Нәзипа Ыдырысқызы Шанай: Ұлтты сақтайтын – тәрбие, оның өзегі – ана

Нәзипа Ыдырысқызы Шанай:  Ұлтты сақтайтын – тәрбие, оның өзегі – ана

Біз бүгін жүректерді тербеп, аналық мейірдің мөлдір үнін естіртер, елдің ертеңіне алаң көңілмен қарар  «Аналар үні» атты жаңа айдарымыздың шымылдығын түріп отырмыз.

Бұл бастамаға себепкер болған – Нәзипа Шанай, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының Республикалық аналар кеңесінің төрайымы. Ал осы игі істің ұйытқысы – газетіміздің басшысы Ел анасы Сәуле Мешітбайқызы.

Екі тұлғаның жүздесуі – бір ғана кездесу емес, ел тағдырына алаңдаған жүректердің үндестігі, аналардың аманатына айналар сөздің бастау бұлағы болды.

Осы тағылымды жүздесу барысында біз газетімізде бүкіл аналардың мінберіне айналар ерекше айдар ашуды мақсат еттік. Бұл – жай ғана сөз алаңы емес, бұл – аналардың ар-ожданы сөйлейтін, қоғамның тамырына үңілетін, жүректегі шер тарқап, шындықтың шамы жағылар қасиетті кеңістік.

Бұл мінберде әрбір ана, әрбір әйел, әрбір қыз-келіншек өзінің ой-пікірін, көкейіндегі толғақты мәселелерін бүкпесіз ортаға сала алады. Бұл үнсіздікті бұзатын, жүректерді жалғайтын, ұлттың болашағын бірге ойлайтын орта болмақ. Ендеше, осы айдардың мақсаты мен міндетіне аз-кем тоқталайық. 

Бүгінгі таңда елімізде жан шошырлық, жүрек сыздатар келеңсіз оқиғалар көбейіп барады.Бұл – қоғамның азғаны ма, әлде адамның азғаны ма – жауабын табу қиын, жанды ауыртар сұрақ. Қасіреті сол – тек ересектер ғана емес, аузының сүті кеппеген балалардың өзі бір-біріне озбырлық жасап, қатыгездікке барып, тіпті қасақана қан төгуге дейін барып жатыр. Мұндай сұмдық деректер күнделікті өміріміздің көлеңкесіне айналды. Жетімдеріміз көбейді, кәмелетке толмаған, жап-жас қыздарымыздың жүкті болуы, шақалағын әжетханаға не күл-қоқысқа тастап кетуі үйреншікті жағдайға айналғандай.

Бұл – жүректі жаралайтын шындық, ұлт намысына түскен дақ емес пе? Одан да сорақысы – жас аналардың өз-өзіне қол жұмсауы, өлімді таңдап, тіршіліктен безінуі. Неліктен? Қай жерде қателестік? Қай тұста тәрбиенің жібі үзіліп кетті?..

Әрбір үшінші отбасының ажырасып, шаңырақтардың шайқалып, күйреп жатқаны да көңілге кірбің түсірер ауыр мәселе.

Ел қорғаны болуы тиіс ер-азаматтарымыздың бірін-бірі қатыгездікпен өлтіруі ұлт рухының әлсірегенін аңғартпай ма?..

Жастарымыздың туған тілінен, дәстүрінен алшақтап, өзгенің жылтырағына, қаңсығына құмар болуы да көкірекке күдік ұялатады.

Қоғам неге бұлай өзгерді? Себебі неде? Салдары қандай?.. Бұл сұрақтар – әрбір саналы азаматтың жүрегін тырнайтын, жанын күйзелтер ауыр сауалдар. Осындай сұмдықтардың орын алуы өзекті өртеп, ұлттың жанайқайына айналып отыр. Ендеше, ағайын, не істейміз?

Қатыгездікті қалай тоқтатамыз? Азғын-дықтың алдын қалай аламыз? Жайбарақат қарап отыра береміз бе, әлде тамырын қопарып, түбегейлі жоюға ұмтыламыз ба?.. Әрине, себеп көп. Оның басында әлеуметтік жағдай тұрғаны анық. Бірақ ең үлкен қасірет – ғасырлардан келе жатқан ұлттық тәрбиеден, құндылықтарымыздан ажырап бара жатқанымыз. Смартфон, әлеуметтік желі, сананы улаған сыртқы ықпалдар туралы да айтылып жүр. Алайда, бұл кеселдің алдын алуда әлі де әлсіздік танытып отырғанымыз шындық. Шын мәнінде, тәрбие – отбасынан басталады. Ал отбасының ұйытқысы – ана.

