Өндірісті өлкедегі игі қадамдар

Өндірісті өлкедегі игі қадамдар

«Qazaqstan dauiri» газетінің  «AMANAT» партиясы,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі,  ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ,  «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясы Маңғыстау облысында

 

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының директоры Сәуле Мешітбайқызы «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициясы аясында Маңғыстау ауданына келді.

Алдымен Сәуле Мешітбайқызы әдеттегі игі үрдіс бойынша Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен жүздесіп, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу мен тәуелсіздіктің қасиет-құндылығын ұғындыруда баспасөздің маңызы, мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне мерзімді басылымдардың қосқан үлесі жөнінде өрелі әңгіме өрбітті. Сондай-ақ жалпыға ортақ құндылықтарды дамыту жолында атқару қажет жұмыстарға, мақсаттарға тоқталып, әлеуметтік ахуалды саралау, руханият пен мәдениетті дамыту мен жастар тәрбиесі жөнінде пікірлер мен ұтымды ой-ұсыныстарын білдірді. 

 

Ұлттық құндылықтарға толы кездесу

 

Биылғы «Жұмысшылар жылы» аясында Сәуле Мешітбайқызы іргелі мекеме  – «МАЭК» кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесті. 

Маңғыстау өңірін, әсіресе Ақтау мен қалаға іргелес елді мекендерді, өндіріс ошақтарын жарық, су және электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған МАЭК кәсіпорнының маңызы ерекше. Маңғыстаудың жүрегі атанған МАЭК тарихы бірнеше кезеңнен тұратын күрделі үдеріс, қаланың даму тарихымен тікелей байланысады.  МАЭК  – стратегиялық маңызға ие нысан, сондықтан бірнеше гектарға созылған кәсіпорын аумағына енуге ешкімге рұқсат етілмейді. Жуырда бірқатар БАҚ өкілдеріне МАЭК мұражайын тамашалау мүмкіндігі туды. Мұражайдың бай топтамасы, түрлі экспонаттар өткен ғасырдағы адамзат ақыл-ойының  жемісі  – әлемдегі алғашқы жылдам нейтронды атом электр стансасының тарихынан сыр шертеді.  Бұл жолы біздерге мұражай экскурсоводы, тәжірибелі маман Жанар Қолғанатқызы кәсіпорынның тарихы туралы тың мәліметтермен бөлісті.

МАЭК мұражайы 2005 жылы комбинаттың тәжірибелі мамандарының және еңбек ардагерлерінің күшімен жасақтала бастады. Алғашқыда кәсіпорын суретшілерінің көмегімен бір экспозициялық зал ашылды. Содан кейін 2009 жылы мұражай қызметкерлері мен О.В.Шлычков бастаған арнайы шақыртылған суретшілер тобы бірлесіп, қосымша экспозициялық жұмыстар жүргізді.  Қазіргі уақытта кәсіпорын мұражайы  төрт  залмен қамтылған. 

Атом энергетикалық комбинатының қалыптасуы мен даму кезеңдерімен таныстыратын бірыңғай тарихи-мәдени кешеннің қызметкерлері осы жылдар аралығында  құжаттар мен фотосуреттердің қомақты топтамасын жинақтаған. Мұражайда самаурын пішіндес су тұшыту қондырғылары мен электр стансаларының үлгілері, атом қуатын бейбіт мақсатта пайдаланған алып өндірістік кешеннің кішірейтілген макеті  жасақталған. Ақпараттық стэндтер атом электр стансасының дамуы мен қалыптасуына зор еңбек сіңірген ардагерлер туралы мол мағлұмат ұсынылған. Ол жерден өткен ғасырларда тұрмыста қолданылған заттарды да кездестіруге болады. Кәсіпорын қызметкерлері оларға тарихтың өзі, өткеннің көзі деп қарайды.

Бүгінгі таңда энергетикалық кәсіпорында 3 электр стансасы мен су тұщыту кешені бар. Арна арқылы алынған теңіз суы екі мақсатта қолданылады. Біріншіден, ол тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған қондырғыларды салқындату үшін қажет. Тұзды суды ішуге жарамды ету үшін №2 жылу электр орталығының қазандықтары жоғары қысымды бу жібереді. Осындай процестен кейін дистиллят пайда болады.

