Абай облысында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Бұл мәселе облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте қаралды. Жиында тұрғын үй және әлеуметтік нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы, жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу және өңірдің қала құрылысы жобаларын іске асыру мәселелері талқыланды.
Кеңеске облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысып, аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша құрылыс басқармасының басшысы Серік Тілемесов пен сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Бейсенов баяндама жасады.
Жиында айтылған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 337,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш нақты көлем индексінің 105,8 пайызға жеткенін көрсетеді. Ал биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында 42,6 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған.
Қазіргі таңда Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында 13 несиелік тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар 342 пәтерлік төрт жаңа тұрғын үйдің құрылысы басталған. Бұдан бөлек, жеке инвесторлар есебінен 18 коммерциялық тұрғын үй салынып жатыр. Оның 15-ін биыл пайдалануға беру жоспарланған.
Өңірде әлеуметтік нысандар құрылысы да қатар жүргізілуде. Бүгінде облыс бойынша 22 әлеуметтік нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Олардың қатарында білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және әлеуметтік қамсыздандыру салаларына арналған маңызды жобалар бар.
Атап айтқанда, Абай ауданының Қарашоқы шатқалында балалар лагері салынуда. Семей қаласындағы №4 және №30 мектептерге жапсаржайлар тұрғызылып жатыр. Үржар ауданында коронарлық араласу орталығының, Аягөз аудандық ауруханасы жанында МРТ ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге Курчатов қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бесқарағай ауданында жүзу бассейні және бірқатар мәдениет үйлері бой көтеріп келеді.
Жиында жобалау жұмыстарының барысына да тоқталды. Абай облысы құрылғаннан бері 141 жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, оның 68-і іске асырылған.
Президент бастамасымен қолға алынған «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында өңірде мәдени, спорттық және әлеуметтік бағыттағы 12 ірі жоба әзірленуде.
Кеңес барысында аймақ басшысы құрылыс саласындағы жұмыстардың сапасына ерекше назар аударды.
«Өңірдің тұрақты дамуы үшін тұрғын үймен қатар әлеуметтік нысандардың құрылысын күшейту маңызды екені сөзсіз. Қазіргі таңда Абай облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және аймақтың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар құрылыс жобалары жүзеге асырылып жатыр. Біздің негізгі міндетіміз, ұстанымымыз – қағаз жүзіндегі есеп емес, сапалы әрі нақты орындалған жұмыс. Яғни, нәтиже күтеміз. Құрылыс нормаларының сақталуы, атқарылатын жұмыстардың сапасы, кемшіліктерді дер кезінде түзету, сондай-ақ, рұқсат беру және жобалық құжаттаманы заң талаптарына сай жүргізу басты назарда болуы тиіс», – деді Берік Уәли.
Жиында сондай-ақ Семей, Аягөз, Курчатов және Шар қалаларының, Алакөл жағалауы мен Бақты ауылының бас жоспарларына түзету енгізу жұмыстары қаралды. Облыс әкімі қала құрылысы құжаттамалары өңірді кешенді дамытудың маңызды құралы екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
Сәруар ҚАБДОЛЛА,
Абай облысы















