Ойсыл қырғыны. Алтын Орданың ыдырауының басы

Ойсыл қырғыны.  Алтын Орданың ыдырауының басы

Өзбек ханның 

реформалары

 

Өзбек ханның исламды Алтын Орда мемлекетінде мемлекеттік идеология дәрежесіне көтергені, бұл кісілердің Алтын Орда мемлекетінде  жүргізілген күрделі қайта құруларға мұрындық болғаны анық. Ол қандай реформалар еді, енді соған тоқталайық. 

 

1. Мемлекеттің құрылымдық жүйесі толығымен өзгерді. Қазіргі қазақ халқы құрамындағы рулық, тайпалық, жүздік жүйенің тарих сахнасына шығуы осы қайта құрулармен тікелей байланысты болды.   (Бұл туралы біз орыс тілінде жарияланған «Йасавийа и этническая история населения Дешт-и-Кипчака» атты  мақаламызда жазған болатынбыз. // Подвижники ислама: культ святых  и суфизм в Средней Азии и на Кавказе. М.:Вост. Лит. , 2003. С. 326 -335) Әрбір ру, тайпаны, жүзді билер басқарды. Билер міндетті түрде йасауийа тариқатының өкілдерінен сайланды. Би – сол рудың рухани, әкімшілік, сот билігін толығымен атқаратын қоғамдағы шешуші тұлғаға айналды. 

2. Бұрынғы кезде хан сайлауы Шыңғыс хан ұрпақтары мен әскер басылардың құрылтайында шешілетін болса, қайта құрудан кейін хан сайлауы Билер Кеңесінің қолына көшті. 

3. Бұрынғы кезде Алтын Орданың жеке аймақтары Жошы ұрпақтарына басқаруға берілген болса, қайта құрудан кейін жергілікті билік толығымен билер қолына берілді.

4. Мұндай өзгерістер мұсылман дінін қабылдаған түркі- моңғолдарды қамтып қойған жоқ. Алтын Орда құрамындағы орыс княздықтарын да, өзге халықтарды да қамтыды. Орыс князы тек саяси, әскери басшы қызметін атқарып, салық жинау мен сот билігі толығымен шіркеу қызметкерлерінің қолына берілді. Өзге халықтардың діни-мәдени дербестігіне ешқандай қол сұғылған жоқ. Әр халықтың жеке, еркін дамуына жағдай жасалды.

5. Бүкіл мемлекеттік жүйе толығымен шариғатқа-заңға бағындырылды. Шариғат үкіміне хан да,  қара да тоқтады. Сот билігі билер қолында болды. Билерден толық әділдік талап етілді. Хан тек саяси және әскери биліктің иесі болды. Өзбек хан өз еркімен абсолюттік биліктен бас тартты. Тарих сахнасына билер институты шықты. Бұл жүйе мемлекетті басқарулың теократиялық жүйесі болатын.

Алтын Орда мемлекетінің ислам дінінің сопылық бағыты йасауийа тариқатын мемлекеттік дін ретінде қабылдауы мемлекетте осындай күрделі қайта құруларды әкелді. Осы кезден бастап халықтың ерік-жігерін айқындайтын басты фактор рухани дүние болып қалыптасты. Мемлекеттің басқару жүйесі толығымен көне түркілік мемлекет басқару жүйесіне келтірілді. 

Өзбек ханның ислам дінін, оның ішінде Йасауи жолын Жошы Ұлысында  мемлекеттік  идеология дәрежесіне көтеруі, соған орай мемлекеттің басқару жүйесін қайта құруы мемлекетті бір орталыққа бағынған қуатты мемлекетке айналдырды. Батыс жорығынан кейін Бату хан Жошының әр баласына бөліп берген ұлыстар ыдыратылып, ол ұлыстардың басындағы Жошы ұрпақтары биліктен шеттетілді. Олардың орнына мемлекетті басқарудың жаңа жүйесі құрылды. Орыс зерттеушілері ол құрылымдық жүйелерді облыстар деп атады. Ол жүйелер облыстар емес, халықтың рухани бірлігіне негізделген  рулық, тайпалық, жүздік құрылымдар еді. Ол құрылымдық жүйелерді басқаратын билер  (бектер) өздері басқаратын құрылымдық жүйелердің рухани да, саяси да басшысына айналды. Атаның биі рудың биіне, рудың биі тайпаның биіне, тайпаның биі жүздің биіне, жүздің биі төбе биге, төбе би ханға бағынды. Жазба деректердегі мәліметтерде айтылатын мемлекетті басқару жүйесіндегі беглербегі мен қарашы билерді төбе би мен жүздік  құрылымдардың   басшылары  деп түсіну керек. Олардың қарамағындағы 70 түменбасы ірі тайпалар мен қалалардың басшылығындағы кісілер еді. Бұрын ханды сайлау Шыңғыс хан ұрпақтарының  құрылтайында сайланатын болса, енді ханды сайлау ру, тайпа, жүз билерінің кеңесінде шешілетін болды. 