«Ауызсу дайындау стансасында өндірілген дистиллят «Құйылыс-меловой» кен орнындағы жерасты суларымен қосылып, арнайы технология бойынша қатаң тәртіпте араластырылып, әрі қарай ауызсуға айналады. Су фтормен, кальциймен байытылып, хлормен зарарсыздандырудан, рН сода бойынша тұрақтандырудан өтеді және қалалық желіге беріледі. Қондырғылар мен трубиналарды салқындату үшін пайдаланған суды ағызу арналары арқылы теңізге кері ағызамыз. Алайда теңіз суының ластануының алдын алу мақсатында  ағынды су алдымен Қаракөл көліне құйылады. Бұрын бұл сортаң жер еді, мінеки  ағынды судың нәтижесінде көл пайда болды. МАЭК іргесіндегі жасанды көл бүгінде мемлекет қамқорлығында. Себебі Қаракөлде «Қызыл кітапқа»  енген құстар – бірқазан, аққұтан, қоқиқаздар қыстайды», – дейді мұражайдың маманы Жанар Қолғанатова. 

Мұражайда БН-350 атом реакторының шағын үлгісі сақталған. БН-350 реакторлық қондырғысы, яғни өнеркәсіптік атом реакторын әзірлеу туралы шешім 1960 жылғы 25 шілдеде қабылданған. 1963 жылғы 24 наурызда жобалау-конструкторлық жұмыстары басталды. БН-350 реакторлық қондырғысын жобалап, құруға, монтаждау, іске қосу жұмыстарына Физикалық-энергетикалық институттың ғылыми жетекшісі, Машина жасау тәжірибелі конструкторлық бюросының бас конструкторы, Бүкілресейлік кешенді энергетикалық технологиялық жобалау және ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары қатысқан. 1971 жылы желтоқсанда жобаның негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Ал, 1972 жылы қыркүйекте реактор қондырғысына натрий жылу тасымалдағышы толтырылды. 1972 жылы 28 қазанда бірінші жылу бөлу қондырғысына жүктелді. Реакторды физикалық іске қосу осы жылы қарашада жүзеге асырылды. Ал, энергетикалық іске қосу 1973 жылы жазда болды. БН-350 реактор қондырғысы 1973 жылдан бастап, 1998 жылға дейін 25 жыл бойы ешқандай ақаусыз, сәтті жұмыс істеген. Реактордың соңғы тоқтатылуы 1998 жылы 16 наурызда жүзеге асырылды. Ал, реакторды пайдаланудан шығару туралы шешім 1999 жылы шықты. Осы кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі БН-350 реакторын пайдаланудан шығару туралы қаулы қабылдады.

 Мұражайдың шағын бұрышы шыны шикізатынан жасалған бедерлі  бұйымдарға арналған. Әйнектен әзірленген, әркелкі өрнекпен әрленген құмыралардың өзіндік тарихы бар. МАЭК аумағында кезінде шыны үрлеу шеберханасы болған.  Шеберлер зертханаларға арналған шыны түтіктер, құтылар мен контейнерлер сынды химиялық ыдыстарды кәсіпорын базасында әзірлеген екен. Көздің майын тауысатындай бейнетті еңбекті шебер меңгерген сирек кәсіп иелерінің қолының табы сіңген әсем дүниелер бүгінде кәсіпорын мұражайының әрін келтіріп тұр. 

МАЭК мұражайының тағы бір экспозициялық залы  Маңғыстаудың тұмса табиғатына арналады. Отандық туризмнің тұмарына айналған Бозжыра шатқалының, аласа тау шоқыларының тізбегі Айрақты-Шоманай алқабының, адырлар мен аңғарлардың, таңғажайып Тамшалы сайының шағын үлгісі адамға шынайы  сезім сыйлайды. Иісі мұсылман қауымның тәу етер зиярат орны Пір Бекет атаның Оғыландыдағы мешітінің макеті де осы мұражайда орналасқан. 

Барлап қарасаңыз, МАЭК мұражайында атом өнеркәсібі саласының тұтастай дамуы, бүкіл әлемде теңдесі жоқ өндірісте еселі еңбек еткен ерлердің ерекше тағдырлары бейнеленген. Мұражайдың әрбір жәдігерін зерттей отырып, тың фактілермен, фотосуреттер және  құжаттармен таныса аласыз.

Сәуле Мешітбайқызы  МАЭК мұражайының  өңірдің тіршілігін қажетті ресурстармен қамтамасыз етіп тұрған ірі кәсіпорынның қалыптасуына қалтқысыз тер төккен ардагерлер мен комбинаттың бүгінгі  қызметкерлерінің  есімін тарихта таңбалауда рөлі айрықша екенін атап өтті. 

Жастармен жарқын  жүздесу

 

Маңғыстауға іссапары аясында «Qazaqstan dauirі»  халықаралық газетінің басшысы Сәуле Мешітбайқызы халықаралық жастар форумына қатысып, Маңғыстау өңірінің белсенді жастарымен кездесті. 