Ана – елдің тұтқасы, ұлттың тірегі, тәрбиенің қайнар көзі. Осыны жоққа шығара алмаймыз. Біздің басты кемшілігіміздің бірі – жас қыздарымызды, болашақ аналарды отбасылық өмірге лайықты етіп тәрбиелей алмауымыз. Сондықтан да азғындық пен жамандықтың алдын алу үшін мәселені мемлекеттік деңгейде қолға алу қажет.

Бірақ бәрі мемлекеттен басталмайды – бәрі анадан басталады. Сондықтан, ең алдымен, аналар бірлесіп, ақылдасып, кеңесіп, ортақ ойды ортаға салуы тиіс.

Бүгін ашылып отырған «Аналар үні» айдары – осы мақсаттың айқын көрінісі.

Сонымен қатар, газетіміздің «Ауыл тағдыры – ұлт тағдыры» экспедициясы ел ішін аралап, халықпен жүздесіп, жай ғана кездесу емес – жүректегі мұңды тыңдап, көңілдегі мәселені қозғап, оны билікке жеткізуді мақсат етеді.

Соңғы жылдары газет басшысы Сәуле Мешітбайқызы бастаған бұл бастама өңірлерде ұлттық құндылықтарға арналған көшпелі дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, осы өзекті мәселелерді кеңінен талқылап жүр.

Экспедиция құрамында «Аманат» партиясы, бірқатар министрліктер мен қоғамдық ұйымдар бар. Енді бұл қатарға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия да қосылып отыр.

 

Қадірлі ағайын, ардақты аналар!

Бүгін біз осы комиссия мүшелерімен бірлесе отырып «Аналар үні» айдарын ашып отырмыз. Ендеше, ел тағдырына бейжай қарамайтын әрбіріңізді осы мінберге үн қосуға шақырамыз.

Елдің ертеңі – сіздердің қолдарыңызда. Сөз қосайық, ой бөлісейік, үнімізді білдірейік!

Біз бүгін ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының Республикалық аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаймен жүрекжарды сұхбат арқылы осы жаңа айдарымыздың шымылдығын ашып отырмыз. Бұл – жай бастама емес, бұл – аналардың үнімен жаңғырар ұлттың жаңа тынысы болғай!

 

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының Республикалық аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаймен ұрпақ тәрбиесі жайлы әңгімелескен едік. Төменде сол сұхбатты оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

 

Қоғам жарасын тек мейірімділік қана емдей алады

 

– Құрметті Нәзипа Ыдырысқызы, сіз 2014 жылғы бір сұхбатыңызда тастанды балалардың көбейгенін айтып, қоғамға «Қоғам азды ма, адам азды ма?» деген сауал тастаған едіңіз. Бүгінде осы мәселеге көзқарасыңыз қалай өзгерді?

– Бұл сұрақ, өкінішке қарай, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Менің ойымша, тастанды балалардың көбеюі – тек қана адамдардың моральдық деңгейінің төмендеуін көрсетпейді, сонымен қатар, әлеуметтік жүйенің ақаулығын, экономикалық қиыншылықтарды, білім мен мәдениет деңгейінің төмендігін де білдіреді. Біріншіден, қоғамның «азуы» деп айтып отырғанымыз – адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастар мен этикалық нормалардың төмендеуі. Қазіргі таңда көптеген адамдар өздерінің жеке басының ғана қызығушылығын жоғары қояды, қоғамдық жауапкершіліктерге немқұрайлы қарайды. Отбасылық институттың әлсіреуі, әсіресе жастардың арасында, тастанды балалар санының көбеюіне әсер етіп отыр. Екіншіден, «адам азды ма?» деген сұраққа жауап беру де оңай емес. Кейде қоғамда әлеуметтік теңсіздіктер мен мүмкіндіктердің жетіспеушілігі салдарынан да көптеген әлеуметтік мәселелер туындайды. Мысалы, денсаулық сақтау, білім беру және жұмыспен қамту салаларындағы жүйелік проблемалар әлеуметтік шиеленістерді арттырып, көптеген адамдарға қолдау көрсету жүйесінің әлсіздігін көрсетеді. Бұл да өз кезегінде тастанды балалардың көбеюіне әкеледі. Сондықтан бұл мәселеде бір жақты көзқараста болу қиын. Яғни, тастанды балалардың көбеюі – тек моральдық құлдыраудың емес, сонымен қатар әлеуметтік жүйенің әлсіздігі мен экономикалық қиыншылықтардың белгісі. Қоғамның азғындауы тек жеке адамдардың моральдық деңгейінің төмендеуі ғана емес, сонымен қатар үлкен әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселелердің айқын көрінісі. 

