. Оның көптеген зияны бар. Біріншіден, бүкіл дүние-мүлкінен айырылады. Екіншіден, денсаулығыңды жоғалтасың. Үшіншіден, адамның ар-ұятына нұқсан келсе, төртінші өміріңе үлкен қауіп төндіріп, бір сәтте жарық дүниемен қош айтысуың мүмкін. Міне, мен осындай қиындықтың бәрімен бетпе-бет келген адаммын. Сондықтан, тек алдарыңызға қойған мақсатқа жету жолында еңбек етіңіздер, салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортпен шұғылданыңыздар, – деді ол.

Сонымен қатар, семинарға Қарағанды облыстық «Аналар кеңесінің» төрағасы, облыстық отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, «ENACTUS» халықаралық студенттік кәсіпкерлік жобасының директорлар кеңесінің мүшесі Айжан Қиясова, Шығыс Қазақстан облысы «Аналар кеңесінің» төрағасы, ШҚО білім басқармасы «Үміт» балалар үйінің директоры Мария Бейсекенова, Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» директоры Гүлнәр Нұржанова қатысып, өздерінің баяндамаларын жасады. Одан кейін Республикалық ғылыми-тәжірибелік психикалық денсаулық орталығының клиникалық психологы Рябоконь Гүлайым және орталық волонтерлері қатысуымен есірткіге байланысты қылмыс бойынша тренинг ұйымдастырылды.
Осы тақырыптағы іс-шаралар тағы бірнеше мекемеде өтті. Атап айтар болсақ, облыс орталығындағы «Достық үйінде» аймақ жастарымен кездессе, балалар үйіне барып, мекеме тәрбиеленушілеріне семинар өткізді. Осы ауқымды семинардың нәтижесінде Павлодардағы АХАТ жанынан «Аналар кеңесінің» кабинеті ашылады деген жақсы жаңалық тарады. Оны «Аналар кеңесінің» және «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бақытжамал Максилова хабарлады.
Оның айтуынша, аналар қауымдастығы жаңа кабинетте жас отбасыларға, сондай-ақ ажырасу алдында тұрған немесе кеңеске мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.
– «Аналар кеңесі» кабинеті отбасылармен әңгімелесіп, жүйелі жұмыс жүргізу үшін қажет. Егер бұл бастаманы жүзеге асырсақ, ажырасу саны азаяды. Балалар қолайлы ортада өседі, бақытты отбасылар көбейеді, немере мен шөбере сүйеміз. Бұл – қоғамды жақсартуға жасалған тағы бір қадам. Біз кезекшілік ұйымдастырып, тұрақты түрде жұмыс істейміз. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында бізде қазірдің өзінде үш кабинет бар, алдағы уақытта тағы да ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Бақытжамал Максилова.
Тілеуберді САХАБА