Жастар – болашақтың жарқын айнасы іспетті. Олар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, өңірдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді. Жастардың жасампаз бастамалары мемлекетті жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Маңғыстауда алғаш рет «Aktau Youth Forum» халықаралық жастар форумы жұмысын бастады. Аталған жобаның  басты мақсаты – әр саладағы дарынды жастардың басын қосып, олардың арман-мақсаттарына жол  ашу. Еліміздің әр түкпірінен, сонымен қатар Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркия елдерінен келген жетекші жастар  өзара тәжірибе алмасып, экономика, әлеумет, білім, мәдениет, спорт салаларындағы  жетістіктерді саралап, ортақ мәселелермен күресудің оңтайлы жолын табуға талпынады.

«Aktau Youth Forum» халықаралық жастар форумы аясында республикалық жастар ресурстық орталықтарын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі ұйымдастырылды. Форум өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу, креативті жұмыс тәсілдерін енгізу және әдістемелік құралдарды жаңартуды көздейді. Басы мақсат  – жастар ресурстық орталықтарын тиімді қызмет көрсететін, нақты нәтижеге бағытталған және уақыт талабына бейімделген заманауи платформаға айналдыру. Осы бағытта әр өңірдің тәжірибесі құнды, ал бүгінгі пікір алмасу – ортақ дамуға бастайтын маңызды қадам.

Форум аясында алдымен жастар жүзеге асырған әлеуметтік және танымдық бағыттағы жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Оған еліміздің әр өңірінен 60-қа жуық өтінім түсіп, олардың ішінен 10 үздік жоба іріктеліп алынған. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай көрмені аралап, қатысушылардың идеяларымен және бастамаларымен танысты.

«Бүгінгі форумда түркітілдес бауырлас елдерден келген ертеңгі күннің көшбасшылары жиналып отыр. Бұл шара – Мемлекет басшысының жастарды қолдау бағытындағы стратегиялық саясатының жарқын көрінісі. Сіздер – әлемнің болашағысыздар. Әрқайсысыңыз өз салаларыңызда үздік маман, елге пайдасын тигізер азамат болуға әлеуеттісіздер. Ертең биік жетістіктерге жеткенде, бүгінгі кездесулеріңізді еске алып, алғашқы қадамдарыңыздың «Aktau Youth Forum»-нан басталғанын ұмытпаңыздар. Бүгінгі форум достық пен ынтымақтастықтың мекеніне айналады деп сенемін», – деді Маңғыстау облысы әкімі  Нұрдәулет Қилыбай.

«Іс-шараның басты мақсаты – жастардың рухани, интеллектуалды және әлеуметтік әлеуетін арттыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыруға үлес қосу. Форум бағдарламасы «Серпіліс», «Сана», «Саулық», «Сауат» бағыттарын қамтиды. Аталған бағыттар бойынша панельдік сессиялар, семинар-практикумдар, воркшоптар, сондай-ақ Маңғыстау облысының мәдени-тарихи нысандарына экскурсиялар ұйымдастырылады. Форумда Дана Нұржігіт, Өркен Кенжебек, Нұрлан Байжігітұлы, Тимур Бектұр, Дина Төлепберген, Данияр Жігітбек, Айкерім Есенәлі және өз саласында жетістікке жеткен өзге де спикерлер жастармен тәжірибе алмасады, – деп атап өтті Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мұқаш Оралбай.

Ел анасы атанған Сәуле Мешітбайқызы кездесуде озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар елімізге өте қажет екенін айтты. 

«Өздеріңіз сияқты білімді әрі талапты азаматтарға үлкен үміт артамыз. Сіздер жаңа Қазақстанның дамуына аянбай үлес қосасыздар деп сенемін. Еліміздің алдында биік мақсаттар тұр. Мемлекетімізді одан әрі өркендетіп, тәуелсіздігімізді нығайтуымыз керек. Ол үшін біліммен қоса рухани байлықты да игергеніміз жөн. Бұл ретте рухани қажетімізді өтеу үшін, елдегі қоғамдық-саяси үдерістерден хабардар болуымыз үшін кітаппен қатар газет-журнал оқу мәдениетін қайта қалыптастыруымыз қажет. Мен жастарға сенемін! Ұлттық құндылықты бойына сіңірген, салт-дәстүр, ата ғұрыптан ажырамаған арлы ұрпақ – тәуелсіз еліміздің тірегі», – деді Сәуле Мешітбайқызы. 

Голрох ЖЕМЕНЕЙ,

Маңғыстау облысы 

 

14.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19823
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19641
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34786
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33346
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37165