Өзбек хан жүргізген мемлекеттің құрылымдық жүйесін өзгерткен реформадан кейін хан негізгі жалпы басшылықты өзінде қалдырып, жеке салалар бойынша бар билікті беклербегі мен уәзірдің қолына берді. Беклербегі барлық әскерді басқарды, жоғарғы сот билігін басқарды. Шет елдермен қарым-қатынас та беклербегінің қолында болды. Ал уәзір болса, мемлекеттің қаржы, салық саясатын жүргізді.

Өзбек ханның Жошы ұлысында жүргізген осы реформасы көне түркілік билік жүйесін қалпына келтіріп қойған жоқ, сонымен бірге мемлекеттің атауын өзгертуге ықпалын тигізді. Сол кезеңнен бастап Жошы ұлысы Алтын Орда деп атала бастады.

Алтын Орда мемлекеті құрамындағы түркілердің рухани тұтастығы мен иман бірлігінің бұлайша қалыптасуы олардың мәдениеті мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің біркелкі болуына ықпалын тигізді және бір этнос ретінде қалыптастырды.

Алтын Орда мемлекетіндегі осы даму, мемлекеттің саяси жүйесіндегі өзгерістер, қоғамдық өмірдің бар саласындағы ілгерілеушілік қоғамдағы белгілі топтарды қуанта қойған жоқ. Керісінше, олар мүмкіндік болса, осы жетістіктің бәрін тас-талқан етуге дайын күштер бар еді. Олар – Өзбек хан мемлекет басына келгеннен кейін саяси биліктен шеттетілген Жошы ұрпақтары еді. Өзбек хан билік басында өз ұлысын билеуге тек Орда Ежен ұрпақтарын қалдырып, басқаларын түгелдей саяси биліктен шеттеткен болатын. Шибан ұрпақтарының өзі Исатай бекке қосын есебінде беріліп, Исатай оларға бұйрақ, қарлық тайпаларының билігін беріп, билікте қалдырған еді. Ал Орда Ежен ұрпақтары Өзбек хан тарапынан ешқандай қысымға ұшырамағанға ұқсайды. Олар өз ұлыстарына билік жүргізді. Бірақ жеке мемлекет есебінде емес, Алтын Орда мемлекетінің құрамдас бөлігі ретінде өмір сүрді.

Саяси биліктен шеттетілген Жошы ұрпақтары қалыптасқан жағдаймен келісе қойған жоқ. Алайда Өзбек хан да өзінің көзінің тірісінде олардың белсенді әрекет жасауына ешқандай мүмкіндік қалдырмаған еді.

Алтын Орда мемлекетінің болашағына қауіп төндірер тағы бір фактор – ол хан тағына мұрагерлік мәселесі болды. Өзбек ханға дейін хан сайлау мәселесі Шыңғыс ұрпақтарының құрылтайында шешілетін және мемлекетті басқаруға лайықты, жасы үлкен Жошы ұрпағы сайланып қойылатын. Өзбек ханның осы қалыптасқан дәстүрден бас тартып, тақ мұрагерін таңдау еркін тек өзінде қалдыруы болашақта мемлекеттің тағдыры үшін аса қатерлі факторға айналатынын сезген жоқ. Өйткені хан таққа мұрагер есебінде бір баласын ғана таңдайды. Қалған балалары болашақта саяси биліктен толық шеттетіледі. Осы мәселе Өзбек хан ұлдарының арасындағы іштей бәсекелестікті тудырды.

