Өткен жылы Атырау облыстық онкологиялық диспансеріне 20 заманауи медициналық жабдық сатып алынды. Жаңа аппараттар онкологиялық ауруларды дәл анықтап, күрделі операцияларды жоғары дәлдікпен жүргізуге мүмкіндік бермек.
Атап айтқанда, ісіктің қатерлі немесе қатерсіз екенін анықтауға көмектесетін иммуногистохимиялық зерттеу аппараты, Karl Storz компаниясының урологиялық, гинекологиялық және абдоминалдық лапароскопиялық қондырғылары сатып алынды. Мұндай жабдықтардың көмегімен операциялар үлкен тіліксіз жасалады. Диспансер мамандарының айтуынша, былтыр скринингтік тексерулер жүргізуге арналған қосымша медициналық жабдықтар да сатып алынған.
Өткен жылы өңірде онкологиялық ауруларды бастапқы (0-I) сатысында анықтау көрсеткіші 29,4 пайызды құрап, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 19,5 пайызға жоғары болды.
– Қазір бірінші сатыдағы қатерлі ісікті толық емдеуге барлық мүмкіндік бар. Бұл мемлекет үшін де экономикалық тұрғыдан тиімді, себебі науқасқа қымбат химиотерапия немесе сәулелік терапия қажет болмайды. Ал үшінші-төртінші сатыларында емдеу әлдеқайда қымбатқа түседі және өкінішке қарай, ауру кеш анықталған жағдайда кейде науқасқа көмектесу мүмкін болмай қалады, – дейді облыстық онкологиялық диспансердің басшысы Эльмира Сапарова. Оның айтуынша, соңғы жылдары Атырау облысында онкологиялық ауруларды анықтау көрсеткіші артып келеді. Сонымен қатар ерте диагностиканың үлесі өсіп, өлім-жітім деңгейі төмендеп жатыр. Бүгінде ЭРОБ электронды жүйесінде диспансерлік есепте 5801 науқас тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7,7 пайызға көп.