 

Мейлі, қалай десек де, біз жесірін қаңғыртпаған, жетімін жатсынбаған халық едік. Ал бүгін кей жағдайда жетімін аяудың орнына, оны қорлайтын, тағдырына жауапкершілік алудың орнына сырт айналатын қоғамға айналып бара жатқандаймыз. Бір кезде елді дүр сілкіндіретін оқиғалар – бүгін қалыпты жаңалыққа айналып барады. Шақалақты дәретханаға тастап кету, көліктен лақтырып жіберу сияқты жан түршігерлік жағдайлар бұрын қоғамды есеңгірететін. Ал қазір біз оған селт етпейтін күйге жеттік. 

 

Бұл – ең қауіпті белгі. Өйткені қоғамды құртатын нәрсе – жамандықтың өзі емес, соған үйреніп кету. Жетім балалар тек ата-анасынан айырылғандықтан ғана көбеймей жатыр. Оның астарында терең әлеуметтік себептер бар. Соның бірі – отбасындағы зорлық-зомбылық. Әйелге қол көтеру, анаға құрметтің азаюы – бұл тек бір отбасының емес, тұтас қоғамның трагедиясы. Мысалы, бірнеше баланың әкесі өз әйелін өлтіріп, сотталып кетеді. Нәтижесінде артында қалған балалар – тірі жетім. Мұндай жағдайлар – жеке оқиға емес, қоғамдағы жүйелі дерттің белгісі. Сондықтан біз мұны кездейсоқ құбылыс емес, қоғамның бетіндегі ашық жара деп қарауымыз керек. Егер бүгін емдемесек, ертең оның іріңі бүкіл қоғамға жайылады. Бұл – ұлттық сапамызға тікелей әсер ететін мәселе. Өйткені мейірімсіз қоғам – әлсіз қоғам. Енді бұдан шығудың жолына келсек, ең алдымен отбасы институтын күшейтіп, әйелдің қоғамдағы мәртебесін нақты көтеру қажет, зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қалыптастыру қажет, балаларға деген жауапкершілікті заңмен ғана емес, санамен бекіту керек. Сонымен қатар, мейірімділік тәрбиесін жүйелі түрде енгізген абзал. Мектептен бастап, балабақшадан бастап балаға тек білім емес, адам болуды үйретуіміз керек. Өйткені қоғамды заң ғана емес, жүрек тәрбиесі өзгертеді. Егер біз мейірімді ұрпақ тәрбиелей алсақ, жетім мәселесі өздігінен азая бастайды.

– Ұлтты тәрбиелейтін ана деп жатамыз.  Қазақ тарихын қарап отырсақ,  қай кезеңдерде болмасын ұлтты аман алып қалған аналардың рөлі ерекше болғаны белгілі. Бүгінгі қоғамда ананың орны мен беделі қандай деңгейде деп ойлайсыз?