 

Тақ таласы және 

орданың ыдырауы

 

1342 жылы Өзбек ханның кенеттен қайтыс болуы Алтын Орда мемлекетінде ішкі қайшылықтың бар екенін айқындап берген басты оқиға болды. Өзбек ханның өзі тақ мұрагері ретінде атап кеткен ұлы Тыныбек Алтын Орда тағына отыра алмады. Шағатай ұлысында жорықта жүрген Тыныбек Сарайға ораламын дегенше, Өзбек ханның әйелі Тайдула ханым моңғолдардың заңы бойынша билікті қолына алып, өзінің үлкен ұлы Тыныбекке қарсы қастандық ұйымдастырды. Ол Тыныбек келгенше мемлекетті уақытша басқара тұрады деген сылтаумен әмірлерді екінші ұлы Жәнібекті хан тағына уақытша отырғызуға көндірді. Өзбек ханның қайтыс болғанын естіген Тыныбек сол жерден кері қайтты. Шешесі Тайдуламен ақылдасқан Жәнібек: «Ағам мені тақтан кетіру үшін келе жатыр», – дегенді айтады. Өзге ұлдарынан Жәнібекті артық көрген Тайдула әмірлерді Тыныбекті таққа отырғызбауға, өлтіруге көндіреді. Тыныбек жақындағанда алдынан шығып қарсы алған кезде олар Тыныбекті өлтіріп, оны Жәнібекке хабарлайды. Жәнібек хан одан кейін інісі Қыдырбекті де өлтіреді. Сөйтіп, хан тағына толық отырған соң, бар халыққа басына сәлде тағып жүруге бұйырады. Ал «Тарих ал-Малик ан-Насир Мухаммед ибн Кулан уа ауладуху» деп аталатын жазба деректе Жәнібек пен шешесінің бірігіп, Тыныбекті Сарайшықта өлтіргені баяндалады.

Дегенмен, бұл деректер Алтын Орда тағы үшін болған Өзбек хан ұлдарының арасындағы күресті баяндағанымен, осы күрестің себеп-салдарын ашуға мүмкіндік бермейді. Өйткені Алтын Орда сияқты алып империяның құлдырауының, одан кейінгі ыдырау процесінің басы осы Өзбек хан ұлдары арасындағы тақ таласымен тікелей байланысты болды және ең бастысы, мемлекетті басқарудың Өзбек хан қалыптастырған теократиялық жүйесін жойып, монархиялық жүйені қалыптастыру мәселесі жатты. Монархиялық жүйе билеушіге абсолюттік билікке жетуге мүмкіндік береді. Сондықтан монархиялық билікке қол жеткізу Жәнібек ханның басты мақсаты болды. Алайда бұл Жәнібек хан үшін оңай шаруа емес еді. Ханның қолында саяси билік болғанымен, жеке өзі мемлекеттік мәселелерді шеше алмайтын. Міндетті түрде рухани билік иесінің мақұлдауын алуға тиіс болды. Рухани биліктің келісімінсіз хан ешқандай әрекет жасай алмайтын. Өзбек хан тұсында Өзбек ханның өзі аптасына бір рет барып, пірі Нұғман шайхтың алдында есеп беретінін тарихи жазбаларда айтылған. Демек, бұл рухани биліктің саяси биліктің өзін бақылауында ұстап отырғандығын көрсетеді. Ал рухани билік басында хан әулеті мен Ұлы жүздің пірі, Йасауийа тариқатының өкілі отырды. Жәнібек хан абсолюттік билікке жету үшін қалайда бұл жүйені өзгерту қажеттігін түсінді. Ол үшін алдымен құқы ханмен тең дәрежеде болған Йасауийа тариқатының өкілінен, сарайындағы қызметшілерден және Орданы қорғап тұрған Ұлы жүз жасақтарынан арылу керек. Себебі олар ханға, хан сарайына кез келгенді жібере бермейді. Сондықтан Жәнібек ханға алдымен ханның еркін әрекет жасауына мүмкіндік бермей тұрған хан әулеті мен Ұлы жүздің пірінен және Сарай мен Орданы қорғап тұрған Ұлы жүз өкілдерінен құтылу қажет болды. Жәнібек хан өзінің осы жоспарын іске асыру мақсатында түрлі жолдарды қарастыра бастады және тапты да. Ретін тауып, Йасауи жолының өкілін де, хан сарайында қызмет жасап жүрген қызметшілерді де, Ұлы жүз жасақтарын да асқан қатыгездікпен қырып салды. Алайда бұл оқиға ешқандай жазба деректе кездеспейді. Тек Ұлы жүз құрамындағы Сіргелі тайпасының шежіресінде ғана «Ойсыл қырғыны» деген атпен белгілі. Ендігі кезекте осы «Ойсыл қырғыны» оқиғасы шежіреде қалай баяндалады? Соған тоқталып, талдап көрелік.

