Тбилисиде оқып жүргенде Грузияның екінші президенті Эдуард Шеварнадземен сұхбат жасағаным еске түсті. Ол Грузияда «Ана тілі күні» қалай пайда болғанын айтқан.
Совет одағы кезінде орыс тілі жаппай «ұлтаралық қатынас тілі» ретінде дәріптеліп, «мемлекеттік тіл» ұғымы болған жоқ. Тек Грузия, Әзербайжан, Арменияда ана тілдері 1920 жылдан өз елдерінде мемлекеттік тіл саналатын.
Алайда, 1978 жылы КСРО Конституциясының жаңа жобасы ұсынылып, Мәскеу кавказдық тілдерді де бір «сілкіп», қатарға қосқылары келеді. Яғни, жаңа конституциялық нормаға сай грузин тілі де мемлекеттік тіл мәртебесінен айырылмақ.
Бұл уақытта Шеварнадзе – Грузия бірінші басшысы (КП ОК 1-ші хатшысы). Кремльмен грузин тілі мәртебесін сақтап қалу бойынша келіссөздері еш нәтиже бермейді. Тбилисиге салы суға кетіп, оралады. Елде тіл үшін күрес басталатындығына сенімді еді. Расында да, көп ұзамай, зиялы қауым, ең алдымен грузин жазушылары наразылық білдіріп, жобаны қатты сынға ала бастайды.
Ақыры жаңа Конституцияға дауыс беретін, оның ішінде грузин тілі мәртебесі қаралатын Жоғарғы кеңес отырысы өтеді.
– Тіл мәселесін күн тәртібінің ең соңына қойдым. Қандай реакция болатындығын ішім сезеді. Маған ең жақын отырған орынбасарым Геннадий Колбин келіп түскен хаттарды жолдап отырды. Алғашқы қағаз: «Жастар университеттен осы жаққа бет алды». Екіншісі: «Профессорлар наразы», үшіншісі: «Студенттер Опера театрына жақындады», төртінші қағаз түскен жоқ. Сырттан жұрттың «Дедаена!» («Ана тілі!») деген жан айқайы келіп жетті...
Мен баяндамамның соңында: «Конституция жобасында грузин тілінің мәртебесі жойылып кетті», – дедім. Зал тым-тырыс. Сосын: «Грузин тілінің мәртебесін сақтауды ұсынамын!» – деп сөзімді аяқтадым. Барлығы гу етіп, ду қол шапалақтады. Көзіне жас алмаған адам қалмады. Осылай 15 минут жалғасты, – деді Шеварнадзе. Ол сөзін аяқтаған соң даладағы митингке шыққан мыңдаған адамдарға қосылады.
– Көшеге шықтым да: «Ағайындар, мемлекеттік тіл – грузин тілі!» дедім. Қалың жұрт менімен ере жүрді. Ақыры біртіндеп ел тарқады. Мен қайта Парламент ғимаратына келсем, айнала – қаптаған танкілер. Мен таңғалдым. Маған «Танкілерді үкіметті қорғау үшін алдырды» деп жеткізді...
Сөйтіп, грузин тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі сақталды. Осыдан кейін Армения да тіл мәртебесін қалпына келтірді. Әзербайжан тілі де мемлекеттік мәртебесін сақтап қалды. «Ал қалған Кеңес елдеріндегі ана тіліне қатысты жағдай өздеріңізге мәлім», – деп әңгімесін аяқтаған қарт саясаткер.
Кейбір деректер бойынша, Шеварнадзе сол кездегі КСРО Бас хатшысы Леонид Брежневті телефон арқылы грузин тілінің мәртебесін сақтауға көндірген. Енді біреулер Совет истеблишменті «ақ түлкі» атап кеткен саясаткер шын мәнісінде өзі ана тілі үшін митингіге шыққандар жағында болған деседі.
Қалай болған да, грузин тіліне де, төл жазуына да содан бері ешқандай қауіп төнбеді. Грузияда қазір ана тілін білмейтіндер мүлдем жоқ.
Ал 1990 жылдан бері олар 14 сәуірде Ана тілі күнін атап өтеді. Бұл ана тілі ұлттың билігі мен азаматтарын біріктіретін сакральды күш екенін дәделдеген 78-ші жылғы оқиға құрметіне белгіленген.
PS: Кеше халықаралық ана тілі күні екен. Соңғы кезде халқымыз жүрекжарды, өткір пікірлерімен біздің ана тіліміз – қазақ тілі екенін жиі-жиі көтеріп жүр. Күндердің күнінде барша жұрт қазақ тілінде сөйлесе деген арман әрқайсымыздың жүрегімізде бар. Сол асыл армандарымыз орындалса, кәнеки!
Айжан КӨШКЕН
Фото: Э.Шеварнадзенің Тбилисидегі үйінде, 2008