– Қазақ «ана – ұлттың тұтқасы» деп бекер айтпаған. Ана – тек отбасының емес, тұтас ұлттың тірегі. Ол – бірліктің ұйытқысы, тәрбиенің қайнар көзі, руханияттың негізі. Сондықтан біз ананың қоғамдағы орнын күшейтпей, ешқандай мәселені толық шеше алмаймыз. Осы мақсатта біз «Аналар кеңесі» аясында үлкен жұмыс жүргізіп келеміз. Бүгінде бұл бастама ел бойынша кеңейіп, мыңдаған ананың басын біріктірген қоғамдық күшке айналды. Бұл – жай ұйым емес, бұл – қоғамға бағыт беретін, тәрбиеге ықпал ететін орта. 2021 жылдан бері «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын жүзеге асырып келеміз. Бұл жоба арқылы біз ананың тек отбасы ішіндегі емес, қоғамдағы рөлін де күшейтуді көздейміз. Сонымен қатар, біз бұрынғы әжелер институтын заманауи форматта қайта жандандыруға кірістік. Өйткені қазақ қоғамында әже – тәрбиенің алтын көпірі болған. Ертегі айту, ұлттық құндылықтарды жеткізу – бәрі сол кісілер арқылы жүзеге асқан. Қазір біз бұл тәжірибені балабақшаларда енгізіп жатырмыз. Балаларға ертегіні тек айту емес, оны мультфильм, сахналық көрініс арқылы жеткізуге мән берудеміз. Бұл – баланың санасына ұлттық кодты ерте сіңірудің жолы. Жалпы, біз отбасы институтын қайта жаңғырту кезеңіндеміз. Алда атқарар жұмыс көп. Бір ауыз сөзбен айтқанда, егер біз балалар үйін азайтып, балабақшаны көбейтсек, ойын-сауық орындарының орнына білім мен руханият ордаларын арттырсақ, сонда ғана ұлт ретінде өзімізді сақтай аламыз.

 

Біз аналарға шектен тыс ауыр жүк артып қойғандаймыз

 

– Руханият ордаларын арттыру керек деп қалдыңыз. Сіздіңше, бүгін ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген аналарға жағдай жасалған ба? Шын мәнінде ұлтының жоғын жоқтап жүрген аналарды қорғай алып отырмыз ба?

– Расында да біз бүгін ананы қорғамасақ, ертең ұлтты қорғайтын ешкім қалмауы мүмкін. Өйткені ұлттық құндылық дегеніміз – кітапта жазылып, мұражайда сақталатын дүние емес. Ол – күнделікті өмірде анадан балаға берілетін тәрбие. Тілді де, дәстүрді де, әдепті де ең алдымен ана үйретеді. Егер сол ананың өзіне жағдай жасалмаса, оның миссиясын орындауға мүмкіндігі болмаса, онда ұлттың рухани керегесі күйрейді. Ал қолдау тұрғысына келсек, бүгінгі қоғамда, меніңше, ананың мойнына тым көп жүк артылған. Бала тәрбиесі, отбасының берекесі, кей жағдайда табыс табу, қоғамға бейімделу деген сияқты жауапкершіліктің бәрін біз анаға артып қойғанбыз. Ал соның бәрінің ортасында оның ең негізгі миссиясы – тәрбие екінші орынға сырғып кетіп жатыр. Бұл – қауіпті құбылыс. Егер біз ұлттық құндылықтарды сақтағымыз келсе, онда ең алдымен сол құндылықты жеткізуші адамға жағдай жасауымыз керек.

– Сонда сіз айтып жүрген дәстүрлі «ана мектебін» қалыптастыру үшін мемлекет пен қоғам қандай нақты қадамдар жасауы керек деп ойлайсыз?

– Бұл жерде мәселе тек материалдық қолдауда емес. Бұл – тұтас көзқарас мәселесі. Біріншіден, ананың еңбегін қоғам шынайы бағалауы тиіс. Себебі бала тәрбиесі – тек ғана «үй шаруасы» емес қой, ол – ұлтты қалыптастыру. Егер біз осыны түсінбесек, онда ең маңызды жұмысты ең бағаланбайтын еңбекке айналдырып қоямыз. Екіншіден, ананың уақытын қорғау керек. Бала тәрбиелеу үшін уақыт қажет. Ал бүгінгі ана уақыт тапшылығында өмір сүріп жатыр. Егер ана баламен сөйлесуге, кітап оқуға, тәрбие беруге уақыт таппаса, оның орнын смартфон басады. Үшіншіден, ақпараттық орта ананы қолдауы тиіс. Қазір ананың «бәсекелесі» – әлеуметтік желі. Егер медиа кеңістікте жеңіл өмір, жауапсыздық, дарақылық насихатталса, ана қанша тырысса да, балаға қарсы тұру қиын болады. Сондықтан ұлттық тәрбиеге қызмет ететін сапалы контенттерді дәріптеу де ананы қолдаудың бір түрі. Ең бастысы – біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Ұлтты заң да, саясат та толық сақтай алмайды. Ұлтты сақтайтын – тәрбие. Ал тәрбиенің өзегі – ана.

– Бүгінгі келін – ертеңгі ана. Ендеше кешегі келін мен бүгінгі келіннің арасында қандай айырмашылықтар бар деп ойлайсыз?

– Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Себебі мәселе тек келінде емес, ең алдымен ене институтында. Қазақ қоғамында ене – келінді қабылдаушы ғана емес, оның тағдырына жауапты тұлға. Егер келін дәстүрлі тәрбие мен жауапкершілікті түсінетін ененің қолына түссе, онда ол қазақы өмір философиясымен қалыптасады. Сондықтан бүгінгі қоғамда «келін қандай?» деген сұрақтан бұрын, «ене дайын ба?» деген сұрақ маңыздырақ. Бұрын келін босағаны оң аяқпен аттаған сәттен бастап өзін сол әулеттің анасы ретінде қабылдаған. Ол: бұл үйдің берекесі мен абыройына жауаптымын, осы шаңырақты өсіру менің міндетім деп түсінген. Бұл – жазылмаған заң, ар-ұят кодексі еді. Ал бүгін кей жағдайда енелер ұлын келіннен қызғанып жатады. Мұндай жағдайда дұрыс тәрбие беру қиын. Ене өз рөлін түсінгенде ғана, ол тек келінді емес, болашақ ананы тәрбиелеп жатқанын ұғынады. Ене – отбасының медиаторы, модераторы. Ол әулеттің ішкі мәдениетін, қарым-қатынас жүйесін қалыптастыратын негізгі тұлға. Бөтен ортадан келген қызды сол әулеттің құндылықтарына бейімдеу күшпен емес, парасатпен, үлгімен, мейіріммен жүзеге асады. Бұл – үлкен даналықты талап ететін процесс.

 

Қазақ қоғамында отбасы үйлесімді жүйе болған

 

– Қазіргі қоғамда тек ене мен келін арасындағы қатынас емес, жалпы адамдар арасындағы шекара бұзылып бара жатқандай. Әке мен бала арасындағы сыйластық әлсіреген. Осы құндылықтарды қайта қалпына келтірудің жолы бар ма?

– Иә, бүгінде көптеген қарым-қатынастарда иерархия, тәртіп, сыйластық әлсірегені рас. Оның бір-ақ жолы бар – тәрбиені дұрыс негізде қайта қалыптастыру. Қазақ қоғамында отбасы – күрделі, бірақ үйлесімді жүйе болған. Онда: әке мен бала, ене мен келін, аға мен іні, жеңге мен қайын арасындағы қатынастар өзара тығыз байланыста болған. Бұл жүйенің бір буыны бұзылса, тұтас құрылым әлсірейді. Сондықтан қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесінің негізі. Қыз дұрыс тәрбиеленсе, ол жақсы келін, жақсы ана болады. Ал жақсы ана тұтас қоғамның сапасын анықтайды.

– Осы тұрғыда қазіргі жастар арасында «ұят» ұғымы әлсіреп бара жатқан жоқ па? Бұл ұлттық болмысқа қауіп төндірмей ме?

– «Ұят» –  қазақ  дүниетанымының өзегі.  Бұл қарапайым немқетер сөз емес, ішкі моральдық бақылау тетігі. Абай Құнанбайұлы ұяттың екі түрін айтады ғой. Біріншісі – орынсыз ұялу (надандық), екіншісі – ар-ожданнан туатын шынайы ұят. Нағыз ұят – адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші. Ол иманмен тығыз байланысты. Бірақ иманды тек діни рәсімдермен шектеуге болмайды. Иман – мінез, әдеп, жауапкершілік. Бұл қасиетті қалыптастыруда ананың рөлі ерекше. Ана қыздың бойына «ұят болады» деген түсінікті дұрыс сіңірсе, қоғам да түзеле бастайды.

– Иә, Әбу Насыр әл-Фараби де «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді ғой. Бүгінгі білім беру жүйесінде осы екеуінің тепе-теңдігі сақталып отыр ма?