«Жаз жайлауға шыққанда Ойсыл Құмкенттің Сарысу жақ өңірін жайлаған Жәнібек ханмен көрші отырыпты. Жәнібектің бір ерке қызы бар екен. Сол қызға Ойсылдың кенже ұлы Бораштың көңілі ауады. Кенже ұлдың сотқарлау келетін әдеті бар емес пе? Байлығы тасыған әкенің кілең «сен тұр, мен атайын» деген сайдың тасындай батыр ағаларының арқасында Бораш тіршілікке мойын бұрмай, ел қыдырып, үнемі серілік құрып жүреді екен. Сөзге көсем, тілге шешен Бораш әу дегенде-ақ ханның сұлу қызын өзіне қаратыпты. Сөйтіп, бір-біріне ынтық болған жастардың тілегі ақ неке дәстүрін аттаумен аяқталыпты. Ол заманда ата-ананың рұқсатынсыз мұндай іс кімге болса да, қылмыспен бірдей саналған. Сөйтіп, ел ішінде қалыптасқан ата заңды аяққа таптап, іңкәр сезімнің жетегіне еріп қалған екі жастың тағдыры осылайша тығырыққа тіреліпті. Өйткені хан қараға қыз бермейтін кер заманның жұртты «ақсүйек», «қараша» деп бөлетін таптық салты екеуінің қосылуына кедергі жасапты. Хан қызының аты Жанбике еді. Сол Жанбике бөтен көзден таса келесі бір құпия кездесуде Борашқа бойына бала біткенін сездіріпті. Албырт Бораш мұны естіген соң, әкесі Ойсылдың алдына келіп құлады: «Әке, сіздің алдыңызды орадым. Өйткені сіз алдымен біреумен төс қағыстырып, құйрық жесісіп, құда болуыңыз керек еді. Осыдан кейін ғана қалыңдық менікі болуға тиіс-тін. Бірақ болар іс болды. Ақ шымылдықсыз, қызмет көрсетер жеңгесіз мен екінші біреуге ие болдым. Ер жігітке екі әйел көптік қылған емес қой. Бірақ сізге келін, маған екінші әйел болатын адам өзіміз секілді қарашаның қызы емес, ханның қызы. Қыздың аяғы ауыр. Халі мүшкіл. Ханға кісі жіберіп, құда түсіңіз. Төре болса, төбеден түскен жоқ қой. Өзіміз секілді ол да екі аяқты пенде. Жағдайды түсінер», – деді».

 

Ойсыл қырғынын жасаған кім?

 

Қарт Ойсыл ойлады: «Отыз ұлым атқа қонса, жер қайысқан қол емеспіз бе? Артынан шұбырған немерелерім анау. Бәрі де отау иесі болып қалды. Сай-тасқа сыймай, шашырап жатқан малдарым мынау. Жеті жұт қатарынан келсе де, қырып тауыса алмас. Шүкір, өз атақ-даңқым да өрге домалап тұр. Інім Үйсіннен тарағандар да бір табын ел. Ендеше менің ханнан қай жерім кем? Жәнібек те жан-жағын терең ойлайтын кісі емес пе? Біріміз хан, біріміз қара болғанымызбен, даңқ-дәрежеміздің бірдейлігін еске алар. Осыны ойласа, құдалығымызға қарсы болмас».

Сонымен Ойсыл хан Жәнібекке бар жағдайды айтып, кісі салды. Бар әңгімені естіген Жәнібек келген кісіге жауабын ашып айта қоймады. Қараға қыз берейін десе, сүйекке таңба. Бермейін десе, адуынды Ойсылдан құтылу қиын. Не істеу керек? Хан қанша ойланса да, бір шешімге келе алмады. Сөйтіп, Ойсылдан келген кісіні «Еліңе, басшыңа сәлем айт, хабар өзімізден болады», – деп шығарып салады. Күндер өтіп жатты. Ойсылдың ұсынысына жауап бере алмаған хан өзінің бас уәзірі Қырғиды шақырып, бар әңгімені оның алдына жайып салды. Қырғи салған жерден құдалыққа қарсы болды. Ол Жәнібекке: «Ондай іске бара қалсаңыз, төре жұртының сүйегіне мәңгілік таңба түседі. Бұл қадамыңызды кейінгі ұрпақтарыңыз да кешпейтін болады», – деп, іштарлық ниетпен «ақыл» айтты. Қырғи: «Ойсыл жұртын құдалыққа алдап шақырып, қырып тастау керек», – деді. Басқаша амал таппаған хан да бұған келісім берді. Арада бір күн өткен соң, Жәнібек Ойсылға мынадай сәлемдеме жолдады: «Мен Сіздің ұсынысыңызды қабыл алдым. Пәлен күні Ойсыл барлық әйелдерімен, ұл-келіндерімен, қыз күйеулерімен, немерелерімен, әйтеуір тайлы-тұяғына дейін қалмай, бізге құдалыққа келсін. Бораш пен Жанбикені қырық күн тойын жасап, отыз күн ойын жасап, қосамыз ...»

