"Ойсыл қырғыны" Алтын Орданың ыдырауының басы

"Ойсыл қырғыны" Алтын Орданың ыдырауының басы

Жандарбек Зікірия Заманханұлы (Түркістан қаласынан) – дінтанушы ғалым. 1984 ж. ҚазМУ-дің филология факультетінің араб тілі бөлімін бітірген. 1986 жылдың желтоқсан айынан Әзірет Сұлтан қорық-музейінің ғыл. зерттеу бөліміне қызметке ауысады. Осы кезден ғыл. жұмыстарға ден қойды. 1988 ж. мұражай қызметкерлерімен бірге жүргізген іздестіру жұмыстарының арқасында «Насаб-нама» шежіресінің алғашқы нұсқасын табады. 1990 жылдан «Насаб-нама» шежіресі жайлы алғашқы ғыл. мақаласы жарық көрді. 1991 жылдан Ахмет Иасауи атынд. Халықар. Қазақ-Түрік университетінде ашылған «Иасауи лабораториясына» қызметке тұрды. 1991-2005 ж. университет жанындағы ғыл.-зерттеу ин-тында аға ғыл. қызметкер, жетекші ғыл. қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Көне қолжазбаларды жинау мен оларды ғыл. айналымға енгізу, Қожа Ахмет Иасауи мен ол негізін салған сопылық жолдың тарихына қатысты жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде кандидаттық диссертациясын қорғады. 2002 жылы «Насаб-нама нұсқалары және түркі тарихы» атты монографиялық еңбекті жариялады. 2006 жылы «Иасауи жолы және қазақ қоғамы» атты монографиялық еңбекті жарыққа шығарды. 2024 жылы «Йасауи жолының Алтын Орда тарихындағы ролі» атты монографиялық еңбекті жариялады. Қазір Жандарбек Зікірия Заманханұлы зейнеткер. Үш монографиялық еңбек пен 14 кітаптың, 300-ден аса ғылыми мақаланың авторы. Қазақ шежіресі мен аңыздарға, батырлық жырлары, т.б. ауыз әдебиеті үлгілерін қазақ тарихы ғылымы қажетіне пайдалану жолдары туралы жазған мақалалары ғыл. басылымдарда жарияланып жүр.

Бұл қырғынды кім не үшін жасады?

 

Қазақ халқы өзінің мыңдаған жылдық тарихында қаншама белестерден өтті. Әлемге әмірін жүргізген кезеңді де, өзгеге құл болып, мемлекеттігінен айырылған кезеңді де басынан өткерді. Сондай әлемге әмірін жүргізген кезеңнің бірі – «Алтын Орда» дәуірі. Алтын Орда мемлекетін құрған да, қалыптастырған да қазақ халқының ата-бабалары. Өкінішке орай, сол мемлекетті күйреткен де өзіміз десек, артық айтқандық емес. Бұл қасіретті тарих қазақтың ауызша тарихында, шежірелерінде сақталған. Мысалы, Алтын Орда мемлекетінің ыдырауының басы қандай оқиғадан басталғаны қазақтың ауызша тарихында, шежіресінде ғана бар. Және ол тарих «Ойсыл қырғыны» деп аталады. Алайда сол ұлы мемлекеттің құрылу, қалыптасу және күйреу себептері тарихи тұрғыдан әлі өз бағасын ала алған жоқ. Оның басты себебі – қазіргі қазақ тарихын зерттеуде қолданылып отырған тарихты зерттеудің тәсілдері (методологиясы) десек, артық айтқандық емес. Олай болатыны – Жошы ұлысына, Алтын Орда тарихына қатысты тарихи деректердің көпшілігі қазақ халқының тарихи жадында ғана сақталған. Қазақ халқының тарихи жадына қазақтың шежірелері, жыр-дастандары, аңыз әңгімелері жатады. Қазақ халқы өз тарихын сол дерек көздері негізінде танып, білді және тарихи танымы сол негізде қалыптасты десек, артық айтпаймыз. Өкінішке орай, қазіргі күні біз сол қазақтың дәстүрлі тарихи танымын жоққа шығарып, тарихымызды халықтың таным-түсінігіне жат тарихи деректер негізінде жазып отырмыз. Олай дейтініміз – Жошы ұлысына, Алтын Орда тарихына қатысты тарихи деректер түркілік емес, араб-парсы, қытай, византиялық, италиялық деректер негізінде жазылып, қазақ халқына қазақ тарихы ретінде беріліп отыр. Бұл тарихта қазақ халқының дәстүрлі тарихи жады толығымен қолданыстан шығарылды десек, артық айтқандық емес. Себебі біздің тарихшылардың ұстанған тарихты материалистік тұрғыдан тану методологиясында қазақтың дәстүрлі тарихи жады тарихи дерек ретінде қабылданбайды. Ол тек – миф, қиялдан шығарылған оқиғалар желісі. Алайда қазақтың дәстүрлі тарихи жадынсыз, ондағы баяндалатын оқиғаларсыз жазылған тарих қазақ үшін өлі тарих. Оның басты себебі – қазақ халқындағы тарихи үдерістердің негізгі қозғаушы күші – рухани үдерістер. Олай болатыны – Қожа Ахмет Йасауидің дінді шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтерумен байланысты болғандығын, материалдық болмыстың уақытша, рухани болмыстың мәңгілік сипатын айқындап бергеннен кейін, түркілер үшін адамның рухани болмысы негізгі құндылыққа айналды. Сол себепті қазақ «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген ұстанымнан ешқашан айнымайды. Сондықтан қазақ үшін ар-иман бәрінен де жоғары. Жошы ұлысының кейіннен Алтын Орда атануы осы ұстаныммен тікелей байланысты болғандығын қазіргі мамандар түсіне бермейді. Ал Шыңғыс хан болса, түркі мемлекеттігінің қайтадан қалпына келуіне, Йасауи жолының – йасауийа тариқатының түркі халықтарының барлығына дерлік таралуына ықпал етті. Осы екі ұлы тұлғаның тарихи миссиясының арқасында Алтын Орда сияқты ұлы мемлекет дүниеге келген болатын.