– Бұл өте маңызды мәселе. Бүгін біз білімге басымдық беріп, тәрбиені екінші орынға ысырып қойғандаймыз. Әрине, мектеп пен балабақшада тәрбие жоқ емес, бірақ оның сапасы мен бағыты әркелкі. Қазіргі қоғамда балаға: «жақсы оқы», «мансапқа жет», «табысты бол» деген мақсаттар көбірек қойылады. Бірақ «қандай адам болу керек?» деген сұрақ көлеңкеде қалып қояды. Білім  адамның рухани кемелденуіне қызмет етуі тиіс. Сонда ғана атақ пен мансаптың да мәні болады. Әрине, біз мықты маман дайындап жатырмыз, бірақ жақсы жар, жауапты әке, парасатты ана болуға үйретіп жатырмыз ба? Мәселе осында. Өйткені, отбасы – жай ғана әлеуметтік құрылым емес, тәрбие мектебі. Егер адам отбасының мәнін түсінбесе, онда оның білімі де, мансабы да оны толық адам ете алмайды. Ажырасу, жалғызбасты аналардың көбеюі, тастанды балалар мәселесі – мұның бәрі тәрбиенің әлсіреуінен туындайтын салдар. Сондықтан бүгінгі білім беру жүйесі тек ақпарат берумен шектелмеуі керек. Ол тұлға қалыптастыруы тиіс, өмірге дайындауы керек, отбасылық құндылықтарды сіңіруі қажет. Яғни мектеп пен балабақшада «қалай табысқа жетемін?» дегеннен бұрын, «қалай адам болып қаламын?» деген сұраққа жауап берілуі тиіс. Сонда ғана біз тек білімді емес, толыққанды, жауапты, саналы ұрпақ тәрбиелей аламыз.

– Жасыратыны жоқ. Қазір біз рухани білім әлсіреген қоғамға тұспа-тұс келіп отырмыз ғой. Оның үстіне қазіргі жастардың кітап оқуға қызығушылығы төмендеп бара жатқандай. Осыны арттыру үшін қандай жолдар тиімді деп ойлайсыз?

– Бұл бағытта мемлекет деңгейінде де жұмыстар атқарылып жатыр. Соңғы жылдары «оқитын ұлт» қалыптастыруға бағытталған түрлі ұлттық бастамалар мен мәдени жобалар жүзеге асуда. Бұл – болашаққа салынған инвестиция. Қазіргі буынның кітаптан алшақтауына 90-жылдардың әлеуметтік қиындықтары да әсер етті. Сол кезеңде өскен ұрпақ бүгінде ата-ана. Оған қоса, цифрлық технология мен жасанды интеллекттің ықпалы артты. Дегенмен бұл – өтпелі кезең. Ең бастысы – кітапқа деген мәдениетті ерте жастан қалыптастыру. Мысалы, Еуропа елдерінде балаға 6 айынан бастап кітап ұсынылады. Ол оны жыртса да, ұстаса да кітаппен байланыс орнайды. Бұл тәжірибені әр отбасы өзінен бастай алады.

– Сонда сіз қазіргі балалардың сұранысына сай қазақ әдебиеті жеткілікті деп ойлайсыз ба?

– Әрине, жеткілікті. Мәселе – таңдауда. Мысалы, «Қан мен тер» халық тағдырын терең түсіндіреді, «Аласапыран» тарихи сананы қалыптастырады. Осындай шығармаларды оқыған бала өз халқының тарихын түсінеді, тағдырын сезінеді, ұлттық болмысты бойына сіңіреді. Ал поэзия жанды нәзіктендіреді. Көркем әдебиет  ойлауды тереңдетеді. Кітап оқитын адам сабырлы, ойлы, мәдениетті, эмпатиясы жоғары тұлға болып қалыптасады. Әдебиет – адамның ішкі әлемін байытып, оны толыққанды тұлғаға айналдыратын ең қуатты құралдардың бірі.

 

«Құлтемір» ұрпақ емес, оқитын, ойланатын ұрпақ қана ұлтын өрге сүйрейді

 

– Оқымайтын ұрпақ – ойламайтын, ойлай алмайтын ұлт қалыптастырады. Мұның алдын алу жолдары бар ма?

– Шынында да, бүгінгі таңда баланың тәрбиесінде ата-ананың ықпалы әлсіреп, оның орнын көше мен смартфон басып бара жатыр. Мәселен, бұрынғы бала әженің ертегісін тыңдап өсті, ананың әлдиімен ұйықтады, әкенің сөзімен бағыт алды. Ал қазір туғаннан телефон ұстап өседі, экраннан тәрбие алады, алгоритм не көрсетсе, соны көреді. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Өйткені экран тәрбие бермейді, ол тек ақпарат береді. Ал ақпараттың бәрі тәрбие емес. Смартфонға тәуелді ұрпақ ұзақ ойлануға дағдыланбайды, терең оқымайды, дайын ақпаратты ғана тұтынады. Осылайша біз «құлтемір» сияқты ойламайтын, тек  ақпаратты қабылдайтын адамдарды тәрбиелеп алу қаупіне келіп тұрмыз.