Бораштың бірінші әйелі Фатима Еділ бойын жайлаған Алшын руының байлығы шалқыған беделді биі Қыдырбай дегеннің қызы болатын. Жастайынан үлде мен бүлдеге оранып өскен шәлкес, ерке қыз Бораштың өзінің үстіне әйел алғандығын қаламады. Содан ол Борашқа өкпелеп, екі жасар Құбасай атты баласын ертіп, төркініне кетіп қалады. Ал Ойсылдың үлкен ұлы Тұрымбет әлігі Жәнібек жасағының ту ұстайтын бас батыры болған. Осы оқиға тұсында ол бір жаугершілікке кетіп, сыртта жүрген кезі екен. Уәделі күні Ойсыл осы Тұрымбет пен Құбасайдан басқа бар жанын ертіп, қыздың малын айдап, жүз түйеге шашу-таралғы артып, хан ауылына келеді. Хан ауылында Қырғидың бұйрығы бойынша Ойсылдың өзінен бастап, әрбір ұлдары мен қыздарына арналып, бір-бір ақ боз үй тігіліп қойылады. Құда күтуші болып жүрген қызметші төлеңгіттер олардың әрқайсысын өздеріне арналған үйге түсіреді. Тойға әзірленіп, қарусыз келген 29 ұл, 22 қыз, он алты әйел, жүз он екі немере өзді-өздеріне тігілген үйге кіре бергенде, алдын ала дайындалып тұрған жасауылдар олардың бастарын шауып тастай береді. Сөйтіп, ханмен құда болуды көксеген Ойсыл мен оның ұрпағы әп-сәтте қиянатты өлімге ұшырайды. Бұл қырғыннан жырақта жүрген үлкен ұлы Тұрымбет пен шешесіне еріп кеткен Құбасай ғана аман қалады.

Сіргелі шежіресінде «Ойсыл қырғыны» осылай баяндалады. Шежіреде баяндалған оқиға желісіне қарай отырып, сол кезеңдегі Орда ішіндегі күштердің арасалмағын, саяси билік пен рухани билік арасындағы бәсекелестікті көруімізге болады. Ойсылдың Жәнібек ханға кісі салып, хабарды жеткізгенде, хан Ойсылға ашық қарсы шыға алмайтындығын мойындауының өзі Орда ішінде хан толық еркіндікке ие еместігін көрсетеді. Бұл жердегі Бораш пен ханның қызы Жанбикенің арақатынасы Жәнібек ханның еркін қимылдауына мүмкіндік берген негізгі себеп және мүмкіндік болды деп айтуымызға болады. Жәнібек ханның түпкі мақсаты мен сол мақсатты іске асыру жолындағы жүргізген саясаты туралы бір ауыз сөз жоқ. Хан өзінің намысын, қызының намысын қорғаған болып, өзінің түпкі мақсатын осылайша іске асырды. Өзінің әр қадамын бақылап отырған пірден де, өзін қорғап тұрған Ұлы жүздің жасақтарынан да бір оқиға арқасында құтылды. Ең бастысы, өзінің жасаған зұлымдығының түпкі мақсатын жасырудың жолын тапты. Өз намысын қорғаған болып, өзіне қойылған шектеулерден құтылды. Бұл жерде бір мәселе айқын. Ол – Бораш пен хан қызының арасында сондай оқиғаның болғаны анық. Олай болмаған жағдайда, хан халыққа өзінің мұндай зұлымдығының себебін түсіндіре алмаған болар еді. Бар кінәні Ойсыл мен оның баласы Бораштың мойнына артқаннан кейін халық та ара түсіп, қорғауға шыға алмады. Бұл оның өзінің ойына алған діни-идеологиялық реформасын жүргізуге, теократиялық сипаттағы мемлекеттік басқару жүйесін монархиялық басқару жүйесіне ауыстыруға мүмкіндік берді. Йасауи жолынан бас тартып, билердің орнын шафиғи мәзһабының өкілдерінің қолына берді. Ханның бұл әрекеті халықтың Жәнібек ханнан теріс айналуына ықпал етті. Бұл мәселе Асан Қайғы мен Жәнібек ханның арасындағы болған сөзталаста толығымен көрініс тапқан. Енді осы мәселені талдап көрелік.