Мысалы, сондай қазақтың ауызша тарихында сақталып қалған «Ойсыл қырғыны» оқиғасының Алтын Орданың күйреуінің басы болғандығына ешкім көңіл бөлген емес. Бұл оқиғаның Алтын Орда сияқты алып империяның тарихи тағдырына ықпал ететіндей қандай маңызы бар деген сұрақ туындауы да анық. Енді осы сұрақтарға кезегімен жауап беріп көрелік. Ол үшін алдымен сол «Ойсыл қырғыны» ауызша тарихта қалай баяндалады? Енді сол ауызша тарихты мысалға келтіріп көрелік. «Мысалы, Сіргелі тайпасының шығуына қатысты мына аңыз шындығында Жәнібек хан мен түркі тайпалары арасындағы қайшылық болғандығын дәлелдейді. «Жәнібек ханның замандасы, бақуатты Бақтиярдың ұлы Ойсылдың бірнеше әйелі мен 30 ұлы болыпты. Олардың арасында ақылмандары да, көрікті еркетотайлары мен іскерлері де бар екен. Сол Ойсыл ұлдарының бірі Бораш атты жарамды жігіт хан сарайында қызмет етіпті. Көркіне көз тоймайтын, батырлығы мен батылдығы елге аңыз болған сол Борашқа хан қызының көңілі құлайды. Елдің сөзі де, көзі де көп. Сол сөз күндердің күнінде хан құлағына шалынады. Хан ашуланып, Ойсылдың барша ұлдарымен келіндерін қонаққа шақырып, бәрін қырып тастапты. Тек қана Ойсылдың қырда жылқы бағып жүрген ұлы мен оның Ұлбике атты екіқабат әйелі Ошақтыда төркіндеп жүріп, аман қалып, Манат атты ұл туыпты. Ол ес жиып, ат жолын тартып мінуге жараған кезде оған сіргелі тай мінгізіп, еліне шығарып салыпты. Ол ата-жұртына жеткенде, көкпардың үстінен шығып, бұл додада өзінің епті әрі күшті екенін танытып, тайының да тұлпар тектес топ жарғандығын көрсетіп, жиналған ел-жұртты таңқалдырыпты. Оны енді байқап, бір-бірінен сұрастырып, «Сіргелі тай мінген мына бала кім?» дегенге келеді. Сөйтіп, Манат Сіргелі аталыпты». Осы аңыз С. Қондыбайдың «Есен қазақ» атты шығармасында шамалы өзгерістермен қайталанады. Бір ерекшелігі – автор мұнда Сіргелілерді Кіші жүз тайпалары ішіндегі Байұлымен байланыстырады.

 

«Алтын орда» атауы қайдан шықты?

 

Осы «Ойсыл қырғыны» оқиғасы Алтын Орда сияқты алып мемлекеттің ыдырауына қалайша ықпал етті? – деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұраққа жауап беру үшін Жошы ұлысы тарихына түгел шолу жасап, ұлыстың «Алтын Орда» аталу себептерін ашып көрсетуіміз керек. Сонда ғана біз «Ойсыл қырғыны» оқиғасының маңызын түсіне аламыз.

