Орал теміржол вокзалы толықтай жаңартылды

Орал теміржол вокзалы  толықтай жаңартылды

Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласындағы күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалы сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен Орал қаласының әкімі Мұрат Бәйменов және теміржол саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Мемлекет басшысының көлік-логистикалық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес өткен жылы Батыс Қазақстанда төрт теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары басталған еді. Яғни, Тасқала ауданындағы ғасырдан астам уақыт тарихы бар  Семиглавый Мар станциясы мен әбден тозығы жеткен Шыңғырлау вокзалы толықтай жаңадан салынса, Орал мен Ақсай қалаларындағы теміржол вокзалдары күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті қазынадан қаражат қарастырылды. 

Нысанның ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев теміржолшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңір жұртшылығының да қуанышына ортақтасты. Аймақ басшысы өз сөзінде Президенттің еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысымен өңірдегі төрт теміржол вокзалын қайта жаңарту жұмыстары сәтті жүзеге асырылғанын атап өтті.

 – Орал теміржол вокзалының іргетасы 1983 жылы қаланған. Осы жылдар ішінде вокзал ғимараты әбден тозды. Енді, міне, аталған нысан жаңа кейіпке еніп отыр. Мұнда заманауи күту залдары жасақталып, жаңа ақпараттық және навигациялық жүйелер іске қосылды. Вокзалдағы барлық инженерлік инфрақұрылым желілері толықтай жаңартылды. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен ғимаратқа іргелес аумақ ретке келтіріліп, жаңа жол жабыны мен төсемтастар төселді. Ағаш көшеттері де отырғызылды. Вокзал ішінде ана мен бала бөлмесі, меймандарға арналған қонақ үй бар. Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін де барлық қажетті жағдайлар жасалған. Сән-салтанаты келіскен ғимарат құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтаған мердігер компания ұжымына облыс жұртшылығы атынан ризашылығымды білдіремін, – деді Нариман Төреғалиұлы. 

Салтанатты жиын барысында нысанды жаңғырту жұмысына белсене қатысқан азаматтар Алғыс хаттармен марапатталды. 

Жолаушыларға жайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуге бағытталған теміржол вокзалының тарихи келбетіне нұқсан келместен, жаңа талапқа сәйкес жаңғыртылған. Нысанның жалпы аумағы кеңейтіліп, жаңа конкорстық өткел салынған. Жолаушыларға арналған жайлы күту залдары, эскалаторлар мен жеделсатылар орнатылған. Жаңа вокзалда жолаушылардың қауіпсіздігі мен оларға қолайлы мүмкіндіктер барынша қарастырылған. Осылайша вокзалдың қызмет көрсету сапасы едәуір жақсарған. 

Орал теміржол вокзалы арқылы алты жолаушылар пойызы өтеді. Оның біреуі – халықаралық, үшеуі – облысаралық бағытта қатынайды. Тағы 2 облысішілік тұрақты жолаушылар тасымалы жүзеге асырылады. Жалпы жыл басынан бері теміржолмен 270 мың жолаушы сапарлап, 2,8 млн тонна жүк тасымалданыпты.

Теміржол вокзалы басшылығының айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары облыс әкімінің жіті бақылауында болған. Нәтижесінде күрделі жөндеуді жүргізген мердігер компания өз жұмысын уақытында сапалы орындаған. Өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға серпін беретін бұл жұмыстар оралдықтардың да көңілінен шықты. 

– Жасыл қаламыздағы теміржол вокзалының қызметін тұрақты түрде пайдаланушылардың бірімін. Вокзалдың жаңарғаны бірден көзге түседі. Іші кең, жарық әрі таза. Жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Мұндай өзгерістер қаламыздың көркін арттырып, облысымыздың дамуына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын, – дейді Орал қаласының тұрғыны Анар Нұрғалиева. 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

 

06.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бұл құрылтайда кәсібилік  болмаса, бәрі бекер...
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 06.08.2026 149
Талғарда   тоғызқұмалақтың   үздіктері анықталды
Ә.ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы - 06.08.2026 104
Маңызды жобалар басталды
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 06.08.2026 106

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26759
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26188
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43581
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39362
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43983