– Онда газет-журнал, кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастырамыз?

– Қанша жерден цифрлық дәуір десек те, сапалы баспасөздің орны бөлек. Газет-журнал – тек ақпарат көзі емес, ол – қоғамдық ойдың айнасы. Бүгінде қоғамдағы ең өткір мәселелерді көтеріп, батыл сын айтып жүрген сапалы басылымдар да бар. Онда терең талдау, шынайы пікір, ұлттық мүдде көрініс табады. Газет оқитын адам ойлайды, салыстырады, қорытынды жасайды. Ал әлеуметтік желі көбіне дайын пікір ұсынады. Біз газет-журналды ескіліктің қалдығы емес, ойлы қоғамның құралы ретінде қарауымыз керек. Сондықтан оқу мәдениетін қайтару – бұл тек білімнің емес, ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі.

– Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, ұлттың интеллектуалдық деңгейіне қандай қауіп төнеді деп ойлайсыз? Және осындай Цифрлық дәуірде ата-ана баламен рухани байланысты қалай сақтап қалуы керек?

– Әрине, бүгінгі таңда ақпараттың қолжетімділігі артты, бірақ сонымен бірге ойлау таяздана бастағаны да жасырын емес. Интернет адамға жылдамдық береді, бірақ ол әрқашан тереңдік бере алмайды. Әлеуметтік желілердегі ақпарат көбіне қысқа, үзік-үзік, эмоцияға құрылған. Адам соған үйреніп алады да, ұзақ отырып, бір ойды қорытып оқуға төзімі жетпей қалады. Ал кітап – сабырды талап етеді. Ол адамды ойлануға, салыстыруға, ішкі диалог құруға мәжбүрлейді. Кітап оқыған адам мәселені біржақты емес, көпқырлы көреді. Ал тек желіден, жасанды интеллекттен ақпарат алатын адам көбінесе дайын пікірді тұтынады. Сондықтан мәселе «кітап керек пе, жоқ па?» дегенде емес. Мәселе толғанаты, ойланатын ұлт болғымыз келеді дегенде. Егер біз тек ақпаратты қабылдайтын емес, оны саралайтын, талдайтын, сүзгіден өткізетін ұлт болғымыз келсе, онда кітаптың орнын ештеңе баса алмайды. Цифрлық дәуір бізге мүмкіндік берді, бірақ сонымен бірге үлкен қауіп те әкелді, ол – ойлау алмаушылық қаупі. Соған қарсы тұратын жалғыз құрал – терең оқу мәдениеті.

 

Зорлық-зомбылықтың күшеюі – құлдыраудың, азғындаудың әсері

 

– Қазір газет-журналдардың жазылымы мен оқырман санының азаюына тек контенттің сапасы ғана себеп емес шығар? Мұның өзі қоғамдағы рухани жұтаудың және материалдық қиындықтардың алға шығуының көрінісі емес пе?

– Иә, өкінішке қарай, біздің қоғамда көбінесе материалдық игіліктер мен тұтынушылық мәдениет бірінші орынға шыққан. Осыдан-ақ, біздің қоғамның рухани жұтағанын, ақпаратқа деген сұраныстың тек жеңіл әрі жеңілдікпен алынатын түрлеріне ғана бағытталғанын көрсетеді. Ал шын мәнінде ойлап тұрсаңыз, газет-журналдарға жазылу немесе оқу – бұл тек ақпарат алу ғана емес, сонымен қатар ойлану, әлемді түсіну, өзара пікір алмасу алаңы. Бірақ бізде бұл қажеттілік біртіндеп жоғалып бара жатыр. Оның орнына адамдар көп жағдайда «жылдам ақпарат» пен жеңіл мазмұнды контентті таңдауға бейім. Ал газет-журналға жазылу – бұл сана мен мәдениетке жасалатын инвестиция. Алайда қазіргі таңда адамдар өздеріне рухани байлықты емес, материалдық қанағаттануды таңдауда. Олар темекіге, қымбат киімдерге немесе басқа да заттарға ақша жұмсап, рухани азыққа жұмсайтын ақшаны қимайды. Осылайша, қоғамдық білім мен ақпарат алуға деген қызығушылық төмендейді, ал бұл өз кезегінде баспасөздің пәрменінен айырылып, қоғамның жалпы интеллектуалдық деңгейінің төмендеуіне әкеліп соғуда.