Жошы ұлысының қалыптасу тарихы Шыңғыс ханның Жошыға осы территорияны бөліп беруімен басталатыны тарихтан белгілі. Бату хан Жошы ұлысының шекарасын Жайықтан Дунайға дейін ұлғайтып, ол жерлерді өзінің 13 туысқанына бөліп беріп, Ертіс пен Дунай арасын алып жатқан қуатты мемлекет қалыптастырды. Алайда ол кезеңде Жошы ұлысы Ұлық ұлыстың құрамдас бөлігі болып табылатын. 1256 жылы Бату қайтыс болғаннан кейін Жошы ұлысының тағына отырған Берке хан ислам дінін қабылдап, мемлекетті Ұлық ұлыстан бөліп алды. Мысыр мемлекетімен одақ құрып, Иран жерін билеп отырған Құлағумен әскери қақтығысқа барды. 1266 жылы Берке хан қайтыс болғаннан кейін Жошы ұлысының тағына Меңгу Темір отырды. Ол ислам дінінен бас тартып, қайтадан ескі дінге бет бұрды. Одан кейінгі кезеңде Жошы ұлысы хандарының діни ұстанымы тұрақты болған жоқ. Меңгу Темірден кейін таққа отырған Туда Меңгу қайтадан сопылық жолға бет бұрғанымен, билігі баянды болмады. Оны туыстары ақылынан алжасты деп, тақтан тайдырып, Меңгу Темірдің балалары мен Тарғу балалары бірлесіп басқарды. Алайда араларында қайшылық туып, бітіспес жаулыққа ұласты. Төле Бұғаның өз дегеніне жүре қоймайтынын сезген Батыс өлкелер билеушісі Ноғай Төле Бұғаның қарсыласы Тоқтыны жақтап, соның жағына шықты. Төле Бұға мен оның туыстарын алдап шақырып, Тоқтының қолына беріп, өлтірткізді. Бұдан кейін тақ үшін өз бәсекелесін өлтіру Жошы ұрпақтары арасында әдетке айналды десе болады. Тоқты алдымен Жошы ұлысындағы тақ таласында негізгі төреші болып отырған Батыс өлкесінің билеушісі Ноғайдан құтылудың жолын қарастырып, қаншама рет соғысып, оны баласымен бірге өлтірді. Одан кейінгі кезеңде ертеңгі күні өзіме, балама бақталас болады деген оймен туыстарын, туыстарынан туылған ұл балаларды түгелімен өлтіре бастады. Мұның соңы Тоқты хан 1312 жылы қаза тапқан соң тақ таласына ұласты. Ислам дініне қарсы күштер Тоқтының баласы Елбасарды таққа отырғызбақ болды. Бірақ хорезмдік Әмір Құтлық Темір бастаған топ күшпен тақты Тоғрылшының ұлы Өзбекке алып берді. Тоқтының ұлы Елбасар мен тағы 120 Шыңғыс хан ұрпағы өлтіріліп, билік толығымен Өзбек ханның қолына көшті. Бұл сарай төңкерісінде Темір Құтлықтың туыстары Сарай Темір мен Мұхаммед қожа, Өзбектің өгей шешесі Хатун Баялун белсенді әрекет жасады. Сонымен бірге, Жошы ұлысындағы барлық мұсылман дінбасылары толығымен Өзбек хан жағына шықты. Ал Ордаға ықпалы бар Нұғман шайх Өзбек ханды қолдады. Осылай 1312 жылы Өзбек хан Жошы ұлысының тағына отырды. Ол жастайынан Шеркеш тауларында Йасауи жолы өкілдерінің қолында тәрбиеленген болатын. Алайда ол бірден ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялаған жоқ. Өйткені өзінен бұрын Берке хан мен Туда Меңгу хандардың қателігін қайталағысы келген жоқ. Ол 1312 жылдан 1320 жылға дейінгі аралықта мемлекетте күрделі реформалар жүргізіп, мемлекеттің басқару жүйесін толығымен өзгертті.

Алтын Орда мемлекетіндегі қоғамдық құрылыс тарихын зерттеген Г. Федоров-Давыдов Өзбек хан тұсында Алтын Ордадағы исламдандыру мен рулық, тайпалық құрылымдарды қайта құру процестері қатар жүргендігін айтады. Ол сол кезеңде Алтын Ордада жүрген процестерді былай тұжырымдайды: «Қыпшақ даласындағы көшпенділерге қатысты ескерткіштерді саралай отырып, мынадай екі жақты, қарама-қарсы екі ағымның қатар жүргенін байқадық: бір жағынан, ескі рулық, тайпалық қатынастардың бұзылуы, олардың қаса-қана жойылуы, бұрынғы ру, тайпа басшыларының ықпалын жою, сонымен бірге, моңғолдардың шаруашылықты басқару себебінен болған әр түрлі ру, тайпалардың араласуы; екінші жағынан, негізінде, моңғол шапқыншылығына дейін ғасырлар бойына қалыптасқан, олардың этникалық бірлігіне негізделген, бұрынғы рулық, тайпалық құрылымдардан да мықты құрылымдар пайда болды. Осы қарама-қарсы екі қозғалыстың арасының «синтезін», басқаша айтқанда, Алтын Орда көшпенділерінің даму баспалдағын айқын көрсетіп берді». Бұл жерде зерттеуші Жошы ұлысында болған күрделі процестерді дөп басып айтып отыр. Бірақ рулық, тайпалық құрылымдарды қалыптастырудағы қандық принциптің орнына діни-идеологиялық бірлік қойылғаны зерттеуші назарынан тыс қалған.