 

Асан Қайғы мен Жәнібек ханның 

тайталасы

 

Алтын Орданың ханы Жәнібек хан болса, Асан Қайғы сол мемлекеттің негізгі тірегі болған түркі тайпаларының көсемі, рухани басшысы еді. Сондықтан оның халыққа ықпалы ханнан артық болмаса, кем емес болатын. Асан Қайғы түрікмендерде Есен Ата деп аталады. Есен Ата аңыз бойынша Маңғыстау жеріне Йасауи ілімін апарған Шопан Атаның немересі. Бұдан Асан Қайғының йасауийа тариқатының өкілі екендігін көруге болады.

Жәнібек хан мен Асан Қайғы арасындағы арақатынастың шиеленісуі Асан Қайғы елге қоныс қарап келгеннен кейін, Жәнібек хан Хажы-Тархан қаласын салдырғаннан соң қатты ушығады. Оны кезінде С. Сейфуллин жариялаған «Қазақтың Ата заңдары» атты мақаласында келтірілген Асан Қайғының Жәнібек ханға айтқандарынан көруге болады. «Әз-Жәнібек хан үш қайтара той қылыпты. 1) Астрахан қаласын салдырып, той қылыпты. 2) Даладағы көлге шекер төккізіп, аққуды мая қылып, құладынға ілдіріп, той қылыпты. 3) Қарындасы Қаныбет сұлуды Мығалы байдың ұлы Би-Темірге бермек болып, той қылыпты. Тойдың үшеуіне де шақырылған Асан Қайғы би келмепті. Әз-Жәнібек төртінші рет кісі жіберген соң келіпті.

Әз-Жәнібек: «Е, Асан, үш қабат жұрт жиып, той қылдым. Тойыма сені шақырдым, келмегенің қалай?» – депті.

Сонда Асан би: 

Алты атанға арттырып,

Алты жыл қоныс қарадым.

Қырында деп қазығы,

Суында деп балығы.

Бұл жерді өзім қаладым.

Астрахандай қаланы,

Жат жұрттыққа салдырдың.

Көлге шекер төктірдің,

Шекерге аққу бөктірдің

Көлдегі сұлу ерке еді.

Құладын құстың қоры еді.

Аққу құс ару-төре еді.

Құладынға қуды ілдірдің,                                 

Ақ мамығын жұлдырдың.

Құладынға қуды жем қылдың

Түбінде өз басыңа келер деп,

Құладындай бір жаманнан өлер-деп.

Соған өкпелеп келмедім - депті. 

Міне, осы Жәнібек хан мен Асан Қайғы арасындағы сөзталастан не аңғаруға болады? Асан Қайғы Жәнібек ханның жіберген қателіктерін бетіне баса отырып, өзінің ханнан неліктен теріс айналғанын баяндап отыр. Сонша жыл бүкіл Алтын Орданың аймақтарын кезіп, астана болатын жерді тапқанда, ол қаланы жатжұрттыққа салдыруы, ол қаланың болашақта басқалардың қолына өтетінін, түркіге пана болмайтынын болжап айтып отыр.

Ал Асан Қайғының аққуды құладынға алдыруы туралы айтқанын Ойсыл қырғынымен тікелей байланыстыруға болады. Бұл жерде Асан Қайғының аққу деп Йасауи жолы өкілдерін айтып отырғандығы күмән тудырмайды. Ал құладын деп (тышқан аулап күн көретін жыртқыш құс) сол рухани әлеммен байланысы бар йасауийа тариқатының өкілдерінің орнын басқан шариғат өкілдерін айтып отырғандығы анық. «Көлге шекер төктірдің, шекерге аққу бөктірдің» демектің мағынасы сол Жәнібек ханның Ойсыл мен оның ұрпақтарына жасаған тойы болса керек. Бұл жерде айтылып отырған мәселе – Ойсылдың отыз ұлы деуінің мәні Ұлы жүздің отыз ру, тайпасының басшылары болғандығына дау жоқ. Бұл жерде Асан Қайғының Жәнібек ханның жүргізіп отырған саясатының түпкі мақсатын толығымен түсінгендігін, мұның соңы неге апаратынын сезінгендігін көреміз.