Жалпы, оқымайтын қоғамда мектеп емес, түрме көбірек болатынын күнделікті өмір көрсетіп отыр. Біздің қазіргі бет бұрысымыз тура сондай жағдайға алып бара жатқандай. Қазіргі жастар арасындағы қатігездік, қоғамда зорлық-зомбылықтың көбеюі, жемқорлықтың өршуі, ажырасулардың артуы – бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Қоғамдағы моральдық құлдырау мен этикалық нормалардың жоғалуы, ең алдымен, дұрыс ақпарат пен білімнің жетіспеушілігінен туындайды. Егер адам газет оқымаса, онда оның дүниетанымы тарылып, тек өз жеке мүддесіне ғана бағытталады. Бұл, өз кезегінде, қоғамдағы көптеген келеңсіз жайттарға алып келеді. Қай кезеңде болмасын оқудан қашқан қоғамда парақорлық, әділетсіздік, заңсыздық қалыпты жағдайға айналады. Зорлық-зомбылық та дәл осы құлдыраудың салдары. Адамдардың мінез-құлқы, қарым-қатынасы да қоғамдағы жалпы мәдени деңгейге байланысты. Газет оқымайтын қоғамда адам тек өз пайдасын ойлайды, басқалардың құқықтарын, сезімдерін ескермейді. Бұл басқаларға зорлық-зомбылық көрсетуге әкеледі. Отбасындағы зорлық-зомбылық, әлеуметтік шиеленістер де осындай жағдайлардан туындайды. Ал ажырасулар санының көбеюі де – қоғамның рухани әлсіздігін көрсететін тағы бір айқын белгісі. Газет оқып, театрға барып, мәдениетті талқылап, өз өміріңді жақсартудың жолдарын іздеудің орнына, адамдар жеке мәселелерін шешудің жеңіл жолдарын іздейді. Бұрынғыдай отбасы институты өмірдің өзегіне айналмай, жеке адамдар арасындағы қарым-қатынас тек уақытша қызығушылықтармен, эмоциялық күйзелістермен анықталады. Осылайша, ажырасулар артып, отбасы институтының да бұзылуына сол білімсіздік себеп болып отыр.

– Ендеше ұлтымыздың болашағын сақтап қалу үшін қандай ұлттық құндылықтарды алға шығаруымыз керек?

– Әрине, қоғамды тәрбиелеп, жалпы халықтың ой санасын оқу мәдениетіне, білім қуу жолына үйретуіміз керек. Газет-журналдар мен басқа да бұқаралық ақпарат құралдары білім мен ақпаратты таратуда үлкен рөл атқарады. Олар азаматтардың мәдени, ғылыми және әлеуметтік тұрғыда дамуына ықпал етеді, сондай-ақ халықты дұрыс бағытқа бағдарлайды. Бұл тұрғыда ақпарат құралдары ұлттық құндылықтарды насихаттауда маңызды рөл атқарады. Ақпараттық мәдениетті қалыптастыру үшін адамдарға тек біржақты ақпарат беріп қана қоймай, оны талдап, сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамыту керек. Осы мақсатта білім беру жүйесінде ақпараттық сауаттылықты арттыруға арналған арнайы пәндер мен бағдарламалар енгізілуі тиіс. Сонымен қатар, жаңа технологиялар мен интернет дәуірінде жастардың саналы ақпарат тұтынушылары болуын қамтамасыз ету керек деп ойлаймын. Әрі ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды сақтай отырып, жаңа заманға бейімделген, инновациялық және ғылыми тұрғыдан дамыған білім беру жүйесі қалыптасуы тиіс. Бұл, өз кезегінде, қазақ ұлтының болашағының баянды болуына, оның ұлттық тұтастығын сақтауға және дамуына әсер етеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан  – Елқуат ЕЛТӨРЕ

26.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Балалар суицидінің алдын алу жолдары
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ - 28.03.2026 68
Ақ пен Қараның тайталасы
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 27.03.2026 120
Жер қатынастары  жүйесі нені реттейді?
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ - 27.03.2026 71
Кешеннің негізгі мәселелері
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ - 27.03.2026 72

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24056
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23724
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41205
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37128
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41388