Бұл жерде ескерте кететін бір мәселе – Өзбек хан алдымен өзінің реформасын рулар мен тайпаларды қайта топтастырудан бастаған сияқты. Бұрынғы қандық принципке негізделген рулар мен тайпалар ыдыратылып, рухани бірлік негізінде қайта қалыптастырылғанын көруімізге болады. Мысалы, Керей – Орта жүздің белді тайпасының бірі; Қара Керей – Найман тайпасының құрамындағы бір белді ру; Керейт – Кіші жүз құрамындағы Жетіру бірлестігі құрамындағы белді ру. Сондай-ақ, Табын құрамындағы Жаманкерей руын да осы керейлерге жатқызуға болады. Қаракесек – Арғын тайпасы құрамындағы белді ру. Сондай-ақ, Қаракесек – Кіші жүздің Әлімұлы тайпалар бірлестігі құрамындағы белді рудың аты. Сонымен бірге, осы Әлімұлы құрамындағы рулар ішінен Ұлы жүз Дулат ішіндегі Жаныс, Сиқым аттарын да кездестіреміз. Ал Сиық атауы үш жүз құрамындағы рулар қатарында түгел кездеседі. Ұлы жүз құрамындағы Ойсылдан тарайтын рулар ішінен Ақсиық, Қожасиық аттарын кездестіреміз. Ал Найман тайпасы құрамында Байсиық руы бар. Ал Кіші жүз Байұлы құрамында Сарысиық руы бар. Тіней руын Найман тайпасының құрамынан, Қоңырат тайпасының құрамынан, Кіші жүзде Адай тайпасының құрамынан көруге болады.

 

Қазақ шежірелеріндегі бұл деректер Өзбек хан жүргізген қайта құрулардың нақты дәлелі деуге болады. Бұрынғы рулық, тайпалық жүйелердің ыдыратылуы, жаңа ру, тайпалық одақтардың құрылуы қазақ шежірелерінде толық көрініс тапқан. Рулардың қалыптасуындағы бұрынғы қандық принцип жеті ата  көлемінде қалдырылғанын көреміз. Оған қазақ халқының жеті атаға дейін қыз алыспау салты дәлел бола алады. Өзбек ханның ру, тайпаларды қайта топтастыра отырып, халықтың рухани бірлігімен айналысатын билер институтын біртіндеп қалыптастырғанының куәсі боламыз. Демек, Өзбек хан өзінің мемлекеттік жүйені қайта құру жолындағы реформасын төменнен бастай отырып, өзінің болашақтағы әрекеттеріне осылай жол ашты.

 

Өзбек ханның ислам дінін енгізуі

 

Өзбек ханның 1320 жылы Йасауи жолын-йасауийа тариқатын мемлекеттік идеология ретінде жариялауына оның 1312 жылдан 1320 жылға дейін жүргізген осы реформасы мүмкіндік берді деп айта аламыз.

Тарихи жазбаларда Өзбек ханның ислам дінін ресми түрде 1320 жылы қабылдағаны, сол кезден бастап Алтын Орданың мемлекеттік діні ислам болып жарияланғаны жазылады. Қ. Жалайыридің жылнамасында Өзбек ханның таққа отырғанына 8 жыл толғанда, ұлы әулие Зеңгі Атаның шәкірті Сейіт ата әулиенің Өзбек ханды ислам дініне кіргізгені, Өзбек ханға «Сұлтан Мұхаммед Өзбек хан» деп ат бергені жазылады. «Темір-нама» қолжазбасында. Ұлықбектің «Төрт ұлыс тарихы» атты еңбегінде осы деректер шамалы өзгешеліктермен қайталанады. Ал Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» атты шығармасында төрт әулиеге Алла тарапынан пәрмен келіп, Өзбек ханды ислам дініне кіргізуге бұйырады. Ол төрт әулиенің бірі Баба Туклас – Баба Түкті Шашты Әзиз еді. Нұруллах ибн Убайдаллах Хорезми қолжазбасында Сүлеймен Бақырғанидің шәкірті Зеңгі Ата өзінің шәкірттері Садр Ата, Саййид Ата, Ұзын Хасан Ата, Бадр Ата төртеуіне Сарайшыққа барып, Өзбек хан мен халқын ислам дініне кіргізуді түстеріне еніп, аянмен бұйрық береді. Осы төрт кісінің ықпалымен Өзбек ханның исламды Алтын Орда мемлекетінде мемлекеттік идеология дәрежесіне көтергені анық. Ол қандай реформалар еді? Енді соған тоқталайық.

