Отаншылдық – әр адамның туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген сүйіспеншілігі мен құрметінен басталады. Яғни отаншылдықтың қайнар көзі адамгершілік қасиеттер, іргетасы – ұлтжандылық. Өзінің ұлтын жақсы көріп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын азаматта отаншылдық сезім қалыптасады. Отанға деген сүйіспеншілік тек сөзбен емес, қоғамдағы әр азаматтың ел игілігі жолындағы адал еңбегімен көрінеді.
Патриот болу үшін өз тарихын, ата-бабаларының ісін, салт-дәстүрін ұлықтап, құрметтеу қажет. Қазақ қоғамының рухани құндылықтарының бірі- патриотизм туралы түсінік. Қазақ патриоттық идеясының жоғары гуманистік, рухани және мәдени негіздерге бағытталуы ол патриотизмінің өзіндік ерекшеліктері болып саналады. Осыдан біз Қазақстан азаматтарын жаңғыртудың жалпы жүйесіндегі патриоттық тәрбиенің басымдығын аңғарамыз.
Отанды сүю – қасиетті сезім. Отанға деген сүйіспеншілік бұл байланысты нығайтып, күшейтеді. Қайда жүрсе де адамға қуат беретін әр азаматтың туып-өскен атамекені. Нағыз патриот деп кімді айта аламыз? Ол Отанын қорғау жолында тіпті туған жерінен қудаланған болса да осы жанкешті ерлігін халық үшін, ел тағдыры үшін жасағанын түсініп, еш өкінбейді. Себебі нағыз отансүйгіш адамды қандай да болсын бір қиын жағдаймен сағын сындыра алмайсыз. Сол себепті ертеректе қиын-қыстау кезеңде ерді елден жер аударып аластау - ең ауыр жазалардың бірі болып саналатын. Бұл өлім жазасымен тең болатын. Отанға деген сүйіспеншіліктің табиғаты басқалар сияқты жұмбақ. Адам аяқ астынан патриот бола қалмайды, Отанға деген сүйіспеншіліктің мәні тереңде жатыр, ол жылдар бойы өмір тәжірибесі арқылы қалыптасады.
Патриотизм адам санасында біртіндеп бекиді. Ал патриоттық сана әуелі отбасы мен мектептен бастап, сондай-ақ халықтың дәстүрлері және бүкіл өмір салты, қоғамның күш-жігерімен қалыптасады. Адамның күнделікті өмірі, оның ішінде экономикалық жағдайы патриоттық сезімдердің түзілуіне ерекше рөл атқарады. Отанға деген адалдығын танытудың кілті - мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясаты мен қоғамның патриоттық сезімі болып табылады. Егер азаматтар білім алып, мәдениетін, денсаулығын сақтап, қоғамда өзін дұрыс дамытып, отбасында береке-бірлікте өмір сүрсе, онда олар туған жері, атамекенін сүйіп, отансүйгіштік сезімінің күшеюі сөзсіз.