Құладынға қуды ілдірдің,                                 

Ақ мамығын жұлдырдың.

Құладынға қуды жем қылдың

Түбінде өз басыңа келер деп,

Құладындай бір жаманнан өлер-деп.

Соған өкпелеп келмедім - депті. Асан Қайғының Жәнібек ханға осы айтқандары түгелімен іске асты. Жәнбек ханның Йасауи жолы өкілдеріне жасаған қиянаты өз басына келіп, өз баласы Бердібектің қолымен өлтірілді. 

Жәнібек ханның Асан Қайғыға: Жә, ол солай екен. Мына қарындасым Қаныбетті Мығалы байдың ұлы Тастемір мырзаға беруге той жасап, шақырдым, соған неге келмедің?-депті.

Сонда Асан би:    

Ұсарма билер, ұсарма!

Арғымақтың аяғын,

Алтынменен тағалап,

Күміспенен шегелеп,

Шайы жібек тұрғанда,

Арқанменен тұсарма?

Хан да өтірік айтар ма?

Хан жарлығы қайтар ма?

Әз-Жәнібек дейтін хан ием,

Әуелгі сөзін ұмытып,

Айсылдың ару Әмет тұрғанда

Мығалы байдың ұлына,

Бұқасын баққан құлына,

Тастемірдей жаманға,

Қарындасын беруге ұсар ма? – депті. Бұл жерде Асан Қайғы Жәнібек ханның саясатындағы негізгі бағытты айқындап беріп отыр. Өзбек хан тұсында мемлекеттің саясаты руханиатқа басымдық берсе, Жәнібек хан ол саясаттан бас тартып, материалдық байлыққа бет бұрғанының бейнелі көрінісі. Алтын Орданың сол қанатын билеп отырған Исабектің ұлы Әметпен атастырылып қойған қарындасын Мығалы байдың ұлына беруінің өзі мемлекет саясатындағы негізгі бағыттардың қалай өзгергенін байқатады. Асан Қайғы осы өзгерістерді толығымен көре білді.

Асан Қайғы мен Жәнібек хан арасындағы сөзталастың соңында Асан Қайғы Жәнібек ханға: «Әй, Жәнібек ойласаң, 

Қилы-қилы заман болмай ма?

Қарағай басын шортан шалмай ма?

Мұны неге сезбейсің?

Қош, аман бол Жәнібек, 

Енді мен көрмейсің»- деп кетіп қалады. Ол жай кетпеді. Соңына ерген халықты ертіп, қазіргі Ұлытау жеріне келіп, Алаш мемлекетін дүниеге келтірді. Бұл Алтын Орда мемлекетінің күйреуінің басы болды. Жәнібек ханға Йасауи жолын қабыл еткен түркі жұрты теріс айналды.

 

Тәуке ханның «Жеті жарғысының» құдіреті

 