Мемлекетті басқару жүйесінде жүргізілген бұл реформа елді исламдандырумен, ел бірлігін қамтамасыз етуде рухани биліктің жетекші орынға шығуымен ерекшеленді. Елді исламдандыру процесі сол кезеңдегі Йасауийа тариқаты өкілдерінің, әулиелердің осы процеске тікелей әрі белсенді араласуы арқылы жүзеге асты. Алтын Орда мемлекетіндегі бүкіл саяси, идеологиялық, құрылымдық жүйедегі өзгерістерді жасаушы да, оны іске асырушы да осы тұлғалар болды. Әулиелер йасауийа тариқатын қабылдаған түркілердің рухани-мәдени тұтастығын сақтап қалу жолдарын қарастыра отырып, жүздік құрылымдарды қалыптастырды. Жүздік құрылымдардың негізгі қызметі халықтың рухани-мәдени тұтастығын сақтаудың негізгі тетігіне айналды. Бұл үдерістердің барлығы қазақ шежірелерінен көрініс тапқан. Шежірелерде жүздің басындағы тұлғалар «шора», «би», «арыс» сияқты сөздермен беріліп, олардың ерекше рухани дәрежелері көрсетіледі. Бұл тұлғалар Тәңір Тағаланың назарына ілігіп, сыйына ие болған тұлғалар. Осыған байланысты қазақ шежірелері осы кісілердің атымен басталады. Ұлы жүз – Байшорадан, Орта жүз – Жаншорадан, Кіші жүз – Бекшорадан таратылады. Одан төменгі ру, тайпалардың басында «сопы», «қожа», «би» тұрғанын көреміз. Мысалы, Ұлы жүз рулары «Төбе» бидің балалары Келмағамбет би, Ахмет би, Майқы би, Қоғам билерден таратылады.

Ал Орта жүз ру, тайпалары шежіре бойынша Жаншораның Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа, Есімқұлқожа, Қасымқожа атты алты ұлынан тарайды. Қарақожадан – Арғын, Аққожадан – Қыпшақ, Ақтамбердіқожадан – Найман, Дарақожадан – Қоңырат, Есімқұлқожадан – Керей, Қасымқожадан – Уақ.

Кіші жүз тайпаларының шежіресі былайша таратылады. Бекарыстан – Алшын, Алшыннан – Алау батыр, Алау батырдан – Құдыяр батыр, Құдыярдан үш ұл: Қадырқожа, Садырқожа, Нәдірқожа. Осы үш қожадан Кіші жүз рулары тарайды.

Шежірелерде аттары аталып, жүз, ру, тайпа басында тұрған кісі аттары ойдан, қиялдан шығарылған атаулар емес, сол XIV ғ. бірінші ширегінде өмір сүрген, Өзбек хан жүргізген қайта құруларды іске асырушы, сол ру, тайпаларды қайта топтастырған кезде сол бірліктерге рухани басшы болған тарихи тұлғалар деп түсінген дұрыс. Маңғыстаудағы әулиелі жерлер білгірі, әулиелер туралы қаншама еңбек жазған марқұм Серікбол Қондыбай Маңғыстаудағы әулиелердің қазақ шежірелеріндегі кісі аттарымен тікелей байланысты екендігін нақты мысалдармен көрсетіп берді. Мысалы, Арғын тайпасы ішінде Мейрам сопыдан тарайтын Бесмейрам деп аталатын рулар бар. Олар: Қуандық, Сүйіндік, Бегіндік, Шегіндік, Қаракесек. С. Қондыбай осы рулардың атасы Мейрам сопының тарихта болғандығын, Маңғыстауда Алау-Мейрам қорымында жерленгендігін дәлелдеді.

Алау батырдың Кіші жүз руларының басында тұрған тарихи тұлға екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.

Ал Ұлы жүздегі Майқы би мен оның немересі Бәйдібектің де тарихи тұлғалар екендігіне қатысты тарихи мәліметтер жеткілікті. Мысалы, мажарстандық зерттеуші Мария Иванич «Дафтари Чингиз-наме» шығармасында аты аталған кісілердің Шыңғыс хан тұсындағы тарихи тұлғалар екендігін дәлелдеді. Майқы би – Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының қарамағына берген төрт әскер басының бірі. Рашид ад-Диннің «Жылнамасында» ол Байку деген атпен белгілі. Хушин – Үйсін тайпасынан шыққан Жошы әскерінің оң қанатын басқарған қолбасшы. XIII ғ. бірінші жартысында өмір сүрген тарихи тұлға. Татар шежіресінде Майқы би Жайылханның ұлы, башқұрт шежіресінде Түменбектің ұлы. Қазақ шежірелерінде Төбе бидің ұлы.

Ал Бәйдібек Ата сол XIV ғ. өмір сүрген тарихи тұлға, өзі басқарған тайпалар бірлестігінің рухани жетекшісі – пірі екендігін аңғару қиын емес. Себебі, біріншіден, Бәйдібек Ата діни-рухани саланың, йасауийа тариқатының өкілі болмаса, оның атына «Ата» деген анықтауыш жалғанбаған болар еді. Олай дейтініміз, «ата» сөзінің сопылықтағы мағынасы «Алланың сыйы» деген мағына береді. Сондықтан ортағасырларда «Ата» анықтауышы сопылық жолдың йасауийа тариқаты өкілдері атына ғана жалғанған. Екіншіден, Бәйдібек Атаны халық әулие деп таниды. Әулие сөзінің түпкі мағынасы «Алланың досы» дегенді білдіреді. Бәйдібек Ата сопылық жол өкілі болмаса, ол әулие атанбаған болар еді. Бәйдібек Атаның әйелі Домалақ Ананың Қожа Ахмет Йасауидің қызының ұрпақтары болып келуі де Бәйдібектің йасауийа тариқатымен байланысты екенін көрсетеді.

 

Қазақ шежіресі және әулиелер

 

Қазақ тарихында әлі күнге шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – қазақ жүздерінің тарих сахнасына шығуы туралы нақты пікірдің қалыптаспауы. «Қазақ жүздері қашан пайда болды?» деген сұрақтарға тарих ғылымы толық жауап берген жоқ. Қазақ жүздерінің шығуы, қалыптасуы туралы ғалымдардың пікірлері әлі әртүрлі. Көптеген зерттеушілер жүздердің қалыптасуында этникалық бірлік жатыр деген ойға саяды. Енді біреулері табиғи және климаттық ерекшеліктерді алға тартады. Біз ол пікірлердің ешбіріне тоқталмастан, өзіміздің жүздердің қалыптасуына қатысты ойымызды ортаға саламыз.

Қазақ жүздері туралы деректі қазақ халқының тек өзіне тән дерек көздерінен табуға болады. Себебі жүз қазақ халқының ішкі рухани дүниесіне қатысты мәселе болғандықтан, оны сырт көздің аңғаруы, талдап жаза қоюы екіталай. Сол себептен де қазақ шежірелері мен шежірелерде аттары аталған тарихи тұлғалар туралы аңыздар, қожа әулеттерінің шежіресі «Насаб-нама» нұсқалары, әулиелер туралы киелі аңыздар қазақ жүздері туралы мағлұматтар беретін бірден-бір дерек көздері болып табылады. Бірақ бұл қазақ жүздерінің қазақ тарихында ешқандай рөлі болған жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, қазақ жүздері сайын даланы алып жатқан түркі тайпаларының діни, рухани, мәдени бірлігін қамтамасыз еткен басты ұйыстырушы күш болғандығын көрсетеді. Сондықтан қазақ жүздерінің қалыптасу кезеңін Жошы ұлысында йасауийа тариқатының мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерілуі мен Алтын Орда мемлекетіндегі құрылымдық жүйенің идеологиялық бірлік негізінде қайта құру кезеңімен байланыстыруымыз керек.

Қазақ шежірелерінде жүздердің қалыптасуы сол Өзбек хан жүргізген саяси реформа кезеңіне сай келетіні айқын көрсетілген. Өзбек ханның балалары Байшора, Жаншора, Бекшора болуының өзі, Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз тайпаларының осы үш кісіден тарауы, жүздердің шығуы сол Алтын Орда атанған мемлекеттің құрылымдық жүйесін реформалауға байланысты тарих сахнасына шыққанын көрсетеді. Бірақ жүзге бөлудегі басты принцип не? – деген сұраққа жауап бермей, жүздердің қалыптасу себептерін аша алмаймыз. Ол ашылмаса, жүздердің халықты ұйыстырушы емес, керісінше, ыдыратушы фактор болды деген қате түсінік өзгермей қала бермек. Сондықтан бұл мәселе толық әрі жан-жақты жауап беруді талап етеді. Сол себепті біз Алтын Орданың ислам дінін қабылдау кезеңіне қайта талдау жасауға тиіспіз. Бірақ алдымен йасауийа тариқатының тармақтары туралы, олардың өкілдері туралы қысқаша мәлімет беріп кетсек, артық етпейді.