«Ойсыл қырғыны» мен Асан Қайғының Жәнібек ханға аққу мен құладын туралы айтқандары екеуі бір мәселені қозғап отырғанын салыстыра қараған кісіге қиын емес. Ең бастысы, Алтын Орда мемлекетінің күйреу себебі неден басталғанын көрсетеді. Жәнібек ханның мемлекетті басқарудың теократиялық жүйесін монархиялық жүйеге өзгертпек болған әрекеті оны Йасауи жолына қарсы шығуына, ол жолдың орнын абсолюттік билік береді деген шафиғи мазхабына иек артуға итермеледі. Мұның соңы Алтын Орда мемлекетінің күйреуімен аяқталғаны белгілі. Рухани билік пен саяси билік арасындағы теке-тірес Алтын Орда мемлекетінің ыдырауымен шектеліп қалған жоқ. Одан кейін Алтын Орда орнына келген мемлекеттердің тарих сахнасынан кетуіне ықпал еткен негізгі фактор болды. Рухани билік пен саяси билік арасындағы арпалыс Тәуке ханның заманына дейін жетіп, «Жеті жарғы» қабылданғаннан кейін ғана тоқтады. «Жеті жарғы» заңы Йасауи жолын, сол жолды ұстанған Йасауи жолы өкілдерін мемлекетті басқару жүйесінен ығыстыра алды. Бұл қазақ мемлекеттігінің күйреуіне ықпал еткен негізгі фактор болды. Жалпы, түркі мемлекеттері үшін Йасауи жолынан шегіну түркі мемлекеттігінің күйреуіне апаратын негізгі фактор болатынын билеушілер әулеті түсіне алмай кетті. Бұл жерде бір заңдылықты байқадық. Йасауи жолынан бас тартқаннан кейін мемлекет 95-97 жыл шамасында ғана өмір сүреді, билік өзінің киелілік сипатын сақтай алады. Одан кейін мемлекет басшылығы киелілік сипатынан ажырап, билікті қолдарында ұстап тұра алмайды. Біз оны Мауараннахрдағы Шайбанилер мемлекеті мен Қазақ хандығы мысалында көре аламыз. Өзбек ұлысының ханы Мұхаммед Шайбани 1500 жылдар басында Йасауи жолынан бас тартып, нақшбандийа тариқатын қабыл етті. 1598 жылы Шайбанилер мемлекеті ыдырады. Ал Тәуке хан 1684 жылы «Жеті жарғыны» қабылдап, Йасауи жолын мемлекеттің басқару жүйесінен шығарып тастады. 1781 жылы Абылай ханның дүниеден өтуімен Қазақ хандығы ыдырады. Екі жағдайда да біз мемлекеттік биліктің киелілік сипатынан ажырағандығы негізгі себеп болғандығына куәлік бере аламыз. Мысалы, биліктің киелілік сипатынан ажырағанын Қаз дауысты Қазыбек бидің ұлы Бекболат бидің Абылай ханның ордасына басып кірмек болған әрекеті дәлел бола алады. Бұл Алтын Орда заманында «Ойсыл қырғыны» деген атпен басталған түркі жұртының іштей ыдырау үдерісі кешегі Қазақ хандығының ыдырауына дейін жалғасқан қасіретті тарих болғандығына дәлел.

Сөз соңында Сіргелі шежіресіндегі осы қанды қырғыннан кейінгі оқиғаларды толығымен тарихи шындық ретінде қабылдау керек. Хан қызы Жанбикенің босануы, баласын емізіп болып, баланы Қайшылы бикеге аманаттауы тарихи шындық екендігіне дау жоқ. Өлімнен аман қалған Тұрымбет пен Қайшылы бикенің бас қосып, ата-жұртына келіп, сол жерден ұрпақтарын өсіп-өндіруі барлығын тарихи шындық деп қараған абзал. Алайда, «Әзірет Сұлтанда жерленген Қазақ хандығының ханы Жәнібек ханның қызы Аманбикенің Бораш ғашық болған қыз болуы мүмкін емес. Сондай-ақ, Бораш 6-7 ғасырларда өмір сүрген деген болжам да сын көтермейді. Сіргелі атауының шығуын Сырдария атымен байланыстыруы дұрыс. Алайда, Сырдария көне дәуірде басқаша аталған. Сырдарияның Сырдария атануы Қожа Ахмет Йасауидің өзінің 99 мың шәкіртін өзеннің жағасына әкеліп, мына ағып жатқан суға қарай отырып, өмірдің мәнін ашатын сыр сөздерді табуды тапсыруымен Сырдария аталғаны тарихтан белгілі. 99 мың шәкірттің отырған төбесі әлі күнге «Мәслихат төбе» деп аталады. Әйтпесе, Сырдария өзені көне дәуірлерде Канха, ислам діні Түркістан жеріне келгеннен бастап Сейхун атанды. Қаңлы, қоңырат тайпаларының атының шығуы осы Сырдарияның көне атауы Канхадан бастау алатынын ұмытпауымыз керек.

Жалпы, осы мақала шеңберінде қарастырылған мәселеден нені ұғуға болады, бұл мақаланы жазудағы мақсат не? – деген сұрақ туындауы анық. Мақсат – қазақ халқының тарихи жадының қазақ халқының тарихи танымын қалыптастыруда шешуші мәнге ие екендігін, қазақ тарихын қазақ халқының өзіндей басқа ешбір халық білмейтінін, сезіне алмайтынын қазақ тарихын зерттеп жүрген мамандардың есіне салу. Осы мақалаға арқау болған Сіргелі шежіресіндегі «Ойсыл қырғыны» оқиғасының Алтын Орда сияқты алып империяның күйреуіне ықпал еткен негізгі фактор болғандығы және ол оқиғаның Сіргелі шежіресінде сақталуының өзі қазақ халқының дәстүрлі тарихи жадының қазақ тарих ғылымы үшін шешуші мәнге ие екендігін білдіреді.

 

Зікірия Жандарбек, т.ғ.к.
29.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29456
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29008
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46263
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41870
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46590