Қожа Ахмет Йасауи негізін салған йасауийа тариқатының тарихы болып табылатын «Насаб-нама» нұсқаларындағы деректерге қарағанда, йасауийа тариқатының бізге белгілі үш тармағы бар. Осы үш тармақ өкілдері түгелімен өз шежірелерін Али ибн Абу Талибтің Хаула деген әйелінен туылған ұлы Мұхаммед ибн ал-Ханафийадан бастайды және олар қазақ халқы арасына тараған үш қожалар әулетін құрайды. Біріншісі – өз шежірелерін Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның төртінші (кейбір шежірелерде бесінші) ұрпағы, Түркістан жеріне алғаш ислам дінін әкелушілердің бірі Исхақ Бабтан тарайтын Аққорғандық қожалар. Қожа Ахмет Йасауидің өзі осы Исхақ Бабтың он үшінші ұрпағы. Сондықтан бұл қожалар әулеті Қожа Ахмет Йасауидің тікелей өзінен бастау алатын тармақ болып табылады. Біз жоғарыда Саййид Ата осы тармақ өкілі екендігін ескертіп өткен болатынбыз.

Екіншісі – өз шежірелерін Исхақ Бабтың ағасы, Түркістан жеріне алғаш ислам дінін әкелушілердің бірі, Қарлұқ-Қарахан мемлекетінің негізін қалаған Абд ар-Рахим-Сатуқ Бұхра ханнан тарататын қожалар әулеті. Ол қожалар өздерін Қарахан қожалар деп атайды. Садр ад-дин шайх – Садр Ата, Баба Туклас осы қожалар әулетінен.

Үшіншісі – өз шежірелерін Исхақ Бабтың інісі, Сырдың төменгі ағысында VIII ғасырдың екінші жартысында тарих сахнасына шыққан Оғыздар мемлекетінің негізін қалаған Абд ал-Жалил баб – Хорасан Атадан тарататын Хорасан қожалар.

Осы үш қожалар әулеті бізге дейін жеткен йасауийа тариқатының үш тармағын құрайды. Осы үш қожа әулетінің екеуі көне түркілік билеушілер әулеті өкілдері екенін көреміз. Егерде Қарахандық билеушілер әулеті өкілдерінің саяси биліктен айырылғаннан кейін йасауийа тариқатына кіріп, йасауийа шайхтарына айналғанын, Хорасан қожалар да өз шежірелерін Оғыздық билеушілер әулетіне апарып жалғастыратынын ескерсек, онда Жошы ұлысында рухани билікті ұстаған тек дін адамдары емес, көне түркілік билеушілер әулеті өкілдері екенін көруге болады. Ал Исхақ Бабтан тараған Аққорғандық қожалар болса, олар тікелей Али ибн Абу Талибтің ұлы Хусайннан тараған ұрпақ екендігін олардың шежірелерін араб жазба деректерімен салыстырғанда анықтаған болатынбыз. Жоғарыда Өзбек ханды ислам дініне кіргізген төрт әулиенің Садр Ата, Саййид Ата, Бадр Ата, Ұзын Хасан Аталардың йасауийа тариқатының үш тармағының өкілдері екендігін айтып өттік. Басқаша айтқанда, сол әулиелердің осы үш қожа әулетінің өкілдері екенін көреміз. Демек, ол әулиелер Өзбек ханға жеке өздері келген жоқ. Олардың әрқайсысының соңында мыңдаған йасауийа тариқатының мүшелері болды. Солардың қатарынан қайтадан топтастырылған рулық, тайпалық жүйелердің басшылары шықты. Олар уақыт өте келе сол рулық, тайпалық жүйелердің атасына айналды. Олай болса, қазақ шежірелеріндегі Байшора, Жаншора, Бекшоралар – Өзбек ханды ислам дініне мойынсұндырған төрт әулиенің үшеуі деп түсінуіміз керек. Төрт әулиенің екеуінің йасауийа тариқатының қай тармағынан екенін нақты мысалдармен көрсеттік. Саййид Ата Исхақ Баб әулетінен, ал Садр Ата – Баба Туклас – Қарахандық қожалар әулетінен. Ал Ұзын Хасан Ата мен Бадр Атаның қайсысының Хорасан қожалар әулетінен екендігін анықтай алмадық. Қазақтың үш жүзінің басында тұрған төрт әулиенің үшеуі екендігіне дау жоқ. Енді осы әулиелердің қазақ шежірелерінде жүздердің арғы атасы болып жүрген Байшора, Жаншора, Бекшораларға қайсысы сай келеді екен? Енді осы сұраққа кезегімен жауап беріп көрелік.

 Осы әулиелер ішіндегі шыққан тегі жағынан бәрінен жоғары тұрған Саййид Ата. Өйткені, ол Мұхаммед Пайғамбардың қызы Фатимадан тараған ұрпақ өкілі. Сонымен бірге, Исхақ Бабтан тараған әулет өкілдері ешқашан саяси билік басында болған емес. Тек діни, рухани салада қызмет еткен. Соған байланысты сол VІІІ-ХІІ ғасырларда бұл әулет өкілдеріне қарахандық билеушілер арнайы уақыфтық жерлер бөліп беріп отырған. Ол уақыфтық жерлердің барлығы Аққорғандық қожалар шежіресі «Насаб-намаларда» санамалап көрсетілген.  Оның үстіне Исхақ Баб әулеті негізінен Сыр бойы, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу Мауараннахр жерлерін мекендегенін, біз, осы әулет шежіресі «Насаб-нама» нұсқаларын жинаған кезде анықтадық. Демек, қазақ шежірелеріндегі  Ұлы жүздің арғы атасы аталып жүрген Байшора осы Саййид Ата деп айтуға толық негіз бар.  Оны Ұлы жүз ру, тайпаларының  Исхақ Баб әулетінің мекендеген территорияда болуы да қуаттай түседі. Ал, Қазанғап Байболұлының «Төле бидің тарихы» дастанында айтылған мына жыр жолдары да біздің пікіріміздің дұрыстығын нақтылай түседі.

Дулаттың төртеу баласы,

Әмір Темір тұсында,

Өткен еді жобасы,

Сейіт Ата әулие,

 Пірі дейді бұрынғы,

Кейбір қария санасы,

Үлкен Сиқым әуелгі,

Ботбай, Шымыр егіз боп,

Дүниеге кеп еді,

Кенжесін Жаныс дер еді. 

Ал «Насаб-нама» нұсқаларының бірінде Исхақ Бабтың ұлы Харун шайхтың ұлының аты Йунус шайх, лақабы Жаныс Ата екендігі айтылады. Әрине, бұл Алтын Орда дәуіріне сай келмейді. Алайда «Насаб-нама» кейінгі кезеңдерде жазылған дүние болғандықтан, шежіредегі кісі аттарының ауысып келуі мүмкін. Сондықтан Дулат тайпасы құрамындағы Жаныс руының аты сол руға пір болған Исхақ Баб әулетінен шыққан Жаныс Атаның атымен аталуы әбден мүмкін және бұл дерек Ұлы жүз бен оларға пір болған Аққорғандық қожалар арасында байланыс барлығын көрсететін тағы бір дерек. Жоғарыда айтылған Саййид Ата мен Бәйдібек Ата арасындағы байланыс та бұл пікірдің дұрыстығын қуаттайды. Егерде осы айтылғандарды саралап, қорытындыласақ, онда Ұлы жүздің Ұлы жүз аталуы өз шежірелерін Али ибн Абу Талибтің әйелі, Пайғамбардың қызы Фатимадан туылған Хусайннан, оның ұрпақтары Исхақ Баб пен Қожа Ахмет Йасауимен жалғайтын қожа әулеті өкілдерінің Ұлы жүз құрамындағы ру, тайпаларға рухани басшы – пір болуымен байланысты болғандығын көрсетеді.

Исхақ Баб әулеті өкілдерінің Ұлы жүзге ғана емес, сонымен бірге, Алтын Орда тағында отырған Жошы ұрпақтарының тікелей пірі болғандығын Алтын Орда тарихына қатысты жазба деректердегі мағлұматтардан көреміз. Мысалы, Өзбек ханның пірі Саййид Ата екендігі Ұлықбектің «Төрт ұлыс тарихы» атты еңбегінде атап көрсетіледі. Ибн Батута да Өзбек ханның «Ата» деп Саййид Атаға құрмет көрсеткенін жазады. Хорезм аңыздарында Саййид Атаның Өзбек ханның ұлы Жәнібек ханды өлімнен құтқарғаны үшін Өзбек ханның ислам дінін қабылдағаны, Саййид Атаға мурид болғандығы айтылады. Бұл деректер Алтын Орда дәуірінде Саййид әулеттерінің хандар әулетінің пірі болғандығын дәлелдейді. Демек, Ұлы жүздің пірі мен хандар әулетінің пірі де Саййидтер әулеті. Бұл жерде Саййидтер әулетінің Ұлы жүзге пір болуы не берді? деген сұрақ туындайды. Қазақта «Ұлы жүзді таяқ беріп, малға қой» деген сөз бар. Бұл бір жағынан кемсіткендей болып көрінуі мүмкін. Алайда, хандар әулетінің қорғаушысы да, қызметшісі де осы Ұлы жүз тайпаларынан шыққанын көпшілік түсіне бермейді.

(Жалғасы бар)

 

Зікірия Жандарбек, т.ғ.к.
23.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29456
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29008
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46263
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41870
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46590